ЖЫҢҒЫЛҒА ТАРТҚАН ҰЛ ЕДІМ! ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ АЗАТТЫҚ РУХЫ

Уақыты: 25.09.2021
Оқылды: 1279
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қатпар-қатпар тарих парақтарынан ескі күндерге сөз беретін болсақ, ежелгі жұрттың ескен желдей еркіндігі туралы толғай жөнеледі. Қой үстіне бозтарғай жұмыртқалаған замандардан таңдайы кепкенше тәмсіл айтып, ел басына күн туған кезеңдерден жарылған мұздай күңіреніп күй төгеді екен. Әр кезеңде әртүрлі оқиғалар мен небір тағдыр таңбаланып жатса да бетіне майдай қалқып бір-ақ нәрсе шыға келеді. Ол – сол жұрттың дүниетанымы, рухы, тәрбие-тәлімі, еркіндікке деген құштарлығы.

Адамды абақтыда ұстап, азаттығынан айырса да оның жүрегі еркіндіктің ауасын аңсай береді. Бостандыққа шығудың бар амалын істейді. Ерте күндерін еске түсіреді. Бұл бір адамның жадындағы үміт сәулесі. Ал тұтас бір ұлттың үміт сәулесін сөндіріп, азаттық туралы армандарынан айыру үшін не істеу керек? Тарихын өшіріп, танымын сөндіреді, дінін дүдәмәл, тілін ламай етеді. Бұл алма ағашының бұтағын кесіп, өрік ағашының бұтағын жалғаған секілді. Түп-тамыры алма, берген жемісі өрік.

Қазақ даласында да Ахмет, Мағжан, Ілиястарды атып, халқымыздың тарихын көміп мәңгүртке айналдыру саясаты санасында сәулесі бар зейінді ұлдарына оңай соқпаса керек. Мұндай ауыр ойларды алып жүрудің өзі азамат ерге аз азап емес еді. Бүкіл елдің жадын қайта тірілтіп, қурап бара жатқан тамырға қалай нәр тамызса болады? Бұл сұрақ сол кездегі жоғалып бара жатқан жауһарды санасының сандығына салып ғұмыр кешкен жыр қағаны Жұматай Жақыпбаевтың да жүйкесін талай тоздырғаны анық. Ол қазақ деген халықтың көрде туған Көрұғлыдай түнек арасынан шыға келгеніне сенген жоқ.

Шөлден де шөлін қандырған,
Жыңғылға тартқан ұл едім
, – деп өзі айтқандай, әр жапырақ үшін тамыр­дай терең барып, нәр іздеді.

Кезінде ағылшындардың боданы болған Кариб аралындағы елдердің де тарихы ел жадынан әдейі өшірілген еді. Өздерін өткені жоқ, тегі жоқ дүбәра сезінетін. Ағылшын халқының бір бөлігі санағысы келетін. Олар тәуелсіздік алғанның өзінде де батыс әлемінің өгей ұлындай ғұмыр кешті, өз тегінен ұялды. 1930 жылы Тринидад Тобаго елінде Дрек Уолкет деген болашақ ақын дүниеге келді. Есейе келе өз елінің құл емес екенін, мақтанарлық тарихы бар екенін дәлелдеймін деп  еңбек етті. Құлдық санадан құтқарамын деп кітапханадан шықпады, теңіз үстінде ғұмыр кешкен елдің ешкімге ұқсамайтын бай әдебиетін қалыптастырмақ болды. Ол халқының тарихын өлеңмен жазды, ескі сөздерін ел аузына қайта салды. Ақыры, 1992 жылы осы еңбегі үшін Нобель сыйлығын алды. Ол ұлттың өзін-өзі тануын былай жазды:

Болашақта соншалық таңқаласың,
Сен өзіңді өзге боп қарсы аласың.
Босағаңда жүздесіп һәм айнадан,
Бір-біріңе жымиып мәз боласың.

Отыр, – дейді тамақ іш,
Сонда мәңгі,
Өзің болған сүйесің өзге адамды.
Жүрегіңді, наныңды бер өзіңе,
Сені сүйген өзгеге бер ғаламды.

Шығамын деп әркімнің көңілінен,
Сен ұмытып кетіпсің оны мүлдем.
Сені жатқа соғатын сол жан үшін,
Оқып берші үзінді өміріңнен.

Сөреден ал хаттарды сағыныштан,
Жүректердің бүлкілін алып ұшқан.
Айнадағы бейнеңді шығарып ап,
Өмір үшін той жаса осы тұста.
(аударған - автор)

Жұматай ақынның жырларымен бұрыннан таныспын ғой, кейін Уол­кеттің өлеңдерін оқып, оның өмірімен танысқан соң ірілікте де ұқсастық болады екен ғой деп қатты таң қалдым. Мұндай сезімді Уолкеттің осы төрт шумақ өлеңін қазақ тіліне аударған кезде бастан кешірдім.

Біз әдетте Жұматай Жақыпбаевты махаббат жыршысы деп танып үйренгенбіз, кейін тағы бір қайталап оқығанда оның арман-аңсары тіпті арыда, тұңғиық тереңдікте екенін түсінгендей болдым. Әйтпесе, соншама біліммен, ұлтын сүйетін жүрекпен туған елінің өзін танымай бара жатқаны ойландырмай, алаңдатпай қоймайтыны анық қой.

Жыр қағанының өлеңдері негізінен оқырманды күйзеліске, қайғыға сүйреп әкетпейді. Сергек баяндау, өз мінезін көрсету ол ақынның шынайы болмысынан шыққан үні еді. Махаббат туралы өлеңдерінің ішінде де туған жерінің, елінің тарихы үнемі бірге ілесіп жүреді. Яғни, ақын қандай күйде болмасын, махаббаттан баз кешсін, бәрібір бодан елдің арман-мұңы ойынан бір сәт шықпаған.

Ақынның «Ләйлә» деген екінші кітабы «Көктемге хат» деген өлеңмен басталады. Расында өлеңнің бірінші шумағын көктемді аңсау, сұлулыққа құштарлық деп қабылдаймыз,

Сеңсеңі жасыл, көрпеші гүлді беткей, шың,
Көп болды көлбеп көзімнен бір сәт кетпейсің.
Көкекке мініп, италақазды жетекке ап,
Көктемім менің, көмекке маған жеткейсің.
Қарайған шақта қар жабу жапқан құба бел,
Тоң болып жатқан топырақтардан тұра көр.
Көктемім менің, жеті қат жердің астынан
Ит жуа болып, бәйшешек болып шыға кел!

Ақын ойының астарын өлеңнің екінші бөлімінен анық аңғарамыз. Бірақ, неге «көктемге хат» деп ат қойғанын жалпақ түсінікпен, үстірт шолып өтеміз. Көктемді не тура мағынасында не болмаса адамның балалық, жастық шағын аңсау деп қабылдай салатынымыз рас. Алайда әңгіме біз қабылдап жүрген түсініктен әріде жатыр екен. Өлең былай аяқталады:

«Еркек тоқты құрбандық» дейтін шақтарда,
Дауылпаз тартып, қарауыл дабыл қаққанда,
Алты арыс елден шашақты найза оздырып,
Алдымен солар аруақтап жауға шапқанда.

Қырылған елден қауласа ұлдар алсындай,
Түтігіп түрі, тұлпары қатып қаншырдай,
Қол бастауын қоймаған ерлер солар ғой,
Қан тұмсық жебе қадалып жатса шаншудай.

Даладан тауға көшіріп барлық ұрысты,
Даңққа бөлеп алдаспан ауыр қылышты,
Қанқұйлы жаудан босатқан ерлер солар ғой,
Ақжайықтан Алтайға жетер ұлысты.

Көктемім менің, бүгінгі түрім қалай деп, –
Қызыл тәжденсе қылтиып шыққан талай көк,
Қабанбай менен Бөгенбай батыр басына,
Мен қоймай жүрген бір құшақ гүлді қадай кет.

Жұматай ағаның хат жазып отырған көктемі - кешегі еркін жортқан бабалар дәуірі мен өзі үміттенген жарқын болашақ. Тілінің, ділінің, дінінің қазақ болмысында көктеп өсіп жатқан шағы. «Қылтиып шыққан талай көк» деп айтып отырғаны болашақ ұрпақ. Ақын өзін болашақтың алдында кінәлі сезінетіндей. Елді, жерді басқыншыға бермей қорғап қалған бабаларын еске алады, оны ұрпақ жадынан шығармауға үндейді.

Тарих ұмытылмауы керек, ол ұлттық болмыстың жүрекке түссе көктеп шыға келетін дәні секілді. Жұматай ағаның кез-келген тақырыпта жазылған өлеңін алып қарасаңыз, ең болмағанда бір жол өз ұлтының тарихы жүреді. Абай ата «Қиыннан қиыстырар ер данасы» дегеніндей, аса ұқыптылықпен, шеберлікпен үйлестіріп жібереді.

Ақынның жастайынан тарихқа қызығып, кітапханадан шықпай ізденетінінің астарында осы сыр жатыр деп ойлаймын. Ләйләға деген сезімінің ішінде бір бас жоғары болып елге, жерге деген махаббаты жүреді. Ләйләнің өзінен асқақ, керім жігітке бұрылып қарамайтын қазақ қызының образын жасап берді. Оның махаббат жырында ешқандай әдепсіздік жоқ, Ләйләні де қазақ қызына жат қылықтардан алыс ұстайды. Осы қазақылықты сүйетінін жасыра алмайды, жасырғысы да келмейді.

Міне, үлгі. Жәй ғана махаббат емес, таным-түсінікке, тәрбиеге құралған махаббат. Таза саф шығыстық сарын, жыраулық поэзияның ішінен мөлдір лириканы суырып алып, алдыңа жайып салады. Жұматай ақын орта ғасырда ханның қас сұлу қызына ғашық болып жүргендей әсер қалдырады. Болмысымен көшпенді дәуірге өтіп кетіп, Кенежиренімен кең даланың төсін турап, қызға бұрынғының жігіттерінше сөз айтады.

Шақылдақ зытып, көз таса болған заматта,
Қыналы қойтас қисайған жасыл қабақта,
Аршаны кешіп, аршыңдап келе жатқанмын,
Шыбынсыз жазда шырмалып гүлдер балаққа.

Қолымда жүген, қой салған сүрлеу ізбенен,
Ала аяқ атты алқына басып іздегем.
Кестелі өңір. Келісті, көркем төккені-ай,
Табиғат ісмер сиқыры күшті бізбенен!

Атымыз қашқан, аяңдап жүрер жай бар ма,
Түскемін талай түптері сынап сайларға.
Алдымнан шелек сылдыры шыққан сылаңдап,
Сылтыңдай басып, су іліп жаттың қайнарда.

Ақын өлеңде еркін. Еркін жүргенді, Алтай мен Ақжайықтың арасын ежелгі қазақтай еркін аралағанды ұнатады. Мұның бәрін еркіндікке, азаттыққа деген үлкен жарнамасы деп түсінген жөн. Ол оқырманның бойына ұмытылып бара жатқан қазақылықты, танымды, дәстүр-салтты сіңіргісі келеді. Өзі армандаған, өзі көксеген болашақты басқалар да сезінгенін қалады. Оқырманның есіне әрәдік бұрынғы еркін жүрген қазақты, ен жайлаған, баһадүр қазақты сала береді.

Жалайыр Мұқа жауларын шауып алғанда,
Тебініп атын теңізге дейін барғанда,
Шұғанақ гүлдің төркіні, сені сағынып,
Өзіңе жетпей өтіпті дейді арманда.

Немесе:

Алдаспан бермек айқаста дәріптеп елді,
Бастаспақ Бабыр бақилық даңқпен енді –
Жалайыр менен Дулаттың «Кеу-кеулеп» шапқан,
Жауынгерлері киелі Гангке келді!

Кезінде осындай рухты халық едік қой, қандай күйге түстік дегендей күмілжиді. Құс қанатын талдырған ұшы-қиырсыз өлкенің иесі өзі екенін, қазақ деген халық екенін айтады, қара қамытты қайдан тауып киіп алғанын түсіндірмек болады. Оған жауабын да өзі береді.

Өткенге өкінемін оны ұққалы,
Бір жерге тоғыспаған толық бәрі.
Ұраны, тұрағы бар өз алдына,
Рулар – көшпенді елдің полктары.

Құрымдай суға тиіп күнде іріген,
Кесіскен ат құйрығын бір-бірімен.
Шабысып сайға бола, тайға бола,
Құйқаны шымырлатқан қырғынымен.

Қырқысып жетпейтіндей жарық ғалам,
Полктер азған, тозған, арықтаған.
Алты арыс алауыз боп ақырында,
Үш жүзің үш майдан боп жарытпаған.

Мұның аяғы немен аяқталғаны бәрімізге белгілі. Ынтымақ, бірлік болмай тізгіннен айырылдық. Ошақтың үш бұтындай құтымызды теңшеп тұра алмадық, бөлінгенді бөрі жеді. Мақалды айтуындай-ақ айттық, амал қанша. Ақынның өз сөзімен айтқанда: «Үш хандық бір мемлекет бола алмадық».

Жұртының осы күйі Жұматай ақынды талай түн ұйықтатпай мазасын алған шығар. Әлбетте, елін сүйген ақынға оңай соққан жоқ. Махаббат туралы жазса да рухы жоғалып, барынан тоналып бара жатқан елінің күйі ойынан кетпеді. Бәлкім, тарихтан жұбаныш іздеген болар. Бірақ, ол жұбаныш болмады, қасіретке айналды. Ішіндегі отты өлең ғып шығарды. Еркін күнді, құрық-шылбыр тимеген заманды сағынды. Бабаларын ақтағысы келді. Кейде сарсаңға салған ойлардан қашқысы да келуі мүмкін. Алайда өмірінің соңына дейін осы азалы ой оны мазалауын қоймады. Ол тарихты махаббатқа айналдырды. Бәрі тарихты оқысын, рухы оянсын, тамырына оралсын деді. Өз дүниетанымына, тіліне, дініне, діліне махаббат болмайынша еркін ел болмайтынын жақсы түсінді.

Ол өзінің сол күйін «Махамбет әні» өлеңінде былай жеткізеді:

Керім едің, керімнің өрі де едің,
Шулайтындай «қой-қойлап» төңірегім,
Кең далада кесілген басымды ұстап,
Келе жатқан адамдай көрінемін.

Бұдан артық не айтуға болады?! Ақынның осы өлеңді жазғандағы бейнесін көз алдыңызға елестетіп көріңізші, мүмкін елестетерсіз, бірақ оның теңселген арманын, жүрегін езіп бара жатқан мына шерді сезіну мүмкін бе?! Мұндай ойлар ұлтын шексіз сүйген адамның ғана жүрегін жұлмалай алады.

Бабаларының ерлігін жырлап, елінің өз аузына қолы жеткен егемендікті көксеп кеткен Жұматай Жақыпбаев Тәуелсіздік таңын көрген жоқ. Бірақ ұлтының рухын тірілтіп кетті!

Айбек ЕРЕЖЕП,
ақын