Ғасыр жүгін көтерген

Уақыты: 26.06.2018
Оқылды: 1103
Бөлім: РУХАНИЯТ

Асқар таудың ұшар басындағы қызыл тасқа таңбасын қашап басқан текті жұрттың толымды тарихын қазыналы туындыларымен кемелдендіріп жүрген қайраткер-қаламгерлерге алтын ұстахана ретінде танылып, ғасыр тынысын еркін алған облыстық «Жетісу» газеті – абыз басылым. Нығыз абыздың кенді кеудесіндегі шалқымалы хаттар, зор зобалаңды шынайы суреттеген әрі ширек ғасырлық жайдарман жаңалықтарды шырайлы сипаттаған шырайы мен мазмұны, мәні бөлек туындылар ата басылымның айтулы шағында кітап болып хатталып, зерделі оқырманға ұсынылғалы тұр. Біз сүйіншілеп отырған ол жинақ – «Ғасыр-ғұмыр» деп аталады.

Ғасыр-ғұмыр» энциклопедиялық жинағы – «халықтың құлағы, көзі һәм тілі» ретінде танылған «Жетісу» газетінің бай тарихынан сыр шертер туынды. Кіріспесі Елбасының рухты сөзімен әрі облыс әкімі Амандық Баталовтың лебізімен басталатын жинақтың көтерер жүгі батпан. Бұл қазақ руханияты айдынына қосылған арналы өзен десек әспеттеу мен әсірелеу сипаттарына бой алдырғанымыз емес.
Алаш үшін күрескен арыстардың рухынан дүр етіп оянған басылымның саф болмысты бекзаттары салып кеткен сара жолды соқпаққа айналдырған, ақпарат айдынында ағартушылық пен ақпарат таратушылық міндеттерді көркем түрде ұйымдастырып жүрген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ата басылымның бас редакторы Әміре Әріннің «Темірқазық» атты мақаласымен беташары ашылған «Жылдар мен Жолдар» атты алғашқы бөлімде газеттің шырайлы шежіресі бедерленіп, бұрынғы бас редакторлардың өмірбаяны, олардың газетке қосқан үлесі мен ерен еңбектері қасиетті қаламға арқау болған.  
Билік пен бұқара арасына бір ғасыр алтын көпір бола білген басылымның тың туындысының екінші бөлімі – ««Жетісуым» ойымда, бес қаруым бойымда» және «Ұмытылмас есімдер» деген тақырыппен айшықталып, Қазақстанның Құрметті журналистері Мамадияр Жақып, Жақыпжан Нұрғожаев, белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай сынды марғасқалардың газет жайлы естеліктері және әңгімелері берілген. Сонымен қатар қос өрім: «Жетісу» мен «Жерұйық» сынды бөлімде арналы екі басылымның тоғысып бір айдынды құрауы әңгіме өзегі болса, «Қалам мен қарымда» ата басылым журналистерінің шырайлы шығармалары бедерленген. Бесінші бөлімде «Жетісу» газеті жайлы жыр толғаған шайырлардың өміршең өлеңдері басылып, «...Деген екен» айдарымен айшықталған тараушада ата басылым қызметкерлерінің басынан өткен қызықты оқиғалары оқырман назарына ұсынылды. Ғасырлық басылымның қызметкерлерінің тізімімен руханиятқа қосылған толымды еңбек қорытындыланған-ды.
Қарыс маңдайына қасиетті сөз өнерінің иесі болу жазылған саф болмысты тұлғалар мен арыстардың жаққан шырағын маздатып, арналы басылымды шалқар айдынға айналдырған қаламгер журналистердің «Жетісу» газетінің «Ғасыр-ғұмыр» атты энциклопедиялық  жинағы барша оқырманға арналған. Тың туынды арыстардың бет-бейнесі мен тұлғалық болмысын сомдаған, портреттерін ашқан, жүзжылдық тарихымызды безбендеп, ата басылымының ел үшін жасаған ұлы істерін танытуымен оқырманға құнды. 

«Жетісулықтар»