Ғылымға арналған ғұмыр

Уақыты: 21.06.2018
Оқылды: 2131
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көңіл көзесіне құйылған ізгілік тамшысы адамның жан әлемінің саясына айналары хақ. Оның өзгеге үлкен мейірім сыйлауымен асқақ көрінетіні жасырын емес. Сол мөлдірлікті ғылыммен ұштастырса, тұлға кейпі тіптен әрлене түседі. Сондай үлкен ізденімпаздылық ұлағатты ұстаз Хапиза Наубаеваның бойында да бар. Оны 60 жылдық мерейтойына арналған «Педагогика, психология және жаңартылған білім берудің келешегі мен дамуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда байқадық.

Иә, ғұмырын ғылымға арнаған жанның айналасы толған жақсы адамдар болатыны сөзсіз. «Дөңгелек үстелге» жиылған қауымның қарасы мол. Шараның тізгінін өзі еңбек еткен І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев ұстады. Ол кеш иесінің ғылымға қосқан үлесін мақтанышпен баяндады.
– Сізді Жетісу жұртшылығының атынан 60 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге ұзақ өмір, зор денсаулық, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз. Жерлестеріңіз сізбен және сіздің жетістіктеріңізбен мақтанады, – деп жылы лебізін білдірген университет басшысы ғалымға ерен еңбегі үшін І. Жансүгіров атындағы төсбелгіні табыстады. Одан кейін арнау өлең оқылып, биографиялық бейнефильм көрсетілді. 
Мерейтойымен құттықтауға арнайы келген Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев ұстазына ізгі тілегін жолдады.
– Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет сізді қатардағы қызметкерден белгілі де беделді іскер басшы деңгейіне көтерді. Осындай еңбек пен жеке басыңыздың талапшылдығы отбасыңыз үшін ғана емес, өзіңізбен қанаттас жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос-жаран үшін де  мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін үлгі екендігі даусыз, – дей келе, гүл шоқтарын табыстап, иығына шапан жапты.
Шара барысында Алматыдан арнайы келген Абай атындағы ҚазҰПУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бір топ профессорлары әріптестерінің ғылымға қосқан үлесіне тоқталды. Тәрбиелеген шәкірттерінің бүгінде беделі биік, ел үшін аянбай қызмет жасап жүргендігін қуанышпен жеткізді. Содан соң облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін кеш иесінің ортасына сыйлы, шаңырақта аяулы жар бола білген жан екендігін тілге тиек етті.
– Хапизаның есімі тұнып тұрған поэзия ғой. Өмірдің жарқын сәттері келеді көз алдыңа. Бұл – бейнелеп айтқан сөзім. Табиғаты сондай көркем, ішкі бояуы сондай тұнық тұлға. Хапиза Тәңірбергенқызы, сізге осындай мерейлі сәтте шын көңілімізбен зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз. Қоғамымыздың игілігі, адамдардың салауатты өмірі жолындағы күрделі де жауапты қызметіңізде бұдан былай да абырой биігінен көріне беріңіз деген тілек білдіреміз, – деді ол.
Өз кезегінде академик өзіне көрсетіліп жатқан ілтипатқа ризашылығын білдіріп, әлі де елі үшін аянбай еңбек ететіндігін жеткізді.

Қабыл ИСА