ТЕКЕЛІНІҢ ГРАНИТІ ОБЛЫСТАН ТЫС НҰР-СҰЛТАН МЕН АЛМАТЫДА ДА СҰРАНЫСҚА ИЕ

Уақыты: 19.10.2021
Оқылды: 1788
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінде моноқала Текеліде экономиканы дамыту бағыты бойынша елеулі жұмыстар атқарылуда. Қазір мұнда 1411 кәсіпорын жұмыс істеп, өнеркәсіп орындары мен шаруа қожалықтарында және шағын, орта бизнесте 4 мыңдай адам еңбек етеді. Сол іргелі кәсіпорындар қатарында «Текелі-Гранит» ЖШС да бар. Бұл шаруашылықтың отандық нарықта жүргеніне 15 жылдан асты. Табиғи тастарды өңдеуге, гранит пен мәрмәрдан бұйымдар жасауға маманданған кәсіпорын құрылыс материалдарын өндіру ісіне де елеулі үлес қосып келеді.

Айта кетерлігі, «Текелі-Гранит» ЖШС заманауи технологиямен экологиялық талаптарға сай жұмыс істейді. Мұнда қолданылатын италиялық құрал-жабдықтар мен материалдар өнім сапасының халықаралық стандарттарға сай болуына баса назар аударады. 
Кәсіпорын директоры Владимир Стрельцовтың айтуынша, өнеркәсіп алаңында өнімнің 35 түрі шығарылады. Атап айтқанда, модульді және жылтыратылған плиткалар, брусчатканың бірнеше түрі, жол бордюрлері, баспалдақтар, түрлі сәулеттік мүсіндер, соның ішінде, субұрқақ және басқа да көптеген бұйым бар. Зауыттың қуаты 24 мың м2 гранит бұйымдарын, 20 мың шақырым жол бордюрлерін, 40 мың шақырым жиектас өндіруге қауқарлы. «Текелі-Гранит» өндіретін өнімдер елімізде үлкен сұранысқа ие.

– Мәселен, айына біз 2500 шаршы модульдік плита шығара аламыз. Түрлі түстегі және түрлі көлемдегі өнімдерді өндіруге қажетті шикізатты Қапал-Арасан, Күрті, Қордай, Желтау аймақтарынан жеткіземіз. Біз үшін ең маңыздысы – өнімнің сапасы. Сондықтан бастапқы материалға ерекше мән береміз. Біздің граниттік жылтыратылған бұйымдар облыс орталығындағы орталық алаңды абаттандыру кезінде, Алматы қаласының 2 жол айрығының құрылысында, Нұр-Сұлтан қаласындағы Сулы-Жасыл бульварды абаттандыру барысында қолданылды. Өндіріс процесінде бірінші кезекте тұтынушылардың сұранысына сай дайындалатын өнімнің түсі мен формасы соған байланысты болады. Заманауи және экологиялық талаптарға сәйкес болуы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, одан әрі дамуымызға мүмкіндік береді, – дейді В.Стрельцов.

Бүгінгі күні кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 150 мың теңге шамасында. Мұндағы қызметкерлер коронавирус инфекциясына қарсы екпені алғашқылардың бірі болып салғызған. «Бұл өз қауіпсіздігіміз үшін қажет», – дейді олар. Алдағы жоспарлары туралы айта келе кәсіпорын басшысы:

– Жаңа технологиялардың көмегімен өндіріс көлемін арттырып, нарықтағы позициямызды нықтай түссек дейміз. Қаланың өндірістік секторын дамыту үшін жас мамандарды тартуға ниеттіміз. Мемлекет жасаған жағдайдың арқасында кәсіпкерлер өз ісін ашып, қалаған салада бизнесін жүргізуге мүмкіндігі бар. Бұл табысыңды арттыруға ғана емес, кәсіби жағынан өсуге, өз-өзіңді жетілдіруге ықпал етеді. Бұл ел тәуелсіздігінің ең үлкен жетістіктерінің бірі деп есептеймін, – дейді.

Атап өтсек, облыста өткен 8 айда қысқамерзімді экономикалық индикатор 110,4 пайызды құрады. Өңір экономикасына 370 млрд.теңге инвестиция тартылып, өсім 2,3 пайызды құрады. Соның ішінде өңдеу секторы 40,5 млрд. теңге немесе 124,5 пайызға, өнеркәсіп өсімінің көлемі 13,8, ауылшаруашылығы 1,1, сауда 20,5, құрылыс 16,6 пайызға жеткен.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі