КЕРІ БАЙЛАНЫС АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАР ӨЗІН-ӨЗІ БАҒАЛАУҒА ДАҒДЫЛАНАДЫ

Уақыты: 04.08.2021
Оқылды: 4000
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінгі таңда сабақ барысында кері байланысты қолданудың маңызы өте зор. Өйткені, мұғалім де, оқушы да сабақтағы екі жақты өзара іс-әрекеттің нәтижесін кері байланыс арқылы біле алады. Ал көптеген мұғалім кері байланыс орнатуда қиналады және қателіктер жіберіп жатады. Парақшаларды жинап алып, нәтижеге жеттім деп ойлайды.

Кері байланыстың тиімділігі сұрақтар қойып, оған ауызша немесе жазбаша жауап алудан ғана тұрмайды. Ол арқылы оқушылар мақсатына жете алды ма, жоқ па, тақырыпты түсініп, оны тәжірибеде қолданды ма, түсінбеген жағдайда не себепті түсінбеді, неден қиналды, ол үшін не істеу керек, көңіл-күйі қандай болды деген сұрақтарға жауап алуы керек.

Бұл мұғалім өзінің әрекетін бағалап, рефлексия жасап, таңдаған әдістерінің тиімділігі туралы ойланып, келесі сабақты жоспарлауда орын алған кемшіліктерді болдырмауға жол ашады. Ал оқушылар тиімді кері байланыс арқылы өзін-өзі бағалауға, реттеуге, білім алуға деген жауапкершілікті мойнына алуға дағдыланады.

Кері байланыс орнатудың жолы өте көп. Соның ішінде өз тәжірибемде жиі қолданылатын  әдіс – «Кері байланыс күнделігі». Ол бойынша сабақтың соңында оқушылар «Мен сабақ тақырыбын түсіндім. Оны былай орындай аламын», «Мен түсінбедім, маған ең қиын болғаны...» деп жауап беру ұсынылады.

Мұғалімдердің ғана емес, оқушылардың мақсатқа жетуін қамтамасыз ете білсек, дер кезінде түзетулер жасап, кемшіліктерді жойып, оқушылардың жетістікке ұмтылуын туындата алған жағдайда кері байланыс дұрыс қолданылады.

Кері байланыс – бұл мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесуіне талдау, рефлексия жасау және бақылау түрі. Оны қолдану арқылы балалардың сабақты толық меңгеріп, ой қорытуына және білім сапасының артуына қол жеткіземіз.

Динара ҚАЗИЕВА,

«№2 орта мектеп» КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан