АТҚА ДА МІНЕДІ, ҚОЙ ДА БАҒАДЫ, ТРАКТОР ДА ЖҮРГІЗЕДІ. САРҚАНДАҒЫ ІСКЕР ӘЙЕЛ

Уақыты: 08.03.2022
Оқылды: 1548
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазір қай салада болсын іскерлігімен көзге түсіп, ер-жігіттермен бірдей еңбектеніп жүрген қыз-келіншектерді көргенде көңілің марқаяды. Олардың қатары жыл озған сайын көбейіп келеді. Өзінің сүйікті ісімен айналысып, ерекше қырынан таныла білген нәзік жандылар тек қалада ғана емес, сондай-ақ ауыл-аймақтарда да бар. Олар өздерімен бірге басқаларды да жұмыспен қамтып, отбасыларын асырауға қол ұшын созып отыр. Осылайша талай адамның алғысын арқалап, ел қуанышын еселеуде. Жұртының мақтанышына айналған осындай отанасының бірі Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылында тұрады. Ол - «Тастұма» шаруа қожалығының басшысы Кенжетай ТАЗАБЕКОВА.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай іскер әйел Кенжетай Жұмағалиқызының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы іздеп бардық. Сарқан қаласынан күтіп алған кәсіпкер келіншек бізді тау-таспен жүруге ыңғайлы «УАЗ» автокөлігіне отырғызып, бірден тау етегіндегі шаруашылығына алып барды. Біраз жолды артқа тастап, діттеген жерге де келіп жеттік. Біз барған сәтте қой бағып жүрген малшы аттан түсіп амандасты. Сәлемін алып, қал-жағдайларын сұрап, білдік.

Байқағанымыздай, малшы отыратын үй-жай маңынан монша салыныпты. Күннен қуат алатын электр қондырғысы орнатылған. Жаз кезінде суға шомылатын бассейн де жасалған. Барынша жағдай қарастырылғаны көрініп тұр. Сол маңда тау суынан электр қуатын алатын шағын стансы орнатылыпты. Бұдан 1кВт жарық көзін алып отыр. Мұны жасауға көп еңбек сіңіріліпті.

Шаруашылық иесін сол жерде сөзге тарттық. Ашық-жарқын келіншек бірден әңгіме тиегін ағытты. Іскер әйел алдымен өзінің кәсіпкерлігінің табысты болуының басты құпиясы еңбекте екенін айтты. Кенжетай Жұмағалиқызының негізгі мамандығы дәрігер. Бірақ ол отбасылық жағдайға байланысты қызметін ауылшаруашылығы саласымен байланыстырған.

– Ата-енем ауылда тұрды. Олардың 1994 жылы құрылған шаруа қожалығы болатын. Ол кезде біз отбасымызбен Талдықорған қаласында тұрдық. Мен әскери госпитальда аға медбике болып жұмыс атқардым. Күйеуім Досжан Тазабеков қызмет істейтін. Өкінішке қарай, атам Алдаберген Қосжанұлы ойламаған жерден 2000 жылы қайтыс болды. Сөйтіп, ауылға оралуды жөн деп шештік. Келген соң шаруашылықты өзімнің басқаруыма алдым, – дейді кәсіпкер.

Осылайша  жиырма екі жыл бұрын шаруашылық тізгінін қолына алған Кенжетай Жұмағалиқызы атакәсіпті жалғастырып, отбасының әл-ауқатын ойластырудың маңызды екенін түсініп, алғаш рет бизнес, соның ішінде ауылшаруашылығы саласына ден қойды.

– Кәсіпкерліктен еш хабарым болған жоқ. Мен үшін бизнес жаңа сала саналды. Ауылда өскендіктен болар, көп ұзамай қожалықтың шаруасын меңгеріп алдым. Оның үстіне жұмысты тоқтатпау керек болды. Әрине, шаруаны өрге сүйреу оңай емес екенін де білдім. Өздеріңіз білесіздер, ол уақыттары қиын еді ғой. Бірақ, басыңа түссе бәріне шыдап, керек кезде үйренеді екенсің. Тек еңбек, талпыныс, шыдамдылық керек. Осы ретте жастарға еңбек етемін деген адамға жұмыс табылатынын, еңбек арқылы көп жетістікке жетуге болатынын айтқым келеді, – дейді өткен күндерді еске алған кәсіпкер келіншек.

Қожалық иесі негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бастапқы кезде оларда он шақты ірі қара, отыздан аса ешкі болған. Кейіннен қанатын кеңге жая бастаған шаруашылықта мал саны өсіп, жұмыс ілгері басты. Нәтижесі жаман болған жоқ. Бүгінде бес жүз бас ұсақ мал, жүз басқа жуық ірі қара және жылқы бағылады. Оның ішінде тұқымы асыл «Еділбай», «Меринос» қойлары мен «Қазақтың ақбас сиыры» бар. Шаруашылық иесінің сөзінше, мал басының көбеюіне «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Сыбаға» бағдарламаларының көмегі көп тиген. Ауыл, соның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге Үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктердің де оң әсері тиген. Бүгінде қожалық иесі мал басын арттыруды көздеп отыр.

– Бір айта кетерлігі, қой қырқу науқанында қиналамыз. Себебі, жүн өткізетін орын жоқ. Мал терісін қайда апарарымызды білмейміз. Тері, жүн тапсыратын орын табылса өте төмен бағада алады. Бірақ, бұл проблеманы шешпейді. Жасыратыны жоқ, талай жүн мен тері өртелді. Осыншама шикізаттың пайдаланылмай жатқаны өте өкінішті, ішің ашиды. Осындайда елімізде тері, жүн өңдейтін зауыттар болса ғой деп армандайсың. Мал етін тұрақты бағада алатын арнайы орын да жоқ. Сол үшін амалсыздан делдалдарға төмен бағамен беруге тура келеді. Сауыншылар да тапшы. Бұл да проблема. Соған қарамастан ілгерілеп, алдағы уақытта сүттен өнім алуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Қожалықтағы жер көлемі екі мың гектардан асады. Оның ішінде жайылымдық, шабындық, егістік және суармалы алқап бар. Бидай мен арпа, майбұршақ өсіріледі. Кәсіпкер келіншек соңғы жылдардағы құрғақшылық болмаса, өнім шығымдылығының жаман еместігін айтады. Ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін сегіз техника қызмет көрсетеді. Оның біреуі «ҚазАгроҚаржы» АҚ компаниясының жеңілдетілген лизингтік бағдарламасы арқылы сатып алынған жаңа трактор. Техника көктемгі дала жұмысына дайын. Биылғы қыстың жайлы болуына байланысты мал қыстату талапқа сай өткен. Ендігі кезекте төл алу науқаны қыза түспек. Қожалық иесі оншақты отбасын жұмыспен қамтып отыр.

– Қазір мал бағып, трактор жүргізетін адам табу қиын. Көбі аздаған қиындыққа шыдамайды. Сол үшін біз жұмысшыларымызға барынша жағдай жасауға тырысамыз. Айлық жалақылары уақытылы беріледі. Қажет болған жағдайда әлеуметтік көмек көрсетеміз. Сондықтан болар, жұмысшыларымыз ешқайда кетпей тұрақты еңбек етуде. Бізде сиыршы Әкімқожа деген жігіт бағымындағы малын көбейтіп, Ұзынағаштан зәулім үй тұрғызып алды. Қазір сол жақта тұрады. Осы ретте жұмысшы мамандарын дайындайтын орта кәсіптік-техникалық училищелер көбейсе деген тілегім бар. Сол сияқты білікті мал дәрігерлерінің санын арттырып, олардың жағдайын жақсарту керек, – дейді Кенжетай Жұмағалиқызы.

Шаруашылық иесі біраз уақыттан бері өздерінде еңбек етіп келе жатқан қойшы Шәукей Дүйсенқожа, сиыршы Жамалбек Дінәлі сияқты жұмысшыларымен мақтанады. Себебі, олар барда еш алаң жоқ әрі сенімді. Сондай-ақ, оларда шағын форель шаруашылығы бар. Бұған қоса кәсіпкер үй ауласынан малға қажет жем дайындайтын шағын цех орнатыпты. Бұл жерде бір сағатта бір тонна жем тартылады. Сарқан қаласының орталығындағы саябақ ішінен «Тастұма» деп аталатын жаңа қымызхана менмұндалап тұр. Заман талабына сай салынған бұл нысан келушілерге сүт, айран, қымыз, ет сияқты өздері өндірген өнім түрлерін ұсынбақ. Таяуда ол тұрғындарға қызмет көрсете бастайды. Онда барлығы онға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Кәсіпкер келіншек бизнестің дамуына күйеуі Досжан Тазабековтың көп қолдау көрсетіп келе жатқанын айтады.

– Бүгінгідей дәрежеге жетуіме алдымен жұбайым Досжан себепкер болды. Оның көмегінсіз ештеңе де тындыра алмаған болар едім», – дейді Кенжетай Жұмағалиқызы.

Досжан Тазабеков: "Көбіне қызметте жүрдім. Жасыратыны жоқ, шаруашылықтың жұмысын жүргізу әйеліме жүктелді. Мен сенбі, жексенбі күндері ғана келіп тұрдым. Сол кезде шаруашылықта жұмысшылар жетпегендіктен келіншегім атқа мініп, қой бақты, трактормен шөп шапты. «КамАЗ», «Жигули», мотоцикл жүргізді. Бір сөзбен айтқанда, ер адамның істейтін шаруасын бір өзі атқарды. Керек десеңіз, ақауы бар техникаға қажет құрал-саймандарды да өзі сатып алады. Шешем Шариман Күлтуғанқызы біраз ауырды. Келіншегім анама қарап, шаруашылықтың да жұмысын жүргізді. Шешем алты ай бұрын көз жұмды. Дүние салар алдында Кенжетайға өз ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп кетті. Шүкір, қазір бәрі жақсы, ісіміз алға басып келеді. Жастарға айтарым, үлкенді сыйлап, батасын алу керек. Әйелімнің іскерлігі мен еңбексүйгіштігіне мен де ризамын", – дейді.

Кенжетай Тазабекова Қанат, Әйгерім, Әлия атты үш баланың анасы. Сонымен бірге Кәусар, Айым атты немере сүйіп отырған бақытты әже. Таяуда тағы немерелі болу қуанышы күтіп тұр. Кәсіпкер әйел ұзақ жылғы жемісті еңбегінің арқасында аудан жұртшылығының көзіне түсіп, ел мақтанышына айналды. Сондықтан болар, бүгінде ол аталған серіктестіктің жетекшісі ғана емес, сондай-ақ, облыс бойынша «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшесі, іскер әйелдер кеңесі аудандық филиалының төрайымы, «Алтын адам Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігінің аудан бойынша басшысы қызметін атқарады. Аталған кеңес филиалының төрайымы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, әйелдерді әрдайым белсенді болуға, жаңа мүмкіндіктерді қалт жібермеуге шақырады.

– Мен әрдайым әйелдерді қорықпауға, қиындыққа мойымауға шақырамын. Өйткені, ортамызда отбасын асырап, балаларын тәрбиелеп, кәсіпті де дөңгелентіп отырған әйел көп. Олар қоғамға ерен еңбек сіңіруде. Бұл жаны нәзік келіншектердің қолынан келмейтін ісі жоқ екенін көрсетеді. Сол үшін оқытып, қажетті кеңестер беріп, қолдау танытып, мүмкіндіктер береміз. Біз жағдайы төмен отбасылар мен жетім-жесірлерге, қарттарға көмектесіп, қайырымдылықпен айналысамыз, – дейді Кенжетай Жұмағалиқызы.

Осылайша тәжірибелі кәсіпкер Кенжетай Тазабекова бүгінде өзіне жүктелген қызметті мінсіз атқаруда. Оның төрағалығымен жергілікті кәсіпкер әйелдердің арасында бірнеше кездесу, семинарлар өткізілді. Осыдан төрт жыл бұрын жергілікті әйелдерді кәсіпкерлікке тартып, тәжірибе алмасу мақсатында Сарқан қаласында алғаш рет «Жаңа мүмкіндіктер алаңы» атты тақырыпта форум ұйымдастырылып, оған Аида Қауменова, Айгүл Жансерікова сияқты табысты кәсіпкерлер шақырылды. Сонымен қатар, ауданда әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Кенжетай Тазабекованың бастамасымен 2018 жылы екі грант, 2019 жылы үш грант, 2020 жылы үш грант бөлінді.

Іскер әйелдер кеңесінің табысты жұмысының арқасында өңірде әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін кеңейту үшін қаржы тарту тетіктерін құру бойынша аудандағы жеті әйел несие ресурстарымен қамтамасыз етілді. 2019 жылы «Ауыл әйелдерінің 100 сәтті тарихы» кітабына енді. Еңбектегі жоғары жетістіктері ескеріле отырып, бірнеше мәрте Алғыс хат, дипломдармен марапатталған.

Кенжетай Жұмағалиқызы шалғай ауылдардағы белсенді әйелдерге қолдау танытып, іс бастауға жәрдемдесуді алдағы уақытта да назарында ұстамақ.
 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алмалы ауылы,

Сарқан ауданы

Алматы облысы