САРҚЫЛМАС БІЛІМ САРАЙЫ

Уақыты: 09.09.2023
Оқылды: 806
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат.  Рухани қазынамызды дамытушы күштердің негізі мәдениет, білім, ғылым болса, осы үш тұғырды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші және өркениет әлемін ілгері қозғап келе жатқан қасиетті кітап екені анық.

Жазиралы Жаркент өңірі өзінің тамылжыған табиғатымен, өнер, мәдениет, еңбек ерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым мен өнер тарландары, ақын-жазушыларымен ғана әйгілі емес. Сонымен қатар кітапханаларымен де жұртшылыққа танымал. Осы орайда 100 жылға жуық тарихы бар киелі де қасиетті шаңырағымыз аудандық кітапхананың қысқаша тарихын жазғым келеді.                

Мұрағат құжаттарына сүйенсек аудандық кітапхананың құрылу тарихы тым тереңде жатыр. 1926 жылдың мамырында Жаркент уездік ауыл шаруашылығы бөлімінде кітап оқырмандарының оқу үйі ашылған. Кейіннен оның кітаптары Жаркент қаласындағы кітапханаға ауыстырылып, 1930 жылы оған аудандық кітапхана статусы берілген. Бұл рухани орда 1975 жылы аудандық мәдениет үйінің ғимаратына көшіріледі. Келген жаңа кітаптармен толыға отырған кітапхана қоры 1978 жыл 26 мың дана қазынаны құраған. 1979 жыл аудандық кітапхана бір орталыққа бағындырылған оқырманға қызмет көрсету бөлімінің қайта  құрылуына байланысты әдістемелік орталыққа айналады,  ауылдағы кітапханалардағы бөлімшелерінің саны 50-ге жетеді. 1996 жылы нарықтық экономиканың қыспағына түскен мәдени ошақтардың қысқартылуына байланысты кейбір ауылдық кітапханалар жабылып, аудандық кітапхана мен балалар кітапханасы ғана қалады. Қызметкерлерге төленетін қаражаттың тапшылығынан кәсіби мамандар қысқартылып, кітапханалардың есігі жабылғанымен, халқымыздың рухани қазынасы болған кітаптарды тозып, бүлініп кетуден сақтап, өздері санаулы ғана бола тұра, әр басылымға жанашырлықпен қарап, білім бұлағының нәрін бүгінгі ұрпаққа дін-аман жеткізіп берген әріптестерімізге айтар алғысымыз шексіз.

Жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің сапалы болуына  жетелейтін негізгі жолдың бірі – кітап пен кітапхана болғандықтан, мәдениет саласына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп кітапханалар қайта ашылды. 2007-2008 жылдары штаттық бірліктер беріліп, оған арнайы кітапханашы мамандығы бар қызметкерлер алынып, 1 аудандық, 1 балалар, 1 қалалық, 23 ауылдық кітапхана бой көтеріп, халыққа лайықты қызмет көрсете бастайды.

Қазіргі таңда  жастарға іскерлігімен, ойының тереңдігімен, үлгі бола білген директорымыз Дария Бекжігітқызының басшылығымен аудандық кітапханаға қарайтын 26 кітапхана  130 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Жыл сайын молая түсетін аудандық кітапхананың кітап қоры 337 660  данаға жуықтады, 14 231 оқырманға жылына 311 903-тен астам кітап беріледі.  Сонымен қатар 36 компьютер, 6 интернет, 8 кітапхана КАБИС, аудандық кітапхана Веб РАБИС бағдарламасымен оқырманға қызмет етуде. 

Асыл мұраларымызды көздің қарашығындай сақтап, халыққа қызмет көрсете жүріп кітапхана тарихының қалыптасуына зор ықпалын тигізген әріптестеріміз де лайықты марапаттарға ие болып жүр. Рухани орда әр қатысқан байқаудан жүлде алып, әріптестерім де мерейленіп тұрады.  

Кітапхана өзінің 100 жылдық ғұмырында жетістігі мол, жаңа технологияны меңгерген ақпараттық орталыққа айналды. Аудан тұрғындары үшін әлі де ғасырлар бойы қызмет ете береді деп сенеміз.                                                                   

Кенже Сейітнұрқызы,
Панфилов  аудандық кітапхана қызметкері