МҰҚАҒАЛИДЫҢ ТОЙЫ ӨТТІ ДҮРКІРЕП: РАЙЫМБЕК АУДАНЫНАН ТОЛЫҚ РЕПОРТАЖ

Уақыты: 07.10.2021
Оқылды: 1506
Бөлім: РУХАНИЯТ

Батар күн,

Келер түн,

Атар таң,

Шығар күн,

Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!

Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,

Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын! - деп Мұқағали Мақатаевтың өзі жырлағанындай, ХХ ғасырдың таңғажайып ұлы ақынының өлмейтін мәңгілік ғұмыры жалғасып жатыр. Елі-жерінің ыстық ықыласы, жүрекжарды сүйіспеншілігінің белгісіндей, ақынның 90 жылдығы туған жері қастерлі Қарасаз ауылында бастау алды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және облысымыздың әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ақынның бюстіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Мұқағалидың әдеби-мемориалдық музейін аралады. Ақын ауылындағы мәдениет үйінде өткен «Алаш жырының ақиығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның да берері аз болған жоқ. 90 жылдық мерейлі тойдың құшағында аудан орталығы Нарынқол ауылында жаңадан салынған елу тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде тапсырылып, ауыл орталығынан бой көтерген ақынның еңселі ескерткішінің ашылу рәсімі өрнек тапты.

СӨЗ БАСЫ

Мұқағали Мақатаев – ұлтымыздан шыққан ұлы тұлға, аяулы ақын, қазақ әдебиетіндегі поэзия өлкесінің мәңгілік жарқырап тұрар шолпан жұлдызы. Сұрапыл соғыс жылдары балалық шағын ұрлаған ақын туған елі-жерін, Отанын жан-жүрегімен сүйді, ұлтымыздың тілін, дінін, бар жақсылығын құрметтеді. Елдігіміз бен Ерлік қасиеттерімізді ту етті. Жүрегінен жазылған жауһар жырларын көзін ашқаннан көрген жылы мекеніне, сүйікті Отанына, халқына арнады. Биыл Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығына ақынның 90 жылдығының тұспа-түс келуі әбден жарасып тұр. Ұлтын, Отанын сүйген бірден-бір адам болса, Мұқағалидай болсын!

Қазақстан!

Пай, пай, пай!

Ардағым-ай!

Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.

Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,

Өлмейтін махаббатым, арманым-ай! - деп жырлаған ақынның осы бір шумақ өлең жолдарынан-ақ туған Отанына, елі-жеріне деген жүрегінің үліпілін естігендей боласың. Өлмес махаббатын шынай түсінесің. Ұлтымыздың бірегей ұлын, дара перзентін аялаған, құрметтеген, ел көшін бастаған азаматтардан айналайық! Өз алдына қайта қалпына келген Райымбек ауданына осыдан бір жыл бұрын арнайы ат басын бұрып, жаңадан салынып, пайдалануға берілген әкімшілік ғимарттар мен тұрғын үйлердің салтанатты ашылуына қатысқан облысымыздың әкімі Амандық Ғаббасұлы: «Келесі жылдың жөні бөлек. Тәуелсіздігімізге 30 жыл, Мұқағалидың туғанына 90 жыл толады. Аяулы ақынынымыздың тойына осы бастан дайындық жасау керек. Осынау қайта түлеген Нарынқол ауылының орталығынан бір еңселі ескерткіш тұрғызғанымыз жөн»,-деп Нұржан Құдайбергенов бастаған өңір басшыларына құлаққағыс жасап кеткен еді. Бәрекелді! Сол шындыққа айналды.

ӘСЕРЛІ ФИЛЬМ

Алтын да жарқын, жайдары қоңыр күздің тамаша реңіне боялған Қарасаз ауылына, Қарасу мен Елшенбүйректің, Шәлкөденің аумағына өзгеше көңіл-күй ауанымен алыс-жақын шетелден, республиканың түкпір-түкпірінен ат арылтып әдейі келген қадірменді қонақтарды, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін ақынның жерлестері қуана, ыстық ықыластарымен қарсы алды. Ақын-жазушылар Мұқағалидың бюстіне гүл шоқтарын қойып, оның жанындағы әдеби-мемориалдық музейін аралады. Қарасаз ауылында жұлдыздар жамыраған шақта мәдениет үйінде Мұқағалидың 90 жылдығына арналып шығарылған «Қарасаз көшелері атты әдеби-танымдық деректі фильмнің тұсауы кесілді.

Фильмді көріп отырып тамаша сезімде, ыстық әсерде болдық. Қастерлі Қарасаздың бүгінгі тыныс-тіршілігі, ауыл тұрғындарының өмірі еш қоспасыз, боямасыз қаз-қалпында көз алдымызға келді. Мұқағалидың табаны талай тиген анау Қарасуға, Елшенбүйреккке тебіренбей қарау мүмкін емес. Қарасаз өңіріндегі әйгілі Шәлкөде, Есекартқан, Айғайтас, Шәкрамбал, Тұзкөл секілді қарағайлары сап түзеп, орман-тоғайы көзді тартқан, ақ бұлақтары сыңғыр қаққан сұлу мекен тағы бір көз алдымызға келіп, осындай атамекеніміздің барына жанымыз жұбанып, қуанып отырғандай ғажайып күй кештік. Анау Қарасуға шомылып жүрген Қарасаздың қара домалақтарының бәрі Мұқағалидың жырын жатқа айтады. Бірінен-бірі қалыспай ақын өлеңдерін әуелетіп әкететініне қуана қарайсың. Адам жанына тек қана ізгілікті ұялатып, рухани нәр беретін, болашаққа бет алған Мұқағалидың өлмес жырлары ауыл балапандарының өресін өсіріп, қиялын қанаттандыра беретініне бек сенесің. Қарасаздың көшесінен, шабындық төсінен, жайлаудың құшағынан кездескен кез-келген жерлестері ақын жайлы жақсы сөзінің соңын ақын жырымен түйіндеп жататынын айтасаңызшы?! Қалай десек те, Мұқағалидың туған ауылы туралы 90 жылдығына тамаша тарту болған «Қарасаз көшелері» атты әдеби-танымдық, деректі фильмді дүниеге әкелген азаматтарға авторы, продюсері Сержан Молдасанұлына, режиссері Жандос Еспенбетовке, композиторы Ермек Елгезекке және Қарасаздықтармен жүздескен, фильмге арқау болған Еркебұлан Дайыровқа, Олжас Сыдықбекке, Сафуан Шаймерденовке, Тілеулес Құрманғалиевке алғыстан басқа айтар жоқ. 90 жылдыққа арналған әсерлі туында жанымызды баурады. Ақын туралы түсінік-танымымызды одан әрі кеңейте түскендей болды. Туған атамекенімізге деген сезімімімізді одан сайын алаулатып, махаббатымызды маздата түскендей күйге түстік.

Рас, ақынның биылғы 90 жылдығына бір Алламыздың қалауы шығар, тұспа-тұс келген дүние жетерлік. Мұқағали көзі тірісінде диктор болып еңбек еткен Қазақ Радиосының алғашқы хабарын тарата бастағанына 100 жыл толды. 90 жылдыққа арналған фильмнің тұсаукесері Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, Мұқағалидың 90 жылдығына және Қазақ Радиосының 100 жылдығына орай қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақ Радиосы бірлесіп ұйымдастырған «Еркін елдің ертеңі" атты республикалық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттауға ұласты. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен Қазақ Радиосының Алматы қаласындағы бөлімшесінің басшысы, ақын Бақыт Жағыпарұлы жас ақындарға сый-құрмет көрсетті. Мүшәйраның қортындысымен Тараз қаласынан қатысқан Жұматай Көксубай 1 орынды иеленді. Маржан Ілімхан мен Құндыз Тасқынбек 2 орыннан көрінді. Арман Қайыпұлы, Назгүл Алаудин, Әли Бекмұханбет, Нұркен Құмарбек 3 орынға ие болып, жеңімпаздардың барлығына қаржылай сыйлықтар берілді. Сүйінбай атындағы облыстық филормонияның әншілері, өнерпаздары сахна төсін әсем сазға бөлеген тұста жеңімпаз жас ақындар да туындыларын шарықтатып, жүректерді баурап жатты.

АЛАШ АҚИЫҒЫ

...Айналайын!

Атамекен, Ақ мекен!

Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!

Туған өлке тәтті екен ғой,

Тәтті екен! - деп Мұқағали жырына қосқан қастерлі де қасиетті Қарасазды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Қазақтың аяулы ұлы ақынын топырағында жаратқан Қарасаз Мұқағалидың мерейлі тойлары тұсында әрдайым бір толқып, бір толғанып, жадырап, жайнап, жаңғырып жатады.  Хантәңірі шыңындай асқақтай түскен ақиық ақын ұлының арқасында жыл сайын көркіне көрік қосып, гүлденіп, түрленіп келеді. Қарасазда жаратылған балапандардың барлығының ақын жырымен үндесіп, тілдесіп өсіп-өніп, ер жетіп келе жатқаны сүйініш. Ақын ауылынан Мұқағалидың жырын жатқа айтпайтын бірде-бір қара домалақты кездестіре алмайсың.

Қасиетті жұма күні жақында ғана Мұқағалидың жақын бауыры, өлең мен өнердегі айнымас серігі болған көрнекті ақын Еркін Ібітановтың есімі берілген ауылдағы мәдениет үйінде Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Алаш жырының ақиығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы жұмысын бастады. Рас, өмір мен өнерде еркін күн кешкен Еркіндей ақын ағамыздың мәдениет үйіне есімінің берілуі Мұқағалидың 90 жылдығына тұспа-тұс келгенін шын мәнінде жарасымды, айта жүрер ізгі дүние болды. Кештің тізгінін қолына алған ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ақын тойына келген қадірменді қонақтармен таныстырып, алғашқы сөз кезегін белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иесі, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке берді.

- Құрметті қаламгер қауым! Қасиетті Қарасаздың елі-жұрты! Бүгінгі күн ерекше есімізде қалар тарихи күндердің бірі. Мұқағали – мәңгілік ғұмыр! ХХ ғасырдағы классик ақын! Халық ақыны, ұлтымыздың мақтанышы! Тұла-бойына ғажайып дарын, асқақ талант, сарқылмас қабілет-қарым дарыған ақын. Көзінің тірісінде қазақтың қарапайым қара өлеңін жауһар жыр маржандарымен толықтырып кетті. Адалдық пен арамдықтың, жақсылық пен жамандықтың, әділдік пен жалғандықтың, ақ пен қараның ара жігін ашып көрсететін жауһар жырларымен ел жүрегінен ыстық орын алды, Хантәңіріндей биігіне көтерілді. Сол өлмейтін өлеңдерімен Мәңгілік ғұмыры жалғасып жатыр. Бүгінгі басқосу, ертең жалғасатын жақсылықтар соның жарқын көрінісі, - деді Ұлықбек Есдәулет.

Жазушылар Одағының атынан орайлы сәтте Мұқағалидың ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүлге, қыздары Алмагүл мен Шолпанға лайықты сый-құрметін көрсетті. «Өзі мен көзіндей ұрпақтары аман болсын!» - деген жылы ниетін білдірді.

Ақын аманаты

Бозғылт таңда боз күрең кісінеді,
Ақын жанын кім бойлап, түсінеді?
Өз Музасын қастерлеп, жалау еткен,
Қайран әкем, сонда еске түсіп еді.

Ол шуақтың ақыны – жылын оған,
Жаурағанды жылытып, жырға ораған.
Сәби жүрек жұбатып үлкендерді,
Таласа да тірсекті бозқараған.

Өмір саған берілген жарық сәуле,
Қасиетін білдің бе, тірі пенде?!
Сол нұрды қастерлеген шуақ-ақын,
Қастерлей біл, замандас, оны сен де.

Бозғылт таңда боз күрең кісінейді,
Бозала бұлт зеңгірді шалсын мейлі.
Ақынның аманаты – нұрлы жырмен,
Шуақ кіріп бойыңа, түн кірмейді.

Жұлдыз МҰҚАҒАЛИҰЛЫ

Келелі басқосуда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, республикалық «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын Батық Мәжитұлы «Азаттықты аңсаған ақын» атты айтары анық, қозғары терең, берері кенен баяндамасын жасады. «Бұлай дегенде, әсірелеп отырғанымыз жоқ. Бәрі  ақын жырында сайрап тұр. Мысалы, балалар жаттаған «Үш бақытым» өлеңін қайталап оқыңызшы. Ақын қазаққа керек үш бақытты  бөліп қарастырған. Неге олай? Себебі, осынау үш қажеттілік түгел болса, ел атанудың заңдылығы толық сақталады.

Ошақтың үш бұты секілді киелі тұғырдың біреуін құлатсақ, аманатқа қиянат жасағанымыз. Жеңіс туын қолдан бергеніміз, қор болғанымыз. Егемендік үшін күрес биік талғамнан, ақ-қараны ажырататын  танымнан басталады. Ұлттық мұрат – әр қазақтың келешегі. Ақын өз оқырманын осыған тәрбиеледі. Уәдеден таймауға, қиындықтан қашпауға шақырды. Асыл жырдың астарына үңілсеңіз,  асқақ ойлар арқаңызды қоздырады.

Ақын үш құндылықты негіз еткен қарапайым теорияны алдымызға тартты. Бірінші бақытың – халқың, екінші бақытың – тілің,  үшінші бақытың – Отан  деді! Осылардың біреуін тәрк етсең, бақыт құсы  басыңнан ұшады. Егер халқың көбейіп, тілің құрыса, өскеннен, өркендегеннен не пайда?!  Бұл – тірі жүріп жоғалғанмен бірдей.  Ал, тіл мен халық түгенделіп, Отансыздыққа ұрынсаң,  құлдықтың қамытын кигенің! Үш күн бірдей күлімдеп нұрын төксе –  азат  өмір сүргенің! Сонау 70-ші жылдардың аясында ақиық ақын көкейімізге азаттықтың ұрығын септі. Сондықтан Мұқағали Мақатаевты күрескер емес деуге  аузымыз  бармайтын шығар?!»,-дейді Батық ағамыз баяндамасында Мұқағали арқылы қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді алға тартып.

Конференцияда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттар жөніндегі  басқарманың басшысы Мәрлен Көлбаев  сөз алып, ақынның 90 жылдығы аясында биыл жылдың басынан қолға алынып, жалғасын тапқан жақсы істерді тілге тиек етті. Жақында ғана мәресіне жеткен халықаралық кәсіпқой суретшілердің пленэрін алға тартты. Жалпы, 90 жылдық аясында атқарылатын қыруар жұмыстарға бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырылып, жұмыс жүргізілгенін атап айтты.

Мұқағалидың 90 жылдығына алыс-жақыннан қадірменді қонақтар қатысты. Атап айтқанда, «ТҮРІКСОЙДАҒЫ» Қырғызстан Республикасының арнаулы өкілі, белгілі ақын, аудармашы Қожагелді Күлтегін мен Мұқағали жырларын түрік тіліне аударған, Түркиядан арнайы келген Кенан Чарбога, Қырғызстан Ұлттық Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Керімбек Қадырақунов сөз алып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Осынау мерейлі тойға Елордамыздан арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы, журналист Нұртөре Жүсіп ыстық лебізімен бірге ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ел-жұртқа арнаған сәлемін жеткізіп, құттықтауын оқып берді. Қазақтың ақын қыздарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иесі Қанымбүбі Есенғараева Мұқағали туралы ойларын ортаға салып, аяулы ақын ағасына мұңын шаққан арнау жырын төгілтті. Ұлы ақынды дүниеге әкелген Қарасаз топырағына, халқына әрдайым басын иіп, құрметтейтінін жеткізді.

Келелі басқосуда белгілі әдебиеттанушы, сыншы, Мұқағали атындағы сыйлықтың иесі Амангелді Кеңшілікұлы ақын туралы «Құбылыс» атты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақов «Ұлылар үндестігі» атты, филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиев «Мұқағалидың тіл шеберлігі» атты қысқаша баяндамаларын көп назарына ұсынды. Қазақстан Республикасы Ұлтық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы «Мұқағали тілі сөздігі» атты тақырыпта тамаша ойларын ортаға салды. Айтулы ғалым Байынқол Қалиұлы жауапты редактор болған, Шерубайдың өзі атсалысқан «Мұқағали тілі сөздігі» атты еңбек 2015 жылдан қолға алыныпты. 2019 жылы жарық көрді. 111 баспа табақтық, 1064 беттен тұратын сөздік 39836 тілдік бірлікті құрайды. Жалпы, Мұқағалидың 2013 жылы «Жалын» баспасынан шыққан көп томдық шығармаларының толық жинағында 1064 өлең, 81 аударма, 14 поэма, 1 дастан, 4 әңгіме, 2 новелла бар. Рас, ақынның 90 жылдығының қарсаңында жарық көрген «Мұқағали тілі сөздігі» ақынды танып-білгісі келетіндерге көптен-көп көмек беретін аса құнды дүние, үлкен еңбек. Бұл үшін осы мақсатта үлкен еңбек еткен ғалымдарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы "Мұқағали поэзиясындағы адам концепциясы" атты тақырып төңерегінде ой толғады. «Біз Мұқағалиды ұлттың ақыны, рухтың ақыны деп жүрміз. Енді адамзаттың ақыны деп атасақ ұтылмаймыз», - деді сөзін түйіндеп.

- Мұқағали – Абай мен Мағжаннан кейінгі ұлы ақын. Көзінің тірісінде елі-жерін жанындай жақсы көрді. Халқының амандығын, жақсылығын тіледі. Еркіндікті аңсады. Ақиқаттты айтатын тура мінезді ақын болды. Жаман әдет, әрекеттерге қарсы тұрды. Қазақтың поэзиясын шырқау биігіне көтерді. Мұқағалиды барлық тілде сөйлетуіміз керек. «Мұқағали» журналы – құнды журнал. Әр үйдің төрінде тұрса артық етпейді. Ақынға Елордамыздан, басқа қалалардан ескерткіш тұрғызу керек. Кеген ауданына Мұқағалидың атын беру туралы мәселе жабық күйінде қалмауын қалаймыз,-деді белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаев.

Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, кезінде Мұқағалимен бірге диктор болып жұмыс істеген Бақытжан Атагелдиев сөз алып, игі тілек-ниеттерін білдірді. Ержан Алаштуған атты айтулы, арқалы ақын Мұқағалиға арнаған «Жол соңына жолдаулар» атты поэма-эпистоласынан үзінді оқыды.

Ақынның 90 жылдығы қарсаңында Райымбек ауданы мен республикалық «Мұқағали» журналы бірлесе отырып, «Білгің келсе, алдымен зертте мені» деген атпен ғылыми-танымдық мақалалар үшін бәйге жариялаған болатын. Осы бәйгені ұйымдастыру алқасының төрағасы, «Балдырған" журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов бәйге жеңімпаздарын жария етті. Бас бәйге – 1 миллион теңге «Құбылыс» атты мақаласы үшін Амангелді Мырзабекке берілді. Бірінші бәйге – 700 мың теңгеге «Ұлылар үндестігі» атты мақаласы үшін Сәмен Құлбарақ ие болды. Жалпы, Дүкен Мәсімхан, Жанат Әскербекқызы, Бекен Ыбырайымов бәйгелі болды. Ынталандыру сыйлығы Ермек Зәңгіровке, Мақұлбек Малдарбековке, Бағашар Тұрсынбайұлына тапсырылды. «Алжан-Шажа» қоғамдық қоры тағайындаған 200 мың теңгелік арнайы жүлде Нұрлан Сәрсенбайға берілді. Конференцияның соңында «Мұқағали» қорының төрайымы Бақытгүл Айдарова ақынды зертеу, танып-білу, құрметтеу тұрғысында елеулі еңбегін сіңіріп жүрген Байынқол Қалиұлы, Жақыпжан Нұрғожаев, Светқали Нұржан бар бір топ қаламгерлерге қор атынан естелік төсбелгілер тапсырды. 90 жылдықты ұйымдастырған облыс әкімдігіне, Райымбек ауданының азаматтарына ақын әулеті атынан алғысын айтты.

ЕСКЕРТКІШ  БОЛЫП ОРАЛДЫ

Иә, Мұқағалидың 90 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге облысымыздың әкімі Амандық Баталовтың өзі назарын аударды. Осы мақсатта облыста жұмыс тобы құрылды. Мерейлі жыл ауқымында ақынның ауылы Қарасаз, іргелес Сарыжаз ауылы, аудан орталығы Нарынқол ауылы лайықты абаттандырылды. Қарасаз ауылына дейінгі жол жасалды. Ақынның әдеби-мемориалдық музейіне, А.А. Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназияға, мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл-ел бесігі» атты мемлекеттік бағдарлама аясында Қарасаз ауылындағы ауыз су жүйелері қайта жаңғыртылуда. Қарасаз ауылындағы өнер мектебі үшін жаңадан ғимарат салу мәселесі де қолға алынған. Той қарсаңында Райымбектей батыр бабамыздың ескерткішінің айналасы жаңғыртылды, жарықтандырылды. Биылғы жылы көлемі 3 гектарды құрайтын Мұқағали атындағы саябақтың жұмысы да қолға алынған.

Сенбі күні өз алдына қайта қалпына келгеніне 3 жылдан асқан Райымбек ауданының орталығында жаңадан салынған, үш бөлмелік, заманға лайық жабдықталған 50 тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде тапсырылды. Осынау игі шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және облысымыздың әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, тұрғын үйдің кілтін табыстады. Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев ауыл тұрғындарына жүрегінен шыққан ізгі тілек-ниетін жеткізді. Қоныс той қуанышына көп балалы ана Мәдина Жүкеева, ата-анасынан айырылған азамат Берік Тастанов, бір топ құқық саласының қызметкерлері ие болды. Жаңа қоныс иелерінің атынан аудан әкімдігі жалпы бөлімінің бас маманы Беглан Сәкен, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова сөз алып, Райымбек ауданын қалпына келтіруге негіз қалаған Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаевтың атына және облысымыздың әкімі Амандық Ғаббасұлының атына аудан тұрғындары атынан алғыстарын айтты. Мәртебелі қонақтар бұдан соң аудан орталығынан жаңадан салынып, пайдалануға берілген спорттық-сауыықтыру кешенін аралады. Жас спортшыларға ойын доптарын сыйға тартты.

Қазан айының 2 жұлдызындағы тарихи күні аудан орталығынан орнатылған Мұқағалидың еңселі ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Биіктігі 8 метр, қоладан құйылған, тұғыры граниттен тұрғызылған еңселі ескерткіштің айналасы жүздері жайдары қалың көпшілікке толы болды. Сөз орайында ескерткіштің сәулетші А.Рүстембеков пен мүсінші Қ. Кәкімовтың қолынан шыққанын айта кеткен жөн. Жақсы күнгі жан тебірентерлік тарихи оқиғаның аталы да баталы сөзін айтқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Осында келгелі аудан туралы жақсы әңгімелерді естіп, қуанып жатырмын. Туған жерлеріне жастар, өзге де тұрғындар көптеп келіп, тұрақтануда екен. Мұқағали – ұлтымыздың мақтанышы, жырдың асыл қазынасы! Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалуда. Ұлтымыздың біртуар перзентіне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Мерей той құтты болсын!»,-деп сөзін жалғаған мемлекеттік хатшы қалың көпшілікке, қадірменді қонақтарға Қазақстан республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Мұқағали – қалың оқырманының жүрегіне ыстық ұялаған қымбат бейне, аяулы ақынымыз. Ақынның ел мен жерге арналған, адамгершілік асыл қасиеттерге үндейтін гауһар жырлары болашаққа бет алып барады. Ақын жырларының өсіп келе жатқан жас ұрпаққа берер рухани нәрі, тәлімі, тағылымы мол. Ақынның ауылы Қарасазға, аяғы тиген Нарынқол ауылының топырағына үлкен әсермен, толғаныспен келдік. Музейінен алған әсеріміз де бөлек. Жаңа ғана салауатты ұрпақ тәрбиелеуге негіз боларлық спорттық-сауықтыру кешенінін араладық. Ақын жерлестерінің атар таңдарынан көрер жақсылықтары мол болсын!,-деді шынайы көңілімен.

- Қымбатты көпшілік! Мұқағалидай ақиық ұлы ақынымыздың 90 жылдығының лайықты түрді өткізіліп жатқанына қуанамыз. Осынау тойға Елордамыздан арнайы келіп Мемлекеттік хатшының, мәдениет және спорт министрінің ортақтасып жатқаны да үлкен оқиға. Аудан қайта қалпына келгелі екі мыңға тарта жастар, бес жүздей отбасы атамекендеріне оралды. Жаңа тұрғын үйлер, құрылыс нысандары бой көтеріп, ауылдың ажары ашылды. Мұқағалидай ақыны бар ел бақытты. Ақынның рухы баршамызды қолдап жүрсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмырлы болсын!,-деді облысымыздың әкімі Амандық Баталов.

Салтанатты сәтте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса, Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев сөз алып, ақын рухына бағытталған жүрекжарды арнау өлеңдерін оқыды. Сөйтіп, ақын 90 жылдығында туған атамекеніне ескерткіш болып оралды. Мұқағалиға деген пейілі бөлек қара ормандай халқының қуанышында шек болмады. Біз Мұқағалидың 90 жылдығын лайықты өткізуге барынша қолдау көрсеткен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына, тойды әсем әнмен ажарлап, күймен көмкеріп, бимен айшықтаған Марлен Көлбаев бастаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттар жөніндегі басқарманың ұжымына және 90 жылдықтың бар ауыртпалығын көтеріп алған Нұржан Құдайбергенов бастаған Райымбек ауданының азаматтарына, барша ел-жұртына айтар алғыс шетсіз де шексіз!

ТҮЙІН

Мұқағалидай аяулы, ұлы ақынымыздың 90 жылдығы тұсында ақынның ел мен жерге деген ыстық пейіліндей, көптен күткен жаңбыр жауды. Ақын көңілінің ақтығындай, жанының, тілек-ниетінің пәктігіндей, туалы өлкеге алғашқы қар түсті. Ақын туған өлке ақ қарға оранды. Осының бәрін дүйім жұрт жақсылыққа жорыды. Мерей той тұсында Елордадан сүйіншілеген жақсы хабар жетті. Нұр-Сұлтан қаласындағы №74 мектеп-гимназиясына Мұқағалидың есімі беріліпті. Үлкен қуаныш, ерен жақсылық. Мұқағалидың өзі «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да» деп болжап кеткеніндей, ұлы ақын болашаққа, Мәңгілікке бет алып барады. Жақсылықта, амандықта, жақсы күндерде жолыққанша, жырсүйер ағайын!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы