АСХАТ ЖИТКЕЕВ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ІЗГІ ТІЛЕГІН АРНАДЫ

Уақыты: 09.08.2021
Оқылды: 1306
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік – бабаларымыздың аңсаған асқақ арманы, бүгінгі ұрпақтың маңдайдағы бағы. Бір ғана сөздің астарында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы төккен тері мен қаншама боздақтардың көз жасы жатыр десеңізші?!

Еліміз еркіндікке қол жеткізгеніне 30 жыл толады. Отыз жыл ішінде бағындырған асулар аз емес. Алдағы кезеңде одан да биік шыңдарға шығуымыз керек. Бұл күнге жету жолында қазақ еліне сан мыңдаған жылдар қажет болды. Тағдыр-талайымыз қиындықтары мен бұралаң жолдарын бірінен соң бірін дайындап отырды. Тарихқа көз жүгіртсек, аумалы-төкпелі заманда ел іргесі берік болуы үшін отқа да, суға да түскен батырлар мен бар білімі мен жігерін ел тәуелсіздігі жолында сарп еткен көреген басшылар елдігімізді мәңгілік етті.

Аз ғана уақыт аралығында алпауыт елдермен терезесі тең дәрежеге жеткен қайсар елдің бағындырар биігі әлі алда. Халқымыздың егемендік жолындағы көрген бейнеті мен тартқан тауқыметі жарқын күндер сыйлады. Нәтижесінде, бүгінгі таңда, халық даналығында айтылғандай, тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы – қаһарман.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек»,– деген болатын.

Олай болса, біз ата-бабамыздың асқақ арманына қолымыз жеткен ұлы күннің маңыздылығын, батыр халқымның ерлігін болашақ ұрпаққа насихаттауымыз керек. Тәңір берген тәуелсіздігіміз мәңгі әрі мәнді болсын!

Асхат ЖИТКЕЕВ,

Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері