ШЫҢҒЫСХАН ӘСКЕРІНІҢ СОЛ ҚАНАТЫН БАСҚАРҒАН БАТЫР: ДЕРЕКТЕР МЕН ДӘЙЕКТЕР

Уақыты: 31.07.2021
Оқылды: 1291
Бөлім: РУХАНИЯТ

Телегет байдың баласы Күнқуардың талантымен адамзатты тамсантар асып та, тасып та туған асыл перзенті Мұқалидың әдепкіде жан досы Шыңғысханның бірінші түменінің тізгінін ұстап, әскерінің сол қанатын (түркілерде ең негізгі) басқарып, тоғыз өрліктің сөз ұстарына айналғаны аян! Шайқаста ешқашан жеңіліп көрмеген. Кореяны тізе бүктірген ерлігі де тасқа қашалған!

Он төрт жасында табысқан досына өмірден өткенінше қырық жыл ғұмырын арнады. Шыңғысханның бүкіл шығыстағы әскерінің иесі және оның Қытайдағы ұлық әмірі болды. Арда туған ақберен перзент антта тұрып, сөз жұтып, Шыңғысханның тарихта таңбаланған төрт күлігінің бірегейіне айналады. Тепсіне атқа қонғанда жау үрпиіп, жер қуырылып сала беретін-ді. Түркілердің түбегейлі жұрты Моғол үстіртіндегі киіз туырлықтыларды түгел біріктіру жорықтарында жойқын бейне көзге түскен ол 1206 жылғы үш тарап шегаралық әскер бөлісінде шығыс беттегі сол қанат түмен нояны атанады. Шыңғыс қаған және оның айналасын індете зерттеген Мұхтар Мағауин ағамыздың пікіріне ден қоялық: «Мұқали – жалайырдың беделді батыры және Шыңғысханның әйгілі қолбасшыларының бірі. 1170 жылы дүниеге келіп, 1223 жылы қайтыс болған. 1206 жылы құрылтайда Шыңғысхан өз мемлекетінің шаңырағын көтеріп, қоластындағы елін тоқсан бес мыңдыққа бөледі. Сонда Мұқали бірінші мыңдықтың басқарушысы болып тағайындалады. Сондай-ақ Шыңғысханның ең мықты тоғыз қолбасшысының ішіндегі төресі де осы Мұқали болды. 1215 жылғы, Пекинді алған шешуші жеңістен соң Шыңғысхан Мұқали ноянды бас қолбасы әрі ұлық әмір ретінде Шүржен шегінде қалдырады».

Мұқали патшаның Шыңғысхан аманатын қалай орындағаны кешегі кеңестік кезеңде де мойындалған-ды. Қазақ Совет энциклопедиясында: «Мұқалы Куянг (Мұқали-Куняк, Мұқыли, Мұхали (туып-өскен жері белгісіз) – XIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген әмір, Шыңғысхан әскерінің төрт ірі қолбасшысының, моңғол империясындағы тоғыз сайд, орлуктерінің (орлук – құрметті атақ) бірі. Мұқалы Гауин Жалайыр тайпасынан шыққан. Әкесі Гао (шын аты Күнқуар) Жалайыр оны басқа балаларымен (Құлыққор, Шіреген, Бұқа, Тайсұн)  бірге Шыңғысханға қызметке берген» деген анықтама бедерленген.

1221 жылы Бейжіңде Мұқалимен жүздескен оңтүстіксундік елші Чжао Хунның былай деп жазғаны бар: «Ол – қара татар. Соңғы он жыл көлемінде шығыс пен батысқа жазалау жорықтарын жасап, варварлар мен қытайлықтарды қорқытып, есінен тандыруда. Жорықтар мен әскерилерге тән барлық маңызды мәселелерді жеке-дара шешеді. Сондықтан да оны императордың міндетін уақытша атқарушы деп есептейді. ...Сымбаты көз тартады, төбесіндегі айдарды (текті әулеттерге тән – авт.) өзге татарлар секілді қырып тастауды қаламайды, тек басына орамалды  шарт байлап алады, тар жейде киеді және түрлі елдердің тілінде сөйлей алады». («Мэн-да бэй-лу»).

Рулық, тайпалық құрылымында күн кешкен бабаларымыз әу бастан ағайындықты ту ете көтере білген. Айталық, Иесуге батыр Есукей ханның елдің төбе биі дәрежесіне көтеріле білген қимас досы. Ал ұстаздық билік Шыңғысхан тұсында Саба ноянға (Қадырғали Жалайырдың арғы атасы) өткен. Меркіт қолына түскен Бөртені замандасы Тұғырыл ханның қолынан аман- есен алып қайтқан да осы Саба еді. Қысқасы, Шыңғысханның батыл да шешен, көсем де көреген тоғыз өрлігінің бәрі дерлік өзінің ет жақындарынан құралған!

Өзіне төтенше жүктелген Қаған бұйрығының қалтқысыз орындаларына көзі жете тұра Мұқылай әу бастағы туабітті табиғатына тартып, жаудың қарасынан жақтасты көре білуге ұмтылды. Қарамағына бекітілген бар-жоғы он үш мың сарбазбен қарсы беттің бір миллион күшіне айбаттана қарсы шапқан ол цзиньдіктер (шүржендер) ортасындағы ежелден оты өшпей келе жатқан сеператизмді (жікшілдік) оңтайлы пайдалана білді. Жүректеріне жол тапты. Жарық дүниені қымбат санаған жау қолбасшылары қалың қолымен аяғына жығылды. Цзиньдегі қытай, қидан-шүршіттер  арасындағы ірі әскери күш осылайша Мұқалидың қатарын толқындай толтырып жатты. Қытайланған түріктер болып саналатын оңғыттардың өзі он мың қолымен бері өтті. Міне, Тәңірдің өзінің алқауы арқасында  дәл осылай миллиондаған жау күшін  аз қолмен-ақ сындырудың сәті оңынан келе берген еді.

Мұқалидың мергендігі мен өлшеусіз күші замандастарын қашанда тәнті етер еді. Үш жасынан атқа шауып, садақ көздеген ол қою қара түннің өзінде отты қарудан оқ жаудырғандай дәрежеге жеткен. Оның садағының серпіні 150-200 келіге тең келген. Ал жалпы моғолдық сарбаздардікі орташа есеппен 75 келі деп табылса, шүржендердікі 46, европалықтардікі 34-тен аспаған.

Енді Қытай елі өнер қайраткерлерінің  көп жылғы еңбегімен жарық көрген отыз сериялы «Шыңғысхан» киноэпопеясынан мына бір көріністі көз алдымызға елестетіп көрелік.

Татарларға ойсырата соққы беріп, қалың қолын тұтқынға алған хан өткен түнгі сауық-сайраннан кейін көңіл-күйі жадырап, нояндарымен сырмақ үстінде сырласып отыр.

– Мына бір іс жекебасымның ісі болғанымен, мен хан болғандықтан оны тек өз жанұямның ісі деп қарамадым. Солай емес пе? Бөртені қадірменді әкемнің өзі таңдап әперген, төрт ұлымның анасы. Көп жылдан бері ол маған тағдырыма тән жансерігім болды. Оған деген сүйіспеншілігім де терең.

Жылы жүзімен бірінен кейін екіншісіне назар аударып отырған Шыңғысхан:

– Осы жолы татарларды тыныштандырғанда Есуй мен Есугейді біржолата тоқалдыққа алдым да Бөртеге не бетіммен қарарымды білмей жүрмін. Меніңше, алдымен сардарлардың ішінен біреуді таңдап, алдын ала жіберейік. Ол барып Бөртені иландыра берсе қайтеді, - дейді.

Өзін ерекше толғандырған мәселені шешуге ешкімнің талпынбағанына налыған Темір нояндарынан көзін тайдырар емес. Біраз үнсіздіктен кейін хан ұсынысын орындауға Мұқали  сардар сұранады.

Бөрте  ордасында «бір жақсы іс»,  «бір жаман іс»  аясында жалғасқан әсерлі көрініс былай аяқталады.

– Мені иландыруға сені ханның өзі жіберді ме?
– Жоқ, хан кімді жұмсаса да көнбеген соң өзім талап қылып келдім.
– Бұл істі үстіңе неге алдың?
– Себебі, сіз ханның төрт бірдей ұлының анасысыз. Сондықтан сіз ханға көргенсіздік істеп, араларыңызда бақытсыздық туса, бүкіл моғол халқы бақытсыз болады, – дейді Мұқали.

Міне, осы көріністе Мұқалидың білгірлігі мен ізеттілігі, қайсарлығы мен байсалдылығы, батырлығы мен кісілік қамқорлығы хан әулетінің ғана емес, бүкіл моғол тайпасының бірлігін асқақтатуға бағытталған қарекеті айқындалып тұр.

Мұқалидың әкесі Күнқуар заманында қалпе атанған оқымысты адамның бірі. Мұқали болса Шыңғысханның ең сенімді серігі. Осы ойымызды Қытай кино-телевизия- сценария комитеті төрағасының орынбасар меңгерушісі, сондай-ақ қытай кино сценария қоғамы төрағасының орынбасары  Ақбар Мәжитұлының «Мұқали» атты кітабындағы дерекпен салыстыралық.  «1217 сиыр жылы тамызда, Шыңғысхан Мұқалиды аталық ұстаз, Гоуоң, Ханбалыққа қарасты әкімшілік өлке құру істерін жүргізуші лауазымына тағайындап, ант беру бумасына алтын әріппен: «Гоуондық мәртебесі үрім бұтағына дейін жалғассын, замандар бойы өзгермесін!» – деп жаздырады да Хан күймесіне арнап жасалған тоғыз өрліктің туын тарту етіп, шербасыларына қарап: «Мұқали бұл туды көтеріп жарлық шашқанда, құдды мен жарлық шашып тұрғандай болыңдар», – деген.

Кезінде, нақтылап айтсақ, V–VIII  ғасырда  түркілердің қолынан сусып кеткен билікті қайтарып, ел басқарудың тың жүйесін орнату Шыңғысханның арманына айналған. Оның қалтқысыз орындалуына атсалысқан  Мұқалидың күш-қуаты неде?  Жастайынан әкесінің тәрбиесінде өскен Мұқали түріктердің де, ханзулардың да салт-дәстүріне, жеткен жетістіктеріне құмарлық танытқан. «Халық үшін керемет заң – оның дәстүрі» деген  Конфуций тұжырымын білмеуі мүмкін емес.  Салт-дәстүр дегеннің өзі  дала ережесі, яғни сол заманның конституциясы. Салт-дәстүр сақталған жерде ғана әділдік орнығады. Ал әділетсіздік босағадан аттап кіргенде дәстүрдің түңдіктен қашып шығатынын да ешкімнен кем білмейтін Мұқали Орданың ішкі ережесін жазып, соның негізінде Шыңғысханның Жосығын дайындауға шеберлер мен білімдар адамдарды ұйыстырып, оның қолданысқа енгізілуіне қайран еткен адамның бірі.

Сұң хандығы тұсында будда дінімен бірге таралған тас мүсін «Мохоулуо» (Маһора) – құт бала деп танылған. «Ұлы хандықтарың баянды, хандарың аман, уәзірлерің ноян болсын» деген сөзімен-ақ бейбіт жолмен бағынғандарына рақымшылық жасап, тайталасқандарының тізесін бүктіріп, қарсы шыққандарын күйрете соққылап, бұқара халықты азаттыққа жеткізіп отырған Мұқалиды құт балаға теңеген қытайлықтардың пікірі ескеріліп, көрші мемлекеттің басшыларымен келіссөздер жүргізуге, қарым-қатынас орнатуға және  таңдаған адамын билікке тағайындау құқығы берілген. Олай болса, Темір мен Мұқалидың мүддесі, мақсаты, бағдары әу бастан-ақ бір арнаға тоғысқанын мойындаудың өзі біліктілік. Әділдіктің ақ туын көтерген мұндай  мемлекетшіл адамдарды «Құдай айырмаса, адам айырмайды» деп сүйсінген, атам қазақ.

«Мен мемлекеттің зор істері үшін сауыт киіп, қол бастап қырық жыл еңбек еттім. Батыс пен шығысқа жорық жасадым. Еш арманым жоқ. Десе де  бір арманым Кайфинді ала алмағаным. Оны алуға өзің күш шығарарсың!» деген екен   бауыры Дайсұңға. Ауыр науқастан елу төрт жасында өмірден озар алдында Қазақ батыры Мұқалидың айтқан соңғы сөзі осы.

Алайда халықты қатты күйзеліске ұрындыратын жайттың бірі ел бірлігінің ыдырауы. Бірлік неге жарылады? Бұл сұрақ заманнан заман асқан сайын қойылып келе жатыр. Жауабы да әр алуан. Шыңғысханның қалауымен ханзулардың ортасында өмір сүріп, көпті көрген Мұқалидың тұжырымы мынадай. Біреу қара басының тыныштығымен әуреленіп, екіншісі билікке, үшіншісі байлыққа таласып, ортақ мүддеден ауытқығанда бірлік шытынайды. Ұзақ жыл бір-бірімен соғысудан көз ашпаған үш хандықтың  басын біріктіріп Юань империясының негізін қалаған Қазақ батыры Мұқали екенін әлемдік бірде-бір тарихшы жоққа шығара алмайды.

Елдің бетін жасампаздыққа  бұрған Мұқалидың Қытай елінің өркендеуіне сіңірген еңбегі Юань империясы тұсында да, Мин империясы кезінде де ескерусіз қалмапты. 1347 доңыз жылы Дұңпиннен Мұқалиға арналған ғибадатхана салу жөнінде екі рет жарлық жарияланып, құлпытас орнатылады. Жүз жыл өмір сүрген Юань хандығын 1368 жылы құлатып, Мин хандығын құрған генерал Жу Юуаңжан елінің өткен жолын әділдік тұрғысынан бағалаған император. Оның 1388 жылы наурыз айының он жетінші жұлдызында орда бұтханасында ертеде өмір сүрген ардагерлерге тасаттық беру жарлығын жариялау қарсаңында Мұқалиды  ерекше атап өткені бүгінгі Қытай тарихшылары мен жазушылары туындысында орнын алған. Жу Юанжаң Мұқалиды Юань хандығының әйгілі ұлықтарының  алдыңғы қатарына шығарып, үш патша, бес ханмен бірге тасаттық беруі, айтары жоқ, Мұқали Гоуаңды Қытай елінің ардақ тұтқанын айқындай түседі. Мұны бір деңіз.

Екінші. Алматы облысы әкімінің шешімімен жасақталған халықаралық экспедиция  мүшелері Мұқали жолымен жүріп отырып 2019 жылы шілде айының 23-24-жұлдызында ат басын Юйлин қаласына тіреді. Құмды жердегі қаланың маңайы көзге ыстық көрінді. Жал-жал бұйра құмда бітік өскен сексеуіл, тораңғы, жыңғыл алқаптары қарағай, шыршалармен толықтырылыпты. Белгіленген мезгілде қала басшысының кеңсесіне келдік. Қала қандай көрікті болса, қала басшысының кеңсесі де сондай көрікті. Қаланың бірінші басшысы Ли Шин Лин мырза өткізген кездесу Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында басталып, Қытай елінің басшысы Си Цзиньпиннің «Бір жол, бір белдеу» атты бастамасына ұласты. Шаньси өлкесіне қарасты Юйлин қаласына екі аудан, бір қала, тоғыз уезд енеді екен. Үш миллионнан астам халық негізінен ауылшаруашылығымен шұғылданатынын, табыс көзі – мұнай, газ, көмір, тұз өндіретін кәсіпорындардан  түсетінінен мағлұмат алдық. Мәдениет, саяхат салалары қарыштап дамығанына көз жеткіздік.

Кездесуден кейін Мұқали Гоуаң кесенесіне барып, тәу еттік. Бейжің қаласынан арнайы келген жазушы Ақбар Мәжит Мұқали Гоуаң туралы ауқымды дерек берді.

Жалайыр тайпасының Жат руынан шыққан әкесі Күнқуар мен шешесі Көктің кіндігінен  Хұлыққор, Селқуар, Мұқали, Бұқа, Дайсұң атты бес ұл өрбиді. Мұқали туғанда үй ішін ақ тұман басыпты. Көріпкел бақсылар: «Бұл бала жай адам болмас» деп жору айтқан көрінеді. Тұманға оранып туған нәресте өсе келе, бойы жеті кез (үш кезің бір метр), жолбарыс жон, қияқ мұрт, өңі қарапайымды да парасатты, жауырыны жерге тимеген балуан, адырнаны жиырма ағашқа дейін ие тартатын құрыш білек мерген азамат болып өседі деген сипаттаманы «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, Бейжің баспа үйінің директоры Ақбар Мәжиттің «Мұқали» атты кітабынан алдын ала оқып алғанбыз.

Кесене басындағы әңгіме аяқталысымен Құран оқылып, құрбандық шалынды. Содан кейін барып кесене аумағын жіті араладық. Кесене аумағы үш сатылы алаңнан тұрады. Көлемі екі жарым гектар. Бірінші алаңда мың орынды амфитеатр мен жартылай жабулы сахна орналасқан. Мерекелік шаралар өткізуге қолайлы. Қажетті кезде тасаттық беруге ыңғайлы орын. Сәл биік орналасқан екінші алаңның алдыңғы шебінде ұзындығы жүз метр, ені екі метр  төрт сатылы алаңшақта жайқалып өскен шырша ағаштары кешенді кесененің шымылдығындай әсер береді. Тең ортасындағы гранит плитасымен төселген сатымен жоғарғы алаңға көтерілесің. Шыға сала көлемді алаңды аралап кесене маңында  жайқалып тұрған саябақ алаңына қызыға қарайсың. Гранитпен көмкерілген үшінші алаңға көтерілгенде еңсесі биік кесенеге, екі жағында орналасқан ғибадатханаға көзің түседі. Кесене мен ғибадатхана күмбездері өркениетті ел болғанымыздың куәсі қошқармүйіз оюмен көмкерілген. Жиырмасыншы ғасырдың басында қайта көтеріліп, қазір мемлекет есебінен реставрация жасалып жатқанына куә болдық. Гоуаңның мүрдесі жапсарлас қаланған биік мұнара ішінде жатыр. Сол мұнараның артында  тастан  өріліп қаланған он екі тумба орнатылыпты.

Екінші алаңдағы арканың екі жағында көтерілген тоғыз өрлік қара қылшықты ту – Шыңғысхан табыстаған туды еске салып, Ұлы жүзге қарасты тоғыз арыстың бірлігін білдіреді. Кесенеге кіреберісте Жалайыр руының тарақ таңбасы найзамен биікке көтерілген. Кесене артындағы он екі тумбаның (кішігірім күмбезше) әрқайсысының басына  қара  ленталар  байланған. Тумбаның саны неге он екі?  Ол жайында ілгеріде тоқталатын боламыз.

Үшінші. Кесене басында бізге белгісіз бір сырдың беті ашылды. Мұқалидың сүйегі алғаш жерленген жерінен бірнеше мәрте көшіріліп он тоғызыншы ғасырда осы жерге қайта ауыстырылыпты. Кесене шырақшысы Жао Зі  Шің  мырзаның қолындағы кітаптың 23-бетінде Мұқалидың ұрпағына жүктеген аманаты мынадай. «Маған арнап әр өңірдің он жеріне кесене тұрғызыңдар. Сүйегім мәңгілік мекенін тапқан кесенені құпия сақтаңдар» депті, жарықтық. Бұның сырын Ақбар Мәжит былай түсіндірді. Заман өзгереді. Адамның пиғылы өзгереді. Билік ауысқанда ұлттық кек те оянады. Мұнысы бізге де аян. Айталық, Мәскеу билігінің кезінде Сталиннің денесін мавзолейден шығарып тастатуы халықтың наразылығынан гөрі Хрущёвтің жекебасының кегі басым түскендігінен.

Мұндай қауіп Мұқали мүрдесіне төніп тұрған жоқ. Жоғарғы екі алаңда бой көтерген дарбазадан өткен адам оның екі қапталындағы арыстанның тас мүсініне амалсыз назар аударады. Бұл биліктің құдіретін айғақтайтын дәстүрлі белгі. «Арыстандай айбатты бол» демеуші ме еді бабаларымыз. Мұқали кесенесі кіреберісіндегі арыстан мүсіндері империя билігіне ие болған айтулы тұлғаларға көрсетілген құрмет.

1985 жылдан мемлекеттік мекемедегі қызметте болған Жао Зі  Шің 1990 жылы Юйлин қаласы, Юйлин ауданынан мәдени ескерткішті қорғаушы «шырақшы» куәлігін алған. Содан бері  жиырма сегіз жыл болыпты. Енді бұл міндет баласына жүктелмек. Кесене көтерілген кезден бастап қарақорым аймағын мекендеген ел не жұтқа, не қуаңшылыққа тап болмағанын ерекше құбылыс санайды. Жергілікті халықтың Мұқали Гоуаңды  пір тұтып, оның аруағына табынатынын үлкен ілтипатпен айтты.  Жао Зі  Шіңнің өмірден өткен бес атасы да шырақшылық міндетті өз еріктерімен атқарғаны  Қытай елінің де, компартия басқарып отырған Үкіметінің де Қазақ ұлтынан шыққан Қытай Гоуаңы, Қазақ батыры Мұқалиға және оның ұрпақтарына сыйласымдықпен қарап, құрмет тұтуының жарқын белгісі. «Рухани жаңғыру» аясында Қытай еліне барған халық- аралық «Мұқали» тарихи-танымдық экспедиция» мүшелері осы сапардан  разы болып оралдық.

Талас өзенінің жағасында арабтармен, қызылбастармен бірігіп қытайлықтарға соққы берген  түркілердің ерлігі жайында ой бөліскен қоғам қайраткері Мұрат Әуезов 751 жылы  бабаларымыз Таң дәуіріндегі табғаштарды Моғол тауынан (қазіргі Алатау) қуып, Вьетнам жеріне дейін ығыстырып, шығыстың төріне шыққанынан қазақ жастарының бейхабар қалғанына налыйды. Себебі бұл жайында аз айтылады. Ханзулықтар болса мұндай деректерді жастар тәрбиесі жұмысын жандандыруға тиімді пайдаланып келеді. Осыған қарап-ақ қоғамның шежіреге деген көзқарасын аңғарарсыз. Тарих жазылады. Шежіре таратылады. Ал оны елжандылық тұрғысынан пайдаланып, қажетімізге жарата алмасақ, кім болғанымыз?

Шыңғысханның Маймене – оң қолын басқарған Бұрғышы  ноян, онан соң Бурақұл ноян және Майсара – сол қолын басқарған Мұқали ноян бас болып, Жосық талабы мен әскери тәртіптің сақталуын қамтамасыз еткен тоқсан бес мыңбасының адалдығының арқасында биліктің ұзаққа созылып, тиянақты дамығаны Юань империясы, Елхан, Жалайыр мемлекеті, зайырлы Алтын Орданың байтақ тарихымен дәлелденген. Жосық талаптарына немқұрайды қараған кезеңнің жағдайы және белгілі.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақ «Жас Алаш» газетінде жарық көрген «Ұлық қаған» атты мақаласында: «Оның  арманы екі мұхиттың арасын түркілерге толтырсам деген ой-тұғын. Бірақ ол қолынан келмесе де, ұрпақтары біраз жерге жетті. Өлерде оның (Шыңғысханның авт.) айтқаны бар: «мен тарихта түк бітірмегеннің өзінде, түркілердің қауіпсіздігін үш жүз жылға қамтамасыз етіп кеттім» дейді. Әулиелігі сол, тура үш жүз жылдан асқанда Қытай мен Ресейдің қыспағында қалдық. Тұран империясын қайта қалпына келтіремін деген Шыңғысхан әуелі ағайыншылық үгітке көнбегеннен кейін, қылыш суырып, біраз ру-тайпалармен қырқысуға барды», – депті. Не десе де, істің ақиқатын айтыпты.

Иә, Шыңғысханның Жосық талаптары мен өсиеттерін қалтқысыз орындаған, шығыста қуатты мемлекеттің іргесін қалап, шаңырағын көтерген қаһарман қайраткер Мұқали. Бас билікке қызықпаған, опасыз байлыққа таласпаған оның адалдығы мен тазалығын ұрпағы жалғастырған. Қытай елі билешілерінің қазақ жеріне көзін сүзе қарауына жол берілмегеніне Мұқалидың да, ұрпақтарының да сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Мұқали қайтыс болғанда жиырма жеті жастағы ұлы Болат Шыңғысханның жарлығымен Гоуоң атағын алған. Юань хандығының алғашқы жылдары Хыңжоу аймағы Болаттың мекені болған екен. 1255 жылы болашақ қаған Құбылай осы жерді мекендеп атын Жужың деп өзгертіпті. Болаттан Тас, Сұғынша, Батыр, Бөнен, Ермехан, Ербұхан, Әлшеш атты жеті ұл туған. Тас – ержүрек батыр; Сұғыншы  – сайыскер; Батыр – ұлан. Сұғыншыдан Құлыншы, Наян, Шәңүй, Саман аты төрт ұл тарайды. Үгедей мен Құбылай тұсында Құлыншы Гоуаң болса, Шәңүй Гоуаңдық орынға мұрагер болған.

Болаттың үшінші ұлы Батырдан Аңтұң, Диң, Тұң, Батуқұдай атты төрт ұл туса, солардың үлкені Аңтұң Құбылайдың оң қол ішкі уәзірі болған. Әділдігімен Юань, Алтан, Сұң  хандығы сардарларын аузына қаратып, бұқара халықтың құрметіне бөленген. Төреші абыз кеңесін құрып Орда жарғыларына өзгеріс енгізіп, жөрелгі бұтханасын құрып, өткендерге тағзым, құрмет көрсеткен дана адамның бірі осы Аңтұң. Ұры-қарыларды тежеп, қылмысының ауыр-жеңілдігіне қарай кесім айтып, орынсыз адам өлтіруіне жол бергізбей, Орданың ішкі саясатын басқарған Аңтұң бабасы Мұқалидың өсиетіне берік болған. Осы ұстанымы Құбылайға ұнай қоймаса керек. Осындай жайттың бірінде: «Пақырыңыз міндетіне сай жұмыс істей алмады, ұлы мұратыңызға кесірін тигізді» деп 1291 қоян жылы  уәзірлік лауазымынан бас тартады.

Құбылай Аңтұңмен ұзақ әңгімелесіп райынан қайтарып, бірінші уәзірлікке тағайындайды. Бұл Аңтұңның адалдығы мен әділдігін мойындағаны. «Ұяда не көрсең, өскенде соны ілерсің» деген сөз осындайда айтылатын болар. 1293 жылы Жиңшыдағы Лы-анли тұрағында Аңтұң қырық тоғыз жасында дүниеден өткенде үш күн ұдайы күн түнеріп, жаңбыр жауыпты. Бұл хабарды естіген Құбылай: «Уәзірдің сырқат екенін естігенде сенбеп едім, бір дәуірдің бекзадасынан расында айырылған екенмін-ау» деп қайғыдан қан жұтыпты. Бұқара халықтың танитыны да  танымайтыны да: «Әділ уәзір өлген екен, енді кімім қалды?» деп қайғырыпты. Бұдан шығатын қорытынды біреу – әділдік үшін күресу ұлы міндет. Ондай күрестің  жеңісін де, жетістігін де бағалайтын халық. Әділдік үшін күрес еш уақытта толастамайды. Солай болған, солай бола бермек.

Наянның ұлы Шіде Құбылай қағанның сарай ісін басқарыпты. Саманның ұлы Тото Гоуаң атанған. Аңтұңның Құдықтай атты ұлынан туған Бай жу Юань империясы тұсында Дүңпиннің ханы болып, қаһарман лауазымы берілген. Доржы – Мұқалидың жау танымас шөбересі,Тотоның ұлы. Гоуоң болған. Доржыбан Мұқалидың жетінші ұрпағы. Наймантай – Мұқалидың шөпшек немересі.

Міне, осылардың он екісі Юань империясының қалыптасуына, қарыштап дамуына атсалысқан жоғары лауызым атағын алған ардагерлер. Кесене артындағы он екі тумба – Мұқали ұрпақтарына арнап орнатылған тұғырлы белгі. Оның жоғары басына байланған қара лентаның үнемі жаңарып, желбіреп тұратынына қарағанда Мұқалидан тараған бір рулы елдің бабаларының басына келіп тәу етіп, құрбан шалып тұратынына көз жеткіздік, сүйсіндік.

Мұқалидың інісі арда хан Дайсұңның ұрпағы Нағаш туралы бірер сөз. Юань хандығының соңғы нүктесін қойған батыры деп танылған Нағаштың өмірі Юань империясының соңғы жылдары мен Мин Империясының алғашқы жылдарымен ұштасады.

1214 - ит жылы Мұқали ұрпағына берілген Ляудұң өңірінде мекендеген ұрпағы замана талабына сай өніп өскен. 1368 жылы Юань империясының құлауына төзе алмаған Нағаш  осы жерді қорғап он тоғыз жыл жаңа билік жүйесіне қарсылық жасаған батыр. 1388 жылы Нағаштың өлімін естіген Жу Юанжаң сүйегін астанаға алдырып Нанжиң қаласының оңтүстік қақпасының сыртына жерлеткені, айтары жоқ, Мұқали Гоуаңды пір тұтқаны. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы ата шежіремізге қайта үңіліпті.

Бұл алақайлай қуанатын бастама! «История Казахстана в этнических исследованиях» атты көптомдықтың алғашқы үш томын Жалайыр тайпасына арнапты. Осынау орталықтың президенті, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Хайролла Ғабжәлел мырзаның «Қазақ тарихы – әлемдегі орны бөлек, ең бай, ең терең тарих» атты сұхбатын республикалық «Шыңғысхан» журналының 2020 жылғы №1 санынан оқыған адам көп мағлұмат алады. «Елді ру-руға бөліп жатырсың» дейтін пенделерге Хайролла Ғабжәлел мырза: «ру шежіресі – ғылым, ал ғылымда ешқандай ұят та, қорқыныш та болмайды» деп келістіре жауап беріпті. Жетесіздер түсінетіндей қылып айтыпты. Осы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков:

