МІНБЕР: ЖУРНАЛИСТ - ЖОЛ БАСТАУШЫ

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 2077
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ баспасөзінің алды ғасырлық межені бағындырып, атаулы күндерін иісі Алаш тойлап жатыр десек еш жаңылыспаспыз. Алғашқы санынан-ақ мұқым елдің мүддесін қорғап, жалпақ жұртқа ақиқатты жеткізген әйгілі «Айқап», «Қазақ», «Серкелердің» ізін жалғаған, аты – өңірлік, атағы Алтай мен Атырауды, Арқа мен Алатауды қамтыған, одан қалса, талай тілшінің томағасын сыпырған, журналистикада жүргендердің құлағына қашанда жылы естілетін көнекөз «Жетісу» газеті де жүзжылдықтың жалауын желбіретті. Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған ұлт зиялылары бүркеншік есіммен дүркін-дүркін мақала жариялап, азаттықтың алғашқы лебін сездірген, қазақ журналистикасының тарихын толықтырған, Желтоқсанда мұз жастанған жастардың сот алдындағы сом бейнелерін сескенбей басып, есер билікті ерен ерлікпен састырған – тағы да осы абыз басылым. Бір анығы, азаматтар атқа қонған аумалы-төкпелі уақытта Алматы өңірін апталық ақпараттармен қамтып, халықтың рухын оятқан үнпарақ тоқтамақ емес. Әу бастағы байтақшыл бағытынан да бұра тартпайды. Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне және әр шаңырақтың табалдырығын аптасына үш мәрте аттайтын мерзімді басылымның мерейтойына орай журналистиканың бірнеше майталманымен уақыт мінберінде мәселе көтерген едік. Ендеше, ақпарат арқалағандардың айналасында өрбіген әртарапты әңгімемізге көз жүгірте отырыңыздар.

«Жетісу»: Қазіргі қоғамға қазақ журналистикасының ықпалы қандай? Шынымен «төртінші биліктің» құзыретін атқара алып отыр ма? Қазақ журналистикасы әлемдік ақпарат кеңістігімен салыстыра айтқанда қай деңгейде?
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, Қазақ журналистикасының қайраткері:
– Қоғамға журналистиканың ықпалы қашанда зор. Оның негізгі миссиясы да сол – қоғамдық санаға ықпал ету. Өйтпесе ол журналистика емес. Қазіргі заманда да журналистиканың атқарымы (функциясы) өзгерген жоқ, ол  ұлтқа, ұлысқа бөлінбейді, тілі басқа болса да қызметі бір, түрі басқа болса да амалы бір әрі өнер, әрі кәсіп.
Егер қарулы қақтығыс, мылтықсыз майдан өршіген  елдерде болып жатқан уақиғалар мен оқиғаларға назар аударсақ, оларда журналистика қоғамдық санаға мемлекеттік мүдде тұрғысынан, халықтық мұрат сұранысынан немесе ұлттық қажеттілік есебінен ықпал етудің орнына белгілі бір радикалды топтардың, орныққан мемлекеттік жүйені шайқалтуға бағытталған бағдарлама бойынша әрекет ететін жеке партиялар мен жіктердің мақсаттары тұрғысынан әрекет етіп отыр деп түсінген абзал. Олар өз мүдделері үшін журналистиканың  қоғамдық санаға ықпал ету қызметін ерекше пайдаланып отыр деген сөз. Ал біздің қазақ журналистикасын алсақ, ол әу бастағы өзінің негізгі миссиясын ұлтының алдында адал атқарып келеді. Ұлтты ұйыстыру, жұртты жұмылдыру, рухты көтеру, құндылықтарды дәріптеу, тарихтан тағылым алып, таным көкжиегін кеңейтуге, елдегі ынтымақты нығайтуға үнемі бар күшін жұмсаудан танбаған ұлттық журналистиканың мемлекеттік мүдде, ұлттық мұрат, халықтық мақсатқа келгенде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға бұқара санасын иіріп отырғандығын алдымен айтар едім. Егер біздің елде ынтымақ, тыныштық, татулық, бірлік болса, ол ең алдымен бүкіл халықтың санасын мемлекеттік идеологияға тоғытып отырған ұлттық журналистиканың ықпалының нәтижесі дер едім.

«Төртінші билік» деген атау – шартты нәрсе. Образды түрде айтылған тіркес. Журналистика тек қатардағы бұқара  санасына ғана  емес, билік санасына да ықпал ете алады. Биліктің қателігін ашық айтып, райынан қайтара алса, халықтың сөзін билікке жеткізе алса, жеткізіп қана қоймай, соның оң нәтижелі болуына дейін ықпал етуін тоқтатпаса, ол «төртінші билік» рөлін атқара алады. Журналистика «төртінші билік» рөлін атқара алады егер билік те, қоғам да оның айтқандарына құлақ асса. Біздің қоғамда ондай мәдениет қалыптасып келеді. Әлбетте, журналистика бірдің немесе белгілі бір топтың мүддесінен гөрі халықтың мұрат-мақсатына қарай шыншыл, әділетті, адал болса ғана ол «төртінші билік иесі» деген аттан айырылып қалмайды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ойларды жүзеге асыру жолына жұртты жұмылдыруға келгенде бүкіл қоғамдық санаға серпіліс берген де осы журналистика. Сол тұрғыдан келгенде, мысалы,  жаңа латын әліпбиіне  көшуге қатысты бүкілхалықтық талқылау жүзеге асып, ол әлі де сараптамадан өтіп жатса, сөз жоқ, бұл игілікті істе ең алдымен қазақ журналистикасының «төртінші билік» рөлін атқарғаны рас.

Ұлттық журналистика өзінің қаз-қаз басқан сәттерінен  де, қалыптасу кезеңдерінен де өтіп кеткен. Қазір әлемдік ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар журналистика ретінде көптеген алпауыт елдер журналистикасымен терезесі тең дамып келеді. Тіпті, өзі секілді кей дамушы елдің журналистикасынан оқ бойы озық дер едім. Ол қазір цифрлы технологияны меңгерген журналистика. Ол – әлемнің жетпіс пайызы сөйлейтін ағылшын тілін меңгеріп жатқан  журналистика, ол – жұмыр жердің  кез келген нүктесінен ақпарат алып, таратуға қабілетті журналистика, ол – интернеттік жүйеге емін-еркін кіріп, өзіндік орнын алған журналистика, ол – мемлекетінің іргетасын шайқалтпай, бұқарасының санасын бір мұратқа, ортақ мүддеге тоғыстырып, әлем назарын өзіне аударып отырған журналистика. Демек, біздің қазақ журналистикасы – заман талаптарына сай қызмет етіп келе жатқан журналистика. Әлбетте, жаңалыққа жаны құмар халықтың қашанда сырттан келген нәрсеге қызығатыны, соны таңсық көріп, өзіндегіні қомсынатыны – жоққа шығаруға болмайтын психологиялық ахуал.

Ұлттық журналистика – сол сырттан келген жаңаның өзіне аса қажеттісін ғана алып, керексізінен бас тартуға  ықпал ететін тегершік, қуатты құрал. Ұлттық журналистика заманауи технологияларды жедел меңгеріп, уақыт сұранысына дер кезінде жауап беруге бейімделген. Әлбетте, техниканы өзі шығарып жатқан ел басқадан бұрын алдымен өзі меңгеретіні рас. Солар сынақтан өткізіп алғаннан кейін өзгелерге ұсынады. Сондықтан да, біздің сол техниканы меңгеруде сәл де болса кешігетініміз – заңды құбылыс. Әйтсе де ұлттық менталитетті  ескере отырып, өзінің ұлтының өзгелерден кеш қалмауына, ұлт болып сақталуына  ерекше еңбек етіп келе жатқан қазақ журналистикасы еш елдің журналистикасынан кем емес дер едім.
Бауыржан ЖАҚЫП,

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– «Журналистика – қоғамдық өмірдің айнасы», – деген тұжырым бар. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамда болып жатқан оқиғаларды көрсетіп отырады. Әрі белгілі бір деңгейде қоғамның дамуына ықпал етеді.  Қазіргі заман – ақпарат ғасыры. Шын мәнінде қоғамның әрбір мүшесіне ақпарат ауадай қажет.
Біздің қазақ қоғамында атқарушы билік, заң шығарушы билік, сот билігі сияқты биліктің үш тармағы қалыптасты. Өзара байланыста қоғамдық қатынастарды реттеп отыр. Ал баспасөз сол үш биліктің де атқарып отырған жұмысын халыққа көрсетіп келеді. Жаһандану дәуірінде бір елдің журналистикасы оқшау, өз алдына бөлек өмір сүре алмайды. Қазақ журналистикасы да әлемдік ақпарат кеңістігінің бір бөлшегі ретінде дамып келеді. Бүкіл әлемде қолданысқа жаппай енгізілген озық технология біздің журналистикамыздың дамуына да ықпал етті. Қазіргі ақпараттың жеделдігіне көз ілеспейді. Қазір болған оқиға сол сәтте әлеуметтік желілер, интернет жүйесі арқылы тез жетеді. Бір кездері шетелдік түрлі түсті, қызылды-жасылды газеттерге қызығушы едік. Қазір өз газеттеріміздің безендірілуі де сол әлемдік жетекші басылымдардан қалыспайды. Қазақ журналистикасы бұрын-соңды жетпеген биіктерін бағындырды.

Кеңестік кезеңде тоталитарлық жүйенің қыспағында болған бұқаралық ақпарат құралдары жаңа заманның демократиялық үрдістеріне жауап бере бастады. Біздегі ашық қоғамның, жариялылықтың арқасында жоғымызды түгендедік, ақтаңдақтар ақиқатын аштық. Бүгінде болып жатқан құбылыстарға әрбір азамат өз пікірін ашық білдіре алатын деңгейге жеттік. Мұның бәрі – қазақ журналистикасының жаңа  үрдісте дамып келе жатқанының айғағы.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,

«Жетісу» ТРК директорының бірінші орынбасары, журналист:

– Журналистика толықтай  мемлекеттің тапсырысына қараса, ақпарат таратудан гөрі үгіт-насихатпен айналысу басым болып кете ме деген қауіп туындайды. Мұндайда электронды БАҚ пен басылымдар жақсы істің мол екеніне сен деген үндеуге көшеді. Жақсы сөйлеген жақсы-ақ, тек жылап жүрген жұрт барын да ұмытпаған абзал. Халықтың көкейіне кәрі шөңгедей қадалған сұрақ көп. Ақпарат құралдарында сол сұрақ ашық қойылып,  анық жауап берілгенде көшіміз ілгері жылжиды. Осыдан барып, «төртінші биліктің» рөлін атқарып отыр ма деген сұраққа жауап беру қиындайды.

Осыдан 10-15 жыл бұрын қазақ ақпарат құралдары өз кеңістігіне қожайын болып алғандай көрініп еді. Эфирде өткір-өткір бағдарламалар, басылымдарда сыни материалдар көп болатын. Және содан нәтиже бар еді. Нысанаға іліккен адам шырылдап жүріп ақталатын, мәселе шешілетін. Осы күні «Қожайыныңа айтамын!» – деген, журналистерді қолбала көретін  кеудемсоқтан бас көтеру қиын.  Осыдан кейін  әлемдік ақпарат кеңістігіндегі жағдаймен  өзімізді салыстыру ыңғайсыздау болар. Бюджеттен миллиардтап ақша алып жатқан республикалық арналар түкпір-түкпірден қосын ашып, жұмыр жердің әр пұшпағынан ақпарат алатын, тарататын халықаралық деңгейге шыға алмады. Шетел жаңалықтарын өзге ақпарат агенттіктерінен көшіріп, жариялайды. Біз ондай ақпараттарға өзіміз жетуге ұмтылуымыз керек.

«Жетісу»: Халық, билік және журналистика үштігі: қаншалықты бір-бірімен байланыс бар?

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ:

– Бұл байланыс қашанда тығыз, қоян-қолтық, еш уақытта үзілмейді. Уақыт сұранысына, заман талабына қарай мазмұндық-пішіндік тұрғыдан үнемі жаңғырып отыратын үдеріс. Халықтың ақпаратсыз күні жоқ. Билік те ақпараттан құр қалса, қызметіне селкеу түседі. Демек, халық та, билік те ақпаратты алушы, таратушы бірден-бір құрал – журналистикаға қашанда зәру. Яғни, журналистика – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Ол көпірді алып тастасаң, мемлекеттің іргесі шайқалады.

Бауыржан ЖАҚЫП:

– Журналистика шынтуайтына келгенде билік пен халық арасындағы дәнекерлік, буферлік рөлді атқарады. Күні кеше Елбасы жаңа Түркістан облысының ашылуы туралы Жарлыққа жария түрде қол қойды. Биліктің сол шешімін сол сәтте халыққа ақпарат құралдары жеткізіп жатты. Бұл шешім туралы көпшілік қауымның ой-пікірі де жариялана бастады. Яғни, журналистика – халық пен бірлік арасындағы кері байланысты да орнатушы. Қазіргі журналистер биліктің мүддесін басымырақ қорғайды. Өйткені көптеген басылым, телеарна, радиолар билік тарапынан қаржыландырылады. Содан кейін құрылтайшының тапсырысын орындауға міндетті. Бірақ қоғам демократияланып келе жатқандықтан, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтынына да мысалдар жетіп-артылады. Қоғамдағы кез келген келеңсіз жағдайды дер кезінде көрсетіп, үн қатуға қатаң цензура қойылып отырған жоқ. Осы тұрғыдан ел ішінде орын алған келеңсіз жайттар мен шешімін таппай отырған өзекті проблемаларға биліктің назарын аударуға келгенде, журналистер көп жұмыс атқаратынын айтуымыз керек. Бұл ретте журналистика – халықтың қамқоршысы, жұрттың жоқшысы, елдің мүддесін қорғаушы. Бір кездері Шерхан Мұртаза ағамыз: «Президент – ел бастаушы, журналист –  жол бастаушы», – деп еді. Біздің қалам ұстаған қауым осы жауапкершілікті жете сезінуі керек-ақ.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ:

– Билік пен журналистер бір-біріне темір арқанмен байланғандай әсер қалдырады кейде. Ал халықпен ортадағы нәзік жіп жұқарып кеткендей. Десе де, қазақ журналистері халқынан тамыр үзбеуге барын салып келеді. Журналистің жанын түсінетін бас редакторлардың арқасында оқта-текте жанға батқан мәселелер туралы оқып, көріп қаламыз. Турасын айтқанда қазақ ақпарат құралдары этномәдени мәселелерге әуестене бастады. Өткеннен жұбаныш іздеуге көшкендей. Ақпарат құралдарында әлеуметтік, саяси зерттеулер сирек шығады.
«Жетісу»: Қазақ басылымдарының алды 100 жылға толып жатыр. Сол көштің басында облыстық «Жетісу» газеті де бар. Газеттің қоғамдағы орны қандай?

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ:

– Қазақ басылымдарының тарихы тереңде. Бұл ретте «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаятын», 1910 жылы жарық көре бастаған  «Айқап» журналын атай аламыз. Ал 1913 жылы ашылып, 1918 жылы жабылған ұлттық рух ұраншысы – «Қазақ» газеті ұлттық баспасөздің басы. Оның шаңырақ көтергеніне биыл 105 жыл толды 3 ақпанда. Облыстық басылымдар ішінен бір ғасыр өмір сүріп келе жатқан – «Жетісу» газеті. Оның  қазақ руханиятында алатын орны ерекше. Газетте сол кезде қазақша, ұйғырша, орысша мақалалар жарияланып тұрды. «Жетісу ісші халық мұхбірі» деген атаумен жарық көрген өңірлік басылымға Сабыржан Шәкіржан деген азамат редактор болды. Бұл газетке сол кездегі қазақ зиялыларының көбі авторлық еткен. Солардың ішінде Ілияс Жансүгіровті, Мұхаметжан Тынышпаевты, Садық Аманжоловты, Қапез Байғабыловты, Ораз Жандосовты, Ыдырыс Көшкіновтерді атай кеткен абзал. Осы газеттің тарихын бір кісідей зерттеп, кітап етіп  жариялаған белгілі журналист-қайраткер Жақыпжан Нұрғожаев та «Жетісуды» ұзақ жыл басқарды.

Өзім де осы газетте Пернебек Бейсенов ағамыздың редакторлығы кезінде қатарынан  үш мәрте өндірістік  тәжірибеде  болдым, одан кейін корректор болып қызмет еттім. Кейін Баймолда Мұса ағамыз бас редактор кезде ақпарат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым.

«Жетісу» газетіндегі қызметкерлердің қатары жастармен толығып, жаңа айдарлар, жаңа қосымша беттер ашылып жатқанын білемін. Әсіресе, қоғамның күнгейі мен көлеңкелі тұстарын анық көрсететін «Ұлт ұяты» қосымшасы оқырман үшін үлкен олжалардың бірі. Оқырман ол жерден әттегенайларды да, сүйінші сұрайтын ақжолтай жаңалықты да табады. Тауып қана қоймай, ойланады, сараптайды, талдайды. Бүгінгі заман талабы да осы емес пе?!

«Жетісу» – менің журналист болып қадам басуыма орасан игі ықпал еткен басылым. Сондықтан, маған бұл газет екінші ұстазымдай ыстық.

Бауыржан ЖАҚЫП:

– Мен өзім осы газеттің тұрақты оқырманымын. «Жетісу» – талай тарландарды түлетіп ұшырған үлкен тәрбие мектебі. Өз басым 80-ші жылдардағы студент кезімнен бастап осы газетке автор  болып келемін.  Студенттік  кезіміздегі «Жетісуға» мақала, очерктерімізді жазып, жариялап, қомақты қаламақыға кенелетін кездерімізді ұмыту мүмкін емес. Кәкімжан Қазыбаев, Баймолда Мұса, Ерғали Ахметов, Мұғалімбай Жылқайдаров, Нүкеш Бәдіғұлов, Ерғазы Әсембеков секілді ағаларымыздың шарапатын көрдік.

Газеттің қоғамдағы орны айрықша. Интернет заманы болғаннан кейін газеттің электронды нұсқасы ғана қалады деушілер бар. Бірақ мен бұл пікірмен келіспеймін. Газеттің қағаз нұсқасын оқығанға жетпейді. Оның өз ләззаты бар.  Бізден де бұрын озық технологияға қол жеткізген АҚШ, Еуроодақ, Жапония елдерінің қай-қайсысына барсаңыз да газеттің қашан да өз оқырманы болатынына көз жеткізесіз. Әрине, қаржылық қиындықтарға байланысты кейбір басылымдар өзінің электронды нұсқасын ғана шығаруға мәжбүр шығар. Бірақ көптеген тарихы бай газеттер сол дамыған елдердің өзінде көп таралыммен сақталып отыр.

Газеттерге қойылатын талап күшейіп келеді. Олардың қағаз таралымымен, электронды сайтына жазылушылардың саны да күрт өсуде. Ал одан түсетін қаржы газет қоржынын толтырып отыруы керек. Біздің облыстық газеттер сол аймақтың тыныс-тіршілігін  жан-жақты көрсетуде үлкен рөл атқарып отыр. Сондықтан, «Жетісу» сияқты ғасырлық тарихы бар газеттеріміз бұрынғыдан да жанданып, заман ағымына ілесіп, биік шығармашылық белестерді бағындыруына қашанда тілектеспін.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ:

– Маған «Жетісудың» қазіргі бағыты ұнайды. Бас редактор Әміре Әрін ағамыз жастарды топтастырып, бағыт-бағытпен материал жазғызатынын байқау қиын емес. Маманды салаға бейімдеу – өте сауапты іс. Әр нәрсені бір шалып, түбінде түкке ие бола алмай қалғаннан сақтайды. Мұндай салалық сұрыппен материал беру анау деген азуын айға білеген, аймақтық деген айдары барларға мұрын шүйіре қарайтын ірі  басылымдарда да байқала бермейді. Мәселен, Қозыбай Құрманның лингвистикалық талдаулары, Асыл Сұлтанғазының әдеби негіздемелері, Қуаныш, өзіңнің Алаштың 100 жылдығында берген зерттеу мақалалар циклың сүйінерлік дүниелер. Әрине, кем-кетік тұсы бар шығар, онсыз болмайды. Бірақ осылай бапталған тайлар түбі топтың алдын бермес тұлпар болады. Өйткені мектеп бар, іргетас бар.

Қай қырынан қарасаң да «Жетісу» – өлкенің күретамыры. Тұтас елдің тағдыры, тарихы, өткені мен бүгіні, болашағы осы басылымның бойында бүлкілдеп жатыр. Мұндайда қазақ: «Жүз жаса!» – деп тілек айтушы еді. Басылым жүзге келіпті, сондықтан:  «Тағы да жүз жаса!» – деймін. Әкем оқыған, жырлары жарияланған газетті осы күні ұлы оқыды, мақалаларын басты, енді немерелерінің қолтаңбасы басылсын. Ұрпақтарды байланыстырған басылым аман болсын.

«Жетісу»: Журналистика кәсіби оқытуды қажет етпейді дейтін пікір көбейді. Кәсіби журналистердің орнын әнші-жұлдыздардың алмастыруы, рейтинг қуалау қаншалықты дұрыс?

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ:

– Мұндай пікірдің туындауына, меніңше, кейбір кәсіби журналистиканы меңгермегендердің телеэкранға жылтылдап жиі шығып жүргенінен болса керек. Әлемдік ақпарат кеңістігінен хабардар бола отырып, адамзаттық даму үрдісіне өзіндік көзқарасын қорыта айта алатын, оны өзі өмір сүріп отырған мемлекетінің ішкі және сыртқы саясатымен ұштастыра тұжырымдай алатын журналист болу үшін міндетті түрде жоғары оқу орнында университеттік білім мен білік алған жөн.

Журналистика – тек ақпарат алу, тарату машығы емес. Оқымаса да журналист болуға болады екен деген пікір мүлдем жаңсақ. Мұндай ойдағылар – журналистиканы екінің-бірінің қолынан табылатын қарабайыр қолжаулық  көретіндер. Оны айтып жүргендер – бұл мамандыққа деген көзқарасы  төмендер, ондай ойды  таратып жүргендер – мемлекеттік саясатты, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді, экономикалық-өнеркәсіптік мүмкіндіктерді, рухани-мәдени қажеттіліктерді толық түсінбейтін білімсіздерді, сондай-ақ, халықаралық жағдайларды саралай алмайтын, ол туралы өзіндік пікірін мемлекеттік саясат аясында сараптай алмайтын білігі таяздарды журналист жасау арқылы мемлекеттің іргесін шайқалтсам деген зымиян пиғылды  көздегендер деп түсінемін. Ақпаратты, әрине, екінің-бірі алуға, таратуға қауқарлы қазіргі заманда. Бірақ қандай ақпаратты қалай алу керек, қалай тарату қажет,  кімге,  не үшін, қандай мақсатпен жіберген жөн  деген жауапкершілігі орасан сұрақтарға толық жауап бере алатын кәсіби маманның жан-жақты білімді болғаны аса қажет. Ақпараттық қауіпсіздік деген ұғымды терең түсінбейтіндер де журналист бола алмайды.

Журналистердің орнын ешқашан әнші, күйші, артист я актер алмастыра алмайды. Алмастыра алмайтыны – олардың кәсіби машығы, мамандығына тән мақсаты бөлек. Артистер ойнай алады. Журналистің рөлін де  ойнап шығуы мүмкін, бірақ дәл кәсіби журналист санатында үнемі әрекет ете алмайды. Оған кәсіби білігі жетпейді. Олар сол телеэкранда  артистік міндетін ғана атқарып жүр. Журналистің міндеті мен парызын тек кәсіби білігі терең, сол мамандыққа жан-тәнімен берілген,  теориялық танымы толысқан, кәсіби тәжірибесі жетілген маман ғана толық атқара алады.  Телеэкрандағы әртістер – бір сәттік бағдарламаға жалданған  шоумендер. Өзімнің сырт келбетімді көрсетсем, елдің көз  алдында жүрсем, сөйтіп танымал болсам деген ойдағы адам журналист емес. Оларға қарап журналистикаға баға беруге болмайды.

Рейтингте телеарналар шын мәнінде тыңдарман-көрерменнің биік талғамы мен жоғары деңгейдегі танымы тұрғысынан бағаланып жатса, оған қуану керек. Ал әйтеуір сан қуалаушылық болса,  ондай қолдан жасалған рейтинг ешқашан абырой әпермейді.

Бауыржан ЖАҚЫП:

– Журналистика арнайы оқытуды қажет ететіндігі осы уақытқа дейін әлдеқашан дәлелденген. Кәсіби білімі бар журналистің қашан да шоқтығы биік. Мәселен мен 1997, 2000 жылдары АҚШ-қа барып, ғылыми- тәжірбиеден өттім. Сонда байқағаным – бүкіл 52 штаттың бәрінде де кәсіби журналистер даярлайтын  университеттер жұмыс істейтінін көзбен көрдім. Жоғары білікті мамандарды сол журналистика мектептері тәрбиелейді.
Ал қазіргі кезде эфирді басқа мамандық иелерінің жаулап алуы уақытша, өткінші процесс деген пікірдемін. Оған өз басым қарсымын. Әрбір кәсіп иесі өз мамандығымен айналысқанда ғана сол сала дамып, ілгерілейді, бәсекеге қабілетті болады.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ:

– Журналистиканы оқыту түгілі, ғылым етіп жүйелеп, магистр, докторлардың жазған диссертацияларында іліп алар дүние болса негізге алып, сүбелі оқулықтар, журналистердің қолынан түспес әдістемелер шығаратын уақыт баяғыда келген.

Журналистика – кірпияз, интеллектуалдық өрені талап ететін  мамандық. Кез келген лас, өресіз дүние бетіне қалқып шыға келеді. Қарапайым тілмен айтқанда мақаланы сараптамадан, очеркті эсседен,  репортажды сюжеттен айыра білу үшін де білім керек. Әр жанрдың өзіндік құрылымы, діңі бар. Журналистиканың ақпарат таратудан бөлек те идеологиялық, ағартушылық функциялары жетерлік. Ол үшін шешен тіл, жүйрік қалам керек. Осының бәрін игермей, қоғамның көпсалалы институтына қойып кету – обалынан қорықпастан бір мамандыққа қиянат жасау. Жолбикелердің қазақ телевизиясын қай деңгейге жеткізгенін осы күні көзіміз көріп отыр. Олар басылымға жоламайды, өйткені, қолға қалам ұстауға өре жетпейді.
Тележурналистерді жүгіртіп қойып, көпіріп сөйлеу,  олар жазған дайын сценарийді көсемсіп оқу, көрерменнің көзіне түсіп, абырой жинау үшін көп білім де, білік те керек емес. Ол үшін журналистика иісі мұрнына бармайтын көке, терісі қалың бет қана керек.

«Жетісу»: Журналистиканың құзыретін блогерлерге беріп қойған жоқпыз ба? Интернет журналистикасы туралы не айтасыздар?

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ:

– Интернет журналистикасы заманның өзі тудырған қажеттілік деп түсінемін. Мәселе сол блогерлікті журналистік білік деңгейіне көтере алсақ – пайдалы.
Интернет – біздің күнделікті тұрмысымызға аса қажетті көмекші ақпараттық құрал. Біздің республикамыздың 12–52 жас аралығындағы тұрғындарының 75 пайызы интернет желілеріне айына кемінде бір рет қосылады. Осыдан үш жыл бұрын интернет желілерін пайдаланушылардың саны           3 миллион 470 мың еді, қазір оның саны екі есеге артты. Интернеттегі «ВКонтакте», «Одноклассники», «Facebook» секілді әлеуметтік желілерді, «Google», «Яндекс» секілді іздеу жүйелерін, «Mail.ru» секілді порталдарды пайдалану әдеттегі іс секілді өмірімізге етене еніп кеткен заманда интернет-журналистиканың алдыңғы қатарға шығуға толық  мүмкіндігі бар. Мәселе сол мүмкіндікті журналистиканың мақсат-мұраттарына қарай икемдеп, ұтымды да дұрыс пайдалануымызда.
Қазір әр басылымның өзінің ПДВ форматтағы нұсқалары бар. Жеке сайттар мен порталдар қаншама?! Біздегі «Abai Kz», «Tengrinews.kz», «Мassaget.kz» порталдары сияқты интернет- ресурстар күн сайын көбейіп келеді. Демек, интернет-журналистика заманауи таным мен талғамға қарай, уақыт сұранысына, ұрпақ қажеттілігіне орай қызмет ете бастаған заманда  дәстүрлі журналистиканың озық өнегелерін пайдалана отырып, жаңа журналистиканың жасампаздық тәжірибелерін үйренуіміз керек те, халық қажетіне жаратуымыз қажет. Сондықтан да сіз айтқан: «Журналистиканың құзыретін блогерлерге беріп қойған жоқпыз ба?» деген сауалдың астарындағы алаңдаушылық бекер. Әр ақпарат құралының өз оқырманы, өз тыңдарманы, өз көрермені,  бір сөзбен айтқанда, өз алқаманы (аудиториясы) бар. Біз соларға бар мүмкіндікті пайдалана отырып,  дұрыс қызмет етуіміз керек.

Бауыржан ЖАҚЫП:

– Блогерлер де керек қазіргі заманда. Сонау бір 90-шы жылдардың аяғында біз Америка тәжірбиесімен «Паблик рилейшнз (қоғаммен байланыс)» мамандығын алғаш ашқанда, жұрт таңырқай қараған. Ал қазір сол қоғаммен байланыс мамандары көптеген салада тындырымды қызмет атқарып отыр. Сол сияқты блогерлер де озық  технология заманында қажет. Ал олар тұтас журналистиканың құзыретін иелене алмайды. Әр бұқаралық ақпарат құралының журналистері өз міндеттерін атқара береді.

Интернет-журналистиканың болашағы зор. Болашақта газеттің, телеарнаның, радионың біріккен қызметін осы интернет журналистикасы атқаратын күн алыс емес. Қазірдің өзінде көптеген жаңалық әлеуметтік желілер арқылы тез әрі жылдам таралуда. Бірақ баспасөз де, радио да, теледидар да өз қызметін параллелді түрде жүргізе беретініне еш күмәнім жоқ.

Журналист мамандығы ең мәртебелі мамандықтың бірі болып қала береді. Сөзімнің соңында барлық кәсіби журналистерді, оның ішінде «Жетісу» газетінің ұжымын төл мерекесімен құттықтаймын!

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ:

– Әлемде 75 миллион блогер бар дейді. Көп мемлекетте осы кәсіп арқылы тіршілігін дөңгелентіп, бір өзі бір шағын басылымның рөлін атқарып отырған блогерлер бар. Алайда блогер көбейді деп теледидарын шағып, газетін жауып тастаған мемлекет жоқ. Бізде де олар осы қоғамның бір көрінісі болуы керек. Өзгенің тауарын жарнамалап, жан бағуға, өз блогынан керекті ақпаратын таратуға ешкім тыйым сала алмайды. Біздегі блогерлерге тек осы биіктен қараған дұрыс деп ойлаймын және олар шынайы журналистикаға ешқашан бәсеке бола алмайды. Ал порталдар мен сайттардың жайы басқаша. Интернет-журналистика үлкен күш екеніне талай көзіміз жетті. Қазір ол сайттардың да тапсырыстан ауызбастырық алғаны байқалып қалып жүр.

Әзірге жүк көтеріп тұрған әлеуметтік желі – бір «facebookтың» өзі көп қызмет тындырып жатыр. Баспасөз хатшыларының кейбірінің негізгі жұмысы желі аңду, сыни мәлімет жарқ етсе жабыла жауап беру болып барады. Марк Цукербергтің арқасында талай ұлттық мәселе жарияланып келеді. Ақпараттық саясатты дұрыс жолға қойып, сөз бостандығын шектемесе ғана журналистиканың деңгейі де, беделі де өседі.

«Жетісу»: Әңгімелеріңізге рахмет!

«МІНБЕРДЕ» мәселе көтерген – Қуаныш ТҰНҒАТАР