Димаштың жаңа әні жарыққа шықты

Уақыты: 27.02.2024
Оқылды: 692
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің жаңа әнінің тұсауы Ыстанбұлда кесілді. 

Бүгін орындаушының ресми YouTube парақшасында When I’ve Got You әнінің бейнебаяны жарияланды. 

Идея авторы — Димаштың өзі және Ғалым Асылов. 

Әнін жазған — Димаш Құдайберген. Сөзін жазған — Кэндис Келли және Дмитро Гордон.  

«Жеке өмір салтын ұстанатын әлемге әйгілі әнші өзінің алғашқы ашық сұхбатын беруге шешім қабылдады. Ол таңдаған жас журналист „Ал, егер…“ деп басталатын түрлі уайымға толы сауалдары көбейіп, қатты қобалжып, уайымға салынды. Димаштың мейірімді және қарапайым адам екенін бәрі біледі. Бірақ Димаш бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көріне бермей, жеке сұхбат бермейтіндіктен оның жеке өмірі туралы аз білеміз. Ал бүгін біз әншіні сәл басқа қырынан, жаңа бейнеде көретін боламыз», — дейді клиптің режиссері Ғалым Асылов.

Ғалым Асылов пен жобаның екінші режиссері әрі желілік продюсер Жәнібек Ғұсманов түсірілім барысы өте қызық болғанын және Алматыда өткенін хабарлады.

Бейнебаянға Қытайдан келген 70-тен астам маман тартылып, шығармашылық топ жұмыс жасады.

Дәл сол жерде бас кейіпкердің костюмі тігіліп, қазақстандық мамандармен бірге әншінің бүкіл образы жасалды.

Кастинг оңай болған жоқ. Басты кейіпкердің рөліне көптеген актрисалар мен модельдер бақ сынаған. 

Ежелгі антикалық мәдениетті іздеуге көп күш жұмсалған. 

Сол себепті бейнеклиптің түсіріліміне үш жер пайдаланылды. Шығармашылық команда интерьердің әрбір элементінде, костюмнің әрбір деталінде және әр кадрда жұмбаққа толы оқиға жасауға тырысты. 

Фото: әншінің Instagram парақшасынан