ЕГІНСУЛЫҚТАР АҚЫНЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІП, МЕКТЕПТЕН СЫНЫП АШТЫ

Уақыты: 04.09.2021
Оқылды: 1320
Бөлім: РУХАНИЯТ

Білім күнінде Егінсу ауылының жұртшылығы қос қуанышты тойлады. Оның бірі – бүлдіршіндердің алғашқы қоңырауы болса, екіншісі – әріптесіміз, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қуат Қайранбаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті сыныбының ашылуы.

Егінсу орта мектебінде әуелі алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Бар өнерлерін ортаға салып, би билеп, тақпақ оқыған мектеп табалдырығын жаңа аттаған балдырғандарға әліппе таратылды.

Шырайлы шараның шымылдығы Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сабырбаевтың алғы сөзімен бастау алды.

– Құрметті жырсүйер ағайын, ақыны мен батырын құрметтеген қауым! Білім күні құтты болсын. Бүлдіршіндеріміз жақсы оқып, ата-аналарының үмітін ақтасын. Сонымен қатар, Қуат Қайранбаев атындағы сыныпты ашып отырмыз. Қуат – «ауылым» деп еңбек етіп, «жерім» деп жүрегін жалау етіп жүрген арда азамат. Елінің ыстығына күйіп, суығына тоңатын, халықтың сөзін сөйлеп, мұқым елдің мұңын жоқтаған ақын сынып ашсақ деген ұсынысымызды жерге қалдырмай, ауыл жастары үшін бар көмегін аямады. Игі шара жас ұрпаққа берері мол рухани қазына. Мәні мен маңызы зор бүгінгі қуаныш құтты болсын. Ақыны мен батырын аялаған ел әрқашан биіктерден көрінеді, – деп ақжарма тілегін ақтарып, ақының иығына шапан жауып, домбыра тарту етті.

Осыдан кейін Қуат Қайранбаев атындағы сыныптың лентасы қиылды. Сынып толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Жаңа жиһаздар мен құрал-жабдыққа толы кабинет 6-сынып оқушыларына берілді. Ерекше қуанышқа бөленген мектеп оқушылары жұртшылыққа ақын ағаларының сыныбын таныстырып, өлеңдерін нақышына келтіріп оқыса, әнші, сазгер Нұржан Ахметбек Қуат Әбілұлының сөзіне жазылған әндерді орындады. Ақынның кестелі жырларымен сусындаған жұртшылық тағылымды шарадан ерекше әсер алды.

Осыдан кейін Журналистер академиясының академигі Нұрлан Нұрғазин, Қазақстан Жазушылар  одағы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жангелді Немеребай, аудандық Молықбай атындағы Мәдениет үйінің директоры Асхат Досмұхамбетов сөз алып, жылы лебіздерін білдірді.

Басқосу соңында Қуат Қайранбаев барша зиялы қауымға, қуанышпен бөлісуге келген қара орман халқына шексіз алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

– Осыдан екі-үш ай бұрын өзім оқыған білім ордасындағы мектеп директоры Талап Темірбекұлы мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Индира Құдайбергенқызынан мектепке сіздің атыңыздан кабинет ашсақ деген ұсыныс түсті. Келісімімді беріп осы кабинетті жабдықтадық. Ауыл десе бүйрегі бұрмайтын, құлағы елеңдемейтін адам кемде-кем шығар. Арнайы сынып ашқан соң, болашақ жастар заманауи үлгідегі сыныпта оқуы үшін барынша көмектестім. Мұның барлығы болашақ ұрпақ білімді жан-жақты болса деген ойдан туды, – деді.

Иә, елінің жүрегіне сыршыл өлеңдерін дарыта білген ақын арманы – болашақ жастардың бойына төл тарихымызды сіңіру, дарынды балалардың шығармашылық өрлеуіне үлес қосу, кәсіби деңгейде өсуіне қолдау көрсету.

Айдар ҚАЛИЕВ

Ақсу ауданы

Алматы облысы