АНАДОЛЫДАҒЫ АЙШЫҚТЫ КҮНДЕР. ТҮРІКТЕРДІҢ ҚАЗАҚҚА ДЕГЕН ҚҰРМЕТІ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 16.10.2021
Оқылды: 1368
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түркия әуежайы. Ұшақтан түсіп, әуежай есігінен кіре салысымен коронавирусқа қайтадан сынама жасады. Бәрімізде вакцина және ПТР нәтижесі болса да қауіпсіздік шарасын қолданып жатыр. Хош делік. Жүк алатын залды бетке алдым. Бірге келе жатқандықтан қасымдағы орыс жігітімен тез тіл табысып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, бірлесіп жүріп жүгімізді алдық. Ол: «Сізде қорқыныш жоқ. Жетер жеріңізге жеттіңіз. Мен ары қарай Ресейге ұшамын. Ұшақтан қалып қалмауын ойлауым керек», – деп сәл қорқыныш барын байқатты. Басында өз елімде жүргендей еркін келе жатыр едім. Шығатын есікті іздегенде тіл білмейтіндігімнен бірінші рет бетім қағылды. Алдымнан шыққан әуежай қызметкерінен есік қайда екендігін сұрап едім, түсінбейтіндігін байқатты. Қолданысымдағы екінші тіл – орыс тілінде сұрап едім ол аздап түсін бұзып, түрікше айт дегенді түсіндірді. Сонда ғана бұл елге түрік тілінен басқаның «жүрмейтінін» байқадым.

Ұшақпен бірге ұшып келген қырғыз қызы шығатын есікті «шигиш» деп айтасыз деген. Қарасам, дәл алдымда латын қарпімен shigish деген жазу тұр екен. Өзімнің қаперсіздігіме тағы налыдым. Қызым Жансая Анкарадағы Қажы Байрам вели университетіне түскелі түрік тілін меңгеріп, түрік тілін үйрететін курс ашып, жүргізгеніне біраз уақыт болған. Сонда зер салып, ең керекті сөздерді үйреніп алғанда ғой деп өзімді-өзім сөгіп келемін. Сыртқа шыққанда келушілерді күтіп тұрған топқа тап болдым. Ешкім арнайы сызылған сызықтан өтпейді. Қолдарындағы қағазда кімді күтіп тұрғаны жазылыпты.

Мен тағы тосылдым. Көптің арасында қызым көрінбейді. Сол жақтың салтымен киінген келіншек менің күтіп алуы тиіс адамды таппай тұрғанымды байқап, жақындап келіп, танысыңыздың түрік еліне тән телефон номері бар ма деп сұрады да, бірден қызыммен тілдесуге көмектесті. Осылайша жүрегімді жарып шыққан перзентімді тауып, екеуміз  жалдап қойған қонақүйге келдік.

Бір қызығы, оларда жол жүру ережесін ешкім сақтай қоймайды екен. Бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрса да жаяу жүргіншілер жүгіріп өте береді. Бірақ қағысып-соғысып жатқан ешкім жоқ. Шопырлар да тежегішті баса қалуға дағдыланған сияқты. Қонақүйде көп бөгелмей теңізге бет алдық. Елде жүргенде де суқұмар едім. Ал көгілдір экраннан тамашалаған Мәрмәр теңізі мені бірден өзіне ынтықтырды. Айлаққа жақын жердегі дүңгіршектен смит (түрік наны) сатып алдық. Бұл тағам барлық жерде сатылады. Арзан әрі тойымды. Бағасы 1,5-2 лира (100-140 теңге шамасы). Кемеге мінісімен көп күттірмей орнынан қозғалды.

Сұлулық деп осыны айт. Теңіз – көкпеңбек. Артында қалған жолы ақ көбіктеніп, қақ айырылып келеді. Шағалалар ұшып-қонып бізге жол көрсететіндей. Теңіздің мұндай әдемі көрінісін бұрын-соңды тамашаламаппын. Су ойды тазартады деген рас-ау. Санам жеңілдеп сала берді. Қызым мен демалатын жерлердің жоспарын құрып қойған екен. Бірден Мәрмәр теңізімен шектескен Үлкен аралға бет түзедік. Жол бойы байқағаным тау-жоталардың барлығына байрақтарын орнатқан. Кемелердің жақтауында түріктің қызыл жалауы ілулі тұр.

Бұл – байрақтарына деген құрмет. Қай елде жүргеніңді желбіреген қызыл жалауы арқылы еске салады. Байрақтың танымалдығын арттырудың бір тәсілі сияқты. Үлкен аралға жеттік. Айлақтың жан-жағы түгел тамақтану орны. Дәмхана көрсем қызыма тамақ ішіп алайықшы деп қиғылықты саламын. Түркиядан қайтқанша екеуміздің орнымыз ауысып кетті. Ол – шеше, мен баласы сияқтымын. Тіл білмегендіктен қызыма тәуелдімін. Қызым бұл жерде тамақ ішетін жердің көп екенін айтса да, соңымда қалып бара жатқан мейрамхана, кафелерге қимастықпен қараймын. Шынымен де, шеті-шегі жоқ мейрамханалар. Бірі – заманауи, екіншісі – тапшанмен, үшіншісі – тербетілетін орындықтармен жабдықталған. Теңізге жақын жердегі тамақтану орнын таңдадық. Асқазанымның сұрауы бойынша еті бар тамақ таңдадым. Байқаймын, таза еттен жасалған ас қымбаттау келеді екен. Бірінші жолы 10 мың теңгені бергеннен кейін етсіз тамақ ішуге бекіндім.

Аралдың ішінде автокөлік жүрмейді. Тек электрмен қозғалатын шағын көліктер. Велосипед мінгендер көп. Үйлері бірінен-бірі өткен әдемі. Биік, зәулім. Түркияның өмір сүру салтымен таныс болғандықтан балам көп сырдың бетін ашады. Аралдың жоғары, тау жағында тұратындар баспаналарына, демалыс орындарына тікұшақпен келеді екен. Әр үйдің ауласында шай ішетін үстел қойылған. Тып-тыныш. Жанға жайлы орын. Барлық үй мен аула, балкон гүлмен көмкерілген.

Тағы бір қызығы, Түркияда мысық қадірлі көрінді. Үй, дәмхана, дүкенде қалаған жерінде жүреді. Үстелдерінің үстінде пырылдап жатқаны. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген, көшеде ит толып жүр. Адамның көптігіне үйреніп алғандары сондай, жолдың шетінде ұйықтап жата береді. Құлақтарына сырға салынған. Яғни, әр ит есепке алынған.

Түркия мемлекетінің астанасы Анкарадағы ең үлкен даңғылдың бірі Қазақстан деп аталады. Қалада қазақтың ұлыларына көше аттары беріліп, есімдері ұлықталуда. Жақында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің бастамасымен және халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай естелік тақтайша орнатылды. Енді анкаралықтар тақтайшадағы QR белгісі арқылы атамыз жайында мағлұмат ала алады.

***

Түркия астанасының Гёльбашы ауданында Абай атындағы даңғыл бар. Онда ұлы ақынның ескерткіші орнатылған. Анкара қаласында қазақтың күйші-композиторы, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі Тәттімбет Қазанғапұлы атында саябақ бар. Қаланың ең үлкен саналатын Кечиорен ауданында сөздің пірі атанған Сүйінбай ақынның бюсті орнатылған. Анадолыда ақын-жазушыларымыздың ұлықталуы Қазақстан мен Түркия арасындағы рухани достықтың нығая түскендігінің белгісі.

***

Ататүрік атындағы саябақта балалар алаңқайлары ашылған. Ертегі әлемі бүлдіршіндерді қызықтыратын ат, пойыз, ұшақтармен жабдықталған. Алаңқайдың ортасындағы ағашта күндіз-түні түрікше ертегі айтылып тұрады. Балалар ана тіліндегі аңыз-әңгімелерді тыңдап, салт-дәстүрлерін бойына сіңіріп ойнайды, ойлайды. 

Аралда кеш батты. Көше бойындағы дәмханаларда әдемі әуен ойнайды. Барлығы жанды дауыста. Демалыс орны болғандықтан ба, көңілсіз жүрген адам көрмейсіз. Әлде өмірлері жайлы ма екен деген ой келді. Қызмет көрсету орындары жаныңа керектігін өздері сезіп тұрады. Барлығы уақытпен. Кешігу, келмей қалу, істемей қалу деген атымен жоқ.

Екінші күні түріктердің дәстүрлі таңғы асымен оразамызды аштық. Оған міндетті түрде нан, зәйтүн майы, жұмыртқа, көкөніс, бал, түрлі тосап, шұжық кіреді. Шұжықты қуырып және қайнатып пісіріп, әкеледі. Жұмыртқаны қалай пісір десеңіз солай дайындайды. Нанды сол жерде пісіріп, иісін бұрқыратып ұсынады. Тағам мен тосапқа нанды батырып жейді екен.

Шынын айту керек, зәйтүнін жей алмадым. Ащы сияқты ма? Бірақ өздері үшін негізгі тамақ саналады. Түстен кейінгі уақытымызды Босфор бұғазындағы Қыз мұнарасын көруге арнадық. «Анау тұрған Қыз мұнарасы деп аталады. Түрікше – Kız kulesi. Византияның патшасы ұлы Константиннің алақанға салып, үлпілдетіп өсірген қызы болыпты. Патша перзенті десе жанын беруге әзір екен. Бір күні балгер патшаға сүйікті қызы 18 жасқа толғанда қайтыс болатынын айтып, маңдайға жазылғаннан қаша алмайтынын ескертеді. Әке баласын өлімге қисын ба?! Бұғаздағы ескі мұнараны жаңартып, қызын сол жерге апарады. Мықты күзет қояды. Сенімді адамдарына күн-түн қарауылдатады. Өзі әлсін-әлсін барып, перзентінің көңілін аулап, мереке ұйымдастырады. Бойжеткен 18 жасқа толғанда ұлан-асыр той жасайды. Сол кезде сырттан әкелінген жеміс-жидекпен ере келген жылан қызды шағып өлтіріпті. Содан бұл жер Қыз мұнарасы деп аталыпты», – дейді Жансаям түрік елінің тарихынан сыр шертіп.

Босфор бұғазы арқылы кемемен Стамбұлдың екінші жағына өттік. Бұл қалада метро, трамвай, автобус және кеме қатынасы жақсы дамыған. Онда "Стамбұл карт" қолданылады. Стамбұлда мұғалімдер мен студент, оқушыларға жол жүру ақысы едәуір арзан. Түркияда жанармай бағасы біздегіден екі жарым есе қымбат. Сондықтан, мұнда такси қызметі қалтаға ауыр соғады. Көшедегі бағаналарда орналастырылған сары тетікті баса қойсаңыз, қасыңызға такси жетіп келеді. Біздегідей телефон арқылы шақырмайсыз. Түркияда таксист болу біздегі жоғары қызметке орналасумен пара-пар. Таксисттің арнайы нөмірі өте қымбат тұрады. Көлік те, оған салынатын салық та қымбат. Арнайы таксилер ғана адам тасымалдайды. Таксилердегі есептеу құрылғысы айнаға жалғанған. Алдыңғы әйнектің үстінде тұрған айна төлемақыны есептеп, көрсетіп тұрады.

Түріктер Мәрмәр теңізінің бір бөлігінде су астынан метро салған. Метро тоқтаусыз жүріп жатады. Жылдам әрі жайлы. Метро ішінде түрік тілін білмейтіндерге айтарыңды қалай ыммен жеткізуге болатыны жайлы бейнекөрсетілім ұсынылады. «Мармарай» метросының қызметіне тамсана жүріп, Айя-София мешітіне жеттік. Ғимарат біздің дәуіріміздің VI ғасырында салынған. Айя-София мұражайы өткен жылы мешітке айналдырылған. Мешіттің биіктігі — 55.6 м, диаметрі — 31.4 м. Күмбездіктің 40 терезесі бар. Іші жақұт тастармен көмкерілген. Біз де көппен бірге кіріп, мінәжат етіп, тізе бүгіп, ерекше сұлулыққа тамсандық.

Менің бір байқағаным, Стамбұлдағы әр ғимарат адамға күш-қуат сыйлайды. Қалада әуезді азанның дауысы жаныңа қуат береді. Кемемен серуендеудің өзі адам бойын сергітеді. Серпіліп қаласың.

Стамбұлдағы бір тәулігімізді «Топкапы» сарайын көруге арнадық. Қамал өте үлкен аумақты алып жатыр. Сырттан кіргеннен керемет бекініс, әскери күзет болғанын ғимараттары мен зәулім қақпаларынан аңғаруға болады. Қақпадан кіргеннен бау-бақшаға тап боласың. Мұндағы ағаштар бірін-бірі қайталамайды. Сан түрлі. Ғимараттың қақпасына жақын асхана орналасқан. Бір бөлмеде жиырма шақты қазан бар. Оның барлығында тамақ бір мезгілде пісірілген болу керек. Монша, ондағы жуыну орындары, от жағатын жері, пайдаланылған шөміш, шлапшын зерлі темірлерден жасалған. Ыдыс мұражайына кірген адам оңайлықпен шыға алмайды. Бәрі қолөнер. Көбі күмістен жасалған. Шай, кофе ішетін тостағандардың сан түрі тұр. Келесі бір залға тек қару-жарақ, соғыс киімдері қойылған. Құнды жәдігерлерге жарық та ерекше әдіспен түсірілген. Тіке түсірілген жарық әр жәдігердің ерекшелігін әспеттейді. Сұлтандарға әкелінген сый-сияпат, сол кездегі сағаттар құндылығымен ерекшеленеді. Мұнда хрусталь, күміс және қытай фарфоры мұражайдың құндылығын арттырған.

Сарайдағы алтыннан құйылған патша тағы мен алтын бесік көздің жауын алады. Әйнекпен қоршалғандықтан жәдігерлерді ұстап көру мүмкін емес. Кітапхана, зергерлік  бұйымдар мен киімдердің көрмелері де кірсе шыққысыз. Осман империясының алғашқы әскерлері түріктік сипаттағы қару-жарақ, сауыт-сайманмен жарақтанса, кейінгі кезеңде исламдық сипаттағы киіну, қарулану үлгісіне өткен. Түріктердің патшалар сарайын бар дәулетімен сол қалпында сақтап қалғаны қуантты. Бүгінде жәдігерлер ел экономикасын көтеруге үлес қосып тұр.

Анкарада Ататүрік саябағына бардық. Түркияда Мұстафа Кемал Ататүріктің есімі құрметпен аталады. Дербес елдің құрылуына негіз болған әскери қолбасшы бүгінде ұлт батырына айналған. Оның есімі кейінгі ұрпақтың мәңгі есінде, ал оның стратегиялық жоспары елдің басты бағыты болып табылады. Сондықтан, Түркияның көрнекі жерлеріне Ататүріктің суреттері ілінген. Саябақта Ататүріктің «Түрікпін дегеннен асқан бақыт жоқ!» деген сөзі жазылған ескерткіші қойылыпты.

Тағы бір қуантқан дүние, Ататүріктің қасына қойылған ескерткіш. Кімдікі дейсіз ғой?! Біздің Мағжан ақынның ескерткіші қасқайып тұр. Кеудемді мақтаныш кернеп, Мағжан ақынның суретін аса ілтипатпен сипадым. Қазақ болғаныма қуандым. Мұндағы тақтада Мағжанның бірнеше тілді меңгергендігі, тәуелсіздік үшін күресіп, жанын бергендігі жазылған. Ол қазақ, қырғыз, өзбек ұлттарының барша әлемге танылуына ықпалын тигізгендігі айтылыпты. Қаһарман-ер 10 жылдай түрмеге қамалған. Күрескерлігі үшін 1938 жылы атылған деп жазылған. Түрік ағайындар: «Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» деген өлеңінде түркітілдес елдердің бірлігі жайында сөз еткен», – дей келе:

Алыста ауыр азап шеккен, бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен, бауырым.
Қамаған қалың жаудың ортасында,
Көл қылып көздің жасын төккен, бауырым,
– деген өлең жолдарын түрік тіліне аударған.

Мағжан ескерткішінің жанында ұзақ аялдадым. Елдің алғысын жеткіздім. Өзін мақтан ететінімізді айтып, тас бейнемен үнсіз сырластым. Сенген жастарының елжанды болып өсіп келе жатқанын айттым. Кетерімде ол маған қимастықпен қарап тұрғандай сезіндім. Мүмкін жансыз бейнені өзім қимай тұрғаннан сондай сезімде болған шығармын?! Біраз жүріп, қасындағы субұрқақты тамашалап, саябақтан шығып бара жатқанда Мағжандай Алаш арысының қасында қол сөмкемді ұмытып кеткенімді білдім. Бұл да бекер емес шығар, қайта айналып бардым. Бұл жолы ескерткіш қасында тіптен ұзақ тұрдым. Мауқым басылғанша айналсоқтадым. Амал не, уақыт бізді күтсін бе, тарихы терең, бауырлас елді қимай-қимай, туған жеріме оралатын кез келді.

Қош, Анадолы, қош, бауырлас Түркия халқы! Қайыра кезіккенше!

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы – Стамбұл – Алматы