QAZAQ RADIOSYNA - 100 JYL! РЕДАКТОР БАҚЫТ ЖАҒЫПАРҰЛЫМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 29.09.2021
Оқылды: 1333
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көңіл таразысына салсақ, жүз жылдың өзін «қамшы сабындай келте ғұмыр», «бес күн жалған» деген қысқа өлшемге сыйғызып жібереміз. Ал шынтуайтында жылдар керуенімен жүріп өтсек, тарихтың сан түрлі соқтықпалы-соқпақты жолдарын көреміз. 1 қазан құрылғанына 100 жыл толғалы отырған Қазақ радиосы да ХХ ғасырдың шұғылалы кезеңі мен тұманды сәттерін бастан кешірді. Осы уақыт ішінде әуе толқыны арқылы қаншама бағдарлама жұрт көңілінің төрінен орын алды десеңізші?! Дауысы радионың «Алтын қорында» сақталып, есімдері ел жадында жатталып, істері тарихқа, аттары аңызға айналған аға-апайларымыз қаншама?! Жүз жылдың төрінен көз салсақ, Қазақ радиосы (үстінен басыңыз) ақпарат құралдарының ішінде тарихы терең, еңбегі ерен саланың біріне айналды. Мерейтойға орай мерейлі ұжымға ізгі ілтипатымызды білдіре отырып, Қазақ радиосы Алматы бөлімшесінің жетекшісі Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫМЕН сұхбаттасып, арғы-бергі тарихтан сыр шерткен едік.

– Қазақ радиосы аталған жерде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлының есімін айтпай кету, қазақы ұғымға салсақ, аруақ аттағанмен бірдей болатыны шындық. Жөн сұрасқанда «құдайға шүкір» деп сөз бастаған әр қазақтың аруаққа деген құрметі ерекше екені тағы да ақиқат. Бабадан балаға қалдырған асыл мұрадай сақталып келе жатқан жолымыздан жаңылмай, 100 жылдық мерейтойға жеткенімізге шүкірлік қыла отырып, ұлт ұстазын да ұлықтай кеткеніміз жөн шығар, Бәке?! Алаштың алғашқы астанасы Орынбордан үн қатқан Қазақ радиосының көш басында Байтұрсынұлының жарқын бейнесі тұрғанын көп адам білгенімен, білмейтіндер де аз емес. Әуе толқыны жайлы әуелгі әңгімені Ахаңның асқақ рухын айтудан бастайық.

– Әрине, радио тарихы туралы сөз бөлек. Біз осы күнге дейін Қазақ радиосының атасы Ахмет Байтұрсынұлы екенін қарапайым халық түгілі зиялы қауымның өзіне түсіндіріп айта алмай келеміз. Бұл туралы профессор Намазалы Омашев өзінің зерттеу еңбегінде егжей-тегжейлі тоқталып, дәлелдеген болатын. 2001 жылы радионың 70 жылдығы аталып өтер тұста Намазалы ағаның зерттеу еңбегінің нәтижесінде Қазақ радиосының тарихы 10 жылға ілгерілеп, 80 жылдығын атап өткенбіз. Яғни, 1921 жылы Қазақ радиосының алғашқы граммафондық хабары Орынбор қаласынан 1 қазанда шыққандығы айғақталды.

Орынбордағы стансы арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын радиобюллетень әзірленген. Нәтижесінде Орталық стансы тәулігіне екі рет Мәскеуден берілетін Ресей телеграф агенттігінің хабарын трансляциялады. Оның республикалық радио қызметін атқарғанын дәлелдейтін тағы бір белгі – жергілікті жердегі стансылардың есеп беріп отырғандығы. Ғалым Намазалы Омашұлының зерттеуіне сүйенсек, 1921 жылы қазан айында Орынборда бір емес, үш радиостансы хабар таратқан.

Орынбордан кейін Қазақстанның астанасы Қызылорда болып бекітілген соң, радио да астанамен бірге Сыр еліне қоныс аударып, 1926 жылдың 3 қазанынан бастап жұмысын жалғастырды. Өңірдегі газет оқырмандарының радиодан алып басылатын жаңалықтарға сусап отыратыны соншалық, егер басылым бетінен радионың «Радиохабаршы», «Радиотелеграмма» айдарымен берілетін хабарларын іздейтін еді.

Байтақ дала төсінде түп-түзу бағаналар бой көтеріп, сым тартыла бастады. Осы кезде елге «Қағаз бен қашықтықты білмейтін газет» деп аталған радио үні де жетті. Радиохабарлар алыс-жақын елді мекендерге жаһанның жаңалығын жарыса жеткізді. Бұл құбылысқа тосырқай қараған қарапайым халық бағана басындағы радиодан әсем ән де тыңдады.

Н.Омашұлының 2001 жылы 26 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетіне «Қазақ радиосына қанша жыл?» атты ғылыми зерттеу мақаласы шыққан болатын. Соның негізінде Тәуелсіздіктің 10 жылдығымен қатар Қазақ радиосының 80 жылдығын атап өту туралы 2001 жылдың 20 маусымында сол кездегі ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің №129 бұйрығы шықты. Содан бергі 20 жылда радионың 80-90 жылдық мерейтойлары кең көлемде аталып өтті.

1931 жылдың мамыр айының басында Алматы қаласында ең үлкен радиостансы салынды. Соған орай, Қазақ радиосы Алатау бөктерінен хабар тарату мүмкіндігіне қол жеткізді. Сол жылдары айтулы ғалым Бейсембай Кенжебаев, Айтбай Хангелдин сынды тұлғалар радио жұмысының қалыптасу, редакциялық тұрғыдан даму жолына айрықша үлес қосқан. Радионың сол кездегі директоры Айтбай Хангелдин өз естелігінде былай дейді: «1931 жылдың күзінде Сәкен Сейфуллин радиодан сөйлеп, әнші Шәркүл Әшірованың орындауындағы Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін жиі беріп тұруды өтінді». Ол әнді кейін Күләш Байсейітова репертуарына енгізген. Осындай дүниенің барлығы радио тарихынан сыр шертеді. 

– ХХ ғасырдың жиырма бірінші жылының алтын күзінде жарқын үнімен әуе толқыны арқылы құлақтан кіріп, бойды алған Қазақ радиосы абыздық жасқа жетті. Басынан бір дәуірдің дүбірі өтті. Жылдар керуенімен бір жүріп өтейікші, Бәке. Қазақ халқының басына түскен нәубет. Яғни, ашаршылық жайлаған қилы кезең, халық жауы атанып, арыстарымызды шетінен оққа байлаған кез, отқа оранған Екінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі сұрқай уақыт, тың игерудегі тынымсыз сәттер. Осындай аумалы-төкпелі кезеңдегі Қазақ радиосының жүріп өткен жолын бір мәрте саралап өтсеңіз.

– Радио құрылған кезінен бастап қоғамнан тыс қалған емес. 1930-1940 жылдар аралығында штаттық кестеге сәйкес үгіт-насихат секторы, «Соңғы хабарлар» редакциясы, музыкалық хабарлар редакциясы, әдеби музыкалық хабарлар редакциясы, т.б. бөлімдер құрылған. Яғни, сол он жылдықта радио журналистика жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде нығайып, жұмысын жандандырған. Десек те, сол жылдардағы замана ықпалы радио қызметкерлеріне кері әсерін тигізгені де рас. Мысалы, 1937-38 жылдардағы уақытта радиода қызмет істеген мамандардың тағдыр жолының өзі арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл туралы радио зерттеуші ғалым Орынай Ошанова өзекті мәселе көтеріп жүр.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде радио басшысы болған Ғазиз Оспановтың өз аузымен айтқан естелік әңгімесі «Алтын қорда»  сақтаулы. Ол кісінің айтуынша сол кезеңдерде радио жұмысына мектеп жасындағы жасөспірімдер көптеп тартылған екен. Мысалы, Зәмзәгүл Шәріпова 1947 жылы училище тамамдап, радиоға қызметке тұрғанда жасы 16-да ғана болған. Биыл ол кісінің туғанына 90 жыл толды.

Соғыс жылдары арнаулы қорғаныс редакциясы құрылды. Редакция құрамында жастар, тіпті, жасөспірімдер қызмет етті. Радио директоры Омарғазы Оспанов жастардың жұмысын сынамай, керісінше, оларға әлеуметтік қолдау көрсеткен. Майданнан жараланып елге келген Әнуарбек Байжанбаевтың дикторлық жолға түсуіне себепкер болған да Ғазиз Оспанов ақсақал.

1940 жылдары радио бағдарламаларда патриоттық тақырып басты назарда болды. Соғыс кезіндегі радиодан берілген хабарларда қазақстандықтардың майданға көмегі жайлы үнемі айтылып жатты. Қазақ жауынгерлерінің ерлік істері кеңінен дәріптелді. Осы және жоғарыда келтірген деректерді Қазақ радиосының 85 жылдығына арналған кітапта Төрегелді Бекниязов ағамыз жазған болатын.

– Әрбір әріпті демесек те әр сөзді сүзгіден өткізіп, «саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған» кеңестік кезеңде қызыл империяның қызуы шарпымаған ұлттық құндылық қалмады. Сондай күнде де Қазақ радиосы ұлтына адал қызмет етті. Сол дәуірдің 60-80 жылдарын «әдебиеттің алтын ғасыры» деп әспеттеп жататынындай Қазақ радиосының да жарқын сәттері осы кезде өтті. Бір ғана Байжанбаевтың өзі дикторлықтың дара бәйтерегіне айналса, оның айналасында ұлттың қаншама дара перзенттері еңбек етті. Әуе толқыны дегенде Ахаңнан кейін Әнуарбек әлеміне бас сұқпай кеткеніміз жөн болмас.

– 1957 жылы өкімет радио және теледидарды Мәдениет министрлігі құрамынан бөлек шығару туралы шешім шығарады. КСРО Министрлер Кеңесінің жанынан Радио және телехабарлар тарату жөніндегі комитет құрылған. 1957 жылғы 29 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Телевизия және радиохабарлар жөніндегі комитет құру туралы қаулы қабылдайды. Бұл іс 1921 жылы негізі қаланған Қазақ радиосы мен 1958 жылы құрылған республикалық бірінші телеарнадан басталған. Сол кезде басшылыққа Қанапия Мұстафин тағайындалады. Одан кейінгі жылдарда Құрманбек Сағындықов, Кенжеболат Шалабаев, Кеңесбай Үсебаев, Хамит Хасенов, Камал Смаилов, Сағат Әшімбаев, Ғадылбек Шалахметов, Шерхан Мұртаза сынды ірі тұлғалар басқарып, ұлт зиялыларының қатысуымен сүбелі хабарлардың жасалуына ықпал еткен. Сол хабарлардың басым бөлігі «Алтын қорда» сақтаулы. Қазақ радиосы арқылы өнер мен мәдениетті насихаттауға айрықша көңіл бөлінген. Ақын, жазушылар мен сахна саңлақтары әнші, күйшілердің барлығы радио комитетімен тікелей тығыз байаланыста болған. Соның нәтижесінде қаншама радио спектакльдер, музыкалық, әдеби хабарлар таспаланып қалды.

1957 жылдары негізі қаланған Қазақ радиосының симфониялық оркестрі кейіннен эстрадалық-симфониялық оркестр болып жұмысын жалғастырды. Венера Қармысова, Зейнеп Қойшыбаева, Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Лариса Политиди, Гүлвира Разиева, Лаки Кесоглу, Люция Төлешовалар осы оркестрдің солисі болған.

Ал радиодағы дикторлық қызметтің жөні мүлде бөлек еді. Радио дегенде ең алдымен үні жағымды дикторлардың есімі ойға оралады. Қазақ радиосының қарлығаш дикторы Мина Сейітова, Шәкен Айманов, Әнуарбек Байжанбаев, Ермек Серкебаев, Мұқағали Мақатаев, Сара Омарходжаева, Қатира Әзімбаеваның әрбір сөзі тыңдаушылар есінде болар. Шәрипа Бейсекеева, Жаңыл Біржанова, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов, Асыл Рақымжанова, Зияда Бекетова, Сауық Жақанова, Омархан Қалмырза­ұлы мен Шолпан Байғабылова, Ұлжан Пармашқызы, Болат Біжібаев, Шолпан Ахметова, Бүркіт Бекмағамбет, Сайлау Нұрғазин, Бақытжан Атагелдиев пен Аманжан Еңсебайұлы секілді кезінде Қазақ радиосының дикторлар құрамы өнеге мектебіне айналды. Әнуарбек Байжанбаевтың Мұқағали Мақатаевты радиоға әкеліп, дикторлық жолын ашады. Еркін Ібітановтың айтуы бойынша Мұқаңның Алматыға келгендегі шығармашылық жолы Қазақ радиосынан басталған екен.

Нұр құшқанда Алатау шоқылары,
Микрофон алдында отырады.
«Тыңдаңыздар, жолдастар, тыңдаңыздар!
Эфирде соңғы хабар оқылады.
Жаңалықтар!
Ең соңғы жаңалықтар!
Тыңдаңыздар, далалық, қалалықтар.
Мынау тыныс-тірлікке ой жіберіп,
Өнегеден, ерліктен нәр алып қал...»

Ақын Еркін Ібітановтың диктор Мұқағалидың бейнесін суреттеген осы жыр жолдары радионың бүкіл болмысын ашып тұр.

Радионың тағы бір айрықша тоқталып айтатын саласы – режиссерлық мектеп. Осы уақыт ішінде Қазақ радиосының дамуына радио режиссерларының қосқан үлесі орасан. Өткен ғасырдың 60-жылдарының орта тұсында радиодағы режиссерлық мектептің негізін салған Әбдірахман Әсімжанов болса, одан кейін кәсіби мамандар тобын қалыптастырған Ақыл Құланбаевтың қолтаңбасы алтын қорда қаттаулы. Бибігүл Қайрақбаева, Алтынбек Халықов, Құмарбек Сыдықов, Әбдіхалық Досмағамбетов, Тоқсын Құлбеков, Көкенай Камалиев, Елизавета Байшалова, Шәмшия Тайырова, Айша Таумырзина, Мұрат Ыбыраев, Тілеуберді Досбаев, Тоқтарбек Қамшыбай, Фарихан Атханова, Ақбол Үдербаева сынды саңлақтардың әр хабары бір-бір кітапқа татитын дүние.

Бұрын радио хабарлары үнтаспа арқылы жасалатын. Ол үшін оператордың қызметіне жүгінесіз. Монтаждық қара жұмыстың бәрін оператормен бірге отырып атқаратын. Гүлбақыт Қайсенова, Риза Тәукешқызы, Кеңшілік Бостанқызы, Сәбира Кесперқызы, Борангүл Байжанова, Мәриям Мәмбетова, Торғын Рақымбаева, Гүлшархан Сыпатаева, Сәуле Жәмалиева секілді т.б. операторлар радиоға бар ғұмырын арнаған жандар. 

Осы жүзжылдық белесте радиода қызмет еткен ақын, жазушылар, кәсіби журналистердің әрбір ісі ұрпаққа өнеге. Солардың қатарында Дулат Исабеков, Досан Жанботаев, Жолдасбай Тұрлыбаев, Серік Тұрғынбекұлы, Дүйсенбек Қанатбаев, Қайрат Әлімбек, Аманхан Әлім, өз замандастарымыздан Маралтай Райымбек, Әлібек Шегебай, Алмат Исәділ секілді қаламгерлердің есімдері ойымызға оралады. 

Қазақ радиосының музыка саясатын алға бастырып, ұлттық өнердің жандануына ықпал еткен тұлғалар да қандай құрметке болсын лайық! Нұрғали Нүсіпжанов, Илия Жақанов, Әбілахат Еспаев, Ескендір Хасанғалиев, Раушан Айтжанова, Райхан Оразбақова, Мұхаметқұл Смағұлов, Серғазы Тұрсынбаев, Жанар Әлиасқарова, радионың алғашқы әншісі Үрия Тұрдығұлова, әйгілі Жамал Омарова мен Рәбиға Есімжановалардың барлығы қазақтың ән өнерін Қазақ радиосы арқылы насихаттап, халыққа қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар. Теледидар мен газеттен бөлек радио журналистиканың көзге көрінбейтін өз ерекшелігі бар. Осы жолда тынымсыз еңбек еткен Құсман Игісінов, Руслана Құдайбергенова, Төрехан Тасболат, Орынбасар Доңғабақов, Үмбет Әбназаров, Қымбат Әбілдақызы, марқұм Жолымбет Кейкелов, Махмет Түменбаев, Бақыт Досымовтай аға-апаларымыз бізге бағыт берді. Жол сілтеп, радионың қыр-сырын үйренуімізге тер төкті. Өмірден өтіп кеткен ардагерлердің есімін ұлықтап, өнегелі істерін насихаттау – біздің міндетіміз.

– Үшінші мыңжылдықтың босағасынан аттағанда Қазақ радиосы сексен жаста еді. Қазіргі жаңа ғасыр, жаңа қоғам, жаңаша бағыт алған технология дәуірі Қазақ радиосына салқынын тигізіп жатқан жоқ па? Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолына смартфон ұстаған дәл осы жаһандану заманында кітап оқу былай тұрсын, тіпті, теледидар қарайтындар саны азайып барады дегенді естіп қаламыз. Осындай елең-алаң уақыттағы Қазақ радиосының жағдайы қалай болып жатыр? Радиохабарларды тарату торабы алыс аудандар мен шалғай ауылдарды қаншалықты қамти алуда?

– Осы 100 жылдық белесте радио сан түрлі кезеңдерді бастан кешірді. Орынбордан кейін 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Қызылордадан, 1931 жылдың мамыр, маусым айларынан Алматыдан эфирге шықты. 2012 жылы 1 қазанда елордаға қоныс аударған Қазақ радиосы заманауи техникамен жабдықталған Қаз-Медиа орталығынан хабар таратты. Одан бері де 9 жыл өтті. Сол жылы радионың филиалы ретінде «Алматы студиясы» жасақталды. Алматы қосынында радио журналистиканың мектебінде шыңдалған, соның ішінде салалық журналистиканың мән-жайын білетін кәсіби мамандар бар. «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген, журналист Жанар Оразымбет, Оңғарбек Құралов, Талант Арғынғали, Гүлбағыш Бостанова, Гүлмира Нәлібай, Гүлназ Шалабайқызы, Нұржамал Хасанқызы, Гүлбану Алпамысқызы, Бақытжан Жармұхамбет, Мөлдір Жанбай, Аман Тасыған, Ерасыл Серікұлы, музыкалық редактор Нұргүл Айтқалиевалар тікелей эфир мен таспа хабарлары арқылы тыңдаушылар құрметіне бөленуде. Сонымен қатар Ербол Хасенов, Советқан Қоңырбаев, Лашын Мұратқызы, Ерхат Қойшыбаев, Ақзер Қазыбекқызы мен Татьяна Журко секілді инженер, саунд-операторлардың, үйлестіруші Сәттібек Рақымжанның еңбегін айрықша атап өткеніміз абзал.    

2017 жылы «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС құрылды. Оның құрамында «Қазақ радиосы», «Шалқар» «Астана», «Классик» радиоарналары бар. Осы серіктестіктің бас директоры Ернұр Бураханның бастамасымен 4 радионың хабарлары мен музыкалық контенттері бір-бірін қайталамайды. Бір жолға қойылған. Аталған радио арналарының әрқайсысының өз тыңдаушылары бар.

Радионың басқа БАҚ-тан өзгешелігі, оқиға орынынан жылдам ақпар жеткізуінде. Радионың көзге көрінбейтін сан түрлі машақаты да жетерлік. Тақырыпты, кейіпкерді өзің табасың. Сұхбатты өзің аласың. Оны өзің монтаждайсың. Сценарийін өзің жазасың, тіпті, тақырыпқа орай әнін де, төсеніш музыкасын да өзің таңдайсың. Бұрынғы уақытта арнайы оператор, дыбыс режиссері, редактор, диктор болса, қазір соның бәрін бір-ақ адам атқарады. Бұл алдын ала таспамен жасалатын хабардың құпиялары. Ал тікелей эфирдің жауапкершілігі тіпті орасан. Кейде шақырған кейіпкерің әлдебір себеппен келмей қалуы да мүмкін. Ондайда тығырықтан жол тауып, бір сағаттық немесе жарты сағаттық эфирлік уақытты толтыру сырттайғы адам ойлағандай оңай шаруа емес. Бір досым айтып еді: «Екі сағаттық хабарға екі күн дайындалады екенсің ғой» деп. Бұл бер жағы ғана. Одан да көп уақыт жұмсайсың. Қаншама кітап ақтарасың, архив қопарасың, өмірден өтіп кеткен танымал кісілердің «Алтын қордан» даусын іздейсің. Сондықтан радио деген көшеден жүгіріп келіп, микрофонның алдына отыра қалып, қызыл сөзді көпіртіп айта беретін мінбер емес! Қазір заманның ыңғайына, уақыттың ырғағына қарай музыкалық шоу бағытындағы хабарлардың аудиториясы үлкен деп айтуға болады. Бұл барлық радиоға тән ортақ үрдіс болып тұр.

Тәулік бойы хабар тарататын Қазақ радиосының үнін бүгінде ел тұрғындарының 90%-ы тыңдай алады. Оның таралу аумағын ұлғайтып, шалғай елді мекендерге жеткізу – бүгінгі уақыт талабы. Бұл ретте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі еліміздің шекара маңы аумақтарында радиохабар таратудың мемлекеттік желісін нығайту жөніндегі арнайы «Жол картасын» іске қосты. Таяу болашақта «Қазақ радиосының» үнін еліміздің кез келген нүктесінен естуге мүмкіндік жасалмақ. Осы арада «Алтын қордың» радио тарихында алатын орны туралы тоқтала кеткенді жөн көрдім. 1948 жылдары негізі қаланған бұл қорда осында қызмет еткен ардагер аға-апаларымыздың қолтаңбасы қаттаулы. Қаншама дауыс сақтаулы. 100 мыңнан астам құнды дүниелердің бәрі осы «Алтын қорда», оның ішінде радиоспектакль, ән мен күй, жыр-дастан, әдеби, тарихи әңгімелердің бәрі бар. 2003 жылдан бері байырғы үнтаспалар сандық жүйеге көшірілуде.

– Әсілі, бұқаралық ақпарат құралдарын осындай дөңгелек даталарда дөңгеленген дүниеде бар екенін естіртіп, дүбірлетіп жатады. Осы сәттегі құттықтаулар мен құрметтер қоғамда қаншалықты орны бар екенін көрсететіндей. Дегенмен, ұлт ұстазының қолтаңбасы қалған Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы аясында қандай жағымды жаңалықтармен бөлісе аласыз?

– Биыл Қазақ радиосының бір ғасырлық мерейтойын атап өту аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен «Қазақстандық Радио күні» датасын бекіту бастамасы көтеріліп, 2021 жылдың 13 тамызында ҚР Үкіметінің нақты қаулысы шықты. Биыл Қазақ радиосының 100 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 55 жылдығына орай мәдени іс-шара Алматы облысының орталығы Талдықорғаннан бастау алды. Оған тікелей себепкер болған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Марлен Көлбаев мырзаға алғысымыз шексіз. Наурызда Шымкентте, Қызылордада және Елордада Қазақ радиосының атына көше атаулары берілді. Түркістандағы Қ.Яссауи атындағы университетте Қазақ радиосы дәрісханасы ашылды. Наурыз айында халықаралық радиомарафон өткізілді. Сол арқылы түркітілдес бауырлардың тыныс-тіршілігі, мәдениеті, тағы басқа құндылықтары радио эфирі арқылы насихатталды.

Тағы бір айта кететін жайт, Алматыдағы радио ғимаратына Радио үйі деген ат беріп, мемориалды тақта орнатпақпыз. Сол ғимаратттың іргесіндегі қоғамдық көлік аялдамасына Қазақ радиосы атауы беріліп, ол жерге Қазақ радиосының қондырғысы орнатылды. Яғни, Алматы қаласы бойынша әзірге бір ғана аялдамада Қазақ радиосы сөйлеп тұр. Бұл жағынан Алматы қалалық әкімдігі, қалалық мәдениет басқармасы бізге айрықша қолдау көрсетті. Осы шараның барлығы келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан дүниелер. Сізбен болған аз-кем сұхбатымызда ғасырлық жолды жүріп өту мүмкін емес. Дегенмен, сауалыңызға орай газет оқырмандарына ғасырдың төріне шығып отырған, әуе толқынында жүз жыл сөйлеп келе жатқан радионың өткені мен бүгіні жайлы нақты ақпарат беруге тырыстым. Жалпы, Қазақ радиосының әуе толқынында ұлт руханиятының қайнары болып жылдармен бірге жасай береріне сенім мол!

– Рахмет, Бәке. Дөңгелек дата болғандықтан нақты деректерді сөйлеткеніңіз де жөн болды. Тарихтың ақтаңдақ беттері ашылып, Қазақ радиоторабының хабар таратуына негізгі бастамашы болған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының да есімін бір жаңғыртып өттік. Ендеше, Алаш арысының аманатын арқалаған ұлт үнжариясының ғұмыры ұзақ, тұғыры биік болғай!

Сұхбаттасқан - Жұматай ӘМІРЕЕВ