УАҚЫТ ЖАРАТҚАН ҰЛЫ ЖЫР: НҰРЛАН ОРАЗАЛИННІҢ МҰҚАҒАЛИ ТУРАЛЫ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 25.09.2021
Оқылды: 1704
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Нені сүйдім, неден күйдім,
Қазысы оның – арым мен бір-ақ Құдай...»
АБАЙ

Уақыт – ұлы сыншы.

Уақыт – Мәңгілік атты сұрапылдың жанға, жүрекке тыным бермес, жауыны мен дауылы бір басылмас ұлы кеңістігін қақырата тіліп, беймәлім замандардан, тұманы мен күмәні қалың көне ғасырлардан бері жұмыр жерді сауалдар қорығына қамап келе жатқан Құдіретті ұғым!

Ұлы Жаратушыға ой-санасымен беріле құлшылық еткен бабалар дәуірінде де, жұмырбас пенде бір-бірін езіп жаншып, тұлымдысын күң еткен, айдарлысын құл еткен көзсіз кездерде де, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, ұлы ғаламға жар салған Абай заманында да, «Құдай өлді!» деп өздерін құдай санағандардың тұсында да күн тәртібінен түспеген осы бір қатал, қатыгез ұғым жұмырбас пендеге даму мен өркендеудің ақылға ырық бермес қос мыңжылдық тоғысында тағы да аса күрделі сұрақтарды көлденең тартып отыр.
Уақытты жеңу үшін ұмтылғандардың жаңа майданы басталды...

Жаңа майдан!..
Жаңа дәуір!..
Жас ұрпақ!..
Міне...

Ұлттың рухани кеңістігінде ұлт ойы мен санасына шабуыл жасаудың айла-тәсілі көбейіп, шынайы құндылықтар мен анайы құндылықтарды айыру қиындаған осындай күрделі кезеңде ұлттың ұлы ақыны – Мұқағали Мақатаевтың онтомдық шығармалар жинағы қара орман қазақ жұртының рухани айналымына ұсынылып отырғаны бізді қанаттандырады. Жүйрігін жалынан сипап, тұлпарын тұяғынан тануға дағдыланған қазақ жұртының «өлеңді сөз патшасы» санайтын ұлы мінезінен жаңыла қоймаған асыл қасиетімен тілдескендей, табысқандай ерекше сезім үстінде отырмыз.

Өйткені...

Бұл, біріншіден, ұлттың алпыс екі тамырын кезген сөз өнеріне деген құрметтің қоз астында жасырынған қызыл шоқтай өшпес рухын аңғартса, екіншіден, «қатал», «қатыгез» мінезді Уақыттың шынайы халықтық сипатқа ие болып, ұлт биігіне көтерілген, адамзаттық кеңістікке шыққан ұлы жырды мойындауын, ұлы жырды жаратқан ұлы ақынды тануын аңғартады.

Айналып келгенде, уақыттың ұлы жырды мойындауы да, ұлы тұлғасын тануы да – ұлттың, ұлт руханиятының жеңісі екені даусыз.

* * *
Ақын есімін айтқанда тіл ұшына әуелі  Жиырмасыншы ғасыр деген сөз оралады. Ай емес, жыл емес, адамзат дамуының тұтас бір ғасыры! Өзінің қанатты болмысымен, кең бітімді кескінімен жүрек төріне жайғасып, айдынды көліне жарыса қонған аққудай, айбынды көгін шарлап ұшып, қалқыған ақиық қырандай елестейді...
«Құрметтеңдер жиырмасыншы ғасырды!» деген ақынның ақ жүрек, адал аманаты еске түседі.
Жанын, жүрегін тербетіп, көкірегін жарып шыққан әр өлеңін біртұтас «Өмір» атты алып дастанның бөлшек-бөлігіндей көретін ақын: «Мені өз өлеңдерімнен бөле-жара қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңізде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар. Ол кейде шаттанған, кейде түңілген жанымның үніндей...», – деп жазады күнделігінде. (14  ақпан, 1976 жыл; орыс тілінен аударған Бексұлтан Нұржеке). Шынында да бажайлап, барлап, ақын дүниелерін жүйелі түрде оқыған ойлы оқырманның осынау күнделік бетіне түскен қысқа жазбалар мен ақын өлеңдерінің, толғауларының, дастандарының арасында концепциялық жанды байланыстың барын байқамауы мүмкін емес.
Айналып келгенде мына жарық жалғанның қызығы мен қуанышын, азабы мен мехнатын қырық бес жыл, небәрі 45 көктем, 45 жаз, 45 күз, 45 қыс көрген ақынның көзмайын тауысып, ұлан-асыр мұра қалдырғанына әрі сүйсінесің, әрі таңдана таңырқайсың!
Жүрегіме жүк артып,
Жүдедім бе?
Білмеймін,
Жүдедім бе мұнартып?!
Жігеріме, білмеймін,
Жібердім бе мұң артып?!
Жүремін де, әйтеуір, жүремін де құмартып,
Жүрегіме жүк артып...
Мен іздеген нұр-бақыт, ұстатпаса, зуласын.
Тек жүрегім бір уақыт,
Жүксіз қарап тұрмасын.
Жүрек болып туғасын
, – деген мінезді жырлардың иесі 1972 жылдың 2 сәуірі күнгі күнделігіне жазған мына жазбаларға еріксіз назар аударасың. «...Бүгін (дәл қазір, 2 апрель, түнгі он екілерде) тырналар ұшып өтті. Столға отырғаным сол еді, тырнаның дауысын естідім. Біздің жаққа қарай ұшып кетті. «Ақ тырналар аспанға сына қағып...» ұшып кетті...
Пушкин мен Абайға айналып соға берем, соға берем...
Апырмай, Пушкин-ай, соншаның бәрін қашан жазып үлгерді екен», – дейді... Аруақты ұлы жыр жаратушылардың рухтарына сыйынып отырып, ақын өзіне-өзі қамшы басқандай болады.
Мақатаевтың қырықтан асар-аспас жаста өз ортасын ғана емес, қазақтың күллі жырсүйер қауымын аузына қаратып, ұлттық жырдың олимпіне қалай көтерілгені есімізде... Жырды ерте бастап жазғанымен, әдеби ортаға, Алматыға келуі кештеу болған ақынның қысқа мерзім ішінде есесі кеткен жылдардың несібесін қайтару үшін аянбай еңбек еткенін көреміз. Ел аузында аңыздай болып тараған «Қарлығашым келдің бе?» жыр жинағы Мұқағалидың осыған дейінгі әр алуан мінбелер мен жыр кештеріндегі үлкенді-кішілі аудиторияларды баураған, тыңдаушыларын дуылдатқан абыройын ресми түрде бекітті. Жалын жүрек жастар мен студенттер қауымының кумирі болып келген арқалы ақын бірте-бірте алаш жұртының сүйіктісіне айналды.
Балалық шағын өрті мен өртеңі қатар өрілген жиырмасыншы ғасырдың ұлы соғысы жұтқан ақын қазақ өлеңіне дәуірлік жыр болып енген «Отыз бесінші көктемінде» былай жырлайды.
35 жыл.
Өмірді кезіп келем.
Және 35 бола ма?
Сезіктенем...
Әкем менің есімде, шам түбінде
ВКП (б) тарихын ежіктеген...

Бәрі есімде – далам да, тұрағым да,
Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба...
Балалық шақ жарбиып жүретұғын,
Өгіз жеккен соқаның құлағында.

Шаруаның баласы болғасын ба,
Шаруамен айналдым он жасымда.
Майдандағы әкеме оқ жібердім,
Айырбастап күлшемді қорғасынға.

Әжем есімде.
Әрнеге қозбайтұғын,
Әріден көп әңгіме қозғайтұғын.
Темір керней есімде...
Боран үрсе,
Азалы үнін аңыратып боздайтұғын...

Бас-аяғы он екі шумақтан тұратын айтулы жырдың өне бойынан ақынның ғана емес, балалық шағы мен бозбала күндері отызыншы, қырқыншы жылдардың қойнау-қолтығында өсіп жетіліп, ат жалын тартып мінген буынның өмір шындығын көруге болады. Осыдан тұп-тура елу бес жыл бұрын жазылған, тұтас бір буынның өмірбаяндық қысқа да нұсқа ұлттық паспортындай елестер жыр – бүгінде қатары қатты сирегендер мен жүрегін уақыт түйрегендер жайлы жазылған ұлы туынды! Әр жолдың астарынан көзінен қуаныш пен қайғының бұршағы атқақтаған ақынның жан дүниесі сөйлеп тұр. Уақыт сөйлеп тұр.
Су сұраса, сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?

Апырай, суық еді сұрқы неден?!
Адамға қарайды ғой сыртыменен.
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,
Қимылыңды бағып тұр мұртыменен.

Жеңеше-ау, есіңде ме біздің ағай?
Сыйласып отырар ек біз құдадай.
Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,
Қайран жеңгем, шырқыңды бұзды қалай?!

...Күлкің қайда күмістей сыңғырлаған?
Жүзің неге ымырттай тұнжыраған?..

...Талайлардан кетуші ең аттап өтіп,
Талайларды жүруші ең таптап өтіп...
...Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,
Баяғы жастығыңды майданда өлген?

Жырдан тұмса тағдырдың тұмадай тұнық самалы аңқып тұр. Ауылды – қалаға,  қаланы – далаға, даланы ғаламға жалғаған «жүректен шығып жүрекке жетер» (М.Әуезов) кең тынысты, кемел мінезді суреткерлік тереңдікті көреміз. Дәуір тынысын, адамның жан дүниесін кең, терең көркем сөйлету – Мұқағали поэзиясының алтын арқауы...
«Қарлығашым келдің бе?» жинағының қолдан-қолға көше бастаған 1968 жылдың бір оқиғасы менің жадымды жаңғыртып отыр. Арада аттай арқырап елу үш жыл өткенімен, бәрі – қаз-қалпы көз алдымда. Бұрынғы Коммунист – осы күнгі Абылай даңғылының  бойымен  екі-үш  студент   ҚазМУ-дің бас ғимаратына ма, әлде Бас поштаға ма бара жаттық. Алдымыздан Жамбыл көшесінің бұрышынан Мұқаң жолықты. Әуелі: «Әй, Нұрлан!» деген дауысы саңқ етті. «Аға, амансыз ба?!». «Ағаң аман... Мә, мына газеттерді ұста!» деді де мені жетелей жөнелді. Өңінде – қуаныш, жүзінде – нұр. «Айт ана достарыңа: «Мақатаев ертіп кетті, деп...» жадырай күлді. «Кеттік үйге! Сенің бүгінгі «Лениншіл жасты» оқымағаның көрініп тұр. Мақатаев туралы  мынандай (бас бармағын шошайтып) мақала бар! Әбіштің мақаласы!» «Құтты болсын!..» «Үйге жетейік. Тездетіп... Жаңа осыдан бір сағаттай бұрын маған Зейнолла мен Асқар келді... Екеуінің қолында – екі газет. Сүйінші сұрап, есімді шығарды бәтшағарлар... Жарайды... Сүйіншілерің мойнымда! Әкелейін...» дедім де, жолдан – киоскіден мына бір бума газетті сатып алдым. «Бұрылмай, құтханаңа тарт!» деген Зейнолланың тапсырмасын орындап, үйге келе жатқан бетім» деп ішек-сілесі қата күлді.
«Екі інімді алдап кеттім, Лашын...» деп, Интернационал көшесі, 129  үйдің бірінші қабатындағы пәтерінің босағасын аттады. «Сүйінші! Бәйбіше!» деп, менің қолымдағы бір бума газетті Лашын тәтеміздің қолына ұстатты... Шай ішілді, ет желінді... (Арақ ішілмеді...) 
Есімде қалған тағы бір сәт. Мұқаң мені төрінде айқыш-ұйқыш екі құрақ көрпе жатқан ортадағы үлкен бөлмеге алып келді. Үлкен құс жастықты ұмар-жұмар бүктеп, қолтығына басты да аяғын кең көсілтіп жата кетті. Сөйтті де маған бұрылды. «Ал, бала, оқы дауыстап андағы мақаланы!» деді. Мұқаң үнсіз жатып, мен дауыстап оқыған Әбіш Кекілбаевтың «Жүректен жүрекке» деген мақаласын бастан-аяқ бір дыбыс шығармай ұйып тыңдады. «Не деген ақыл! Не деген интеллект! Ертеңгі күннің Әуезові!..» деді әлдеқайда көзін қадап. «Біздің жұртқа не деуге болады! Сөйткен Әбішті көрмейсің бе, сыйғызбай әскерге жіберіп жатыр...» деген кейісті дауысы құлағымда қалыпты. Басылған мөрдей болып, тағы бір жадымда қалған сәт. «Өлеңді көп жазу керек. Ізденіп жазу керек!» дегені маған тура, барлай қарап. «Сенің осы... Орысшаң қалай?»  деді. «Жаман емес...» Мұқаң бұрышта еденнен бастап қаз-қатар өрлей тізілген кітаптарды иегімен нұсқады. «Ана – жоғарыдан төмен санағандағы бесінші кітапты көрдің бе?». «Иә». «Анна Каренина». «Иә». «Толстой Лев Николаевич. Ұлы шал. Жазғандары жаныма майдай жағады». «Ал!» деді. Алдым. «Пәленшесінші бетті аш» деді. Аштым. Көзіме асты сызылған сөйлемдер түсті. Не туралы екені, қай бет екені есімде жоқ. 
Мұқаң жастықтан басын көтеріп, жайланып малдас құрып отырды. 
«Сызылған сөйлемдерді оқы!» деді жымиып. 
Оқыдым. 
«Жарайды... Орысшаңның жобасы келеді екен. Енді, мені тыңда... Сен кітаптан қадағалап отыр. Мен Лев Николаевич болып оқиын әлгі сөйлемдерді» деді. 
Мұқаң Толстой ақсақалдың салалас, сабақтас сөйлемдерін нәшіне келтіріп, әуезімен, сазымен әлгі үзіндіні жатқа оқып шықты. Қайран қалдым. Сүйсіндім... Ол кезде аса мән бермеп едім. Кейін сол сәт есіме түскен сайын, Мұқаңның әңгіме арасында айтқан екі сөзі әлі күнге жадымда тұр. «Жоқшылық қой... Бар болса, мына кітаптарға бір шкаф сатып алып берер едім» дегені. «Нарынқолдан көшкенде, қимай алып келіп едім... Енді... Ара-тұра қиналғанда Лашынның сол кітаптарды «Букинситке» жасырынып апарып, сатқан да кезі бар... Жасыратыны жоқ, кітап сатып күн көрдік... Таңғаламын. Осы құрып кеткір жоқшылық баяғыда-а Гогольдің өкшесінен қалмапты деуші еді... Білгіштер... «Искусство требует жертву» деген сөз бекер емес. Қасымның қыр соңынан қалмаған қу жоқшылық мені де шыр айналдыруын қояр емес. Бүгін Әбіштің мақаласын оқып, әдебиет үшін тегін тер төгіп жүрмегеніме тағы бір мәрте көзім жетті...» деп салалы саусақтарымен ұзын шашын қос қолдап, артына қайырды. 
Сол күні Мұқаң Мағжан Жұмабаев туралы қайыра-қайыра оралып соғып, ақынның қасіретті тағдыры жайлы көп әңгіме айтты. Жазу столының суырмасынан бір қызыл мұқабалы блокнот алып: «Міне, Мағжанның жырлары. Ерінбесең, көшіріп ал!» деді де ішінен екі-үш өлеңін оқыды. Ақынның металы таза дауысы құлағымда тұр. «Тере де жүріп шөмшегін, көкке сауып емшегін... Құлыным қайда дер ме екен?..» Екінші өлең: «Тәңірім бе? Әлде байғыз ба? Тәңірім болсаң, кел бермен! Қолымды көкке жайғызба!» Екі үзіндінің екеуі де жүрек пен санаға қона кетті. «Мағжан – казахский Блок! Они оба поэты от Бога!» деді. Сол сәт Мұқаң жалы күдірейіп, жанары от шаша қараған көк бөрідей көрініп еді маған.
«Қане, өлең оқы! Өз өлеңіңді!» деді алпамсадай денесімен бұрылып. «Өлең оқығанда қысылмау керек!» деді бұйрық райлы дауыспен. 
Мен: 
Атағы жоқ Есениндер жын қысқан,
Жаңғырады жатақхана өлеңі.
Менің жиырма жасым мұң құшқан,
Түн ортасы... Көше бойлап келеді,
– дейтін және «Мен бақытын қызғанбаймын басқаның...» дейтін екі өлеңімді оқыдым. 
«Көңіл-күй суреті! Осындай жырларды жаза бер! Тоқтама!» деді. Деді де стол үстінде жатқан жыр дәптерін қолына алды.
«Ал енді Мақатаевты тыңда!» – деді. Деді де студенттер қауымына кең таныс атақты өлеңін оқыды. Осы жолдарды жазып отырып, құлағыма Мұқаңның өз дауысы келгендей болды. 
Адамды адам түсінбеу – бір ақырет,
Ойлы жас, түсініпсің, рақмет!
Рақмет!
Жассың ғой жалыны мол,
Жалыны мол және де қуаты көп.

