ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚОНАЕВТЫҢ ҚАЙТЫС БОЛҒАН КҮНІНЕ ОРАЙ МИТИНГ ӨТТІ

Уақыты: 22.08.2022
Оқылды: 1483
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Қонаев ескерткішінің алдында Дінмұхамед Қонаевтың қайтыс болған күніне орай митинг өтті. Оған облыстық және Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Димаш аға атындағы қордың төрағасы Кәдіржан Жексенов ұлы тұлғаның өмір жолы мен атқарған қызметі туралы толыққанды баяндап берді.

Ұлы тұлғаның өзгелерден ерекше қасиеті көп. Әсіресе, еңбек жолын шалғай ауылдан бастап, зауыт-кендерде еңбек ете жүріп, қажырлы еңбегінің арқасында 3 мәрте Социалистік Еңбек Ері атануыәрбір жасқа үлгі. Бүгінде ортамызда болмағанымен, оның асқақ рухы жерлестерімізді ұлылыққа ұмтылдырып келеді. Жетісу өңірінің өркендеп-өсуі үшін бар мүмкіндікті жасауға тырысты. Шара аясында зиялы қауым өкілдері осы жайлы да әңгімеледі.

– Димаш Ахметұлы қызметте жүргенде, зейнетке шыққан соң да Жетісу өңірін бір сәт есінен шығарған емес. Өмірден өтер тұсында Жетісу өңірін аралап, Ілияс Жансүгіровтің туған мекенінде қонақ болып, Мұхаметжан Тынышпаев туған ауылға барып, айдынды Алакөлдің сарынына құлағын төсеп жатып қайтыс болды. Біз Димаш ағамызды ешқашан есімізден шығармаймыз, – деді Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт.

Бұл шараға Дінмұхамед Қонаев қайтыс болған кезде жанында болған, топырақ салып, арулап аттандырған ағаларымыз да шақырылыпты. Сол қатарда аудан, облыста лауазымды қызмет атқарған Қуаныш Бекенов көпшілікке Димаш Ахметұлы өмірінің соңғы сәттеріне қатысты тың деректермен бөлісті.

Ілияс ақын «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» дегендей, Жетісу жұрты Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде, қайтыс болған күнінде жыл сайын еске алып, ізігілікті істерін өскелең ұрпаққа насихаттауды естен шығармайды. Ескерткіш басындағы митингтен кейін зиялы қауым өкілдері Ардагерлер үйінің жиынжайында кездесіп, «дөңгелек үстел» басында ұлы тұлғаның кісілік, кішілік, адамгершілік, тағы да басқа қасиеттерін саралап, оны өскелең ұрпаққа жеткізудің жолдарын талқылады.

Қажет АНДАС

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы