Ана иісі

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 1817
Бөлім: РУХАНИЯТ
«Өлең жазбасам, жидіп, борси бастаймын» деген екен бір ақын. Сол сияқты мен де өзіңмен хат арқылы болса да ойларымды бөліспесем, апамның шайдан басы ауыратыны сияқты, мазам кете бастайды. Бұл жақта көкейімді түсінер, ішімнің қыртысын ұғар ешкім жоқ. Өзіңді сағынам, бірге жүрген күндерді аңсаймын. Күніне болмаса да, аптасына бір жолығып, қауқылдасып тұрушы едік. Сырыңды түсінер, сыныңды қабылдар, қисығыңды түзетер өзіңдей достың орны бөлек екен, бауырым.
Өткен хаттарымда бастаған әңгіме желісін әрі қарай жалғағым келіп отыр. Жалықпасаң оқып, жауап жазарсың...
Туған әке-шешемнің кім екенін білдім дедім ғой өткен әңігімемде... Күндер өтіп жатты, тіршілік өз қарекетін істетіп жатты. Жасыратыны жоқ, бәрі анықталған соң туған әке-шешеге бүйрегім бұрып, соларды айналшықтап-ақ қалдым. Бірге туған бауырларым да көзге ыстық көрініп, өзіне тартып тұратын сияқты. Әлімқожа аға мен Жамал тәте де мәре-сәре. Енді ше, тұңғыштары араға отыз жыл салып отбасына оралып отырса. Оның үстіне  Тұраш (менен кейін дүниеге келген інім) қаладан үй сатып алатын болды да, бізге жақын жердегі бір кісімен сөйлесіп келістік те, алдық. Сонымен екі үй боп шыға келдік. Несін айтасың, бәрі өз орайымен келіп жатты...  Жо-оқ, мұным өтірік...  Осының бәрінде әйтеуір бірдеңенің орны жетпей, әйтеуір қиюы қашып тұрғандай болды да тұрды маған. Ол не?! Өзім де ұқпаймын, өзгеге де ұқтыра алмаймын... Жұмбақ.
Жаңа тапқан (мен үшін жаңа ғой) әке-шешемнің, іні-қарындастарымның маған деген ынта-ықыласында, менің оларға деген қарым-қатына- сымда сырт көзге бәрі тамаша болғанымен, көзге көрінбейтін салқындық, құрғақтық сезілді де тұрды. О баста бұл жатырқаушылық сезімі болар, үйренісе келе ұмытылар, қанша айтқанмен бір туғандық бар ғой деп ойлағам. Жоқ, олай емес екен...
Уақыт өтіп жатты. Уақытпен бірге біздің алғашқы желігіміз де басылды. Алып-ұшып тұрған көңіл орнына түсті. Сонда барып мен жоғарыдағы жұмбақтың шешуін таптым. Бізге жетпей тұрған нәрсенің аты – «мейірім» екен. Ұзақ жылдар шындықты бүркей алмағанымен, ата-ананың туған баласына, баланың туған әке-шешесіне, бір туған бауырлардың бір-біріне деген мейірімін жоғалтыпты. Осыған сенесің бе? 
Тек қандық жақындыққа тарту, мейірсіз құрғақ еміренуден ештеңе де шықпайды екен. Мен осыны түсіндім, түсіндім де жылтырақ көңілді, алдамшы сезімді тәрік етіп тастап шықтым. Тастап шықтым да, оған да, бұған да бармай меңірейіп ұзақ жүріп, өзімше пәлсапа түйдім.
Япыр-ай, баланы дүниеге келтіру, оны бағып-қағып өсіру, тіпті әлпештеп, аялап өсіру түкке тұрмайды екен ғой. Балаға деген өзіңнің шынайы мейіріміңді үнемі сездіріп отырып, өзіңе деген мейірімін оятып отыру керек екен. Ата-анасының өзіне деген ыстық ықыласын сезіп, оған да сондай ыстық ықылас-мейірмен жауап беріп өскен баладан жамандық келмес.
Арадағы  алауыздық, көңіл салқындығына қарамастан  менің «ұялас» бауырларым Заңғар мен Серіктің мені ылғи өздеріне тартып, көне табалдырығымнан қайта аттатқызғысы келіп жүретіндерін сезетінмін. Сонда да соның ешқандай жөні келмеген.
