БИЫЛ КІМДЕР ОҚУҒА ТҮСТІ? ГРАНТ ИЕЛЕНГЕН ЖАС ТАЛАПКЕРЛЕРДІҢ ТІЗІМІ

Уақыты: 15.08.2021
Оқылды: 1323
Бөлім: РУХАНИЯТ

2021 жылғы Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің толық тізімі шықты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Кімнің жоғары оқу орнына түскені туралы мәліметті көру үшін мына сілтемеге өтуіңізге болады. Ендігі кезекте мемлекеттік білім гранты иегерлері оқуға қабылдану үшін құжаттарын жоғары оқу орындарына 25 тамызға дейін тапсыруы тиіс. Грант иегерлерінің тізімі "Қазақпараттан" бөлек, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» республикалық газеттері мен оның сайттарында жарияланды.

Айта кетейік, биыл Президент тапсырмасымен гранттардың жалпы саны 5 мыңға артты. Яғни, өткен жылы білім беру гранттарының саны 51 мың болса, биыл 56 мыңға жетті. Сондай-ақ, гранттарды бөлу кезінде алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квоталар көзделген. Осы жылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13 мыңға артық.

Құжат қабылдау 16-26 шілде аралығында жүзеге асырылды. Үміткерлер арасында «Алтын белгі» иегері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, сондай-ақ, патриоттық сезімі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін үздік белгісімен марапатталған балалар бар. Балл тең болған жағдайда олар басым құқыққа ие болады. Ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және ҚР азаматы емес, ұлты қазақ адамдарға квота қарастырылған.

Биыл 145 мыңнан астам талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 88 мыңнан астам адам жинады. Бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 60 пайызы. ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарында грантқа үміткер бола алады. «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін кемінде 50 балл қажет.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"