"БАҚШАДАН ТАУЫП АЛҒАНМЫН": БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН КӨРКЕМ ШЫҒАРМА

Уақыты: 14.04.2020
Оқылды: 1047
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шілденің шіліңгір ыстығы болуы керек. Шақырайып төбеден төнген күн ми қайнатар аптапқа айналған кез әйтеуір. Бір кездегі көк майса өрт шалғандай қурап жатыр. Арлы-берлі дамылсыз дарылдата ағылған ауылдың көп тракторы үйді-үйіне шөп тасып әлек. Атам заманнан қыстың қамын жазда ойластырып, азықты ертерек жиыстыратын халықпыз ғой сол. Өзгелер жайма-шуақ жаздың қызығын көріп, рахатына бөленіп жатса, біздің қазекеңдер терін де сүртуге мұршасы келмей, мұрындарына су жетпей жүреді.

Қалада күн көріс қиын. Отбасын асырап, бағу үшін біраз қаражат керек. Отау көтергендеріне бірнеше жылдың жүзі болса да, бас көтеріп бөлек шыққандарына көп уақыт бола қойған жоқ. Шаңырақтарын шаттыққа бөлеп жүрген үш қозысы бар әйтеуір. Аяқтарын шалдыға басып, жұмыстан келгендегі көз қуаныштары, жандарын жадыратар бар сылтауы осы қыздары ғана. Өзге де қалалық тұрғындар сияқты бұл отбасы да үйреншікті дағды бойынша жазғы демалыс басталысымен-ақ ауылға тартып отыратын. Тап осы жолғы жағдай олай болмады. Үйдің еркесі де, серкесі де жалғыз аттанды.

Қала мен ауылдың арасын жалғап тұрған көпірдей болып, жолаушы таситын ағасына жол бойы былдырлап бірдеңелерді айтып келеді. Қылығына, жоқ, әлде тіліне қызықты ма, ағасы да тоқтар емес. Солайша, ұзақ жолдың қысқарғанын да аңғармастан ауылға келіп жетті.

Жыл құстарының әсем әуені, сылдырай аққан бұлақ үні, қанша жұтсаң да тұнықтығын жоймайтын таза ауа. Кішкентай қонақ мұндай құндылықтың байыбына барып, кереметін жете түсінбесе де, жүзіндегі әлдебір қуанышты байқайсың. Әке-шешесінен алыстап, өзгені жатсынып, жатырқамайтыны жақсы оның. Қаладан келген жолаушыларды жеткізіп тастап, шалқасынан түсіп, менмұндалап айқара ашық тұрған көк қашалы үйге кіріп келеді көлік.

Немерені баладан артық көріп, бар ғаламның тәттісін соның бойынан табатын ата мен әже балаша қуанып, зыр жүгіре қарсы алды. Жай күнде аяқтарын теңселіп жүріп әрең басатын қос қарттың бұл істеріне Дәурен таң-тамаша қалып тұр. «Е, сендерге керек емді енді ұқтым», – деп күлімдеп басын бір шайқады.

Кеш батып, мал өрістен келетін шақ. Қолына ұзын таяғын алып, сыртқа шығуға ыңғайланған ақсақалдың етегінен тартып, «аталап» қалар емес Балауса. Оның да қолына алған кішкентай шыбығы бар. Сағыныш оты сөнгенше еркелікті көтеру керек атаға. Жан-жаққа жамырай қашып, жайылып мал келгенше біраз күтті екеуі. Көптен бері су тимеген қара жердің шаңын аспанға көтерген малды әркім өз үйіне айдап кетіп жатыр.

Қорасын қомдап, жем-суын алдына төсеп болған соң үйге кірді. Күні бойғы әбігерден соң жантая жатып, шайдың қызығын көргендері осы. Былдырлап бал тілімен кемпір-шалды да риза қылып отырып, шаршаған болуы керек, әлден уақытта сылқ ете құлап, ұйқыға қалай кеткенін өзі де байқамай қалған сияқты. Немерелерінің келгеніне қуанып, тәтті үнін тезірек естісем деп дөңбекшіп жатып, келер таңды көзбен атырды олар.

Ауылдың тірлігі әтеш бір шақырғанда қыз-қыз қайнайды. Алакөлеңке болып, таңның енді ғана сыз бере бастағаны мынау. Ал мұндағы тұрғындар көз ілмеген кісіше сергек жүр. Бұл уақытта қаланың маубастары төсектерінде мыжылып, әлі жатқан шығар...

Қолға алған ісі аяқсыз қалатындай Балауса да ерте тұрды бүгін. Көзін уқалай аша салып, әжесінің таң атпай пісірген ыстық бауырсағынан жұлып жеп жүр. Ұйпа-тұйпасы шыққан қалың шашын әжім басқан қолдарымен дірілдете өріп отыр әжесі.

– Жарығым-ау, алдымен беті-қолыңды жуып келмеймісің?! Бауырсақ ешқайда қашпайды, сен үшін пісірдім барлығын, – дейді мейірлене сөйлеп.
– Апа, мен әлі кішкентаймын ғой, мұның бәлін бітіле алмайм. Мамаға алып қалайықшы, – деп өтіне сөйлеген балаға қарап әжесі:
– Әй, күшігім-ай, мамасын ойлағышын өзінің. Жарайды, қалағаныңша алып қала ғой, – деп кемсеңдей басып тысқа шығып кетті.

Құлаққа ұрған танадай тыныштықты бұзып, әлден уақытта гүрілдеген трактор көк түтінін будақтатып тағы келді аулаға. Артындағы сүйретпеде толы шөп бар.

– Бұл шал қыс бойы бізді де шөптеп шығарайын деді ме? Сонша үйіп-төккені несі?!

Тракторда отырған жасы жиырма бестер шамасындағы жігіт мырс етіп күлді де: «Білмеймін, апа, бұйрық қатты, жан тәтті», – деп отын сөндіріп үлгермеген көлігін үй артына бұра жөнелді.
– Е, әзілдейсің ғой сен де... – Тезегін теріп, ішке қайта кірді.

Үй іші тып-тыныш. Балада тыпырлаған дыбыс жоқ. Зәресі зәр түбіне жеткен әжесі «Балаусалап» бөлме ішін кезіп жүр.

– Апа, қалашы, мен көлінемін бе?
– Қайдан? – Дауыстың қай тұстан шығып жатқанын анықтап алмақ болып, қайта сұрады.
– Телевизлдан.
– Жоқ, балам, сен бері шық. Адамдар онда олай кірмейді.
– Енді қалай? – деп телевизор астында тұрған сөренің есігін жұлқылай ашып, шығып келе жатқанында манағы дәу теледидар үстіне гүрс құлай кетті.

Үрейі қашқан қарт шошынған бұзықты әлгі жерден жұлып алып, ауылдық дәрігерге алып барды. Бәлендей ештеңе болмаған. Тек маңдай тұсы аздап жарылған екен.

– Бұзығым-ау, қоңырым, қозым саған бірдеңе болса әке-шешеңе не бетімді айтамын?! Сендей баланы қайдан тауып беремін оларға? – деп алмадай қызарған қос бетінен алма кезек сүйіп жатыр әжесі.
– Бақшадан.
– Бақшасы несі?

Әжесі аң-таң. "Атам айтқан «сені бақшадан өзім тауып алғанмын, сол үшін сен менің баламсың» деп. Атама айтсақ, тағы біл Балауса тауып белетін шығал, – деп жыларман болып тұрған әжесінің езуіне еріксіз күлкі үйірді.

Өзін үнемі көгілдір экран бетінен көргісі келетін Балауса – бойжеткен қыз бүгін. Еркелікті қоя алмаса да, бұзықтықты артта тастап, дәрігерлік оқу жолында жүр. Апасы мен атасының бергенін қолынан, бермегенін жолынан алатын сылқым.

Жансая ҚАБДЕН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды