ЕЛІМІЗДЕГІ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ БЕТАЛДЫ СЫНАУ ҚАТЕ - ЗАҢГЕР

Уақыты: 30.08.2022
Оқылды: 1105
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бастауы римдік жазба құқық дәстүрі аясында қалыптасқан Конституцияның өзегі – адам құқығын құндылық санайтын мемлекет пен азаматтары арасындағы ортақ келісім. ХХІ ғасырдағы әлемдік конституциялық үрдістің дамуы – адам құқығы, билікті орталықсыздандыру және жергілікті демократия сынды үш бағытта бет алып отыр. Бұл үрдіс тәуелсіз Қазақстан үшін де аса өзекті. Биылғы 5 маусымда өткен республикалық референдум өмірімізге Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар түрінде енді.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 1993 және 1995 жылдары екі рет Конституция қабылданды. Содан бері Конституцияға 6 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 56 бап жан-жақты жетілдірілді. Биыл өткен ре спубликалық референдумда ел дамуына қажетті конституциялық реформаны қабылдадық.

Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата, Сенаттың заң шығару процесінен ішінара шеттетілуі, қоғамда абыройбеделі бар азаматтардың өзін-өзі ұсыну арқылы Парламент Мәжілісі мен Мәслихаттарда депутат болу мүмкіндігі, өлім жазасының басыбүтін алынып тасталуы, Президенттің тек облыс деңгейінде, онда да шектелген форматта ғана ықпалының қалуы – тұтастай алғанда жағымды өзгерістер екені анық.

Жыл соңына дейін 2 конституциялық, 20-дан астам жай заңды қабылдау жоспары тұр. Заңдық техника тұрғысынан алатын болсақ, әлемдегі 200-ден астам Конституцияның бірде-бірі мінсіз емес. Сол себепті замана көшіне орай өзгерістер мен түзетулерге ұшырап жатады. Бұл, әсіресе, континенталды-құқықтық отбасыға жататын елдердің құқықтық жүйелеріне айрықша тән.

Еліміздің құқықтық жүйесі континенталды-құқықтық дәстүрге, соның ішінде, романдық бағытына жатады. Сондықтан дәстүрі басқа англо-саксондық құқықтық отбасыға енетін АҚШ Конституциясын желеу етіп, елімізде жүріп жатқан конституциялық реформаларды беталды сынау мен айыптау қате. Англо-саксондық дәстүрде құқықтық өмірге қажетті нормалар, негізінен, сот практикасы арқылы анықталатындықтан заңдарды шығаруға, оларды жиі өзгертуге асықпайды. Яғни, табиғатымызға бөтен дүниелерді тықпалау жөн емес. Осындай екі түрлі мәселені «бір қазанға салу», өкінішке қарай, құқықтық нигилизмді өршітіп, негізгі заңның құндылығын кемітуде.

Жыл сайын Конституция күніне орай әлеуметтік желілерде «Ата Заңымызға 1100 рет өзгерістер мен толықтырулдар енді» дейтін жалған ақпарат тарап жатады. Шын мәнінде қолданыстағы Конституция бас-аяғы 6 рет қана өзгерістер мен толықтырулар көрді.

Атап айтар болсақ, 7 қазан 1998 жылы – 19 бапқа, 21 мамыр 2007 жылы – 40 бапқа, 2 ақпан 2011 жылы – 1 бапқа, 10 наурыз 2017 жылы – 25 бапқа, 23 наурыз 2019 жылы – 1 бапқа және 5 маусым 2022 жылы 33 бапқа өзгеріс енгізілді. Жалпы саны 119 бапқа қатысты көрінгенімен, кейбір баптардың бірнеше мәрте өзгеріске ұшырауына орай, нақты саны 56 бапқа тең. Сондықтан, таратар мәліметімізге мұқият болсақ деген ұсынысымыз бар.

Қазыбек ДӘУІТӘЛИЕВ,

заң ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы,

Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі