ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДА ӨНЕР БАЙҚАУЫ ӨТІП ЖАТЫР - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 23.08.2022
Оқылды: 1168
Бөлім: РУХАНИЯТ

Панфилов аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы Ардагерлер кеңесінің құрылғанына 35 жыл толуына орай, зейнеткерлер арасында «Өнерім – өмірім» деген тақырыпта концерттік байқау өткізуді бастады. Жақында осы өңірлік өнер байқауы Қоңырөлең ауылдық округінде шымылдығын түрді.

Бұл байқауға қоңырөлеңдіктер ерекше ынтамен дайындалғаны Мәдениет үйінің кіреберіс табалдырығынан-ақ білінді. Ауыл ақыны Елтай Қожақов байқауды тамашалауға келгендерді жыр шашумен қарсы алып, көпшілік округ тұрғындарының өнердегі, еңбектегі жетістіктерін паш ететін көрмемен танысты.

Концерт зейнеткерлерден құрылған ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Н.Тілендиевтің «Көш керуен» күйімен басталды. Округке қарасты 3 ауылдағы зейнеткерлерден жасақталған 100-ден астам адамның орындауында Р.Мамытовтың «Қазақстан бақытты», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әндері көрермендердің туған елге, Отанға деген ыстық сезімін әлдилегендей әсер қалдырды. Сонымен қатар байырғы ұстаз Шайзада Бұлтбекова ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, ақын Дауысқожа Жұмабаевтың «Жақсы адамдар» жыры,  «Қазақтай ел қайда?» әнінің әуеніне қойылған Ынталы ауылы әжелер ансамблінің биі, 83 жастағы Бұлқын Стамшалқызының орындауындағы «Жорғатай» әні қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, көрермен көңілінен шықты. Округке қарасты Ынталы, Бөрібай би және Сарытөбе ауылдарының әжелер ансамблінің орындауындағы З.Көпбосынұлының «Немерем» әні концертті қорытындылады. Осы сәттегі бір ерекшелік – ән орындалып біткенде залдан немерелерінің жамырай сахнаға шығып, өз әжелерін құшқаны көрерменнің көңілін толқытты.

Өнер байқауының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ауылдық Мәдениет үйінің директоры Гүлнар Стамбекова, қызметкерлері Әділхан Молдахметов, Бақытжан Оспанов, тағы басқаларға жерлестері дән риза. Концерт соңында ортаға шығып сөз сөйлеген аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай   Керімқұлов қоңырөлеңдіктердің ұйымшылдығына, өнеріне жоғары баға бере тұрып, зейнеткерлер арасында осындай шаралар ұйымдастырудың маңызын, жастар тәрбиесіне, олардың ұлттық дәстүрлерді қадірлеуі мен отансүйгіштік сезімін ұштауға әсерін атап өтті. Қазір өңірдегі басқа округтерде өнер байқауы жалғасуда.

Мырзағали  НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Жетісу облысы