Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАРАСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫН ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫҒА ТІГІН ЦЕХЫН АШТЫ

Уақыты: 10.09.2021
Оқылды: 782

Қарасай ауданының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алып, тігін цехын ашты. Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы Ғалия Ордамбайқызы осыған дейін түрлі қызметте болғанымен тігін ісіне қызығушылығы ерекше болған.

Сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыру мақсатында ол өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Бастау Бизнес» жобасына жазылып, кәсіпкерлік негіздерін үйренді.

– 21 күн бойы онлайн курстан өттім. Кейін бизнес-жоспарымды әзірлеп, сертификат алдым. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобамды сәтті қорғап, 583 400 теңге қайтарымсыз грант алдым. «Атамекеннің» арқасында осылайша цехымды ашып, жұмысымыды жүргізіп жатырмын, – дейді кәсіпкер.

Грант қаражатына мамандандырылған тігін машиналары, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алынды. Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтардың бірінде цех үшін орынжай таңдалды.

– Тігін цехында үш адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда арнайы киімдерді, әйелдер мен ерлерге арналған киімдер тігудеміз. Тапсырыстар жергілікті тұрғындардан ғана емес, сондай-ақ, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен қалаларынан да түседі. Алдағы уақытта тігін ісі бойынша қыз-келіншектерге оқу курсын ашсам деген ойым бар. Қосымша несие алып, цехты кеңейтуді де жоспарлап отырмын, – дейді Ғалия Қожамбергенова.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділдің айтуынша, осы жылы ауданда «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша 484 азамат оқу курсын аяқтап, 70 бизнес-жоба қаржыландырылды.

Облыс бойынша жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында 2895 жұмыссыз және жас кәсіпкер «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Былтырғы мен биылғы тыңдаушыларды қосқанда 1050 бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Қарасай ауданы

Алматы облысы