ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМГЕ ҮШ ТІЛДІ ЕРКІН МЕҢГЕРГЕН ЕЛ РЕТІНДЕ ТАНЫЛУЫ ТИІС

Уақыты: 10.08.2021
Оқылды: 1290
Бөлім: РУХАНИЯТ

Үш тілді білім берудегі мақсат – бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты білімді, мәдениетті тұлғаны қалыптастыру. Ол арқылы бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп, оқушыларды өмірге даярлау міндеттеледі.

Тіл – жүректің үні ғана емес, еліміздің өткені мен келешегі. Ана тіліміз арқылы біз ұлттығымызды сақтап, ары қарай да мемлекет ретінде дами аламыз. Осы ретте қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, орыс тілі мен ағылшын тілін меңгеру бүгінгі уақыт талабы болып табылады. Өйткені, орыс тілімен біздің тарихымыз тұтас болса, ары қарай қарыштап дамуымыз үшін ағылшын тілі ауадай қажет.

Үштілділік мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Тілдердің үштұғырлылығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар – қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі”, – деген «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа арнаған Жолдауынан бастау алған болатын.

Біз үш тілді меңгеру арқылы әлемдегі дамыған елдердің алғашқы қатарынан орын аламыз. Әлемдік кеңістікке шығу арқылы, біріншіден, өз тіліміздің бай екендігін көрсете отырып, өзге тілдерді еркін меңгере алатын ұлт екенімізді дәлелдейміз. Екіншіден, шет елмен тығыз қарым-қатынас орната отырып, экономикамызды өркендете аламыз. Үшіншіден, «Жас болса да, бас бола алатын» мемлекет екендігімізді толығымен көрсетеміз.

Қорыта айтқанда, жарқын болашақта қазақ тілін әлемге әйгілі етіп, орыс тілі арқылы ұлтаралық қатынасымыз өрби түсіп, ал ағылшын тілі арқылы жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігіп қана қоймай, онда Қазақстанның ойып тұрып орын алатынына сеніміз мол. Ол үшін үш тілді еркін меңгерген, әлемдік экономика мен мәдениет, саясаттан хабары бар, тіпті, оны өз деңгейінде талдай алатын жас ұрпақты тәрбиелеу арқылы елімізді биік дәрежеге көтере аламыз. 

Гүлназ УТЕНОВА,

"М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы мектепке дейінгі шағын орталығымен" КММ-нің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан