ҚАЗАҚТЫҢ БАЙ-БАҒЛАНДАРЫН ҚАЛАЙ ТӘРКІЛЕДІ? АРХИВТЕГІ ДЕРЕКТЕР

Уақыты: 25.09.2021
Оқылды: 1795
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ даласында дәстүрлі құрылымды басқаруда маңызды рөл атқарып, қоғамның өзіндік элитасын құрған байлар әр өңірде мектеп-медреселер ашуға, ұлт зиялыларына «Қазақ», «Айқап» сияқты газет-журналдар шығаруға қаржылай көмек көрсеткені, демеушілік жасағаны белгілі.

Мысалы, XIX ғасырдың екінші жартысында Жетісудағы Маман бай, Батыс аймақта Мақан, Аппаз, Мырқы, Ырғыздағы Қуан бай, Арқадағы Қорамса, Хасен, Ахмет, шығыстағы Әбдікерім, Ұлтарақ байлар қазақтың рухани өрістеуіне өз үлесін қосты.

Рулық-туыстық принциптерге негізделген қазақ қоғамында байлар жерді меншіктенбеді, салтанатты сарай салуға әуестенбеді. Тіпті, кедей туыстары сияқты көшпенді тұрмыс кешіп, негізінен киіз үйлерді қоныс етті. Сондықтан да қазақ қоғамында әлеуметтік таптар мен топтар арасында өзара антогонистік жауласу орын алған емес.

XX ғасырдың 20-30-шы жылдарында жан-жақты жүргізілген «кеңестік қызыл қырғын» кезінде қазақ байлары жаппай қудалауға ұшырап, қолындағы малынан айырылды, жер аударылды. Шаруашылық ұйымдастыруды жетік меңгерген қазақ байларының бір бөлігі бас сауғалап, көршілес мемлекеттерге көшуге мәжбүр болды. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан көшпенді өркениеті, қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығы күйзеліске ұшырады.

Бүгінде Алматы облысының мемлекеттік архивінде Жетісуда жүргізілген қазақ байларының мал-мүліктерін тәркіленуіне арналған «Округтік Атқарушы Комитет президиумы жанынан құрылған байлардың шаруашылығын тәркілеу жөніндегі Алматы округтік комиссиясы» атты қор құжаттары №591 сақтаулы тұр.

Аталған қорда 1928-1929 жылдары аралығын қамтитын 129 іс бар. Онда байлардың мал-мүлкін тәркілеуге қатысты нұсқаулықтар мен мемлекеттік декреттер, Алматы округтік комиссиясы мен аудандық комиссиялардың хаттамалары, байлардың мүлкін тәркілеу актілері, кедейлер мен жалшыларға байлардың мал-мүлкін таратып беру актілері, округтегі байлардың тізімі мен 1928-1929 жылдары Алматы округінде тәркіленген байлардың жеке істері бар.

1928 жылы 27 тамызда «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» Қазақ АКСР-ның ОАК мен ХКК декреті қабылданды. Осыған орай Алматы округінің атқарушы комитеті жұмысшылар, шаруалар және қызыл әскер депутаттары Кеңесінің 1928 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу үшін Алматы округтік комиссиясы ұйымдастырылды. Жергілікті жерлерде, әрбір ауылдар мен елдімекендерде байлардың мүлкін тәркілеу үшін аудандық комиссиялар құрылды.

Қазақ АКСР-ы ХКК қаулысымен арнайы бекітілген нұсқаулық негізінде қызмет еткен Алматы округтік комиссиясына мал-мүлкі тәркіленетін және жер аударылатын қазақ байларын анықтау міндеттелді. Жұмыс барысында Алматы округінен аса ірі 160 бай-кулак анықталып, олардың 64-нің мал-мүлкі тәркіленді және Орал округіне жер аударылды.

Жергілікті жерлердегі комиссиялардың құжаттарына кірген мал-мүлкі тәркіленген байлардың жеке істерінде байлардың қай руға жататындығы, қазақша және орысша сауаттылығы, қанша малы барлығы, отбасы мүшелерінің аты-жөні көрсетілген. Соған қарап, байлардың көбінде екі әйелі болғандығын, Жетісудағы бір топ байдың Алаш өкіметін қолдап, қазақ жігіттерінен әскер ұйымдастырғанын білуге болады.

1928 жылы Қазақ АКСР-ның әкімшілік аумағы округтерге бөлінуіне байланысты Алматы округіне қазіргі Алматы облысының аумағы және Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір аудандары қараған. Сондықтан бұл құжаттардан кезінде Алматы округіне қараған Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында 1928 жылы қандай байлардың тәркіленгендігі жөнінде мағлұматты көреміз. Алматы округінің құрамына Шоқпар, Қордай, Қарқара, Іле, Балқаш, Қастек, Бүйен-Ақсу, Октябрь, Еңбекшіқазақ, Алакөл, Қаратал, Малайсары, тағы басқа аудандар кірді. Осы аудандардағы жергілікті аудандық комиссиялардың жұмысына қатысты құжаттар да облыстық мемлекеттік архивте сақтаулы тұр.

XX ғасырдың 20-30-шы жылдарында қазақ байларының тәркіленуі, қазақ шаруаларының меншігінен айыру және күштеп ұжымдастыру тарихы жаңа көзқараспен қарауды және жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру саясатының алғашқы науқаны байларды тәркілеуден кедейлер ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, ауылдардың қайыршылануына жеткізді.

Елімізге белгілі тарихшы Талас Омарбеков ірі байларды күйрету Қазақстандағы мал шаруашылығының даму қарқынының тежелуіне, төмендеуіне алып келгендігін атап өтеді. Соның кесірінен, Қазақстандағы жаппай ұжымдастыру науқаны кезінде көшпелі және жартылай көшпелі қазақ этносы аяусыз қырғынға ұшырады. Әкімшіл-әміршіл тоталитарлық жүйенің зорлау, күштеу және мәңгүрттендіру саясатының нәтижесінде қазақ халқы ата қонысында үлес салмағы жағынан азаюына апарды. Бұл бүгінгі демографияға тікелей әсер еткені жасырын емес.

Нұржан МЕЙРАМҚҰЛҰЛЫ,

Алматы облыстық мемлекеттік архивінің қойма меңгерушісі

Сурет - ғаламтордан