Күй сазына елтіді

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 1027
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күйші, композитор, дирижер, Мәдениет қайраткері  Нұрлан Бекеновтің жеке концерті көрермендердің көңілінен шықты. Астанадағы Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында өткен «Елім деп күй төгемін» атты кешінде автордың жиырмадан астам шығармасы орындалды.

Нұрлан Бекенов Жетісу жерінің тумасы. Қазақ ұлттық музыка академиясының түлегі. Бірнеше байқаулардың жүлдегері. 2008 жылы «Күй сарын» атты кітабы басылып,  2014 жылы Стамбұл қаласында «Түркия қазақтарының ән-күйлері» атты екінші кітабы жарыққа шыққан. 2022 жылы белгілі өнер қайраткері Орақ Жауыровпен бірге «Шағырай» атты хрестоматия шығарған. 

Аталған кеште балдырғандар да өнер көрсетті. Н. Бекеновтің ұл-қыздары Айсәуле, Ұлжан, Әлихан қазақтың белгілі ақындары Несіпбек Айтұлы мен Күләш Ахметованың өлеңдерін мәнерлеп оқып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Концертте дзюдо мен самбо күресінен әлем чемпиондарын дайындаған Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Бақыт Қоқысбеков пен қоғам қайраткері Амангелді Иманбаев жерлестері атынан өнер иесіне ат мінгізді.

Кеш соңында Нұрлан Бекенов: «Астанаға келіп, білімімді одан әрі ұштай түсу үшін Қазақ музыка академиясына оқуға түсіп, өнер жолымды бастағаныма 25 жыл толды. Сол кезде осы қазақ оркестріне жұмысқа қабылдандым. «Ширек ғасыр ішінде не тындырдым, не жаздым?» деген сұраққа жауап беру мақсатында ән-күйлерімді таныстырып, халықтың оң бағасын алуды жөн көрдім. Көрерменнің ықыласпен тыңдап, қошемет көрсеткені – мен үшін үлкен құрмет. Қазақ оркестріне және филармония ұжымына алғысымды білдіремін. Әлі де жұртшылық назарына шықпаған Махамбетке арнаған «Қызғыш құс», Хақназар ханға және Байбарақ батырға арнаған күйлерім бар. Басқа да шығармалар келесі концертіме арқау болады», – деп өнер- сүйер қауымға ризашылығын білдірді. 

А. САМИҒОЛЛАҰЛЫ
Астана қаласы