ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

Уақыты: 04.10.2021
Оқылды: 1178
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мемлекеттік хатшы Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫҢ Алматы облысындағы жұмыс сапары Талғар ауданында жалғасын тапты. Сапар барысында ол саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоғын қойып, Жаңалықтағы жергілікті музейдің жұмысымен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Музейге ат басын бұрған мәртебелі меймандардың қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да болды. Нұр-Сұлтаннан келген жұмыс тобы алдымен қызыл жүйенің құрбаны болған Алаш арыстарының құнды жәдігерлерін көрді.

Музей меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев қонақтарға саяси қуғын-сүргін жылдарынан хабар беретін жәдігерлер жайында әңгімелеп, тың мәліметтермен бөлісті. Содан кейін мұражайдың мәжіліс залында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссия өкілдерімен кездесу өтті. Маңызды басқосуда ғылыми экспедициялық-іздестіру жұмыстарына, оның нәтижесіне, дәлел-дәйектеріне ерекше назар аударылды.

Кездесуде Қырымбек Елеуұлы атап өткендей, қуғын-сүргінге ұшырағандарды толықтай ақтау – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттерінің бірі. Ақтау жұмыстары тарих пен мұрағат деректеріне сүйеніп, тыңғылықты зерттеу негізінде жүргізіледі. Бүгінде дәл осы бағытта облыста 7 жұмыс тобы құрылған және олар өз міндеттерін тыңғылықты атқаруда. Жұмыс тобының қарауында бір жарым мыңға жуық мұрағаттық материал бар. Зерттеу нәтижесінде жазықсыз жапа шеккен 2326 адам ақтауға жататыны анықталды.

Айта кету керек, 2018 жылы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі бой көтерді. Музейде үш зал бар. Әр залға қуғын-сүргін тарихына қатысты атаулар берілген. Музейде 1916-1986 жылдардағы қуғын-сүргін тарихынан және «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамдық бірлестігі мен оның қызметінен мәліметтер ұсынылады. Сондай-ақ, музейде зұлматты кезеңнің құрбандарын еске алуға арналған реквием бөлімі жұмыс істейді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Талғар ауданы

Алматы облысы