Б. Римова атындағы облыстық театр әртістері IV Халықаралық театр фестиваліне қатысты

Уақыты: 23.11.2023
Оқылды: 1121
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түрікменстан Республикасының Ашхабад қаласында «Театральное искусство эпохи счастья» атты IV Халықаралық театр фестивалі өтті. Аталмыш фестивальде Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры қазақ елінің намысын қорғады. 

Фестивальдің ұйымдастыру комитеті өнер бәйгесінің басты мақсаты ұлттық театр өнерін дамыту және театрлардың шығармашылық бастамаларын ынталандыру екенін алға тартуда. Сонымен қатар, аталмыш фестивальдің басты талаптарының бірі қатысушы театрлардан ұсынылған қойылым классикалық немесе ұлттық шығармадан болуы тиісті. Фестивальдің екінші күнінде театрымыз қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» шығармасының желісімен сахналанған қойылымды түрікмен халқының назарына ұсынып, зор ықыласы мен қошеметіне бөленді. Қойылымның қоюшы-режиссері Фархад Молдағали.

Қорғансыздың күні шығармасы Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының репертуарындағы шоқтығы биік қойылымдардың бірі. Спектакльде автор байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі баяндайды.

Халықаралық фестивальге Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінен театр ұжымдары қатысты. Айта өту керек, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры Қазақ елінің намысын қорғап, алғаш рет фестивальге қатысқан облыстық театр болып саналады.

Жоғарғы дәрежеде өткен театр фестивалінде Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры «Театральное искусство эпохи счастья» IV Халықаралық театр фестивалінің арнайы кубогымен және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының дипломымен марапатталды.

Дереккөз: Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы