"319 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ": ҚҰРБАН АЙТТЫ ӨТКІЗУГЕ АРНАЛҒАН ҚАУЛЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Уақыты: 29.07.2020
Оқылды: 2994

Биылғы Құрбан айт мерекесі жылдағыдан бөлек өтеді. Ерекшелігі сол, құрбандық шалу шараларына қатаң тиым салынды. Бұл туралы «Jetisý media» ақпараттық алаңында өткен брифингте айтылды. Осыған орай Құрбан айт мерекесі күндері коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететін көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы Қаулы қабылданды. 

Құрбандық шалу барысымен Талдықорған өңірі бойынша жастар секторының меңгерушісі Ерлан Бердібеков, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шагиахмет таныстырды.

– Қаулыға сәйкес көптеген шараларға тиым салынды. Құрбандық шалу қызмет түрлері оның ішінде малды сату, сою, мұқтаж жандарға жеткізу бойынша шектеу қойылған. Тек қана рұқсат етілген бір ғана түрі бар ол, яғни, онлайн құрбандық шалуға тапсырыс беру және сол қызметтерді жүзеге асыру. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тарапынан qurban2020.kz арнайы сайты құрылды. Осы сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс бере аласыздар, – деген Ерлан Кеңесбекұлы құрбандық шалуға рұқсат етілген жерде мал еті тоңазытқышта сақталып, еріктілердің көмегімен мұқтаж жандарға таратылатын айтты.

Ал, Әлия Ғалымжанқызы болса Құрбан айт мерекесінде қонаққа бару, қонаққа шақыруға да болмайтынын жеткізді. 

– Тек рұқсат етілген жерлерде құрбандық шалуға болады. Мерекені үйіңізде жақындарыңызбен ғана өткізе аласыз. Қонақ шақыруға тиым салынады.  Талдықорған қаласы бойынша құрбандық шалуға рұқсат етілген орын біреу ғана. Ол қаласының шеткі аймағындағы малды бордақылауға арналған цех. Онда бір мезетте 25 қасапшы құрбандық шала алатын орын бар. Егер карантин талаптарын бұзу дерегі анықталатын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке кәсіпкерлерге 319 мың, жеке тұлға болса 83 мың теңгенің көлемінде айыппұлы салынады, – деді Әлия Шагиахмет.

Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің м.а. А.Чарапиевтің № 22 Қаулысының мәтіні төмендегідей:

Алматы облысы аумағында құрбан айт мерекесі күндері коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететін көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы

COVID-19 коронавирустық инфекциясының  (бұдан әрі- Covid-19) облыс тұрғындары арасында таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №130 «Пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 239 «Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес «Қатаң шектеу шараларын енгізу туралы» ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 3 шілдедегі № 44 қаулысымен ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Облыс, аудандар мен қалалар әкімдігіне, полиция департаментіне, Облыстың дін істері басқармасына, облыстың орталық мешітінің бас имамына Құрбан айт мерекесі кезінде 2020 жылдың 31 шілдесі мен 2 тамызы аралығында тыйым салынсын:

1) меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке үйлер мен мешіттерде адамдар көп жиналатын бұқаралық іс-шаралар өткізу;

2) облыс аумағында автожол бойында мал союды ұйымдастыру және өткізу, көліктен мал сату және жеке үйлерде мал сату;

3) облыстың орталық мешіті белгілеген онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою цехтары мен базарлардың қызметін 31 шілдеден 2 тамызға дейін тоқтата тұру;

4) БАҚ арқылы онлайн режимінде құрбандық шалуды ұйымдастыру туралы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізсін.

5) мал союды ветеринариялық сертификат болған жағдайда жабық режимде, тек тапсырыс беруге және жеткізуге, келушілерсіз жүргізуге;

6) жедел респираторлық инфекциялар (жоғары температура, жөтел, мұрынның ағуы) және басқа да жұқпалы аурулар белгілері бар персоналды жұмысқа жібермеу;

7) мал сою цехтарының ветеринариялық-санитариялық нормалар талаптарына жауап беретін тиісті санитарлық жағдайын қамтамасыз ету;

8) кіре берісте дезинфекциялау кілемшесін орнату;

9) персоналды арнайы киіммен, бір рет қолданылатын медициналық маскалар, қолғаптар қорымен (жұмыс ауысымының ұзақтығына және бетперде ауысымына қарай кемінде 2 сағатта 1 рет), қолды өңдеуге арналған тері антисептиктерімен, дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз ету;

10) ұшаларды сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтардың жеткілікті санымен қамтамасыз ету және оларды рефрижераторларда белгіленген жерге дейін тасымалдау;

11) жоғарыда көрсетілген тармақтардың сақталуын қамтамасыз ететін жауапты қызметкерлерді бекіту.

2. Облыс полиция департаменті, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы 29.07.2020 ж. бастап 02.08.2020 ж. дейін

1) онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыруға арналған жануарларды қоспағанда, облыстың елді мекендеріне кіреберістерде облыс аумағына жануарларды әкелуге жол бермеу және жолын кесу бойынша бақылауды ұйымдастыру;

2) сою цехтарына бөгде адамдарды жібермеуді бақылау;

3) тұрғындардың белгіленбеген орындарда мал союға жол бермеуін бақылау.

3. ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы 29.07.2020ж. бастап 02.08.2020 ж. дейін

1) Облыс аумағында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды күшейту;

4.  Облыс, аудандар мен қалалар әкімдігіне, полиция департаментіне, облыс дін істері басқармасына, облыс орталық мешітінің бас имамына Құрбан айт мерекесі 2020 жылдың 31 шілдесі мен 2 тамызы аралығында:

1) құрбандық шалуды (Құрбан айт) онлайн режимде сайтқа өтінім бере отырып өткізуге рұқсат етілсін;

2) "Құрбан айт" мерекесін ұйымдастыру мәселелерін халыққа түсіндіру үшін Саll-орталықтың жұмысын ұйымдастыру»;

3) тартылған адамдарды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ете отырып, мұқтаж адамдарға тез бұзылатын өнімдерді (құрбандыққа шалынған жануарлардың еті) тасымалдау және сақтау жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық ережелер талаптарының сақталуын қамтамасыз етсін;

4) осы қаулының орындалуын бақылау облыстық полиция департаментіне, аудандық және қалалық әкімдіктерге және аумақтық инспекцияға жүктелсін.

 5. Облыстың ішкі саясат басқармасы, Облыстың дін істері басқармасы:

1) БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы онлайн форматта құрбандық шалу рәсімін жүзеге асыру туралы халықты хабардар ету;

2) осы қаулыны барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің және облыс халқының назарына жеткізсін.

6. Қаулы меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.

           7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"