Айтпақшы қызым Қарақат апам мен атамның қолында еді ғой. Мен туғандарымды тауып алған соң, «өзінен көрмеген жақсылықты баласынан көрем бе» деді ме екен, мектепке баратынын сылтау қылып «өз қолдарыңнан оқытыңдар» деп әкеліп тастаған. Біз оған қуанбасақ, қарсы болған жоқпыз. Сол Қарақатым әлі күнге апасы мен атасына ұшып тұрады.  «Шал-кемпірдің иісі сіңген қыз» емес пе, бетінен қақпадық. Апасы мен атасына қалаған уақытында барып-келіп тұрды. Біз араласпай кеткен ұзақ жылдарда (алты-жеті жыл) ара жіпті үзбеген дәнекеріміз осы Қарақат болды.
Бірде Бестерек ауылының Мәдениет үйінен Тойғанбай аға екеуміз шығып келе жатсақ, көлденең көшеден өтіп бара жатқан бір жеңіл  машина тоқтай қалды. Ішінен Әбдірақым деген таныс жігіт шығып, інісі Рақым екеуі бізге қарай жүрді. Амандықтан кейін Әбдірақым:  – Имаш, сені көріп тоқтадық, інің көлік апатына түсіп қалыпты, – дегені. Ә дегенде ешнәрсе түсінбедім. Соны байқаған Рақым, «Серік» деп қосып қойды. Сонда барып жүрегім аузыма тығылып, маңдайым жіпсіп қоя бергені есімде. Сөйлей алмай, тұтығып: – Қашан? Қалай? Аман ба өзі? – дедім. – Аман, аман. Қолы ғана сыныпты, ауруханада жатыр. Серік өзінің мотоциклімен келе жатып мынаның машинасына ұрылыпты, – деді.  Жанында тұрған үшінші жігітті көрсетіп. Әлгі жігіт кінәлі адамдай төмен қарады. – Қазір сендердің үйге барып келе жатырмыз, шал-кемпірден кешірім сұрадық, – деп Әбдірақым сөзін жалғады. – Ендеше Әбеке, жүр алдымен үйге барайық, сосын ауруханаға барамыз, –  дедім. Ондағы ойым жол апатын естіген соң апам мен атам шошып қалмады ма, қандай күйде, соны білу еді.
Барсақ атам үйде жоқ екен, апам шығып, бетімнен сүйіп, келгеніме риза болып қалды. Мен де апамның бетінен сүйдім. Таныс иіс, таныс қана емес, сағынышты, мейірімді, мерейлі иіс. Ес білгеннен танауым үйреніп, бүгінгі күні сыздай аңсайтын, ұзақ уақытқа жоғалтып қойған анамның иісі! Жүйкем босап бара жатты. Көз жасын еркіне жіберейін десем, жаман хабар әкеліп тұр ма деп апам шошып кететін болған соң өзімді зорға бастым. Шіркін-ай, қазір айналамда ешкімге қарамай апамның омырауына тұмсығымды тығып, еңіреп тұрып жыласамшы. Осыған дейін жанымды сыздатып келген удай ащы пәлекет көз жасымен бірге шығып кетіп, жаным жадырап, көңілім тазарып қалар еді-ау...
Жан дүнием соны қалап тұрғанымен, олай істей алмадым. Көктемде еріген қар жылға-жылғамен тарам-тарам аққанындай, жүйке-жүйкемді қуалап көзге қарай ағылған кермек жас қайтадан денеме жайылды. Жанымда тұрған бөтен үш адамнан қысылып, шымырлаған сезім селін еркіне жібере алмадым. Сонда барып адамға керек жерінде емін-еркін, ағыл-тегіл жылап алудың да соншалықты қажет екенін түйсіндім. Сыртқа шықпаған көз жасымен бірге бойыма удай ащы запыран қайта жайылғандай өзегім ашып жүре берді.
 Осы бір сәтке лап еткен шынайы жан толқынысын тұншықтыра басып, қайтадан өмірдегі «әртістік» қалпыма түстім. Сөйттім де өзіме-өзім тағы бір жаңалық аштым. Бұл жаңалық та емес, бірақ, бұрын ойламаған дүнием болса керек. Өмір сүруші әрбір адам, өмірінің ақырына дейін екі рөлде ойнап өтеді екен. Біріншісі – оның жан-сезімімен түйсінетін, түйсіне тұрып мойындайтын, мойындауын да сыртқы әсерден жанын сала қорғайтын шынайы адамдық рөлі де, екіншісі – бар сезгенін, білгенін сыртқа әдейі жариялап, тіпті мақтана жариялап, сонысымен біреуге жақсы, біреуге жаман боп көрінетін кәдімгі пенделік рөл екен.
Енді мен де сол пенделік рөліме көшіп, апамнан амандық-саулық, Серіктің хал-жайын сұрай бастадым. Бірақ аузым сөзде болғанмен, көңіліме сағынышты балалық шақтың елестері орала береді... Апамның сөздерінен қолы ғана болмаса. Серіктің жағдайы жаман емес екенін білдім. Жүрегім орнына түсті. Есік алдындағы кәрі өрік ағаштарына қарадым. Қайсысының қандай жеміс беретінін ойлаймын. Анау «майлы өрік» (сырты жылтыр өрік) менің бұтағым болатын, анау Заңғардікі, анау Серіктікі. Біз өрік бұтақтарын солай иемденіп алатынбыз.
Мынау мен әжемді жетектеп шығатын табалдырық... Есік алдына жаңа үй салынған соң ескі үй оны-мұны қоятын қоймаға айналған. Ана қабырғадағы шегелерде менің сызған суреттерім ілулі тұратын. Япыр-ай, соншалық ыстық көрінеді. Мына үйде, мына ауылда, мына жеміс ағаштарында менің алаңсыз балалық шағымның ізі сайрап жатыр. Өзегім тағы да удай ашып барады...
Өз тәжірибемнен түйгенім, ішіңнен шыққан баланы басқаға беру, мейлі ол туысың, бірге туған бауырларың болсын, өз басым қылмыс деп түсінемін. Бала туған әкесі мен шешесінің құшағында, солардың иісін иіскеп, мойнына оралып өсуге тиіс. Иіс демекші, бала емшектегі сәби кезінде «шешесінің иісін алып апты, басқамызға келмейді жаман неме, тіпті ұйықтап жатқанда жаныма алсам «шыр» етіп оянып кетіп, шешесін іздейді» деген сөздерді жиі естиміз. Ұйықтап жатқан сәбидің басқа адамның құшағына өткенін бірден сезіп, «шыр» етіп оянып, өз анасын іздеуінде қандай құдірет бар? Ол құдірет – ананың иісі емес пе! Мал екеш малдың төлі енесін иісінен айырып, өзге малдың бауырына жоламайтынын кім білмейді.
Ал сол сәбиді ұзақ уақыт анасынан айырып қайта табыстырсаң, өз анасынан жатырқап қашатыны неліктен? Анасының иісін жоғалтып қойғаннан емес пе?! «Жетім қозы – тас бауыр, отығар да жетілер» деп халқымыз айтпақшы, қатыгез, мейірімсіз, тасбауыр адамдар да осындай ата-анасының иісін алмай, мейірін көрмей өскендерден шығады-ау шамасы.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келсек, бала есейіп етегін жиғанша ата-ананың иісінен, мейірінен алшақтамауға, туған әкесі мен шешесінің құшағынан адаспауға тиіс. Кез келген адамның, қоғамдық тағдыр соқпағы өз табалдырығынан бастау аларын, басы тұнық судың  аяғы да тұнық боларын естен шығаруға болмайды. Менің өз басымдағы өзің білетін оқиғалар маған осыны айтқызып отыр, досым. Сол Серіктің жағдайын білуге барғаннан кейін өз үйіммен, өз әке-шешеммен қайта табыстым. Саған «өз үйім, өз әке-шешем» деп әдейі айтып отырмын, өйткені туған әке-шешем мен олар тұрып жатқан үй,  маған «өзімдікі» бола алмады. Оны олар өздері де, мен де мойындадым. Қанша тыраштансақ та туысқандық сезімнен аса алмадық, бүгінде арамызда сол ғана қалды.
Содан бері үш-төрт жыл өтіпті, әңгімемді жалықпай тыңдасаң, әрі қарай жалғайын.
Өз басым әкеден де, шешеден де айырылып, тұлдыр жетім болғам. Бүгінде бала-шағамның тілеуін тілеп жүріп жатырмын. Туған әке-шешеммен араласпай кеткеміз. Жо-жоқ, ұрсысып-соғысып емес, үндемей-түндемей. Бір-бірімізге сен дескен жоқпыз. Олар мені іздемеді, мен оларды іздемедім. Сөйтіп уақыт өзі бізді алшақтата берді. «Алмасаң-бермесең сарт боласың, бармасаң-келмесең, жат боласың» дегендей, бүгінде нағыз жат болдық. Шешем қайтыс болғанда Әлімқожа аға бір рет төбе көрсетті де, қайтып жоламады. Жетісінде де, қырқында да келмеді. Торқалы той мен топырақты өлімде араласпаған туыстың құны өзіңе белгілі ғой.
Тағы бір есте қалғаны, апам екеуміздің қол ұстасып келе жатқан қалпымызды көрген атам кейде, «әй, оны ертіп келмесең үйді таба алмай ма? Қалды ғой ана шаруаң» дейтін зілсіз. «Шаруаң құрсын, өлмей біте ме о немең. Ана қойшыға барып, иттерің баламды талап тастап жүрер, байлап қойыңдар деп айтпайсың ба одан да» деп апам шын кейиді. Атам енді мырс етіп мұртынан күліп, «иә, сенің балаң үшін ол екі итін арқандап қояр. Өткен-кеткенге үрмесе итті несіне ұстайды» дейтін. «Имашым аман болып, ержеткен соң бұл азабыңнан да құтылармын-ау» деп апам енді шалына басқа қырынан келетін. Шал демекші, біз шал-кемпір деп жүрген олар ол кезде елуден сәл асқан орта жастағы адамдар екен. «Өй-дөйт деген, о немең бастық боп, сенің екі қолыңды жылы суға малып қояр». Бұл әкемнің шешемді әзілмен қағытқаны. «Несі бар, бастық болса болады. Аман болса әлі көресің...» 
Осы диалог апам мен атамның арасында әр жағдайда жиі қайталанушы еді. Кейін мен мұғалім болып, қызмет істеп, үйлі-баранды болғанда да атам апамды қағытып, «әй, қолыңды жылы суға малып қоятын балаң келді» дейтін мені көргенде. «Балам әлі жас, жұмысын жаңа бастады. Жаңа үй болды. Мен баламның үйіне кетіп қалып, қолымды жылы суға малып отырсам, сенің күнің не болатынын көрермін» деп апам да көнбейді. «Бар-бар, мен аштан өлмеймін» деп атам мырс-мырс күлетін. Сөйткен қайран апам мен атамды да талай ренжіттім-ау мен ақымақ. Енді өкінді не, өкінбеді не. Соның бәрі тек естелікке айналды.
Әкем қайтыс  болған соң мен бір ұйымның төрағасы болып сайландым. Жұмыс көлігіммен апамның көңілін аулап, барам деген жағына апарып, қыдыртып жүрдім. Таудағы-ойдағы арасандарға апардым. Бір-екі рет облыс орталығына қыдыртып келгенім бар. Бір кездегі «балам бастық болады» деген арманы орындалғандай болған апам, көне таныстарын көргенде «әлгі өздерің көрген Имашым осы. Адам болды. Білдей бастық», – деп мақтаныш сезіммен әңгіме бастайтын. Оңашада «сенің осы қызығыңды әкең көргенде, маған күлгенін қояр еді» деп өкінгендей жымиып күлетін. «Әкем көктен қарап тұрған шығар... Енді сен аман болшы апа» деп әжімді бетінен сүйіп, еркелейтінмін. Сол сәтте жасымның қырықта екені есімнен шығып, апамның омырауына тұмсығымды тығып, танауым  үйренген, өзіме ғана таныс  ана иісін құшырлана ұзақ иіскеуші едім... Енді. міне, топырақтарың торқа, жандарың жаннатта болсын деп Құран бағыштау ғана қалды, досым.
 
Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