Ойлы жас!
Өлең – менің бар тынысым,
Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.

Оңашада ойларын тыным еткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

Бізді олардың балама біріне де,
Ұлыға да санама, іріге де.
Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,
Абай, бірақ қайтадан тіріле ме?..

Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма?
Жүрегінің түбіне кір жасырмай...

            (10.12.1966 ж.)
Өлең оқып отырғанда ағамыздың өңі буырқанып, көңілі алабұртқандай күйге түсті. 
Иә...
Өмірде де, жаратылыста да адам ойы мен санасы шегіне жете бермес жұмбақ көп... Мұқағали феномені туралы ойлағанда осындай бір ойға батамын. Маған кейде ақын өз заманынан кеш туған нағыз қасқа маңдай хас батырлар кейпінде елестейді. Ал, жарайды... Мұқағали Мақатаев баяғы, бағзы замандарда, өз дәуірінен сәл бұрынырақ – екі-үш ғасыр ерте туса қайтер еді?! Бәлкім ертегідегі апайтөс алыптарша немесе «жағаға қолдың тигенін, жалғыздық сенен көремін» деп, басын тауға да, тасқа да ұрып, бір қолымен ақ семсерін қысып, уыстап, екінші қолымен жүрек атты жыр-қауырсынын желге төсеп, Ақтамбердішілеп атқа қонар ма еді? Қайтер еді? Осындай бір сұрақ туады іштей... Жауабы да кешікпей, әзір тұрады. Қонар еді, әрине!.. Сөз жоқ, Ұлы Жаратушыға сиынып, ата-бабасының аруағын шақырып, атой сап майдан алаңында жүрер еді... Әйтпесе... Мынандай өлең жазылар ма еді?! 
Я, Аллам! 
Жаратушы Жалғыз Ием, 
Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем! 
Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ, 
Жүрек – жүн, ойым – опат, жанды – жүйем, 
Я, Аллам! 
Жарылқай гөр, Жалғыз Ием!

Осы өлеңді оқыған сайын менің есіме сол күнгі қайталанбас сәт-сағаттар түседі.
Мұқаңның әдебиет туралы ойлары мен толғамдары мені қатты қызықтырып еді. Білімінің тереңдігіне, көп оқып, көп ізденетін қасиетіне іштей сүйсініп ем. Жарасып өрбіген әңгіменің бір тұсында: «Сен осы қай курста оқисың?» деді. «Төртінші курстамын». «Қалада қалу ойыңда бар ма?» Жауап күтпей, ойын жалғады. «Қалу керек! Ауылға кетсең, байланып қаласың. Оралу қиын болады. Әдеби ортадан алыстама. Әдеби орта – қайнаған қара қазан. Пісесің. Қалыптасасың. Сенің өлеңдерің маған ұнайды. Дегенмен... Жалпы поэзияға тұздық керегін ұмытпа! Тұздық!» деп еді сөз арасында. «Өтірік өлеңнен аулақ бол! Ең жаман нәрсе – Жасандылық! Бүгінгі қазақ өлеңінің соры – жасандылық! Халық – таразы, уақыт – сыншы. Уақыт сүзгісінен өту үшін, ең бастысы, халық көңілінен шығар сөзді таба біл! Сонда ғана жасанды жырдың жолы кесіледі. Қайғырсаң да, қуансаң да жасандылыққа жолама!» дегені есімде. 
Ана ғасырдан талып-талып жеткен ақынның осынау аруақты дауысы құлағыма бүгін айтылғандай естіледі...
        * * *
Иә...
Қатал, қатыгез уақыт бар есті өмірін жырға есі кете арнаған Ақынның мына Фәни-жалғандағы бірінші өміріне таршылық көрсеткенімен, екінші өмірінің – Бақи атты шын өмірінің қызығы мен қуанышын Алла-Тағала мол ғып бұйыртқан екен. Өзі өмір сүрген дәуірін бар күнгей-көлеңкесімен ағыл-тегіл өлең ғып өрген жыр-жүрек өз ертеңін өзі болжағандай...
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе –
Көшеді өлең немесе өшеді өлең!

...Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?
– деп өзі айтқандай, өзгерген дәуір, өзгерген өмір, өзгерген адамдар ақын туралы білетінін бұрқыратып жазып жатқалы да, міне, 45 жыл болды. 
Мұқағали өмірден озғалы да 45 жыл өтіпті...
Бес жылы кем жарты ғасыр!
Тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып бара жатқан өрті мен дерті қалың дәуірдің рухани кеңістігімізге тарту еткен осы бір қазаққа қадірі асқан ұлы есімді еске алған сайын, туған халқының жүрегіне өлшеусіз терең бойлап, елінің шексіз махаббатына бөленген, айдыны кең, асқары биік алып жырдың ұлан-ғайыр кеңістігі сана төрінде жаңғырары даусыз. Мақатаев есімі бүгінде жан мен жүрекке азық болар қуатты жырдың қазақы баламасына айналды. Халқымыздың өміртану болмысымен біте қайнасып кетті. Қазақ даласының қай қиырына барсаңыз да ақын жыры алдан шығады. 
Қалаға да, далаға да ортақ, ханға да, қараға да бірдей, көңіл ауанын тап басып айтуда дәл Мұқағалидай жеңіске жеткен армансыз ақын кемде-кем...
        * * *
Ол – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы ұлттық мектептеріміз бен ұлы дәстүрлерімізді жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан, арғы-бергі дәуірлердегі ұлт ұлыларының қатарын молайтқан, «тайға басқан таңбадай етіп», қазақ жырының өрісін кеңейтер өз мектебін қалыптастырған жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңылақтарының санатынан. Әбділда Тәжібаевтің сөзімен айтқанда,  «Мұқағали – қазақ поэзиясының асыл қазынасын өз жырымен молықтырған, заманымыздың ғажайып ақындарының бірі», ақынның өз сөзімен айтқанда, «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» ерен жырдың жаратушысы. 
Ұлы тұлға, ұлы ақын!
Мұқағалисыз өткен жарты ғасырға жуық уақыттың ақын рухын ардақтап отырып, оның бай мұрасына елімен бірге жасар мәңгілік дүниелеріне берген бағасы осы! 
Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан, 
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан,
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан...

...Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма
Сені маған егіз қып жаратқан ба?!
– деген түу алыстан, ғарыш төрінен талып жетер ғайыпберен сарындай, тумысы бөлек, арыны қатты, тамыры терең жолдарды қайыра оқып, қайта електен өткізе отырып, еріксіз тебіренесіз. Ақын рухымен тілдескендей боласыз. Алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз...
Өмірдің өзіндей қым-қуыт мінезді, алуан-алуан бояулы, қуанышы мен қайғысы, көлеңкесі мен күнгейі, шаттығы мен мұңы қатар өрілген, адам баласына тән толқу, тебірену, сезіну, ойға бату, мұң кешу, табиғат сұлулығы мен жаратылыс мазмұнынан үйлесім іздеу; адам жанының терең сырлы қатпарларын зерттеуге ұмтылу, тануға құлаш ұру; туған халқының тағдыр-талайын, бары мен жоғын екшеу – сыры мен жұмбағы мол ғаламмен сыралғы досындай қатар тұрып тілдесу, жан әлдилер жарындай ақ жарыла сырласу бақытына айрықша ие болған Ақынның жыр әлемін ешкіммен ұқсатуға,  телуге келмес қолтаңбасын салған жерден танисыз. 
Уақыт өткен сайын үні зорайып, айдыны кеңейе түскен осынау нұры мен сыры қатар шалқыған, өркен жайған, қуаныш пен қасіретке қатар шомылған Құдіретті жырдың жетегіне еріксіз ересіз. Өлмес ойдың өрісіне кенелесіз. Қуанасыз, мұңаясыз, өкінесіз, қайғырасыз, күрсінесіз, түршігесіз, толқисыз... Қас қағым сәт ішінде пенделіктің торын бұзып, адам кейпіне енесіз. Мына жарық дүниеге ессіз ғашық ақынның көзімен қарап, тазарасыз, жаңарасыз. Ақынның үніне арбаласыз, Тіліне байланасыз! 
Сен мына – жанарымның ішіндесің,
Жанардың білесің ғой кішірмесін.
Ішіне жанарыңның сақта мені,
Біреулер көлеңкесін түсірмесін!

Сен менің – мына тылсым кеудемдесің,
Білесің, кеудеме ешкім тең келмесін.
Кеудеңе – зынданыңа салып сақта,
Біреулер көкпар қылып өңгермесін!

Сен мына – тілімдесің, үнімдесің,
Білесің ғой, тілімнің бүлінбесін.
Сен мені үніңе қос, тіліңе тұт,
Үнім өшіп, үшкір тіл тілінбесін!
– деген Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзіне – оқырманына қаратып айтқан  өрттей ыстық өтінішіне өзегіңізді қарып отырып, сенесіз, иланасыз.  
Асылы нені жазса да күйіп-жанып, өртеніп жазатын, нені айтса да өзегінен жалын бүркіп, оқырманын ойымен баурап, сөзімен жадылап, қайталанбас халықтық кең тынысымен шалқытып, тәңірсипатты тектілігімен аспандата көтеріп әкетіп айтатын өлең мен жырдың осынау телегей-тасқын әлеміне сүйсіну мен таңғалу, қызығу мен табыну ғана жарасатындай... Сондықтан қасына күйініп, досына сүйсінген сәттерде жырдың жұмақ әлеміне ден қойған ойлы оқырманның ақын сөзі мен уәжіне бағынары күмәнсіз. 
Сен – менің миымдасың!
Білесің, миым жатқа бұйырмасын.
Миыңның бір жеріне жасыр мені,
Қиылсын өмір солай... Қиылғасын! –
дейтін алмастай өткір ойлардан оқырман жаны пана табары анық. 
Ақын кеңістігін армансыз кезген оқырман жаны күйзелу, күйреу сезімінен гөрі арылу, тазару, өзін-өзі тану процесін көбірек бастан кешеді. Дүние дейтін алып жүректің кардиограммасы поэзия түрінде, муза тілінде сөйлей бастайды. Мұқағали ақын ұсынар қазақы бейнелеулер адамдық ойлау мен әлемдік пайымдау биігіне көтеріледі. Мыңдаған жылдар бойы жоғалған замандары  мен күйреген қамалдарын, құм басқан қалалары мен мұң басқан даналарын бауырына алып, бұйығып үнсіз жатқан Ұлы Дала – салқар сахара, сағымды таулар бір сәт өре түрегеліп, өлең болып, өріле құйылып жатқандай елестейді. 
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,
Су тартылған теңізден, жылғалардан.
Нелер ұрпақ аттанған қуған арман.
Не бар дейсің өмірге тұлға болған
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!..

...Бәрі өтуде,
Күн батып, кеш кіруде,
Жаңаруда дүние, ескіруде.
Болашақтан – Бейтаныс ұрпағымыз,
Босат деп тұр орнымды,
Естідің бе?!

Ескінің жаңаға ығысып, орын беруі, жаңаның жарқырап, көзге түсуі – «Айдың – толғанында, жігіттің болғанында» жұрт назарын өзіне бұруы тәрізді жанды құбылыс! Тарих пен жаратылыстың мәңгілік сыйпатын айқындар жасару – жаңғыру, алмасу – жалғасу дейтін дүниелік қозғалыстар көзін қазақы ұғымдар аясында толғай отырып, жыр деңгейін кез келген жұмыр бас пендеге ұғынықты, жалпы адамзаттық ұлы биікке көтере жырлау дегеніміз осы емес пе? Мұқағали ақынға ғана жарасар ой өру мен сөз өрудің мектебі! Төркінінде текті қасиет пен тегеурінді қасірет жатқан жыр дүниесінің оқырман жүрегін уақыт өткен сайын жайлай түсуі, бойлай түсуі де сондықтан.
Мұңының астарына парасат ұялаған, сырының айдынында күрескерлік Рух бебеулеген, жекебасының жан толқынын жалпыхалықтық телегейге айналдыра алған ақынның отыз жылға толар-толмас шығармашылық ғұмырына ой көзімен қараған жырсүйер қауымның бұл жайында аңғармауы мүмкін емес... Жаратылысынан жасандылықты ұнатпайтын, шындық үшін шырқырап отқа түсетін, өтірік мүләйімсуге, жалған жалбақтауға жаны қас. Осы бір суреткерлік кредо оны әркез ұстараның жүзінде ұстайды... Арғы-бергі әлемнің ұлы ақындарына тән жыр жаратудың осынау қиямет-қайым үлгісі Мұқағалидың бағы да, соры да болғанын байқаймыз. Бағы – өлмес жыр жаратқаны. Соры – өз қоғамы мен өз ортасына сыймай, қасірет кешкені. Бағы – өтірік өлең жаза алмағаны. Соры – тапқан-таянғаны отбасын асырауға жетпей, өмірінің қиыншылықта өткені. Бағы – ойлау мен өлең өрудің теңдесі жоқ классикалық, әлемдік биігіне көтерілгені. Соры – соны дер кезінде өз замандастарының бағалай қоймағаны...
Бағаласын-бағаламасын, танысын-танымасын, өзіне-өзінің қайталанбас ақындық тағдырына іштей қалай сенсе, ол әр жырының ертеңіне, әр өлеңінің болашағына, туған халқының танымпаздығы мен жасампаздығына да солай сенген. Мына ойы терең, өрімі өзгеше жолдар соның дәлелі емес пе?
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Халықтың өзі қорғасын құяр қалыппыз...

...Білгендер білсін,
Білместер мейлі білмесін.
Қолдасын мейлі, 
 қорласын мейлі,
 күндесін.
 Қара тастан да мейірім күткен ақынды,
 Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін.

 Антейміз біздер,
 Жеріміз біздің – халық-ты.
 Халықсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.
 ...Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,
Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты», – 
деген жолдарды қалай толғанбай оқуға болады? Көне грек мифологиясының алыбы, қуаты мен құдіреті қара жер болған орасан күштің иесі – Антейді Геркулес айласын асырып, жерден көтеріп алып буындырып өлтірген деседі... Ақындық тағдырды сол Антейге балаған Мұқағали өз қуаты мен құдіретін халқынан, халқымен бірге болар тағдырынан, халқына деген сенімнен іздейді. Бақ пен сордың ұлы майданында жүріп, сол сенімін, сол үмітін ол ешқашан үзген емес... Әрине бұл «майданда» оның қуанған сәті де, торыққан кезі де, адасқан тұсы да болды. Соның бәрі өрттей ыстық өлең болып өрілгенін, жыр болып төгілгенін көреміз...
 Әрі-беріден соң ақынды ақын етіп жасаған да, ақынның әр жолын, әр шумағын мірдің оғындай етіп қашаған да осы бақ пен сордың тайталасы ма дейміз? Мына пенделік пен періште-тірлік қатар өрілген күрделі дүниеге өз замандастарының көбінен өзгеше қараған, жаратылысы бөлек адамның жанашуы мен жанайқайының айқын да айбынды көрінісіндей болған жалынды жырларынан осыны аңғарамыз. Адамдар әрекетінен адалды таба алмаған пенденің Толстойшылап дүниені тәрк етуге бел бууы, адам жанын арашалар жалғыз жолды тек жырдан тауып, жырға ғана өзін-өзі байлауы, бағыштауы онсыз да күрделі пендеуи тірлігін өз қолымен өзі күрделендіріп жіберуі – сол бақ пен сор майданының жемісі... Мұндай сәттерде ұлы Абайдың «Алланы өзі де рас, сөзі де рас» деп Ұлы Жаратушыға бұрылғанын, Мағжанның «Тәңірім бе, әлде байғыз ба? Тәңірім болсаң кел бермен. Қолымды көкке жайғызба!» деп белгісіз ұлы күшке жалбарынғанын білеміз... Ал Мұқағали ше?.. «Құдай жоқ, екінші дүние жоқ. Қызықтың бәрі осы жалғанда... Тек осы дүниеде...» деп тәрбиеленген дәуірдің перзенті болған, әкесі марқұм «ВКПБ тарихын ежіктеген» заманда мойнына пионерлік қызыл галстук байлаған ұлдың қаршадай кезінен-ақ әлдебір киелі ұғымға іштей арқа сүйеп, өсе келе:
Өмір деген осынау майданда бұл
Қолбасы да, қорқақ та сайраңдап жүр.
Өмір менен өлімнің ортасында
Кетер ме екем келе алмай байламға бір?!
– деп дай-дай тартысқа түскен сәттерінде:
...Періштенің қайғысын бөліспедім,
Сайтанменен болса да келіспедім.
Не істермін? Тәңір-ау, не істермін!?
– деп өзіне дейінгі ұлы ұстаздарына ұқсап Ұлы Жаратушысына – Тәңіріне жалбарынуы таза поэзияға тән құдіретті мінез екенін енді-енді аңғара бастаған жоқпыз ба?! 
Бір иығында – Құдай. Бір иығына өзі өмір сүрген жиырмасыншы ғасырдың салмағы бар қуаныш-қайғысымен, кесір-кесапатымен қонған ақынның дәуірлік идеологияның көзсіз жетегінде кетіп, ұраншылыққа ұрынбауы, кезінде өзіне қаншама тірлік кешу қиындықтарын тудырғанымен, ондаған ғасырлық бай мұрасы бар ұлттық поэзиямызға Мұқағали жырлары орасан олжа болып қосылғанын да ақын өмірден өткен соң ғана аңғарып, есіміз кете таң қалып мойындай бастағанымызды қалай жасыруға болады? Ақын күнделігіне түскен: «Барым менің балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям... Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау сияқты. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?.. Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын...» (22  февраль, 1973 жыл.) деген жолдарға артық коментарийдің керегі жоқ. Өмірі өлеңге айналған ақын тағдыры осы сөзіміздің айғағы. 
Құдайсыздық пен имансыздық адам санасына жабысар аса қауіпті рухани дерт екенін ақын сол кездің өзінде-ақ жан-жүрегімен, ой-парасатымен, зерде-зейінімен сезінген.  Алғашқы жыры мен соңғы жырын жалғап жатқан 27 жыл ішінде ақын әлемінің ұстанымы екі сезім мен екі ақиқатқа негізделген. Біріншісі – Ұлы Жаратушы болғанда, екіншісі –  өз бойындағы Жыр құдыретіне деген шексіз сенім. Осы екі сезім, екі ақиқат талбесіктен көтеріліп, жер бесікке жеткенше Мұқағалимен бірге болған. 
Алла – ақиқат. Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серік екен.
Адаспаймын Аллама сеніп өтем,
Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!»
– деуі.
Немесе: 
Сая болып жаныңа емен, терек,
Жетер енді жатқаның көлеңкелеп.
Өгейсінбей өзі боп қалу үшін,
Өнер керек ұрпаққа, өлең керек!
«Жаратушы – жалғыз ием, қуат бер,
Азабымды, тозағымды жеңейін.
Жаратушы – жалғыз ием, шуақ бер,
Өзіме де, өзгеге де төгейін,
– деуі тегіннен-тегін емес. Бұл өмірдің мәңгілігін әлгі қос ақиқат призмасы арқылы өткізе отырып, терең сезінген адамның, жұмырбас пенде ұлы жаратылыстың бір бөлшегі екенін бар болмысымен ұғынған тұстағы сөзі еді. 
Есіңде ме, түндерің көз ілмеген?
Кезуде ойың өмірді, кезуде өлең.
Арғы атасы адамның – сезім болса,
Адам емес, сезімді сезінбеген.

Арғы атасы ақынның жырдан туған,
Жыр жолында жанын да қылған құрбан.
Жырлар тұнған хандардың сарайында,
Жыр айтылған бесікте құлдар тұрған...
– деген мағынасы мен мәні тамырын тым тереңнен, жалпы адамзат ақыл-ойының тарихи қатпарларынан таратып, талдауы соның дәлелі.
Ақын бір сөзінде «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады...» деген. Жыр жазу – Мұқағали үшін ұйқас құрау ғана емес, алып табиғатпен тілдесудің, жанды жаратылыспен сырласудың, өмір қойнауларына ой жүгіртудің, «махаббат пен ғадауаттың мәңгі майданына» өз көзқарасын білдірудің ұлы құралы. Ой мен парасат, таным мен талғам – Мұқағали поэзиясының қос қанаты. Ойы – тұнық, парасаты – биік, талғамы – таза, танымы – терең өлеңнің өрісі қашанда кең. Көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкіндігінен тыс дүниенің бәрі шынайы сезім мен асқақтық биігіне көтерілген Жырдың ғана еншісіне тимек. 
Белгісіз элементтер миымда ойнап,
Миым қайнап барады, миым қайнап.
Белгісіз ғалымдарға мекен болып,
Өз денеме өз басым бұйырмай ма?!

Бұл ғаламның түбіне жететіндей,
Сұмдық-сұмдық сынаулар өтетіндей,
Мен басымнан қорқамын...
Мен болмасам,
Атом-миым жарылып кететіндей.

Жүрген жан ем байымай, тапшысынбай,
Сарсаң болдым ертегі бақсысындай.
Басым қалды жасырын полигон боп,
Өзім тұрмын мақтаулы сақшысындай.

Мен басымды жасырам, жасырам кеп,
Миымдағы сынаулар басылар деп.
Мен миыма сенемін, ажал болмай,
Дүниеге шуақ боп шашылар деп! –
толғанады ақын. 
Өміршең ой! Өрісті жыр!

Ақын қазақ жерінің қасірет шеккен тұрғындарына ғана емес, жұмыр жер тағдырын тәлкек еткен ібіліс ойлы пенделерге деген адамзат қарғысы көкірегін тескен алты құрлық тұрғындарына да түсінікті проблеманы өз басынан іздеуі шынайы хас шеберліктің нышаны. 
Жұмыр жердің кез келген бұрышын жайлаған, жиырмасыншы атом ғасырында ғұмыр кешкен кез келген жұмыр бас пендеге де, бүгінгі коронавирус індетімен алысқан жиырма бірінші ғасырдың қамкөңіл ұрпағына да мейлінше түсінікті сезім суреті, ой толқыны!..
Ақынның алғашқы өлеңі жарық көрген 1949-жылы алғашқы ашық жарылысы ұлы Абай туған киелі топырақта болған, қырық жылдан астам уақыт бойы ұлт тініне түскен жұлын құрттай жанымыз бен тәнімізді ғана емес, ұрпағымыз бен болашағымызды да қоса кемірген, ұзаққа, тым ұзаққа созылған «атом» дейтін қасіретті ұғым, әсіресе қазақ халқына түсінікті екені айтпай белгілі. Тура айтуға болмайтын, тіл байланған кезеңде – 1970-жылы жазылған осынау батыр жырға, өз дәуірінің сұмдық бейнелеу құралдарына сүйене отырып өрілген, көркемдік ойлау мен жыр сомдаудың әлемдік биігіне көтерілген өткір өлеңге, өрісі кең өміршең өлеңге қалай сүйсінбеуге болады?!.
Жасырмай ойымды айттым талай-талай,
Қайтейін, кетті бәрі қарайламай.
...Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,Махамбеттер, Абайлар-ай!
– деп қиялап жүріп, қиядан қиын жол тапқан, кеңестік дәуірге – ұлт тынысын тарылтқан, ұлыс дербестігін қысқан, еркін ойлауға тежеу салынған кезеңге өкпесі мен өкінішін, өзегін шарпыған жалынын бедерлі, көркем тілмен соншама шебер жеткізген ақынға оқырман қауымның өз кезінде де, қазірде де қалай ризашылық танытқаны, танытып келе жатқаны белгілі. 
Мұқағали өлеңін кең өрістерге шығарар өзгешеліктердің бірі – ақиқат кескіні мен шындық болмысын өзгеше өретін көркем сөздің, кестелі ойдың әрі қазақы, әрі әлемдік тұтастықта қолданылуы. Орны-орнымен жымдасып тұра қалар образдар жүйесінен күні кеше ғана өзіміз ауасын жұтып, суын ішкен, қуанышына бөленіп, мұңына оранған дәуірдің қазақы суретін қалай тез тауып, тез танысақ, ой-қиялымызды тарих қойнаулары мен жиырмасыншы ғасыр белдеулеріне ала қашар образдар мен географиялық атаулар да солай жиі ұшырасады. Бұл әдіс дәуір тынысын танытып қана қоймай, ақынның тұлғалық бітімінің даралануына, таным талдауының галактикалық кеңістік айдынына ұзап шығуына айрықша үлес қосады, қанат бітіреді. Ақын өліммен күресіп, ажалмен алысқан сәттерінің өзінде «сылдыраған» сөз бен «құлдыраған» мұңның қорығында тұншықпайды. Жанымен беріле сырласады. Ең қадірлі, ең киелі ұғымдардың өзін әлгі «әрі қазақы, әрі әлемдік» сипаттарға жүгіндіреді. 
Өкінішті...
Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.
Жүрегім көтеріліс жасап жатыр, 
Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.
Өкінішті...

...Не істемекпін?
Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!
Жаралғанда бүтін ем. Үш бөлекпін:
Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр,
Миым – Мұзды мұхиттай...
Не істемекпін?!

Сананы сарсаңға салып, сүріндірмей, ойға жетелейтін, тұңғиықтан-талғажау, заңғардан сүйеніш сұрайтын адам мінезінің осы бір қайталанбас сәті мен жанға дауа, емге шипа керексінген кезінің өзінен ақын («Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр», «Миым – Мұзды мұхиттай» деген) тосын теңеулер іздейді, жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдарынан хабар айтар тарихи оқиғаларды образ ретінде сәтті пайдаланады. Жеке басының әрі-сәрі ауыр халінің өзінен әлемдік кереғарлықтар мен үйлесімсіздік нышандарын байқайды. «Жаралғанда бүтін ем. Үш бөлекпін...» деген терең де төркінді ұғымға қаншама мағына үстемеленіп отырғанын аңғарамыз...
Мұқағали-Жырдың кеңістігі – шексіз.
Мұқағали-Жыр қазақ даласын кезген Жолаушының көңіл ахуалын, жан әлемін еске салады. 
Жүре берсең... Жүре берсең... Көретінің: таусылмайтын салқар сахара... Сағым кешкен таулар... Оқырман ойын әр алуан бағытқа жетелер ірілі-ұсақты андыз-андыз соқпақтар... Жолдар... Даңғылдар... Шоғыр-шоғыр қайыңдар... Шоқпыт-шоқпыт төбелер... Дала төсін оңды-солды тілгілеп, «Батыстан – Шығысқа, Шығыстан – Батысқа» оқтай боп зулап, тартылған темір жолдар... Аспан төсіне сынадай боп қадалған Хан тәңірі... Ұлы таулардың ара-арасына жайғасқан астаудай-астаудай керілген хан жайлаулар... Шашылған ауылдар... Шаншылған ғимараттар... Мұң кешкен мұнаралар... Тізілген тырналар... Төбе басын күзетіп, қалқиған қара шалдар... Құм, шағылдар... Тізіліп өте бастайды... Өте бастайды...
Әлденуақ сол шетсіз-шексіз қазақтың алқам-салқам даласын дауыс кезгендей болады. Мұқағали дауысы:
Қазынам бар.
Біреуге берсем бе екен?!
Өкпелейді-ау бермесем,
Берсем, бөтен.
Бар байлықты қойныма тығып алып, 
Әлде мынау құмдардай өлсем бе екен?!

Қазынам бар,
Біреуге қисам ба екен?!
Ренжиді-ау қимасам,
Қисам, бөтен.
Әлде мына даладай бар байлықты
Бір өзім иемденіп, жисам ба екен?!

Қазынам бар,
Тәуекел сатсам ба екен?!
Өзіңдікін өзгеге сатсаң, бөтен.
Әлде мына таулардай бүркеніп ап,
Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба екен?!

Қазынам бар
Қисапсыз шектеледі.
Қызғанады, біреулер жек көреді.
Бермеймін де сатпаймын, көрсетпеймін!
Алам десең,
Алдымен зертте мені...
– дейді ақын дауысы. 
Ел тану мен әлем танудың, адам тану мен заман танудың концепциялық ұлы биігіне көтерілген ақынның ойы қалай анық болса, сөзі де солай анық. Алты құрлықты жайпаған, бүгінгі өлшеммен айтқанда, жеті жарым миллиардтан асып жығылар жұмыр жер тұрғындарының қай-қайсысына да түсінікті көркем өрілген жырды қайыра оқып отырып,  «...Бермеймін де сатпаймын, көрсетпеймін! Алам десең, алдымен зертте мені!..» деген тосын ойға тірелеміз. Жауабы қиын сауал. Ақын адам басындағы жалқы ойларды шет-шегі жоқ ғаламдық проблемалардың кеңістігіне көтерген. Оқырманның өзіне қалдырған жырдың бір жауабын ақынның күнделігінен кездестірдік. «Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек  поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!» (6  март, 1973 жыл.)
Осындай ғаламдық концепцияға бейімделіп, осыдан қырық бес, елу жыл ілгеріде емес, мына өлең тұп-тура бүгін – қасиетті қазақ жерінің өзі де, қазына байлығы да жаңа дәуір талқысына түсіп, «Жер сатыла ма, сатылмай ма?» деп ел іші әрі-сәрі болып жатқан тұста жазылғандай әсерге бөлейді...
Шамасы өнер мен өлең мәңгілігі осындай көріпкел әулиелігімен – алдағы ғасырлар төріне емін-еркін аттар қасиетімен өлшенсе керек?! Иә. Нағыз мәдениетті, іргелі поэзияға тән кеңістіктің қандайын болсын (Жер. Қашықтық. Уақыт, т.т.) кешіп өтер, қақырата жүзіп, болашақ жағалауларына жетер қуатты жыр мінезі қашанда қай заманда да осылай болған, осылай болары ақиқат.
Асылы ұлы ақындар өзінің бүгінінен гөрі, ертеңіне көбірек сенген. Сене тұра, өмірінің көлеңкесі мен күнгейіне көнген, көп нәрсеге көз жұма қарап, ойының запыраны мен уын жырға төгіп отырған. Мұқағали да өзінің қысқа ғұмырын солай өткерген. Өзіне-өзі сенген... Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлар мен кең тынысты, көркем дастандар жазуы, Данте Алигери, Уильям Шекспир, Уолт Уитмен, Роберт Бернс секілді әлем классиктерін төгілтіп отырып, ана тілімізде сөйлетуі сөз жоқ, қазақтың құдыретті өлең-сөзін көркемдік жаңа сол биіктерге көтерген туабітті ұлы дарыны мен сенімнің жемісі екені даусыз. 
Көрер едің,
Шаламын ба, отпын ба,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.

Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе,
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!

Сырым да – осы,
Жырым да – осы,
Алдыңда.
Байқашы бір, 
Бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты – 
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
– деген бас-аяғы үш шумақтан тұратын осынау «Автограф» атты өлең ақынның сол өзіне, өзінің шығармашылық бақытына деген сенімінің айқын дәлелі демей көріңіз?!. Үш шумақтың бойына үш бірдей дәуір кеңістігін бар кезеңдік сипатымен, күллі рухымен, өзіндік бояу-реңімен, болмыс-бітімімен, қатал кескінімен, қатыгез мінезімен қиюын тауып, өрімін ұқсатып, сыйғызып жіберген ақын шеберлігіне қалай таңырқамауға болады?!.
Иә, Ақын, әуелі Құдайына сенеді. Сонан соң... Жырына сенеді. Жырын құндағында тербеткен жиырмасыншы ғасырына сенеді. «Құрметтеңдер жиырмасыншы ғасырды!» деп бар әлемге жар сала кестелі көркемсөзге бай суреткер табиғатын тосын ойлар, күтпеген тұжырымдар әркез әрлендіріп, айналасына шуақ-нұрын мол шашып, қуаттандырып отырады. 
Қалқам, 
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
...Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым...
– деген шумақтардың абыройын асырып, аруағын аспандатып тұрған, орнымен қолданылған екі-үш киелі сөз, қасиетті ұғымдар екенін байқаймыз. Олар – «қара өлең – құдіретім», «онда естілмеген бір сұмдық сыр бар...» Және «қазақтың өзіндей қарапайым» деген ғажайып мойындау. Міне, туған халқынан алған қазына-байлығын өзіне қайыра сый етіп ұсынар ақынның ой өру символикасынан ұлт пен әлемнің тағы да тұтаса кірігіп, бірігіп кеткен кескінін көреміз. Көреміз де:
Түзу-түзу тілінген таспадайын,
Қамшы өремін таспадан басқадайын.
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін,
Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын!

Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,
Аңызыма неге нәр тамызбайын.
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын...

...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым. 
Күпі киген қазақтың қара өлеңін, 
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, –
дегенді айтып тіл жетпес перзенттік Ұлы Махаббат алдында толқып тұрып, үнсіз бас иеміз. Бас иіп тұрып, бірде мына жер үсті тіршілігінің күйбеңінен, жербауырлаған есеп-қисабынан, сатқындығы мен сайқалдығынан, алакөз күндестігі мен алақұйын бақастығынан жеріген сәтте:
Жапырақ-жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын... –
деген жолдардың жан әлдиіне берілген ақын жүрегінің, енді бірде әлгі жапырағынан айырылған қайың қасында тұрып, күрең күздің сұрқай аспанымен сырласқанын көреміз. Жабыққанын байқаймыз. Жабығудың өзі сұлу да сымбатты! Сырлы да нәзік! Қай кездегідей ақын қиялы мен ойына алғаш келер, тілінің ұшына алғаш оралар киелі ұғым – Табиғат-Ананың періште құсы – аққу. Аққулар... Ару құстар...
Аққулар, кешіріңдер, жазықтымын!
Қараймын керуеніңе қажып бүгін.
Адасып кетті-ау бірге сендерменен,
Алапат күшім менен нәзіктігім!

Сұңқылдап соғылғанда қанаттарың,
Таба алмай қалды менің тағат жаным.
Үзілген жолдарыңа, қарақтарым,
Үзілген жанарымды сабақтадым... –
деп сағына, сарыла қоштасқан сәт келеді көз алдыңа.
Сурет! Сурет болғанда қандай сурет! Жаныңа, жүрегіңе әлдебір ұлы сезім ұялатар, ойыңды сағыныштың сазына бөлеп, дегбіріңді алар, аза бойыңды қаза қылар, тәңіртекті бір дауыс келеді құлағыңа. Келеді де кеудеңді сабай бастайды. Жігеріңді жаниды. Сәйгүлік жалын сипатып, самұрық қанатына қондырады. Дүние күллі: «Бір күні, бір жылдары, бір заманда, уақыт қуатымды ұрлағанда... Шабыттың ақ бастауы құрғағанда... Құрғағанда...» деп күбірлеп, талықсып, толқып жатқандай болады. Құлаққа үн келеді... Даланың үні. Мың тілді, мың түрлі Ғаламның үнімен астасып кеткен Құдырет үніндей ғажайып үн!..  
Соқ, жүрек,
Солқылда ми,
Тасы, қаным!
Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім.
О, Муза!
Бір өзіңе бас ұрамын, 
Тездеп жет,
Мен бір жаққа асығамын...
...Айта алмай қалам ба деп ашынамын,
Мен бір жаққа асығамын!..
– дейді жыр алпыс екі тамырыңды қуалап. 
Өмірінің қысқа боларын сезді ме, әлде, «құлағына сыбырлаған» шалқар шабыттың қуатты күші ме, Иесін алды-артына қаратпай-ақ қағаз бетіне түскенше асықтырған Жыр-Найзағайдың қамшысы аспан мен жердің арасын – ойды, сананы, жүректі осып-осып өткендей күйге бөлейді. 
Мекенжайым – Жер менің.
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін! –
дейді ақын. 
Өлең ақын өмірден озарынан сәл бұрын – 1976 жылдың 2 ақпаны күні жазылыпты. Бір күнде жазылған жеті өлеңнің бірі: Жыр аты – «Менің анкетам». Таңқалмай көріңіз?! Жеті өлеңнің жетеуі де жер тіреген кеудесі көкке ұмтылған ғажайып жырлар...
Ақын өзінің «Моцарт «Жан Азасы» (реквием) поэзиясында адам баласының мына жарық дүниеге келуі қалай хақ болса, кетуі де солай Ұлы Жаратушының бұйрығымен атқарылар ұлы ақиқат екенін жеріне жеткізіп, сүйегінен өткізіп, ғаламдық шедеврлардың деңгейіне көтере жырлаған. «Өмірді қалай сыйласаң, Өлімді солай жат көрме!» деген тұғыры биік, тумысы бөлек ой ұсынады. Концепциялық қазығы берік ой. Мұқағалидың «Реквиемін» оқып отырып, адам баласы екі дүниенің барына сенеді. Азалы күйдің азапты сарынын естіп отырып, Фәни-жалған мен Бақи-шындықты таразыға қояды. Жер үстіндегі жарық дүниенің қадірін сезінуге шақырады.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!.
. – дейді Уақыт тудырған Ұлы Жырдың Иесі.

* * *

Иә...

Қазақ жырының ақиығы тірі болса, биыл тоқсан дейтін торқалы жасқа толар еді...

Бірақ тоқсанға жету ақынның маңдайына бұйырмапты. Тоқсанның жартысында өмірден өткенімен, алда «Қазақ Елі аман болса, талай тоқсан мен талай жүздің басын қайырар Мәңгілік Жырды жарату бағы пешенесіне жазылған екен. Мұқағали Мақатаевтың жыр әлемі үш мың жылдан асып жығылар тарихы бар Ұлы Даланың басталуында тұрған Заратуштра, Анарыс, Майқы би, Тоныкөк, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар жырау, Ақтамберді, Абай, Махамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Мағжан, Ілияс, Қасымдардың жалғасы екенін Уақыт дейтін қатал-сыншы, қатыгез-таразы дәлелдей түсуде.

Қалың оқырманның қабырғасын қайыстырып, ақынды «Кеңсайға» апарып тапсырған азалы күн ақынның екінші мәңгі өмірінің басы болды. Алаштың ұлы жұртын аңыз тербеді, жырдың үні кернеді. Уақыт бізді сол 1976 жылдың қаралы көктемінен алыстатқан сайын, Мұқағали халқына жақындай түсті. Жұрттың жүрегін жаулады. Әр өлеңі кеше жазылғандай көрінер, ойлары ескірмес, сезімі еңкеймес, ыстығы басылмас Жырдың ұлы кеңістігінен сезім сәулесін сіміріп, ой теңізіне шомылып, рухани пана іздеушілер қатары есепсіз молайды. Ақын атына мектептер, көшелер берілді. Музейлер ашылып, Алаштың ұлы қаласы Алматының қақ төріне (өз көшесінің бойындағы саябаққа) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Ескерткіші орнады. Ақын шығармаларын насихаттауда үлкен жұмыс істеген «Мұқағали» журналы өмірге келді. Шығармалары жиі-жиі қайыра басылып, әлем тілдеріне (орыс, ағылшын, қытай, түрік, неміс, т.б.) аударылды. «Жазушы», «Жалын», «Қазақпарат», «Ан-Арыс» баспаларынан жарық көрген ақын туындылары қалың қазақтың игілігіне айналды.

Міне...

Көп жылдардан бері Мұқағали рухына қанат бітіріп, есімін ардақтап, шығармашылық өмірін насихаттауда айырықша тер төгіп, табанды жұмыс жүргізіп отырған ұлы мен келіні – Жұлдыз, Бақыткүл Мақатаевтардың тікелей араласуымен «Қазығұрт» баспасынан (директоры Темірғали Көпбаев) мемлекеттік тапсырыспен ақынның он томдығы жарық көріп отыр. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған жерлестері Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылына ақын ескерткішін орнатты. Ақынның бесігін тербеткен Аспантау ұлы перзентінің есімін тербетіп, 90 жылдық қамын жасауда.

«Табиғат, Жанымды алсаң, Алшы менің.
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім», – деп соңғы демі үзілгенше тілеуін тілеп, амандығын сұрап өткен Елі – Қазақ жұрты да, осы жылы өз тәуелсіздігінің отыз жылдығын атағалы отыр...

Өмір түледі. Өзгергені өмірмен қоса ақын рухы да биіктеп, асқақтай түсуде.

Осыдан табаны күректей қырық бес жыл бұрынғы қыздар мен жігіттер адам жанын өзінің қайталанбас қалпымен арбап, жүрек атаулыны баураған  киелі жырдың құндағында қалай тербеліп, тебіреніп толқыса, мына тылсым сырлы жер үсті мәңгілігімен өзінше тілдесіп, өзінше сырласар, «жалғастардың жалғасы» саналар жас ұрпақ – жаңа адамдар да дәл солай Мұқағали әлемінің ақ шуағына оранып, ақ жауынына шомылып, ақ айдынында жүзіп, ақ самалына кеуде тосып, ақ түнегінде ойға шомып, бірде мұңайып, бірде қуанып, бірде шаттанып, бірде шамырқана шатынап, жаңа заманның жалында, жаңа дәуірдің қамында ғұмыр кешуде... Бұлар да өздерінің ата-аналарындай Мұқағали жырымен нәрестелерін бесікке бөлеп, шілдехана тойларын өткізуде... Бұлар да:

«Құс та болғым келмейді! Қанатым бар.
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз жаңа туған», – деп жұмыр бас пендеге ғана жарасар адамдық, ғаламдық сағыныштар толқынына бөленуде... Бұлар да мына сайын даланың изені мен жусанын әнмен тербетіп, бозаңытқан қырлардың боз көдесіне тіл бітіріп, ақ селеуін мүлгітіп, тамырын терең ғасырлардан тартар қасиетті Тәңіртаудың бөктерінде, Алтай мен Атырау, Қыр мен Сыр, Қаратау мен Аспантаудың қойын-қолтығында үйлену тойларын өткізуде...

Үміттерінің отын Мұқағали жырымен үрлеп, Мұқағали жырымен сенімдерінің шырағын жағуда... Армандарын тербетуде.

«Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін...», – деп өзі жырға қосқан, сенімін артқан, жырын аманаттаған «қалың елі – қазағының» өлшеусіз махаббатына бөленген, тамырын оқырман ойы мен санасына, халқының жүрегі мен жанына, елінің көкірегі мен жадына – уақыт желі, заманалар дауылы шайқай алмас тереңге жіберген бақытты ақын армансыз ақын жаңа ғасыр төріне ентікпей, еркін еніп, жаңа мыңжылдық айдынына желкенін жайып барады.

Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда, сыры мен сиқыры мол ғаламды өзінің құндағына алып тербетер құдіретті Жырдың халқымен бірге жасара, ұлы Тауларының бауырында, ұлы Даласының құшағында өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.

Қатал сыншы Уақыттың еміренген, тебіренген сәтінің куәсі болып отырмыз.

Тәубә!

Уақыт жаратқан Ұлы Жыр алдағы ғасырларға бет түзеп барады.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты