«BIKEN» I-Халықаралық театр фестивалі өтеді

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 805
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер жаннаты  Жетісу өңіріне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы іссапармен келді.  Сұлтан Әкімұлы киелі өнер ордасы Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен өтетін «BIKEN» I-Халықаралық театр фестивалінің жұмыс жоспарымен танысты. 

Аталмыш іс-шара Қазақстанның Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті театр және кино ак-трисасы Бикен Римованың 100 жылдығына арналып отыр. 

Сонымен қатар, С. Раев театрдың шығармашылық ұжымымен кездесу барысында өнер ұжымына шығармашылық табыс тілеп, халықаралық фестивальге қатысуға дайын екенін жеткізді. Ал өз кезегінде театр директоры Ерлік Жуасбек Сұлтан Раевқа алғыс білдіріп, қазақы дәстүрмен қамшы және Бикен Римованың фотоальбомын сыйға тартты. Қадірменді қонағымыз ТҮРКСОЙ аясындағы белсенді  жұмысы үшін Жетісу облысының әкімшілігіне, Б. Римова атындағы Талдықорған  драма театрының ұжымына сәттілік тілеп,  халықаралық театр фестивалі ұйыммен арадағы байланысты нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.

Айта кетейік, фестивальдің мақсаты – сахна саңлағы Бикен Римованың 100 жылдығын мерекелеу, оның есімін ұлықтау, сонымен қатар, режиссерлер мен актерлер арасынан кәсіби қолтаңбасы қалыптасқан үздік сахнагерлерді анықтау.

ТҮРКСОЙ деңгейінде театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдығы, қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы, қазақ ақыны, әдебиеттанушы, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы түркітілдес елдерде кеңінен аталып өтеді.

"Жетісу-Ақпарат"