ҚЫТАЙМЕН ШЕКАРАЛАС ӨҢІРДЕ ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Уақыты: 30.08.2022
Оқылды: 1643
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шекара шебіндегі Басқұншы ауылында жаңа мектептің тұсауы кесілді. Білім ордасының ашылуына мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, генерал-майор Ерлік Кененбаев, Жетісу облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова және басқа да қонақтар қатысты. Бұл туралы Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылдың мамыр айында басталған білім ордасын салуға 1 млрд.470 мың тг бөлінген. 3180,42 шаршы метр аумақты алып жатқан нысан үш қабатты және екі корпусында арнайы лифт орнатылған. Заманауи техникамен жабдықталған мектепте химия-физика және информатика кабинеттері, ұл-қыздарға арналған технология сыныптары бар. 84 адамға шақталған акт залы, басқа да қажетті материалдық базамен толықтай қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мектеп ауласында футбол алаңы, жүгіру жолақтары мен волейбол, баскетбол сынды спорттық алаңқайлар орнатылған.

Ата Заң күні мерекесінде мектептің ашылуына қатысқан ауыл тұрғындары бұл мектепті ұзақ күткендерін айтады.

"Біздің бұрынғы мектебіміз 180 орынды әрі өте ескі болатын. Балалар сыймай, оқуына кедергі келетін. Спорт залы, басқа да жағдайлар жасалмаған-ды. Міне, енді аудандағы ең жаңа, керемет мектеп бізде. Өте қуаныштымыз", - дейді ауыл тұрғыны Руслан Мұстапаев.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Басқұншы ауылында 53 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Ауылда демографиялық көрсеткіш өзге ауылдағылармен салыстырғанда көш ілгері.

Мектептің ашылуында сөз алған Қуаныш Сұлтанов осы мектептің түлегі екенін және осы ауылдан елге танымал талай азаматтар шыққанын атап өтті.

Аудан әкімі Марат Сағымбек мектептің ашылу салтанатында құттықтауын жеткізіп, өңірде білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

"Жаңа оқу жылы қарсаңында бұдан бөлек Сарыбел ауылындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. 732 млн.теңге бөлінген мектеп толыққанды материалдық базамен жаңартылып, мектеп ауласы спорттық алаңдармен толықтырылды. Бұдан бөлек, бірнеше мектеп жаңадан салынып жатыр", - деді аудан әкімі.

Жалпы, Панфилов ауданында 50 мектеп бар. Биыл өңірде 26 548 бала мектепке барса, солардың 2 900-ы жаңа мектеп табалдырығын аттағандар.

Панфилов ауданы

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"