Ұлы күні ұлыстың бастауы бақ пен ырыстың

Уақыты: 25.02.2024
Оқылды: 796
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осынау Жер-Ананың төсін емген, топырағынан нәр алып өсіп өнген адамзат қауымы түгелдей тойламаса да, біздің жұрт әз-Наурызды «ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ» деп қадір тұтады. Сонымен бірге, қазақия ұлысында тұратын тілі басқа – тілегі бір, жүзі бөлек – жүрегі бір, біраз ұлт та өзінің төл мерекесі ретінде қарсы алады. «Әр елдің салты басқа» дегендей, өздерінің әдет-ғұрпына, дәстүріне сай өзгешеліктері де бар. Бүгінгі біздің әңгімеміз қазақы танымдағы, ұлттық бағыттағы Наурыз төңірегінде болмақ.

Әлқисса, Күн мен Түн теңесіп, ең алғаш бәйшешек гүл ашқан көктем мерекесін халқымыз «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп ерекше бағалағанымен, ақпанның аязы әлі де бет қарып тұрғаны рас. Дегенмен, әз-Наурыздан жанымызға жылылық қана емес, Ұлыстың Ұлы күнінен ұлылық іздеп, қолымызға қалам алдық. Өн бойында береке мен ырыс, ынтымақ пен бірлік, татулық пен тыныштық салтанат құрған мерейлі мерекені ұлықтау бар қазаққа ортақ міндет болса керек. Осы мақсатта ай бұрын ағайынға сауын айтқанды жөн көрдік. Бұлай сөз бастауымыз да негізсіз емес. Алысқа бармай-ақ қояйық, өздерін аспан асты елі санайтын іргеміздегі көршіміз жаңа жылын шекараны жауып тастап тұрып, екі апта думандатып өткізеді. Алып айдаһардың айналасындағы сан түрлі ойын сауығымен бірге басқа да ұлттық ерекшелігін дәріптейтін көріністерімен ғаламат ұлықтауды дәстүрге айналдырған. Ал біздің елде қалай?

ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы орақ-балға бейнеленген қызыл тудың астына біріккенге дейін төл мерекеміз төрге озған заман болып еді. Кеңестік идеология әз-Наурыз мерекесін көненің сарқыншағы санап, атын ататпай, санамыздан сызып тастауға дейін барды. Бірақ «түркі жұртының төл мерекесі» деп тереңдемесе де, қазақ халқы ұлтының ұлы мейрамын еш ұмытпады. Тал бесіктегі тәрбиеден бастап, ақ бата беретін ақсақалдың жасына дейінгі аралықтағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді дастарқан басында отырып-ақ ұрпағының санасына сіңіре білді. Тілімізді шұбарлап, дінімізді тұмандап, тарихымызды талапайға түсіргенімен солақай саясат қазағымды қазанынан ажырата алмады. Ошағының оты өшпеді. Дала ділмарлары қалдырған жолмен аспандағы Айдың тууына қарап-ақ жаңа айдың кіргенін біліп, Григорян күнтізбесі бойынша келетін ақпанның ортасынан-ақ наурызды тойлау басталып кететін. Жеті түрлі тағам қосып, қазан-қазан көже жасап, көршілерінен бастап, көңілі жеткен жерге дейінгі ағайынның басын қосатын. Кеңестік кезеңде ақыны арнауын айтып, әншісі шырқап, күйшісі күмбірлетіп күй тартып дүбірге бөлемесе де, алты жасар баласына атасының қолына сұй құйғызып, ақсақалдың батасын алып, ақ самай әженің ықыласына бөленіп, бабадан балаға мұра болған ізгі қасиеттерін жалғап келді. Сөйтіп жүріп тағдырымызға жазылған тәуелсіздігімізбен де қауыштық!

Әлқисса, әңгімемізді ары қарай сабақтап көрейік. Әлі күнге дейін әлемдік күнтізбе ауысатын түнге дайындық ай бұрын басталады. Бұл кеңестік кезеңнің егіп кеткен дәнінің жемісі. Дәріптелуі ерекше сол Жаңа жыл мен өзіміз Жыл басы санайтын әз-Наурыздың ара салмағына зер салайықшы. Желтоқсанның басынан шабылып дайындыққа кірісіп, бір-екі күн қалғанда тіпті, сүрініп-жығыла жүріп қарсы алған мерекеміз түнгі он екіден асқанда қызуы басылып, қызығы тарқай бастайды. Он жылдың ар жағында шыршаны таудан балталап әкеліп орнатып, уақыты өткеннен кейін «отқа жағып рахатын көрдік» дейтіндер болмаса, табиғатқа көпе көрнеу қиянат қылып келдік. Қытайдың қолдан жасалған жасанды шыршалары болмағанда дәл солай жалғаса берсе, біраз орманымызды отап тастар ма едік? Тағы да шүкір дейміз ғой өзгенің экономикасын өрістетіп жатсақ та, орманымыздың отынға айналмағанына қарап! Сонымен бірге 500 теңгеден бастап, 100 мыңнан асып жығылатын отшашуларға кеткен миллиондаған қаржыны бірер минуттың ішінде көк түтінге айналдыратын жаман әдетімізден де арыла алмай келеміз. Оның қызығымен бірге шыжығы да қосылып, түрлі жарақат алып жатқан бала-шаға, үлкен-кіші қаншама?! Отшашумен тұнық аспанды көк түтінмен тұмшалап, ауаны бүлдіреміз. Ауылдық жерде байқалмас, қаладағы  көпқабатты үйлердің ауласы қоқысқа толады. Жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері алаң көңілмен таңды атырады. Себебі айтпаса да түсінікті.

Ал өзегі өнегеден нәр алған тәлімі мол Наурыз мейрамы берекенің бастауы ғой, шіркін! Сан түрлі көшет отырғызылып, арықтар тазаланады. Араздасқан ағайын татуласып, жүрекке мейірім мен кешірім ұялайды. Жаңа жылда төрімізге шығып, төбемізде ойнақтаған арақ-шараптан алыстап, дертке шипа, жанға дауа ұлттық тағамның түр-түрі дастарқанның сәнін келтіреді. Түнгі он екіні күтіп, балалардың ұйқысы ұрланбайды. Таң бозынан күннің шуағына шомылып, ерекше көңіл күйге бөленеді. Осындайда ойға оралған бір жайды да айта кетейікші. Жаңа жылда әке мен ана табан ет, маңдай терімен балапандарына неше түрлі сыйлық алып, оны Аяз атаға бергізіп, өздерін де балаларын да алдайды. Перзентінің ата-анасына деген сезімі айдаладағы Аяз атаға арналып жатады. Ақыры сыйлық жасап, қуантқымыз келеді екен дәл осы үрдісті әз-Наурызда неге жалғастырмасқа. Жасыратыны жоқ, Ұлыстың Ұлы күнінің құрметіне деп бала-шағасына, ағайын-туысына сыйлық алып жанталасып жүрген жандарды аса кездестіре алмайтынымыз рас. Отбасынан басталып, ұлттық мерекеге ұласып кету үшін Наурызды атап өту бір күнмен ғана шектелмегені жөн-ау. Көктемнің алғашқы күнінен айдың аяғына дейін салт-дәстүрлеріміз дәріптелетін, ұлттық ойындарымыз салтанат құратын, қолөнер шеберлерінің ерен еңбегі насихатталатын түрлі шараларды ұйымдастырса. Наурыз мейрамында ғана кәдеге жаратып, басқа күндері сандықта жататын немесе бірден бірге сыйланып, айналымға түсіп кететін шапандар емес, заман талабына сай мемлекеттік мекемелерде ерлер мен әйелдер жыл он екі ай киіп жүретін ұлттық киім үлгілерінің көрмесін жасап, саудаға шығарса. Баланы мергендікке үйретіп, төзім мен сабырлыққа шыңдайтын асық ойындарынан арнайы жүлде тігіліп, жарыстар өтсе. Ұлттық ат спорты насихаттан кенде емес қой, дегенмен ат үстінде көрсетілетін ойындардың ескерілмей келе жатқан түрі қолға алынса. Осының бәрі бір-ақ күнде емес, айдың басынан ұлық мерекеміздің айшықты сәті 22 наурызға дейін жалғасып, жеңімпаздар осы күні марапатталып, Ұлы Даланы дүбірге бөлеген Ұлыс күніне айналса деген тілегіміз бар. Ол үшін әрине, мемлекет тарапынан арнайы ұйымдастырылып, өн бойынан ұлттық идеологияның, ұлттық тәрбие мен танымның иісі аңқып тұратын, Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Арқаның арасындағы елге ортақ кешенді бағдарлама керек-ақ.

Олай болса, ақпан аяқталмай әз-Наурыз жайлы жар салған пейілімізді құптасаңыз ой бөлісіңіз. Пікіріңізді ортаға салыңыз.

Жұматай ӘМІРЕ
Фото: crct.kz