ТІЛ ҮЙРЕНУДІҢ ЕҢ ОҢАЙ ТӘСІЛІ ҚАНДАЙ? ҚАЗҰУ-МЕН ӨТКЕН ОНЛАЙН ДЕБАТ

Уақыты: 18.02.2021
Оқылды: 1420
Бөлім: РУХАНИЯТ

Университет мамандар даярлайтын шеберхана ғана емес, сонымен қатар, өндірістегі мамандардың біліктілігін заманауи үрдістер тұрғысынан арттыруды көздейтін ірі құрылым. Бұдан бөлек, университет ғылымның дамуы мен қоғамдағы көптеген мәселелер шешіміне зерттеулер жүргізе отырып, өз жаңалықтарын өндірістегі мамандармен бөлісетін пікірталас алаңының субъектісі де бола алады.

Осы миссияның жүзеге асуының бір көрінісі ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультеті жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасы «Лингвистикалық кеңес және сараптама» орталығы мен «Жас ғалымдар» клубы тарапынан ұйымдастырылған «Шетел тілін оқыту: табиғи және аударма тәсілдер» атты дебатты айтуға болады.

Тақырып аса өзекті. Шетел тілін оқыту үдерісінде тіл үйренушілер білетін қазақ я орыс тілдерін делдал тіл ретінде қолданбастан, тек сол меңгерілетін шетел тілінде сабақ жүргізу тұрғысынан анықталатын табиғи тәсіл тиімді әрі оңтайлы ма? Әлде шетел тілін оқыту үдерісінде тіл үйренушілер білетін қазақ я орыс тілдерін делдалдықта қолдану тұрғысынан анықталатын аударма тәсіл арқылы өзге тілді үйрету нәтижелі ме?

Онлайн-дебат талқылауына түскен бұл сұрақтар мемлекетіміздің тілдік саясатының жүзеге асуында өзіндік маңызы бар мәселе десек қателеспейміз. Өйткені, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екінші тіл немесе шетел тілі ретінде оқытылады. Және мемлекетіміздің үштілді саясат сыңары болып табылатын ағылшын тілі – шетел тілі.

Онлайн-дебатқа өзек болған мәселе лингвистика саласындағы ғылыми-теориялық және әдістемелік пәндерде қарастырылуына орай университетте, ал жоғарыда аталған тілдердің екінші тіл немесе шетел тілі ретінде оқытылуына орай жалпы білім беретін мектептер, колледждер мен техникалық жоғары оқу орындары мамандары үшін де маңызды.

Дәл осы жағдай, осы ортақ мүдде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасында құрылған «Жас ғалымдар» клубының мүшелері – «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының І курс магистранттары мен Талдықорған қаласындағы №2 жалпы білім беретін мектептің Ж.Байқожа, А.Қабидолданова, С.Әбішева, Қ.Сәрсенова, А.Мырзағұлова, Қарағанды қаласындағы №102 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен шетел тілдері мұғалімдерінің дебатта бастарын қосты.

Дебатты «Компьютерлік лингвистика» мамандығының ІІ курс магистранты Сейітбатқал Әрлен жүргізді. Тіл үйренушінің ана тілінен я екінші тілінен бірде-бір сөз айтылмайтын оқу ортасына толықтай енуіне және үйренілетін тілді оның грамматикасын тірек ету арқылы емес, тыңдау және сөйлеу арқылы оқуға бағытталған табиғи әдісті жақтаушы спикерлер – Өмірханова Диана, Тохтарбаева Нұршат таңдалған әдістің дұрыстығын қорғауда тілдерді үйрену тәжірибесінен алынған фактілер мен мысалдарды дәлел ретінде алға тартты.

Қандай да бір тілді шетел тілі ретінде оқытуда қолданылатын табиғи тәсілдің «Тіл – аса маңызды қарым-қатынас құралы» деген қағидамен үндестігі, тілдік тұлғаның ана тілін меңгеруі кезінде қандай да бір тілді делдал ретінде қолданылмайтыны негіздемеге ұсынылды. Сондай-ақ, табиғи тәсілді жақтаушы спикерлер қытай тілінде бір-екі сөз ғана білетін мексикалық оқытушының қытайлықтарға онлайн форматта ағылшын тілін табиғи тәсілмен үйретудің айтарлықтай жемісті болғанын нақты факт ретінде жеткізді.

Қандай да бір тілді шетел тілі ретінде оқытуда қолданылатын аударма тәсілдің біздің еліміздегі маңыздылығын келесі спикерлер  – Әбубәкір Ақмарал, Ерлан Ақмарал, Байзакова Шырынай және басқалар дәлелдеді.

Аталған спикерлер өз ұстанымдарының дұрыстығына қазақстандық қоғамдағы тілдік жағдаят және тіл үйренушілерге жүргізілген әлеуметтік сауалнама көрсеткіштеріне жасалған сапалық талдау нәтижелері арқылы сендіруге тырысты. «Тілді үйрене бастағанда жаңа сөздерді жаттау арқылы үйрендім»  – 100%, «Тіл үйрену барысында сөздік қолданамын» – 88,2%, «Шет тілін меңгеру барысында бастапқы кезеңде өзіңізге таныс емес сөздің мағынасын сөздіктен қарау ыңғайлы» – 82.4%, «Шет тілін меңгеру барысында грамматикалық ережелерді түсіндіру қажет» – 100%, «Шет тілінің грамматикалық ережелерінің  тіл үйренуші білетін тілдерде түсіндірілуі қажет» – 100%, «Екінші тілдің грамматикасын үйрену кезінде тілді меңгерушінің оны өз ана тіліңің грамматикасымен салыстыруы» – 88,2%, «Белгілі бір ақпаратты меңгеріліп жатқан тілде жеткізу үшін алдымен ана тілінде ойланамын» – 64.7%, «Біздің мемлекетімізде тек шет тілінде (ағылшын, қытай, француз және басқа) сөйлейтін табиғи ортаны табиғи ортаны табу мүмкін бе?» мүмкін (5.9%), сирек кездеседі (70.6%), мүмкін емес (23.5%) деген сандық мәліметтер негізінде елімізде аударма тәсілдің басым жағдайда қолданысқа ие екенін көрсетті.

Дебат, өз кезегінде, қонақтары – Қарағанды және Талдықорған қалаларындағы жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары тарапынан жоғары бағаланды. Талдықорған қаласының жалпы білім беретін №2 орта мектептің шетел тілінен сабақ беретін жас маманы Байқожа Жансая көптілді аудитория болғандықтан тіл үйретуде аударма тәсілді қолдану мүмкіндігі шектеулі АҚШ сияқты шетелдерде табиғи тәсіл басты орын алатынын айта келіп, дебаттың аса қызу тартыста өткенін, көтерілген мәселенің осы сала мамандары үшін маңыздылығын әңгімелеп, магистрант-спикерлерге сәттілік тіледі.

Әділқазы алқасына төрайымдық еткен әрі жоғарыда аталған мамандықты бітірушілерге жұмыс беруші мектептің директоры өз тарапынан дебатқа түскен магистрант-спикерлердің өз ұстанымдарын дәлелдеудегі ғылыми ізденістерін, нақты фактілерді іріктеп ұсыну, статистикалық мәліметтер негізінде сапалық талдау қабілеттерін аса жоғары бағалады. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының қандай да бір тілді екінші тіл немесе шетел тілі ретінде оқытатын келешек мамандарды даярлаудағы жоғары құзыреттілігін, бірегейлігін атап көрсетті.

Аяужан ТАУСОҒАРОВА,

ҚазҰУ жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Ләйлә БАЙСОВА,

«№2 орта мектеп» КММ директоры

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы