КӨЛСАЙДА ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН МЕКТЕП БІТІРГЕН ТҮЛЕКТЕР КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 31.07.2021
Оқылды: 3099
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кеген ауданы, Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы орта мектепті 1981 жылы бітірген түлектердің 40 жылдық кездесуі өтті.

Көк аспанға бой тіреген ақ қарлы Алатаудың етегінде көрікті Көлсайдың мөлдіреген суын ішіп, ауасының тұнығын жұтып өскен ұлдар мен қыздар қырық жылдан кейін бас қосты. «Кездесу» деп аталғанымен кейінгі ұрпаққа өнеге болатын, тәлім мен тәрбиеге толы ерекше іс-шара өтті деп айтуға да болатын шығар. Кездесудің өзіндік өрнегі басым болды.

Мектеп бітірген түлектер әр салада еңбек етуде. Арасында педагогика саласында қызмет атқарған Әбдікерім Төлбаев, Гүлбақыт Қисықова сынды білікті ұстаздардың бағыт-бағдар беруімен 40 жылдық кездесу бағдарламасы жасалды. Бағдарлама аясында «Сағым жылдар» атты кітап және «Қырық жылдан соң» деп аталатын шағын деректі фильм шығарылды. Аталған кітап Әбдікерім Төлбаевтың авторлығымен жарық көрді. Кітапта Таушелек өңірінің тамаша табиғаты суреттеліп, туған жерге қатысты аңыз әңгімелер басылды, балалық шақты еске салатын қызықты оқиғалар баяндалды. Бақилық болған сыныптастардың рухына тағзым етіліп, өмірбаяндары жазылды. Білім берген аяулы ұстаздар да қамтылып, өмір тарихынан аз-кем сыр шертілді.

Біз бірінші сыныпқа барған жылы мектепті 48 оқушы бітіріпті. Оның 8-і «Алтын медаль», 8-і Мақтау қағазын алыпты. Бұрын-соңды мұндай құбылыс болмағандықтан облыстан құрылған ерекше комиссия бақылауымен қайта емтихандар алынып, шығарма жаздырыпты. Шығармадағы эпиграфтың авторы І.Жансүгіровті, «И.Жансүгіров» деп жазып қойғаны үшін он жыл бойы «беске» оқыған Қанат Қайдауыловқа «төрт» деген баға қойып, «Алтын медаль» берілмепті. Он жыл бойы оқығанда алған жалғыз «төрттік» баға осы болған екен. Кейіннен Алматыдағы зооветеринарлық институтты «қызыл дипломға» бітіріп, аудандағы шаруашылыққа басшы болып, оның өркендеуіне зор үлес қосқан азамат екен.

Осы мектеп бітірушілердің арасынан екі ғылым докторы шығыпты. Оның біреуі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрғанжан Төлебаев, екіншісі – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Болат Рысбаев. Болат ағамыздың мектеп қабырғасында жүріп-ақ Рига қаласында өткен математика пәнінен «Бүкілодақтық олимпиаданың» екі дүркін жеңімпазы болғанын кейінгі ұрпақ біле бермейді.

Сол уақыттан бері жарты ғасыр өтсе де мұндай оқиғаның қайталанғанын естімеппін. Ендігі келер елу жылда қайталануы да күмәнді болып тұр. Білімге деген құштарлығы басым, озық ойлы  ағалардың қабілетін келер ұрпақ білсін деген оймен кітапта арнайы мысал келтірілді.

Деректі фильм ауылда туып-өскен, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің телерадиостудиясының бөлім меңгерушісі, медиа саласының майталман маманы Гүлбану Мүшірованың режиссерлік еңбегінің арқасында жарық көрді. Фильмде табиғаттың көркем жерлері суреттеліп, сазды әуенмен әрленіп, балалық шақтан осы күнге дейінгі қызықты оқиғалар баяндалды. Фильм мәтіні «Қазақ» радиосының көрнекті дикторы Аманжан Еңсебайұлының құлақ құрышын қандыратын қоңыр үнімен оқылды.

«Тойдың болғанынан  боладысы қызық» деген тәмсіл тек  қазақ халқына ғана тән шығар. Той болады деп бір жыл дайындалып, екі-ақ күнде өте шықты. Қазақтың тойы кәдесіз өткен бе? Кездесуден естелік қалсын деп  сыйлықтар, ленталар, баннерлер дайындалды. «Тойдан тобықтай» деген ұғыммен кездесуге келген әр сыныптасқа 40 жылдық эмблемасы бар ыдыс табыс етілді. Сонымен қатар кездесу кезінде әр сыныптастың өткен өміріне көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерін саралай келе әртүрлі номинацияда дипломдар табыс етілді.

Кездесудің ұйымдастыру іс-шараларының ұйытқысы болған Мейіргүл Тілеубаеваға ел ризашылығы шексіз. Келген қонақтар да, ауыл азаматтары да өз ілтипаттарын білдіріп, рахметін айтуда. Тұрсын Арыстанов, Болат Рахимов сынды сыныптастарымыз да кездесудің ойдағыдай өтуіне үлестерін қосты.

Ауылдағы барлық іс-шараға жүгірген Темірхан Үмбеталиев болды. 40 жылдық кездесуге бар ынта-жігерімен кірісіп, кетер-кеткенше жүгіріп қызмет атқарды. Достығы мен ынтымағы жарасқан Дәурен Әлімқұлов, Есболат Өтеулиев, Серікбол Сатыбалдиев, Әуесхан Мамырбаев сынды жігіттер бір үйдің баласындай, бірін-бірі айтқызбай түсініп, бірігіп жасаған  еңбектері ерекше болды. Осындай азаматтардың пейіліне риза болып қайттық. Мұндайда қазақ «тамағыңа қарным тойды, қабағыңа көңілім тойды» дейді екен. «Қарынның тойғаны бір күндік, көңілдің тойғаны мың жылдық» деп айтуға болатын шығар. Ауыл азаматтарының пейілі арта берсін.

Кездесудің бірінші күні ауылдағы мешітте қайтыс болған сыныптастар мен ұстаздардың рухына арналып ас берілді. Асқа ұстаздардың, сыныптастардың жұбайлары мен артынан қалған ұрпақтары шақырылды. Құран оқытылып, еске алу тілектері айтылды. Соңынан бейіт басынан топырақ алынып, рухтарына мінәжат етілді.

Ауылдағы кәсіпкер Марат Диханбайұлының «Саты» деп аталатын, жаңадан салынған мейрамханасында кездесу кеші өтті. Кешке Әуей Батанова, Абдул Толбаев, Күлбүбі Қалиева, Жібек тәтей сынды ұстаздарымыз қатысып, жүрекжарды тілектерін айтты. Оқушылардың құрметіне риза болған сынып жетекшіміз Әуей тәтей кітаптың авторы Әбдікерім Төлбаевқа шапан жауып, кездесудің ұйымдастыру шарасына атсалысқан азаматтар – Аманбай Байбалақовқа, Темірхан Үмбеталиевке, Сәуле Батановаға сыйлықтар табыс етті. Кездесу кешінде 40 жылдық сағыныштың орнын толтырардай билер биленіп, әуезді әндер шырқалды.

Кездесудің екінші күні көрікті Көлсайдың жағасында бір ғанибет басқосу болды. Сыныптасымыз Гүлзира Әдінова жолдасы Маратпен көлдің жағасынан 40 жылдық кездесуге арнап «сегіз қанат үй» тігіп, 60 адамды бала-шағасымен қосып қонақ қылып күтіп алды. Кездесудің көркін қыздырып, ұйымдастырған азаматтарға шапан жауып, сыйлық таратқаны күтпеген оқиға болды. Дарқан мінезді даланың кеңдігінен, сұлулыққа толы табиғаттан айрықша әсер алдық десем артық айтпаған болар едім. «Сыныптастар келеді» деп ерекше қуанған ақкөңіл, асқақ пейілден айналып кетуден басқа амал қалмады. Ауылдан адам көшкенмен пейіл мен береке қалып қойғанына осы жолы көз жеткізіп қайттық.

Тамаша табиғат аясында жастық шақтың әндері шырқалды. Балалық шақтан естеліктер айтылып, өткенді еске алып, бозбала шаққа қайта оралғандай әсер алдық. Берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл азаматтарына айтар алғысымыз мол. Аманбай Байбалақов, Бақкелді Далбаев, Марат Ұзақов сынды азаматтардың кездесуге қосқан үлесі зор болды. Сыныптас ұлдардың қосақтары – Лаура, Тамара, Эльмира, Күласия, Жанар, Гүлнар, Дариға, Гауhар сынды келіндердің атқарған қызметіне дән риза болып марқайып қайттық. Дәмділеп пісірген қуырдағы, балбыратып асқан еті, уытын бойына жинаған бал қымызы ежелгі төре тұқымы жеген тағамның кейпін келтіріп тұрды. Қадірін баршаға бағалатып жүрген, қасиеті мол қазақтың қайран келіндері-ай деп қайтуға мәжбүр болдық.

Кездесудің кейінгі ұрпаққа үлгі болатын жері, ауылдағы жаңадан отау құрған жандарға көмек көрсету болды. Осы орайда Есқат Сыдықұлына кездесуге жиналған қаржыдан ақшалай және Аманбай Байбалақовтың мәрт көңілінің арқасында малдай көмек көрсетілді. Ауылдағы Таушелек қорына Аманбай бір жылқы қосса, Темірхан мешітке құдайы тамақ беруге 300 адамға арнап үстелдер мен орындықтар дайындап берген екен.

Ауыл азаматтарының ниеті мен пейіліне риза болып қимай-қимай кете бардық. 40 жылдық кездесудің әсерлі сәттерін арқалап, туған жердің тынысына тоймай, келесі кездесу ертерек болса екен деген ниетпен қоштасуға тура келді.

Қайтар жолда Ерлан Бағаев ағамыздың «Саты – жайлау, Саты – нұр, Саты – көктем»  деп келетін өлең жолдарын еске алып, болмасақ та ұқсап бағып:

Саты – ырыс, береке, Сатыда – құт,
Саты – нұрға малынған, Саты – жақұт.  
Аунап-қунап қайтар ма ед, әттең шіркін!
Туған жердің төсінде бір ай жатып,
– деп келетін келте шумақтарды құрастырып, бірде ұлы Мұқағалидың:

Қасқа бұлақ, қасыңнан неге кеттім?!
He деген жел айдаған көбелекпін.
Еркіндік, еркелікті місе тұтпай,
Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін,
– деген өлең жолдарын іштей қайталап, сағым қуған тасжолды бетке алып, балалық шақпен қайта қоштасқандай болып, ұзақ жолды артқа тастап кете бардық.

Әбдікерім ӘБЕУҰЛЫ