БҮГІН - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІ: БАСҚАРМА БАСШЫСЫ МАҚАЛА ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 12.08.2021
Оқылды: 1311
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауының бірінде: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер – тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Жұмыла жеткен жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», – деген болатын. Иә, расында, тәуелсіз елдің еркін ойлы, білімді, бастамашыл жастарынан көп үміт күтеміз. Қазақстанның жаңа даму кезеңі – тікелей жастардың қолында.

Жастар – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та мерейін үстем еткен үлгілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Мәселен, өнер саласында беткеұстар, қабілетті де қарымды Димаш Құдайбергеновтің өзі бір төбе емес пе?! Ол – Қытай елінде ұйымдастырылған халықаралық байқаудың жеңімпазы. Сонымен қатар, Ержан Максим, Данелия Түлешова сынды мықты әнші балапандар үлкен сахналарды бағындырып, жарыстардан олжалы оралды. «Новая волна – 2021» байқауында Ержан Максим ұлымыз қазақ елінің Көк Туын аспанда қалықтатып келді. «Junior Eurovision – 2020» байқауында тағы бір жерлесіміз Қарақат Башанова ІІ орынды иеленді.

Витебскте өткен «Славянский базар» халықаралық фестивалінің Гран-при жүлдесін жерлесіміз, әнші Рухия Байдүкенова жеңіп алды. Кейбір қатысушылар үшін бұл шынымен қиын сынақ болып шықты. Оған қарамастан үздіктердің үздігі болып, суырыла шыққан Рухияны жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз әрі қазақтың оза шапқан әр перзентін мақтан тұтамыз.

Токиода өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан халқының атын шығарып, қола жүлдегер атанған ауыр атлет Игорь Сон – 2015 жылы Жетісу төрінде өткен Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығының «Үздік жас спортшы» номинациясын, сондай-ақ, грек-рим күресінен Азия чемпионы Демеу Жадыраев 2017 жылы «Үздік жас спортшы» номинациясын иеленген еді.

Тағы бір жерлесіміз – Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы, әлем бойынша 55 мың үміткердің ішінен топ жарып, Гарвард университетінің оқу грантына ие болған Сезім Ертаңатов. Ол өзінің арман-мақсаттарына еңбек пен білімнің арқасында қол жеткізді. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Жетісулық жастарымыздың жеткен жетістіктері мұнымен ғана шектелмейді. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен аудандарда Жастарға қызмет көрсету орталықтары бой көтермек. Аудандық және қалалық мәслихаттардың 65-і, ал облыстық мәслихаттағы 37 депутаттың 6-уы жастар. Яғни, барлығы 71 жас депутат бар. Осыны ескере отырып, жастармен тұрақты түрде байланыс жасап, түйткілді мәселелерінің шешімін табуға үлес қосатын «Облыстық жас депутаттар» лигасын құрдық. Келесі кезекте назарларыңызды мына мәселеге бұрғым келеді: еліміз егемендік алғаннан күні бүгінге дейін өңіріміздегі балалар үйінен 1541 түлек шыққан. Олармен тығыз байланыста болып, қоғамда өз орнын табуға, тұлғалық дамуына қолдау көрсету өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте біз «Алматы облысының балалар үйі түлектерінің» қауымдастығын құруды жөн көрдік. Қауымдастық мақсаты балалар үйіндегі және постинтернаттық өмірді қадағалауға, балалар үйінен шыққан түлектерді жұмыспен қамтуға және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған. 

Келесі назарларыңызға ұсынатын жобалар жастардың бос уақытын тиімді үйлестіру, маргинал және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу және жастарды әлеуметтендіру бағытына негізделген. «Namys» жобасы аясында танымал спортшылармен кездесулер, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Шараға маргинал, девиантты, жұмыссыз жастар және қандастар қатысты. Жетісу Жайдарман лигасы облыс аумағында 7000 жасты қамтып, әр аймақтағы көңілді тапқырлардың басын қосты. Нәтижесінде республикалық лигаларда шамамен 30 команда өнер көрсетеді деп күтілуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау туралы Қаулы қабылданған. Жоба аясында мемлекет тарапынан сан түрлі салада дарынды жастарға гранттар тағайындалады. Игі іс облысымызда да жалғасын таппақ. «Жас ғалым» жобасы өңір жастарының ғылыми әлеуетін арттыруға, жас кәсіпкерлердің тұлғалық және кәсіби дамуына септігін тигізеді. Ғылыми жобалар байқауына облыстың ғылыми танымы мен қызығушылығы бар кез келген жастары қатыса алады. Ал «Жас талант» – өнер байқауы. Бұл жарыс өңірдегі шығармашыл жастарды іріктеп қана қоймай, түрлі мәдени бағыттарға қызығушылығы бар өрендерді қолдау арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етеді.

Биылғы жыл тағы да жаңа бастамаларға, тың серпілістерге толы. Пандемия уақытында ауыртпалықтарға қарамастан жұмыла жұмыс істеген ерікті жастарымыз жаңа ғасырдың батырлары атанды. Осының аясында «Қайырымды істер» марафоны бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. 2020 жылдың желтоқсан айында Волонтерлер жылының жабылу рәсімінде Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер марафоны» ұйымдастырылатынын айтты.

Жастарға қызмет көрсету орталығында «Мейірімді Жетісу» облыстық фронт-офисі ресми түрде ашылып, азаматтарды волонтерлікке тарту, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. 17 аудан мен 3 қалада өңірлік фронт-офистердің қызметкерлері волонтерлерді көбірек тарту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін жүргізеді.

Облысымыздың волонтерлік топтары жұдырықтай жұмылып, пандемия өршіп тұрған кезде демеушілерді тарту арқылы 30 000-нан астам отбасыға әртүрлі көмек көрсетті, 100 000-нан астам бетперде таратты, 9000-ға жуық қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Нәтижесінде, облысымыздың белсенді 15 волонтері Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында азаматтарды қайырымдылық жасауға тарту, волонтерлікті дамыту мақсатында әртүрлі ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді. Осы орайда жыл басынан еріктілер ұйымының саны ұлғайып, 95 бірлікті құрады, 7 мың ерікті тіркелді (2021 жыл басында 36 ұйым, 4012 ерікті бар еді).

Жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2 есеге көбейтіліп, 2021 жылы 76 млн.теңге бөлінді. Мемлекет басшысы айқындаған еріктілердің жеті бағыты және «Қайырымды істер марафоны» аясында облыста 1216 акция өткізілді. Мұқтаж болған 75 отбасы баспаналы болып, 9 мың отбасына 170 млн.теңгеге азық-түлік себеттері таратылды. «Біргеміз Таза әлем» жобасы аясында 50 мың адамның қатысуымен 134 экологиялық акция ұйымдастырылып, 41,8 мың түп ағаш отырғызылды. «Egov – жаршысы» жобасы аясында 100 ерікті өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тұрғындарға қызмет атқарды.

Төтенше жағдай кезінде біздің еріктілер мұқтаж жандарға жедел көмек көрсетіп, жоғары азаматтық ұстаным танытты. Шілде айының 9-11 күндері Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» оқыту-сауықтыру орталығында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, «ASYL JUREK» ең үздік волонтерлік топтар көшбасшыларының дәстүрлі республикалық слеті ұйымдастырылды. Бұл істердің барлығы жастардың әлеуетін көтеруге, бастамаларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге арналады.

«Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі осы, азаматтық жолы да осы», – деп Дінмұхамед Қонаев бабамыз біздерден зор үміт күткендей, біздер де жастарға адал да абыройлы, ең бастысы, адам болсын деп зор сенім артамыз.

Елдар САПАРОВ,

Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы