БАЛАСЫ БЕС ЖАСЫНДА БӘЙГЕ ШАПҚАН

Уақыты: 25.02.2024
Оқылды: 638
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кез келген халық өзінің болмысына баға берерде соңғы кезеңдегі жақсылық жағына көп сүйеніп, жақсы қасиеттерімен санасады. Барымызды бағаламайтын, құндылығымызды қадірлемейтін ұлтқа айналып бара жатқанымыз бодандықтың 70 жылғы дәуірінде емес, Тәуелсіздіктің 30 жылында белең алғаны жанға батады. «Ұлттық» дегенді оп-оңай айта саламыз. Ұлттық ән-күй, ұлттық киім, ұлттық нақыш, ұлттық тағам, ұлттық қасиет, ұлттық мінез. Ал өзіміз бәрінен алшақпыз немесе тым әсірелеп берекесін қашырамыз.

Жақында арнайы ұйымдастырылған жиынға шақырылдым. Әңгіме – ұлттық спорт жайында. Басқосудың себебі де осы ұлттық спортты дамыту барысы. Бір жылдың ішінде біздің спортшылар түрлі халықаралық жарыстарға қатысып 96 медаль алғанын, тіпті оның 35-і алтын екенін осы басқосуда білдім. Ал Бауыржан Мырзабеков жайлы естіп-білмегенім үшін ыңғайсыздандым. Бауыржан – халықаралық дәрежедегі қазақтан шыққан тұңғыш шабандоз, Еуропаның үздік жокейі. Оның Чехияның 3 дүркін, Германияның 4 дүркін, Еуропаның 2 дүркін чемпионы екенін білмегенім үшін ұялдым, сөйте тұра өз қазағым үшін мақтана алудың ғажап сезім сыйлайтынын қатар сезіндім.

«Театр тобырды халыққа айналдырды. Қазір театрдың орнын басқан теледидар ойсыздардың санын көбейтіп жатыр. Көркем өнердің орнын масс-медиа мен шоу-бизнес басқан», – депті неміс ойшылы Томас Ман. Кейінгі 10-15 жыл бойы «дамыған елдердің озық мәдениеті» деген даурықпа даңғазалық өнер адамдарының өмірін түк қалдырмай көрсетіп насихаттағанның кесірінен, артық айтсам кешіріңіздер, көрермен емес, тобыр қалыптастырғанның «арқасында» ұлт болып мақтануға тиіс мұндай жаңалықтарды білмей қалғанымыз өкінтті. Қазақ қоғамында қазақтың өзі қалыптастырып жатқан тағы бір түсінік бар. Бұл не болса да тек шетел арқылы жол іздеу, шетелді «мойындатуға» ұмтылу. Дұрыс та шығар, бірақ, ең алдымен, ұлтымызға ғана тиесіліні өз жерімізде неге жолға қоймаймыз? Соған неге күш жұмсамаймыз? Палуан да, шабандоз да, мерген де ауыл баласынан шыққан. Бір ғана қазақтың асығы баланы дәлдікке, шапшаңдыққа, мергендікке баулитынын кезінде Бауыржан атамыз айтып кетті. Ұлттық ойын дегенде еске түсіп жатқаны ғой, ал осы асық ойнаудан тұрақты түрде жарыс өткен емес. Білмеймін. Естімеген шығармын, бәлкім. Кейінгі күндері бар қазақтың назарын өзіне аударған Кабирхан жүйрігі болды. Мақтанасың, әрине. Бірақ өзіміздегі Жұмыртұяқтар ше? Шетте туған құлынның бәсі артық па, тағы да сол өзіміздікін елемеу ме бұл? Жөн-ақ. Шетелдегі ат жарыстарында қазақтың байрағы желбіресін, кеудеде мақтаныш сезімі атойласын, қарсылық жоқ, мен де қуанам. Бірақ… Еркін далада желмен жарысып көсіле шапқан қазақ баласының мерейі неге тек тұлғалардың мерейтойы құрметіне өткізген бәйгеде ғана тасуы керек? Неге сол шетелдіктерге біздегі бәйгенің ерекшелігін дәл осы қазақ жерінде сезіндірмейміз?

Алдағы уақытта өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 100 мемлекеттен 3 мыңнан астам спортшы, 15 мыңнан аса шетелдік турист келеді деп жоспарланған екен. Еуропаны таңғалдырған Бауыржанның ізбасарын қазақтың әр ауылынан кездестіруге болатынын кез келген шетелдікке дәлелдейтін сәт қой бұл. Біздің бәйгеде ат тізгінін тек бала шабандоз ұстайтынын бар әлемге неге көрсетпеске? Біздің бәйгенің ерекшелігі осында емес пе?! Анау кішкентай Хамзаларға сондай мүмкіндік берілгенде ғой. Қарап тұрсам, біз ұлттық киімді де өзге мемлекетте шетелдіктердің алдында мақтану үшін кигенді қош көреміз. Өз жерімізде отырып мұрақтың не екенін, ол кімге арналған баскиім екеніне бас ауыртқымыз жоқ. Өзбекәлі ағамыздың сырмақ пен алашаға ғана салынып келген қошқармүйіз оюлардың камзол-кәжекейдің өңіріне тігіліп жатқанына күйінгеніндей жаны ауыратын қазақ жоқ-ау бұл күнде. Ел ішінде жөн білетін үлкендер бар, бірақ қоңыр тірлік кешіп жатқан қарапайым адамдарды менсіне бермейміз, атағы жоқ жай адаммен ақылдасқанды ар көретініміз тағы бар.

Асфальтта өскен баладан қазақы рух көргіміз келгенімен ұлттық намысты ту ететін қайсар ұл ауылда өсіп жатыр. Ат жалына жармасып мінген жігерлі ұл – кекілін самалға таратып, маңдайын Күнге өпкізіп жүрген ауылдағы қазақ баласы сабақтан соң алаңсыз спортпен айналысатындай жағдайды әр ауылға жасаса ғой. Ауылға, бәлкім, ипподром керек те емес шығар, бірақ әр ауылдағы ауыздығымен алысқан Жұмыртұяқтар мен бәйге десе делебесі қозып, ат десе қаны ойнайтын Хамзалар қатысатын бәйгелерді тұрақты өткізудің ерекше жолын табуға болады. Өз ойым, әрине!

Бір кітабы ағылшын тіліне аударылғанымен жержүзінің бүткіл ағылшыны әлгі кітапты оқитынына өзін сендіріп алатын жазушы да табылады біздің елде. Сол сияқты бір Кабирханмен қырық жыл мақтану мүмкін де емес, шетелдікке бірдеңені дәлелдеудің де қажеті жоқ. Ұлттық спортты өз жерімізде өркендетіп, сол асығымызбен, сол көкпарымызбен, сол аламанымызбен, сол жамбы атуымызбен күллі әлемді неге өзімізге қаратпасқа? Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып 2022 жылы сайланған Исламбек Салжановтың ұлтшыл, қазаққа жанашыр азамат екені байқалды. Ендеше, осы азаматтың жұмыс істеуіне, өз қажыр-қайратын толық жұмсап, ойына алған жоспарының жан-жақты жүзеге асуына тілекші бола білейік! Өйткені бізде жұмысқа ебі бар, сол саланы қарыштатуға қарым-қабілеті мол адамға кесірін тигізетіндер табыла кетеді. Жұмысының нәтижесі көріне бастағанда һәм басшы ретінде одан да жақсы жетістікке жетуге құлшынысы артқан тұста «өсіріп жіберуге» тым құмартып тұратынымыз тағы бар.

…Әлгі жиыннан шыққан соң осы ойдың тұнығына батып, шырмауына шырмалдым.

Бекжан ТҰРЫС,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері