ТАЯҚ ҰШЫНДАҒЫ ТАЛАНТ

Уақыты: 30.12.2018
Оқылды: 1498
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әкесінің жолын қуған жалынды жастар арамызда аз емес. Жастар жылында осы тақырыпты әңгімеге арқау ете отырып, бірдің өнегесін мыңның назарына ұсынбақпыз. Жаңа айдарымыздың алғашқы қонағы  Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Дінзухра Тілендиева. Ол даңқты композитор, атақты дирижер, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің перзенті ғана емес, рухани мұрагері.

Сөз басын әріден бастағанды жөн көрдік. Ол кезде Нұрғиса ағамыз бастауыш сыныптың оқушысы екен. Алматы вокзалының маңындағы жатаған үйде тұрыпты. Әкесі Атабай дүниеден озған. Балалардың ауыртпалығы анасы Салиханың мойнына жүктелген.
Бір күні қалқан құлақ қара бала қораның төбесіне шығып, домбырамен күй тартады. Оның үні пойыздан енді ғана түскен зиялы жанды елең еткізеді. Әлгі адам арнайы іздеп келіп, өнерлі баланы көріп сүйінеді. Жас түлектің бойындағы талантты тап басып таниды. Бұл  академик Ахмет Жұбанов болатын. Тұсауын Ахаң кескен сол бала кейін ұлы композиторға айналды. 
Өнерлі отбасында туып-өскен Дінзухра да кішкентай кезінен ән-күйге бейім болды. Оның музыкаға деген ынтызарлығын көріп, әкесі ерекше қуанған. «Кейін менің өнер жолымды жалғастыратын осы қызым болады», – деп айтқаны Дінзухраның шабытына шабыт қосқаны анық. 
– Әкем мені еркелетіп өсірді. Ешқашан қолымнан қаққан емес. Әлі есімде, ол кісі маған үнемі өзінің туындысы «Туған күніңмен» әнін жиі-жиі орындатушы еді. Алты жасымда өз қолымен жетелеп әкеліп музыка мектебіне берді. Онда пианино сыныбында оқыдым. Анам екеуміз мектептен үйге жеткенше әкемнің шығармаларын тыңдап баратын едік. 
Алғаш рет пианинода оркестрмен қосылып  Моцарттың туындысын орындадым. Шығарма аяқталған тұста со-          ғылған шапалақтар маған ерекше қанат бітірді. Тағы да сахна төріне көтерілгім келді. Сол сәттегі әкемнің қуаныштан бал-бұл жайнаған бейнесі әлі көз алдымда, – дейді Дінзухра Нұрғисақызы.
Әкелі-балалы екеуі музыкант болып қана қойған жоқ, бірдей мамандықты да иеленді. Нұрғиса Тілендиев Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның дирижерлік факультетін бітірді. Одан кейін Абай атындағы Опера және балет театрында, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде бас дирижер болып еңбек етті. 1981 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрып, оны академиялық оркестр дәрежесіне жеткізді.
Әлемдік музыка тарихына үңілсек, есімі аңызға айналған италияндық дирижер Артуро Тоскани екенін білеміз. Ал қазақ даласындағы сондай тұлғаның қатарында кім тұр дегенде, сөз жоқ, дирижер Нұрғиса Тілендиевті айтар едік. Ол кісі туралы «Ғибратты ғұмыр» сериясымен шыққан өнертанушы Жарқын Шәкәрімнің кітабын парақтап көрдік. «Шығарманың мың-мыңдаған нота тактілерін бар денесіне жинап алып, соны бір-бірлеп қайта шығаратындай күйге түсетін. Музыка өлшемін берік сақтай отырып, еркіндікке берілетін. Әр аспаптың қай жерде, қалай ойнау керек екенін жатқа біліп, оған иегімен белгі беретін. Нұрғисаның дирижерлік еткенін қазақтың ұранын шақырғандай әсерде қабылдаған қалың көрермен дүр етіп орнынан тұратын. Олардың дирижерға деген қошеметінде шек жоқ», – деп жазған екен.
Әке жолын қуған Дінзухра да Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының дирижерлік факультетін бітірді. Осы салада жан-жақты ізденіп, ерінбей еңбек етіп, қабілет-дарынын ұштады. Мамандығының қыры мен сыры туралы ол: 
– Мені дирижерлік өнерге баулыған консерваториядағы ұстазым Төлепберген Әбдірашев ағамыз еді. Қазір ол кісі арамызда жоқ. Дирижер – оркестрдің жетекшісі. Оған қашанда үлкен жауапкершілік жүктеледі. Орындалған шығарманың көрерменді баурап алуы оның білімі мен білігіне, таланты мен шеберлігіне тығыз байланысты. Дирижердің есту қабілеті ерекше болуы керек. 
Оқуымыз аяқталар тұста мемлекеттік емтиханды «Отырар сазы» оркестріне дирижерлік етуден тапсырдық. Әрине, біз осыған дейін консерватория қабырғасында бұл өнерге әбден машықтанғанымыз рас. Десек те, тұңғыш рет оркестрдің алдына шығып, өнер көрсету оңай емес екен. Қатты қобалжыдым. Бірақ музыка әлемі өзіне қарай тарта берді. Сөйтіп, оркестрдегі алғашқы қадамым сәтті шығып, оқу орнын үздік бағаға бітірдім.
Әкем оркестрдегі әрбір дыбысты қалт жібермейтін. Кішкентай ауытқушылықтың өзін тез аңғаратын. Сондай сәттерде таяғымен көрсетіп, музыканттарға ескерту жасайтын. Ол туралы анам Дариға Тілендікеліні және әкемнің көзін көрген әріптестері емірене еске алады, – дейді Дінзухра.
Қазақтың көне аспаптарын қайта тірілте отырып, ұлттық оркестр құруды Нұрғиса ағамыз асқан құштарлықпен қолға алған. Бұл бастаманы сол кездегі орталық комитеттің хатшысы, әйгілі өнертанушы ғалым Өзбекәлі Жәнібеков барынша құптады. Қолдан келгенше жағдайларын жасады. Нәтижесінде, «Отырар сазы» қазақтың музыка өнерін әлемге паш етті. Қай жерге барсын қошеметке бөленді. Өзге ұлттың өкілдері сыңғырлаған қазақ үніне орындарынан тік тұрып қол соқты. Әсіресе, Пхеньянда болған концертте Корей мемлекеті басшысының өзі оркестрге және оның жетекшісі Нұрғиса Тілендиевке айрықша құрмет көрсеткен екен.
Дінзухра әкеден қалған сол асыл мұраны жауапкершілікпен қабылдап алды. Оны жаңа заманға сай жетілдірді. Тәуелсіз еліміздің мәртебесін арттыруға оркестр арқылы атсалысты.
– Бүгінгі таңда оркестрдің құрамында 66 музыкант жұмыс істейді. Солардың ішінде әкеммен бірге жүрген ағаларым мен әпкелерім де бар. Баяншы Сағат Кәртенбаев, домбырашы Серік Қойлышев және сазсырнайшы Лариса Насреддиновалар әкемнің көзін көріп, тәлімін алғандар. Олар барлық жұмысты Нұрғиса Тілендиевтің деңгейімен салыстырып, бағалап үйренгендер. Алғашқы кезде осы кісілер дирижерлік жұмысыма қалай қарайды деп жүрексінетін едім. Пікірлерінің дұрыс екенін сезгенде мүлдем қанаттандым. Сөйтіп, әкемнің ізін баса алғаныма, шығармашылық мұрасын ойдағыдай жалғастырғаныма шүкіршілік етемін.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда «Отырар сазы» оркестрі өзіндік үлес қосып келеді. Биыл Францияға гастрольдік сапармен барып қайттық. Шетелдіктердің төл өнерімізге деген құрметі ерекше, – дейді ол.
Нұрғиса ағамыздың тағы бір қыры, ұлы жырау Жамбылды өте жақсы көрген. Екінші жағынан алғанда, өзі де сол кісінің ұрпағы. «Егер маған сақал қойса, Жамбыл тәтемнен айнымай қалатын едім», – деп тебіренеді екен. Дүниеден озар алдында: «Мені Жамбыл музейіндегі қорымға қойыңдар», – деп соңғы сөзін айтқаны бекер емес. Әйгілі «Ататолғау» күй-поэмасын Жамбыл Жабаевқа арнаған еді. Нұрғиса Тілендиевтің өзімен әріптес басқа дирижерлардан айырмашылығы ол барша қазақты ән-күйімен қуандырған дарынды композитор болды.
Ұлы адамның ұрпағы Дінзухраны да сол сияқты дей аламыз. «Орындалмаған арман» атты күйі әкесіне арналған шығарма. Пианинода ғана шебер ойнамайды, күйшілігі де бар.
– Қазір әкем тірі болса, өзіне тартқан күйші қызын көретін еді. Әкемнің кезінде мен тек пианинода ғана ойнадым. Үйіміздегі көптеген жәдігерлерді музейге өткіздік. Оның ішінен әкемнің өз домбырасын іріктеп алып қалдым. Кейде осынау жәдігермен үнсіз сырласамын, – дейді Дінзухра.
Қазақ музыкасына сіңірген ерен еңбегі үшін 1994 жылы Нұрғиса Тілендиев Халық әртісі атағын алды. Композитор даңқы Халық Қаһарманы болуымен жалғасты. Осы жағынан алып қарағанда, әкесі мен қызының өзара ұқсастықтары бар. Дінзухра Тілендиеваға да «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрін дамытқаны үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.
Кеңестік кезеңдегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаев Нұрғиса ағамызды өте жақсы көріпті. Талантын ерекше қадірлеген. Сондықтан республика басшысының қабылдауында болған сәттерде қанаттанып шығады екен. Осындай үрдіс бүгінгі таңда Дінзухраның өміріне де тән. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев асылдан қалған тұяқтың әке жолын жалғастырғанына әрі ұлттық музыка өнеріне үлес қосып жүргеніне дән риза. Биыл Мемлекет басшысы Дінзухра Тілендиеваны арнайы қабылдады.
– Елбасы ұлттық музыка аспаптарын әлемге танытып жүрген оркестр ұжымына ризашылығын білдірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай өнер саласы қызметкерлеріне жүктелетін міндеттер туралы жан-жақты әңгімеледі. Сонымен қатар, Жастар жылында атқарылатын жұмыстарды да сөз етті. Елбасымыздың ұлт руханиятына көрсетіп жатқан қолдауы жігерімізді жанып, бойымызға күш береді, – дейді Дінзухра.
Әкеден қалған өнер жолын өз ұрпағының ойдағыдай жалғастырғаны – өмірде сирек кездесетін оқиғалардың бірі. Тілендиевтер әулеті сондай ерекшеліктерімен де бақытты.

Болат МӘЖИТ