Бір түп алма ағашы

Уақыты: 14.07.2018
Оқылды: 2582
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көп балалы отбасы. Әрқайсының өз арманы бар. Жылдар өткенде сол ізгілік құры сағымға айналды. Бойларынан мейірім азайды. Көңілдері қасаң тартты. Олар тіпті көптен көрмей кеткен аналарының туған күнінде итше таласып, бет жыртыса береді. Неге бұлай? Осындай көп сұрақтар туғызатын қойылым кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Өйткені мұндағы отбасылық жағдай бүгінгі кез келген қазақ шаңырағында кездесетіндіктен көрермен көңіліне дөп тиері анық.

Иә, бүгін біз тамашалаған «Бір түп алма ағашы» көптің көңілін елжіреткені хақ. Б. Римова атындағы облыстық драма театрында қойылған қойылымның негізгі мәні отбасылық құндылықтың құлдырауы. Күтімсіз гүл де солады, ағаш та қурайды. Мейірім нәрін молынан сіңірген мәуелі ағаш жемісін көбірек салады. Күретамырдан тараған қуат күшін әр бұта өзіне қажетті мөлшерде ғана қабылдай алмаса, жапырақ сарғаяды, бұта да сынады, алып ағаш та құлайды. Адам да солай… Береке-бірлік, татулық болмаған отбасында жүректің жылуы қайдан болсын?! Қоюшы-режиссер Мұрат Ахмановтың қойылымы осы ойды меңзесе керек.
Әлімбек Оразбековтың пьесасы тағдырмен күресу үшін таусылмас күш, талмас қажыр-қайрат керектігін көрерменге ұқтырғысы келеді. Бұл спектакль театр сахнасында алғаш қойылып отырған жоқ. Бұған дейін де облыстық театрларда бірнеше рет сахналанған. Тіпті өзбек театры тәржімалап көрсетті. Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры да сахнаға шығарған. 
«Қазіргі адамдар бір-бірімен мүлде сөйлесуді қойған!». Облыстық театрдың спектакльді берудегі негізгі мотиві – осы. Одан бөлек, Жезқазған театрында қойылды. Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры да бұл спектакльді сахнаға алып шықты. Адамдар есейеді. Отбасын құрады. Шаңырақ көтеріп, бөлек шығады. Бір-бірінен алыстай бастайды. Неге? Бауырлар бөлек кеткен соң бір-бірін бөтенсіп, жатырқауы тиіс пе? Олар неге жатбауыр? Олар отбасынан неге алшақтап кетті? Бір кездегі мейірімге толы жүректер қайда? Бір-бірі үшін жанын беруге даяр еді ғой. Ол сезім неге ұмытылды? Мейірім, кешірім сияқты ұғымдар есейген соң, жоғала бастауының себебі неде? Пьеса авторының айтар ойы осындай. Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы туған ауыл, өзі өскен шаңыраққа деген әрбір адамның парызын қайта оралтып, көп ойға жетелейді.
Ауылда мүгедек баласымен қалған ана мен қалада тұратын балалардың кереғар тірліктері жаныңды күйзелтіп, көңіліңді мұңға бөлейді. Психологиялық драманың мәні әрбір көрерменге туған ел мен туған жермен қатар туған шаңырақ пен ата-ананың алдындағы перзенттік парыздың бар екенін паш етеді. Қарасаңыз, ауылдағы ана мен мүгедек баланың психологиясы бір бөлек те, тұрмыстағы қыздар мен күйеубаланың, қаладан келген ұлдың психологиясы бір бөлек. Сан түрлі мінез-құлық иелерінің тұрмыстық қажеттіліктен аса алмауы көрерменге көп ой салады. Кінә арту, өкпе-ренішін жеткізу секілді арзан құндылықтар алдыңғы орынға шығып кеткен. Ал ана мен ауылдағы бауырдың ойында не бар, олар нені аңсайды, бауырларынан не күтеді деген ұғым жоқтың қасы. Бұл спектакль – өмірдің нақ өзі! Өмірдің алуан-алуан қиындықтарына қарамастан, әрбір саналы адам қоғамдағы, отбасындағы өзінің рөлін ұмытпауы тиіс деген игіліктен туған дүние.
Қойылымдағы Дәметкен ана рөлін ойнаған Ғалия Темірбаеваның шеберлігінде сөз жоқ. Үлкен ұлдың бейнесін көрсеткен Дастан Пышанов нағыз тасбауыр ағаның бейнесін көрсеткендей. Әлия мен Ләйлә рөліндегі Аян Қожбанова мен Әйгерім Бекболатова да өз рөлдерін сәтті алып шыққан. Әсіресе, Зарқымбектің бейнесіндегі Ерлік Қалибек көпшілікті тағы бір тәнті етті. Мүгедек баланың, яғни Мақсаттың рөлі Әлішер Тойболатовқа тиесілі болған екен. Әлішер – Мақсаттың образының шынайылығы соншалық, кейіпкермен бірге мұңданып, бірге қиналдық.
Иә, отбасы мың кірпіштен қаланған үй секілді. Әгәраки, бір кірпіш орнынан босап құлап түссе, басқа кірпіштердің тығыз байланысы бұзылып, нәтижесінде, үйдің қабырғасы сөгіліп, шаңырағы ортаға түсуі бек мүмкін. Өзімшілдік бар жерде бірлік жоқ. Бірлік жоқ мекенде бүлік көп. Ал бүліктің түбі – өлім. Бүгінгі қоғамдағы боямасыз шындық – ағайындар арасындағы алауыздық. Бір жатырға сыйғандардың бір шатырға сыйыспауы – зор қасірет. Бұған алып-қосарымыз бар ма? Отбасының бірлігін сақтаған ұлт мемлекеттің де бірлігін бекем ете алады.
Айта кетейік, театрдың биылғы маусымы Шекспирдің «Ромео и Джульетта» қойылымымен жабылды. Театр әртістері енді өз көрермендерімен екі айдан соң, яғни, күзде қауышатын болады.

Мұхтар КҮМІСБЕК