МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ "КІТАПХАНАҒА КІТАП СЫЙЛА!" АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 28.07.2021
Оқылды: 1154
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кітапханада том-том кітап тізіліп тұрғанымен, кейде оқырмандар іздеген құнды дүниелердің табылмай жататыны бар. Осындай қажеттілікті қамтамасыз ету үшін С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық кітапханасы жыл сайын «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясын үзбей өткізіп келеді. Шара аясында кітапхана қоры молығып, жұрттың қолында жүрген құнды дүниелер оқырман қолына жетіп жатыр. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, Талғар, Қарасай, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев облыстағы халық қалаулыларына және мәслихат аппаратына эстафета-челлендж жолдап, барша жетісулықтарды «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясына белсене үлес қосуға шақырды. Жанболат Әкебайұлы өзі бастамашы болып, Іле өзені, Шарын шатқалы, Алакөл, Көлсай, Жетісу Алатауы сынды Жетісудың маржандары өрнектелген энциклопедиямен қатар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көптомдық жинағын кітапханаға сыйға тартты.

Аталған челленджді іліп әкеткен халық қалаулылары жұртқа рухани азық сыйлайтын туындыларын кітапханаларға тарту ете бастады. Сол қатарда облыстық мәслихат депутаты, Қапшағай су электр стансысының директоры Бағдәулет Үстенов Қапшағай қалалық кітапханасына кітап оқуға ыңғайлы 2 орындық және 100 данадан аса кітап сыйлады. Ізін ала облыстық мәслихат депутаты, «Almaty berry plants» ЖШС директоры Бекет Әбішев С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханаға балалар әдебиеті жанрында жазылған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекен Ыбырайымның «Аспандағы саяхат» атты кітабының 1000 данасын әкеліп тапсырды.

– Жалпы, Бекен ағамыз балалар әдебиеті жанырында тамаша туындылар жазған қаламгер. Ал «Аспандағы саяхат» атты туынды өз кезегінде үлкен бәйгелерде жүлде алған туынды. Кітаптағы шығармалардың тілі жатық, безендірілуі көркем, балалардың көп білім алуына септігі тиетін туынды. Сондықтан, мен облыстық мәслихат тарапынан ұйымдастырылған эстафета-челленджді қолдай отырып, облыстық кітапханадағы балалардың оқуына тапсырып отырмын. Басқа әріптестерімді де осы шараға белсене қатысуға шақырамын, – деді Бекет Құдайбергенұлы.

«Көп түкірсе көл толады» дейді халқымыз. Осындай көлдей көңілмен сыйланған кітаптарға кітапханашылар да қуанып қалды.

– Бүгінде балалар әдебиетінде жазылған дүниелер жеткілікті емес. Облыстық мәслихат депутаттары тарапынан біздің қорға берілген балалар әдебиеті жанрындағы кітаптар оқырман қажетін өтейді деген ойдамын, – дейді С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары Самал Шаяхметова.

Осындай игілікті іс өңірде көп бола берсін.

Қажет АНДАС

Алматы облысы