БАПТАҒАН САН БАЛҒЫНДЫ

Уақыты: 25.06.2018
Оқылды: 1032
Бөлім: РУХАНИЯТ

    Перзенті өзінен асып туса, шәкірті асқар-асқар шыңды шолса, онда саналы адамның мұратына жеттім дегені сол болар. Бұл, бәлкім, ұлағатты ұстаздардың басынан кешер күйі шығар. Дегенмен, кіндігінен өрбіген ұрпағының күйін ғана емес, күллі елдің келешегінің кемел болуын көксейтін ғазиз жүректі ұстаздардың еткен еңбегі есіл кетпей, ел алдында жарқырай көрініп тұратыны бар. Ал бұл орайда, сан балғынның томағасын сыпырып, бүркіттей баптап, қия шыңда қалықтата білген Кәміл Наурызовтың жүзі жарық, еңсесі тік екенін аңдағандай болдық.

 

   Иә, мұны сезінудің, елім деген азаматтың есіл еңбегін танудың аса бір қиынға соқпағаны анық. Оны мерейтойлық концерттің көрігін қыздырған сан шәкірті дәлелдеп берді. Салалы саусақтары қыл пернені қапысыз басатын, күймен бірге күңіреніп, сазбен бірге көңіл көгіне еркін бойлайтын талант-тақсырлары кешке жиналған көрерменді тәнті еткенде, біз де бір жақтан шабытты күй кештік...
   Талдықорған қаласындағы Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінде Кәміл Наурызов асқаралы алпыс жылдық мерейтойына әрі ұстаздық еңбек жолының 35 жылдығына арналған «Ұстаздық жолым – сара жол» атты шығармашылық концерт берді. Рухани кештің шымылдығы ұлағатты жанға арнап дайындалған бейнефильм көрсетілімімен бастау алды. Онда Кәміл Нығметоллаұлының өмір жолы мен еңбек жылдарындағы жетістіктер мен жеңістер, сонымен қатар өнер жолындағы әріптестерінің жарқын естеліктері мен жүрекжарды лебіздер айшықталды. Одан кейін бас қобызшы шәкірттері алма-кезек сахнаға көтеріліп, өзінен үйренген ғажайып күйлерді орындады. 
   Сайын даланы сазымен тербеген композиторлардың мәңгілік туындылары санада жаңғырған кеш барысында басқарма басшылары, өңіріміздің зиялы қауымы сөз алып, ұлағатты ұстазды мерейлі жасымен құттықтап өтті. Өз кезегінде Кәміл Наурызов ұлы Рүстем Наурызовтың дирижерлік етуімен бірқатар күйді күмбірлетсе, еліміздің даңқын шығарып жүрген өзге де шәкірттері бас қобыздың сырлы үнімен көрерменді рухани сусындатқандай болғаны бар.
   ҚР Мәдениет қайраткері, М. Тынышпаев атындағы төсбелгінің иегері Кәміл Наурызов түркі халықтарының алтын бесігі болған киелі Ақтөбе топырағында туған. Абай елінен түлеп ұшқан ол жер жаннаты Жетісуда қанатын кеңге жайып, сан шәкіртті тастұғырдан түлетті. Осылайша 35 жыл бойы ұлағатты ұстаз ретінде сиқырлы саз өнерінің қыр-сырын меңгеруге, оны ізбасарларына үйретуге тырысқан арда азамат асқаралы жасын да жайсаң елдің ортасында өткеріп, тотыдай таранған талдықорғандықтардың ыстық ықыласына ие болды. 
   «Біржан-Сара» операсы, «Нұрғиса толғауы» сынды өзге де классикалық туындылар орындалған мерейтойлық концерт барысында   Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің директоры Әділхан Адырбаев сөз алып, кеш иесінің арда қасиеттеріне, еңбек жолындағы табандылығы мен ізденімпаздық қасиетіне тоқталып өтті. Сонымен қатар, оның игілікті істері мен абзал қырларын да атаусыз қалдырған жоқ-ты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.