АЛМАТЫДА ЖАС ҚАЛАМГЕРДІҢ ТЫРНАҚАЛДЫ ТУЫНДЫСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 20.08.2022
Оқылды: 1082
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматыдағы «Kitapal» дүкенінде жас қаламгер Жәмилә Бақтиярқызының «Бәйшешек» атты тырнақалды туындысы таныстырылды. Аталған шарада автор өз шығармаларынан үзінді оқып, көпшілікті терең ойға жетеледі.

Тағдыр Жәмилә қызды қатты сынады. Ол небәрі он жасқа толғанда ауыр дертке шалдыққан. Шыр-пыр болған әке-шешесінің қаратпаған дәрігері қалмады. Тіпті, шетел асып, атақты деген емханаларға да апарды. Бірақ дертке дауа табылмады. Екі жыл бойы ақ халаттылар аурудың себебін анықтай алмай дал болды. Отбасы әбден сансырады. Жас бүлдіршін күннен-күнге әлсіреп, гүлдей солып бара жатты.

Бірақ Жәмилә қыздың рухы сынған жоқ. Ол ауруханада өткізген әр күніне сеніммен қарады. Үмітін үзбеді. Аурудан айығамын деген аппақ арманына селкеу түсірмеді. Соған жетелеген дәрігерлердің, достарының, әке-шеше мен туған-туыстардың мейірімін жан жүрегімен сезді. Ақыры сенім алдамады, бойындағы күрескерлік күш оны тұңғиықтан алып шықты. «Қызыңыз дертінен құлан-таза айықты» деген сөзді естігенде ата-анасы жылап жібергені әлі есінде. Қуаныштың көз жасы деген осы ғой.

«Жәмилә, алдымен, достық пен адалдықтың, сенім мен тазалықтың, жақсылық пен үміттің символына айналған бәйшешек гүлінің пайда болу тарихына тән әдемі аңызды тілге тиек етті. Бұдан кейін кішкентай қарғамыздың он жыл көлемінде басынан өткерген ұйқысыз-күлкісіз, азапты күндеріне дендей бересіз, дендей бересіз. Жалпы, әлем әдебиетінде, оның ішінде қазақ әдебиетінде де өзінің ауыр сырқатынан қалай айыққанын арқау еткен қаламгерлердің еңбектері баршылық. Бірақ солардың бәрі дерлік негізінен ересек адамдар басынан өткен оқиғалар. Ал енді шынашақтай балғынның сырқаттанып, емделіп жүрген шақтың өзінде бозторғайдай шырылдай ақ қағазға түсірген ілкімді ой, салмақты пікірлерін оқығанда, терең толғаныс толқындарымен алысып, бірге қиналып, алғы күндерге бірге талпынасыз. Ботақанның күйіне түсіп, деміңізді ішке тарта шипа тілейсіз. Көз жасыңызды көлдете отырып, соңында аяғынан тік тұрғызған Алланың құдіреті мен ақ желеңді абзал жандарға мың қайтара алғыс айтасыз!»

Әміре ӘРІН,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Ата-анасы демекші, Жәмиләнің әкесі Бақтияр Өнербаев Жетісу жұртшылығына танымал адам. Кезінде Алматы облысы әкімінің орынбасары, одан кейін Текелі қаласының әкімі болды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосты. Осынау жылдары ат үстінде жүрген азаматтың жүрегі қаншама рет қанжылағанын біреу білсе, біреу білмейді.

- Жәмилә кішкентай кезінен өнерге, әдебиетке құмартып өсті. Жадырап, жайнап жүрген бүлдіршінімізді науқасқа шалдығады деп кім ойлаған? Бұл біз үшін ауыр соққы болды. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндерді бастан кешірдік. Сол қиын-қыстау кезеңдерде қызымның бойындағы рухани иммунитетке таңғалдым. Ол бәрін сабырмен қабылдады. Ешкімге көз жасын көрсетпеді. Ауруханада өткізген күндерін күнделік етіп жазып жүргенін білген де жоқпыз. Кейін дертіне дауа табылып, біржолата жазылып шыққан соң, жүректен шыққан жазбаларын кітап етіп шығаруды ойлады. Сол арқылы сөнген үміттердің қайтадан жануына себепкер болуды мақсат етті. Біз оны қуана қолдадық, – дейді Бақтияр Өнербаев.

Жәмиләнің «Бәйшешек» кітабы бір жыл бұрын жарық көрген. Еліміздің бірқатар қалаларында тұсаукесер рәсімі өткен. Бүгін, міне, «Kitapal» дүкенінің өтініші бойынша оқырмандар автормен тағы да қауышып отыр.

Күйші-композиторлар – Ғаламат және Нұрәли Бейсеқожаевтар өнерлерін ортаға салып, кеш шырайын кіргізді. Жәмиләнің оқыған жыр жолдары олардың музыкалық шығармалырымен үндесіп жатты.

Мықты болам, серт етемін, сүрінбеймін,

Бір таңым тұман болып атсын мейлің.

Сен берген жауһар ғұмыр бағалы деп,

Бұл жалғаннан жақсылықты мен іздеймін, – деген өлең жолдары ешкімді де бейжай қалдырмады.

Кеште белгілі қаламгерлер – Бағдат Мүптекеқызы, Болат Батыр жас қаламгерге ақ жол тіледі. Жәмилә келесі кітабын махаббат тақырыбына арнамақшы екен. Жиналғандар қайсар қыздың қаламгерлік қуатына сүйініп, риза болды.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы