БҮГІН ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ҚОС ҚАЛАМГЕР КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 29.07.2021
Оқылды: 1168
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін қазақ руханиятына қызмет еткен қос қаламгерден айырылып қалдық. Әлеуметтік желі танымал драматург, кинорежиссер, қоғам қайраткері Болат Атабаев пен белгілі әдебиетші, жазушы Аягүл Мантайды жоқтаған жазбаларға толды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Болат Атабаев 1952 жылы Алматы облысында туған, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Алматы шет тілдері педагогикалық институтынАлматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын бітірген. 1990 жылы Мюнхен ұлттық театрында (Германия) стажировкада болған. Б.Атабаев өзінің алғашқы режиссерлік өнер жолын Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы Неміс драма театрында спектакльдер (Ф.Шиллердің "Зұлымдық пен махаббаты") қоюмен бастады.

1990 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ауысып, осында Б.Римованың "Қос мұңлық", М.Мақатаевтың "Қош, махаббат", И.Оразбаевтың "Шыңғыс хан", Қ.Ысқақтың "Жан қимақ", Р.Мұқанованың "Мәңгілік бала бейне", Ә.Кекілбаевтың "Абылай хан", А.Чеховтың "Шағала", М.Метерлинктің "Соқырлар", Б.Брехттің "Тоғышардьң тойы", сонымен қатар, Р.Мұқанованың "Қаралы сұлу", Р.Болгтың "Кішкене сері" секілді қаншама спектакльдерді қойып, халық ықыласына бөленді. Ол батыл сахналық эксперименттерге баратын, спектакльдің көркемдік-эстетикалық мән-мазмұнын ашуға ден қоятын ізденімпаз режиссер екенін байқатты. Болат Атабаевтың сұхбаттарында ел, жер, өнер тақырыбындағы өзекті мәселелер көтеріліп, қоғамдық-саяси мән-маңызы жоғары пікірлер айтылатын.

Ауыр қазаға байланысты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова көңіл айтты.

«Болат Атабаевтың отбасы мен туған-туыстарына! Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан танымал театр режиссері, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Гёте» медалінің иегері Болат Манашұлы Атабаевтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Болат Манашұлы саналы ғұмырын халықтың руханиятын байытуға арнаған болмысы бөлек өнер адамы еді. Ұзақ жылдар бойы республикалық неміс драма театры мен М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрында қызмет етіп, өрелі көрерменнің жоғары бағасына ие болған қойылымдарды сахналады. Өнегелі өмір иесінің, ортасына сыйлы өнер майталманының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», - деп жазды министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына.

Ал Аягүл Мантай Түркістан облысында дүниеге келген. 2009 жылы “Жалын” баспасынан “Жаңбырлы көктем” атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Ол “Серпер” Жастар сыйлығының лауреаты, Баққожа Мұқай атындағы әдеби байқаудың жүлдегері. 2010 жылы әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері. Аягүлдің прозасын іздеп жүріп оқитындар өте көп. Оның әлеуметтік желіде қалдыратын жазбалары да әсерлі, адам жандүниесін дөп басатын бейнелі сөздерге толы.

Қос қаламгердің қазасы қалың қазақтың қабырғасына батты. Желіде марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтып жатқандарда есеп жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"