Жырға айналған "Жетісу"

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 1371
Бөлім: РУХАНИЯТ
Тегеурінді тепкіге төзіммен қараған қайсар елдің тірсегін ғасыр қақпаны қапқанды да, ар үшін арпалыстырған аязды ақпанды да, ашаршылық пен небір нәубетті, қанды қасап қырғынды да көріп, ұлы жеңістері мен жетістіктерді шежіре етіп қаттап, айрықша бедерлеп келе жатқан абыз басылым – «Жетісу» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай «Ғасыр – ғұмыр» атты республикалық жыр мүшәйрасы өткен еді. Жырымен жай тастағандай күркірей толғайтын адуынды ақындар арындап, жас таланттар бой көрсеткен жыр аламанында Абыз басылымның беделі, ел алдындағы абыройы мен асқақ тұғыры, дара даңғылы, қайраткер-қаламгерлердің еткен еңбегі, төккен тері өлең өрнегіне айналды. Ендеше, ақынның айтөбелі керме қиған сол аламанда Бас бәйгені қанжығаға байлаған Асыл Сұлтанғазының туындысын назарларыңызға ұсынбақпыз. 
 
ҒАСЫР ҮНІ 
(Цикл)

Мұсатыр мұзбен құрсанған алып та тәкаппар шыңдар алыстаған сайын асқақтайтынындай, қарт-тарихтың бетінде бедерленген қасіретті де қастерлі оқиғалар, нәсілі асыл елдің азап пен арпалысқа толы кезеңі, жетістігі мен жеңісі, рухты тасытар өркениетке деген ұлы бетбұрыстары жылдар өткен сайын тереңдей түспек. Ал бұл жолда Алаш арыстарының қолтаңбасы қалып, сан қайраткер-қаламгерлерді түлеткен, елдің мұңы мен тарихи жетістіктеріне куәгер болған, соны қарт тарих қазынасы етіп қалдыра білген «Жетісу» газетінің Ғасырлық үні – дара!
 
Автордан
І. Ел үні
 
Құдайына мың жалынған, батырға бұйда ұстатқан,
Данагөйлерім қайда кеткенсің құтқарар қырғын, қыспақтан
Аршын жылдарда апшы қуырар – аңқасы кепкен жебір жер,
Қызылсырағандай құрбан тілеп тұр, тегін бе жан, тегін бе ер?!
Отауы бөлек, Отаны ортақ от кеуде халық емес пе ек,
Іңірде келіп қандай ібіліс іргеңде жынмен кеңескен.
Уай, көзі ашық асыл арыстарым-ау, аштан да қатып барамыз,
Сұрқай даладан суыр аңдытқан қасиетсіз көктем... қара күз.
Кеудесі кенді арыстарым-ау – арыстаным-ау жайраған,
Лағынет атқыр қай сатқын сені қорғасын оққа байлаған?!
Жым-жырт аспаннан жол көрсеткен темірқазығым сендер ең,
Сендерсіз енді қайда барамын... 
құба түз жортып сенделем.
Фашистік аран жалмап барады миллион ердің Әз басын,
Тағдырға талақ айталмай күйдім Тәңірі басқа жазғасын...
Кешіріңдерші күміс күреуке, алтын сапты алдаспан
асынған дүрдің сарқыттары-ау, ел үшін нардай маң басқан. 
Ғасырлық дертті уақыттай анау ұлы емші жазар деуменен
Үміт артамын келер таңдарға тербелсе желмен дерменем,
Жанардан жалқы жас ағызамын, сендер деп мидан шер бөлем:
...Желтоқсан мынау жендеттің көзін қызылға тағы арбаған,
Үскірік анау таңғы шық-ғұмыр боздақтарымды жалмаған
Кең дала тұрақ бола алмаған арыстарым-ау, сен түгіл, 
бейіт-бесік те тар маған.
...Я, Алла шүкір азаттық әнін Хан Кене аңсап кешегі,
Әз басын берген Махамбеттердің аһ ұрып кеткен нешеуі?!
Есебін білмен, 
Егемендігім еншісі болсын мәңгілік,
«Тәубе» дейінші иллаһи баба жосынына жасап тән қылық!
 
ІІ. Жер үні
 
Мүжілген тасқа қына біткен бе, бетіне бедер жел салған,
Шырылдап келсе шын алып жерге қаймана үшін енші алған.
Уай, менің кенді кеудемді басқан жұмырбастының әзизі,
Тағдырың қандай бұралаң еді...
Шерменде ме едің шер сауған?!
Мұң сіңді қоңыр үніңді естіп аспаншыл тауым теңселген,
Тас кешті заман зарыңды жұтса, не қайыр асқақ еңсемнен.
Қадым дәуірден қаныңа мені сусатып көрген емес ең,
Ұршық-ажалдың иіргеніне көндіге бердің неге сен?!
Қайран да қайран асыл нәсіл-ау, Алашпын дейсің жондана,
Қыранмын дейсің қомдана, 
қомдануың сонда, сорға ма?!
«Тың игеремін» деп ақ емшегімнің нәріне тырнақ салған ең,
Аңырап қатын, жамырап жетім, тағы да шықты зарлы әуен.
Сонда сен нені көкседің екен көксеңгір көңіл жомарт жан,
Хош, сенің досың қастандық қылған, қандықол жұмсап тонатқан.
Содан ғой талай арысыңның кәлләсі қалған сайымда,
Содан ғой талай қорымдарыңның қазынасы кеткен қойында. 
Ал енді бүгін алтын дән, күміс сабақты төсім жайқалып, 
Ақ сарайларың әлемге нұрлы құшағын күле айқарды.
Бабаларыңның бейіттері көтеріп тұр-ау, балбалына дейін қаһарлы
Азаттығыңның айшығы болған Астана дейтін шаһарды.
...сайранда енді самырсын тамыр, самұрық қанат тектілер,
Ұрпағың мәңгі той тойласын деп Тәңірге айттым көп тілеу!
 
 ІІІ. Ар үні
 
Зағип салған суреттей, мың бояуын төктіріп, 
қызыл да қанға бөктіріп,
«АР» деп асқақ тұтатын Алаштың тегі – Көк Түрік!
Сайран да сайран ғасырлар, қайран да қайран бабалар,
Тарих-қарттың тамырын бүлкілдеткен дүние-ай, асылын туған жатыр бар.
Мына жұрт мені бек тұтты, мен үшін болды жалалы,
Жел жыртқан жебе – қастандық, мұңына қайғы жамады.
Қылтасын қақпан қиғанда ыңыранып барып ышқынған,
Абадан текті арда ұлдар азаттық үшін күш қылған.
Ар үшін, иә, мен үшін дар алдында сескенбей,
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай өрліктен нәр ап өскен бе, ей?!
Бесіктегі баласы бейітке дейін қарашығындай қастерлеп,
Мен үшін сойқан соғысты көрді, емес-ті бірақ жас жендет...
Мен үшін ару өзін сүйреді барзақтай анау... іңірге,
Ақ күміс сақал шалдары болса мен үшін кетті Сібірге.
...мен үшін жаным садаға деген мұндай ел сірә, санаулы,
Ол үшін тарих куәдар маған, тарау да тарау, тараулы!
ІV. Азамат һәм Рух үні 
Боғжомамен шетенді тартқан жем қылып тәует те басты тұлпарға,
Қайран да сайран күндерің қайда, бір мысқал ән жоқ шырқарға,
Айналайын-ай дүр баба!
Балбал тасыңа бесінде барып, бес түнеп қайтқан едім мен,
Жайықтан жылап, Арқадан ауып, еңіреп қайтқан Еділден,
Жетісудан да жырақтап кетіп, намыстан қайта оралған
Талай жатырлас Тарымда тозып, үркіншілікте жоғалған.
Ой-хой, өмір-ай, басынан елдің шарбы да шарбы бұлт ауып,
Қылтанақ тамақ қырсықтың көзі қанталап тұрды жұрт арбап.
Сонда сен соны аңғалдықпен де жақсыға жорып шаттандың,
Шаңырағыңнан Ақ пенен Қызыл арыңа дақ сап аттанды...
...Қасқырды жолдас тұтып ең кеше, сайын далада сандалдың,
 Бейбақтың зарын алмастырдың-ау, әніне асқақ Салдардың.
Содан бері де аршын жылдардың артқа тастадың талайын,
Мың түлегеніңе шүкірлік деймін, жараңа тырнақ салмайын.
Мұсатыр мұзда буыршын тайса, сендік табан нық еді,
Сол асқақ Рухтан азаттық құсың зеңгірге беттеп түледі.
Ғасыр үнін саба көңілдің сарқындысындай шайқап жүрегі,
Өзіңе тиді өр басыңның, өр рухыңның жүгені,
Осының бәрі заманның зары, бабалар артқан жүк еді...
Есте ұста ұрпақ үнемі!
 
V. Шаттық үні
(Эпилог орнына)
 
Алп-алп басқан атандай буырқанған ел үшін,
Арыстардың ғұмырлық кестеленген мөрісің.
Ғасыр демін аларда сауын айтқан халыққа,
Нағыз Абыз басылым!
Алатұғын төрі – шың.
 
...Қанды заман қақпаны тірсегімді қапқанда,
Ашаршылық зарынан теңселіп дала жатқанда,
Асылдарды шідерлеп, қорғасынмен атқанда,
Үміт артқан басылым жарық күнге, ақ таңға.
 
Соғыс жалмап еріңді, кеудеге қан қатқанда,
Тың игерген қазағым белін берген батпанға
...Қасіретті арқалап, Желтоқсанда от беріп,
Алашымды сүйреген мұнар күннен ақ таңға...
 
Шындық көзін шұқыған кезеңдерде «Көзжендет»,
Ақиқатты айшықтап, тарих мұңын безбендеп
Елмен бірге күрсінген Абыз, Ата басылым,
Сәлден кейін ғасырлық дем бүркейтін кез келмек.
 
Шіренгенде жастары шылбыр алған жат қолдан,
Иә-иә! 
Халықпен Азаттықта шат болған,
Ширек ғасыр той тойлап, Мәңгілікке бет алып,
Кеудесіне Абыздың шалқымалы хат қонған.
 
...Алп-алп басқан атандай буырқанған ел үшін,
Арыстардың ғұмырлық кестеленген мөрісің.
Ғасыр демін аларда сауын айтқан халыққа,
Нағыз Абыз басылым!
Алатұғын төрі – шың.