"Хотим мы этого, не хотим, казахи должны знать свою историю, а наша история имеет среди тюркских народов такую специфику, что составляет более сорока родов и племен. Поэтому, не изучая историю родов и племен, очень трудно писать настоящую объективную историю Казахстана.
Для достоверности информации ученые использовали различные источники. В результате пришли к выводу, что основными предками қазахов были джалаири. Это племя стало союзником Чингисхана в XII веке. Коллективную работу в три тома выпустили тиражом три тысячи экземпляров. Книги отправят в библиотеки и общеобразовательные учреждения Казахстана. Пока они изданы только на қазахском, но в будущем будут переведены на русский и англиский языки», - депті.

Осынау бастама аяқсыз қалмай тарихшылар қауымы мен еліміздің қоғамдық ұйымдары қолдаса Мысырды билеген Бейбарыс сұлтандай Қытай елін тығырықтан алып шығып, жасампаздықтың ақ жолына бағыттаған Мұқалидың өз отандастарымен қауышып, Ұлы Даласына оралатыны айдан анық. Коммунистік партия билігінің жетекшілігмен өмір сүріп жатқан Қытай елінің Қазақ батыры Мұқалиға көрсетіп отырған құрметінің қазақ елінде де көрініс табуы заңды дүние деп есептейміз.

Осы арада Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ғылым магистрі Әміре Әріннің «Егемен Қазақстан» газетінде («Егемен Қазақстан» газеті, 08.08.2018 ж.) жарияланған «Мұқали баһадүр» атты мақаласынан мына бір үзікті алға тартудың реті келіп тұр. «Әдетте, генералиссимус – әскерді басқару қабілеті, сіңірген еңбегімен қатар Отанға деген шексіз махаббаты мен көзсіз батырлығы ерекше ескерілер әскерилер алатын жоғары атақ. Осынау атақты көк Тәңірі алқауымен жер-жаһанды ғасырлар бойына жұдырығында ұстап келген түркілерге шекеден қарар еуропалықтардың көпке дейін қимай келгендігі рас. Әйтсе де, ақиқаттан асқан төреші жоқтығына енді көзіміз жетіп отыр.

Бұған да мың шүкір. Француздық тарихшы К.Д’Оссон өзінің «Шыңғысханнан Темірланға дейін» (1935 ж.) деп аталар беделді кітабында Қытайдағы соғыс турасында былайша қалам тербейді: «1220 жылы моғолдық генералиссимус Мұқали Шаньсиді бағындырып жатқан шақта сондағы қолбасшы Шитянни жауланған елдердегі әскердің аса қатал әрекеттерін батылы жете айтып қалады. Тумысынан мейірімді Мұқали бұл ақиқатқа ден қойып, дереу тонаушылықты тоқтатып, тұтқындарды босатуға жарлық береді». Жалпы бұл шығарманың өн бойында автор жүрек жұтқан батырымызды әлденеше рет генералиссимус деп атап өтеді.

Ұлы Моғол империясының ғана емес, мұқым түркі әлемінің айтулы қолбасыларының қатарынан жарқырай көрінген Шыңғысханның сенімді серігі, генералиссимус (Д’ Оссон), маршал (Сайшиял) Мұқалидың өзіне ғана тән әскери стратегиясы мен тактикасы, ұрыс даласындағы шапшаңдығы, қаланы шегендей қоршауы, жаудың басым күшінің бетін ә дегеннен қайтарып тастауы мен әкімшілік қызметтегі ерекшеліктері бүгінде барша адамзаттың игілігіне айналып отыр».

Қазақ Ұлттық академиясы бас болып, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары, халықаралық Қадырғали Жалайыр қорының ардагерлері Мұқалидың өмір жолы мен қазақ ұлтын асқақтатуға қосқан еңбегін ескеріп, жасампаздық тұлғасын тың деректермен толықтыра тағылымды туынды жазуы кезек күттірмейтін мәселе. Байтақ тарихымыздың киелі бетінің айқара ашылуын халықтың аңсап отырғаны және шындық. Суретші, мүсінші және сәулет өнерінің тарланбоздары да аянып қалмайды. Батырдың Отаны қазақ жерінде тұғырлы ескерткіш орнату тарихқа, ұлтымызға құрмет, ел айбыны!

Халық үніне құлақ асатын Үкімет те бұл шарадан тыс қала қоймас.

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы