БҮГІН - ҰЛТ ҰСТАЗЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТУҒАН КҮНІ ӘРІ ТІЛ МЕРЕКЕСІ

Уақыты: 05.09.2021
Оқылды: 1526
Бөлім: РУХАНИЯТ

5 қыркүйек - ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні әрі тілдер мерекесі. Адамдар үшін өмірдегі ең бағалы құндылықтардың бірі – ана тілі. Ана сүтімен дарыған тілдің қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ахмет Байтұрсынұлы “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” десе, Қадыр Мырза-Әлі “Ана тілің - арың бұл» деп тіл мәртебесін көтеріп кеткен.

Елімізде егемендік алған, яғни, тарихқа кеткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдары қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Әртүрлі ұйымдар, кәсіпорындарда қазақ тілі үйірмелері ашылды. «Ал екінші бақытым – тілім менің» деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың өлеңі әр қазақ баласының көкірегінде сайрап тұруы керек. Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарында.

Тіл мәртебесін көтеру үшін бәріміз біркісідей таза ана тілімізде сөйлеп, жазсақ, қарым-қатынас жасасақ дұрыс болады. Қазір өзге ұлт түгілі, өз қазағымыздың ішінде ана тілін білмейтіндер көптеп саналады. Тіл түзелмей, қоғам түзелмейді. Туған тіліміздің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың борышы. Себебі, біздің болмысымыз, салт-дәстүріміз, дініміз, мәдениетіміз осы тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты, білімді, іскер, қабілетті, ұлтжанды етіп қалыптастыруда мемлекеттік тіліміздің атқаратын қызметі жоғары. Сондықтан туған еліміздің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Өйткені, тіл – ата- бабамыздан бізге қалған аманат.

Тіл арқылы ақындар мен даналардың сөздерін, өлең-жырларын оқып, ғибрат аламыз. Тәуелсіздікпен бірге  Қазақстанның көгінде көк байрағымыз желбіреді, әр қазақтың жүрегінде Әнұранымыз айтылды. Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы қабылданды. Енді біздің міндетіміз – тілімізді сақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды қазақ тілінде таза жеткізу. Бауыржан Момышұлы: ”Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту” – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту”, – деген болатын.

Тіл байлығы әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарап, орынсыз шұбарлануына жол бермеу керек. Тіл өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – әр қазақтың міндеті.

Меруерт УӘЛИ

Ақсу ауданы

Алматы облысы