ҚЫСТЫҢ ҚАҚАҒАН АЯЗЫНДА ҚҰЛПЫНАЙ ПІСІП ЖАТЫР - КӨКСУ АУДАНЫ

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 1264
Бөлім: ОН САУСАҚ

Көксу ауданының халқын жидек өнімдерімен қамтамасыз ету үшін биыл алғаш рет 0,25 гектар жерге жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады. Жылыжайға ғылым мен техника жетістіктерін қолдану арқылы оңтүстік кореялық «Сольхян» сұрпы егілген.

Ауданы 2 гектар жерге иелік етіп отырған «ҚазАгроСервис» ЖШС 2014 жылдан жылыжай ісімен айналысады. Серіктестік басшысы Светлана Зубович жылыжайда көк жуа, гүлдің сан алуан түрін өсірумен қатар биыл алғаш рет жаңа әдіспен құлпынай өсіруді бастағанын айтады.

Жылыжайға қажет қондырғыларды «Жетінар» несиелік корпорациясының көмегімен орнатқан. Маусымдық жұмыстар кезінде 10-ға жуық адамды, тұрақты жұмыспен 2 адамды қамтып отыр. Жылыжай орналасқан Балпық би ауылы облыс орталығынан алыс емес. Сондықтан тұтынушы табуда қиындық жоқ. Себілген құлпынайдың кореялық тұқымы - қыстық сорт. Құлпынай желтоқсан мен мамыр айы аралығында піседі.

– Биыл алғашқы өнім болғандықтан 700 келі құлпынай алуды жоспарлаудамыз. Құлпынай өзге көкөністер секілді көп жылуды қажет етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылылықта өсіп шығады. Ал қысты күнгі аязда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Құлпынайдың үлкенінің салмағы 50-55 грамға жетеді. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыруға жұмыс істейміз. Дегенмен, мол өнім алу үшін жылыжайдың жылыту жүйесін көгілдір отынға ауыстыру қажет. Қолбайлау болып отырған жалғыз жай осы ғана. Бұл мәселеде Көксу ауданының әкімдігі қол ұшын беруге дайын екендіктерін айтты, – дейді Светлана Зубович.

Алдағы уақытта нысанға көгілдір отын тартылса, серіктестік жылыжай ауқымын кеңейтіп, қияр мен қызанақ өсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда.

– Негізінен ауданда құлпынай бизнесі дамымаған, нарықта көбіне шеттен әкелінген құлпынай саудаланады. Алдағы уақытта жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының түрін кеңейту мен өнімділігін арттыруды мақсат етудеміз. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы аудан халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артады. Жоба сәтті жүзеге асса жаңа технология өзге де елді мекендердегі фермерлік шаруашылықтарға енгізілетін болады, – дейді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі