ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ 88 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАН

Уақыты: 08.10.2021
Оқылды: 2351
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректор Қуат Баймырзаев онлайн форматта есеп берді. Аймақтық, көпсалалы университет басшысы 2020-21 оқу жылында атқарылған жұмыстарға тоқталып, нақты шараларды атап берді.

Педагогика және психология, жаратылыстану, гуманитарлық, экономика және құқық, дене шынықтыру мен өнер, техникалық және қашықтан оқыту атты 7 факультеті бар оқу орны бакалавр, магистр, философия докторы мамандарын дайындайды. Университетте биотехнология мәселелерін зерттейтін ғылыми-зерттеу институты, Стартап академия, «Рухани жаңғыру» және «Ілиястану» орталықтары, ІТ-лабораториялар бар.

Қуат Маратұлы университет жұмысын Білім беру қызметі, Ғылыми-зерттеу қызметі, Тәрбие ісі, Материалдық-техникалық база, Қаржылық қызмет, Университеттің алқалық басқару жүйесін дамыту қызметтері бойынша жеке-жеке баяндады.

Оның айтуынша, өткен оқу жылында университетте 5443 адам білім алды, оның 5144-і студент, 227-і магистрант, 75-і докторант. Мемлекеттік грантта – 594  студент, 114 магистрант және 63 докторант оқыды. Әскери кафедрадағы 280 студенттің 168-і грант негізінде білім алса, кафедраны 137 адам тәмамдап, оның 95-і грант бойынша оқыды. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 27 студент Еуропа, Ресей, Түркия, Қырғызстанның жоғары оқу орындарында білім алды. Ішкі академиялық алмасу бойынша 14 студент қазақстандық жетекші жоғары оқу орындарында оқыған.

2021 жылдың түлектері бакалавриат бойынша 88%, магистратура бойынша 93%, докторантура бойынша 100 пайыз жұмысқа орналасты.

Оқу орнында атқарылған өзге де жұмыстар жайында мәлімет таратқан ректор есеп соңында 2021 жылғы 1 қырқүйектен бастап оқытушылардың жалақысы айтарлықтай өскенін, оның ішінде профессордың - 62%-ға (315 мыңнан 449 мыңға дейін), қауымдастырылған профессордың - 35%-ға (241 мыңнан 309 мыңға дейін), ғылыми дәрежесі бар оқытушы-дәріскердің - 42%-ға (211 мыңнан 279 мыңға дейін), оқытушы-дәріскердің - 42%-ға (162 мыңнан 230 мыңға дейін) және оқытушы-ассистенттің - 33%-ға (150 мыңңан 200 мыңға дейін) көбейгенін айтты.

Басшы таратқан мәліметте, Университет Жарғысына сәйкес университеттің басқару органы – Директорлар кеңесі, атқарушы орган – Басқарма, ал алқалы орган – Ғылыми кеңес болып жұмыс істейтіні, Жетісу университеті көпсалалы университеттердің ұлттық  рейтингісінде (НАОКО-2021) 7 орынды иеленгені айтылды.

Жетісу университетінің медиаорталығы