ТАЛДЫҚОРҒАНДА АККУМУЛЯТОР ШЫҒАРАТЫН ТАҒЫ БІР ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 12.04.2022
Оқылды: 1948
Бөлім: ОН САУСАҚ

"Талдықорғанда «Asma Industrial» ЖШС стационарлық аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салуға ниеттеніп отыр. Оған 3,2 млрд.теңге инвестия тартылып, кәсіпорынға 120 адам жұмысқа орналастырылады. Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ осы жобаға қатысты «Asma Industrial» ЖШС өкілдерімен кездесіп, меморандумға қол қойды", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

- Талдықорған машина жасаудың экспортқа бағытталған өнімдерін шығарудың орталығына айналды десе де болады. Бұл жағынан алғанда бізде аккумулятор батареяларын, кабель өнімдерін, коммуналдық құрылғылар, электр сорғыларын шығаратын «Қайнар АКБ» зауыты, «АСПМК-519» кәсіпорын тобы, «Азия электрик» сияқты көшбасшы кәсіпорындар бар. Енді сол қатарға тағы бір жаңа зауыт - «Asma Industrial» ЖШС-ның өндірістік аккумулятор батареяларын шығаратын кәсіпорын қосылғалы отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін біз қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін боламыз. Инвесторлар өз тарапынан өндірістік қорғасынды-қышқылды батареялар шығарудағы технология трансферттерін іске асырып, жергілікті тұрғындарға жұмыс береді. Сонымен бірге, қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді барынша мол пайдаланатын болады. Ұсыныстарыңыз болса, сіздерді тыңдауға әзірмін, - деді Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде «Asma Industrial» ЖШС басшысы Серік Ажмағамбетов жобаның ерекшелігіне тоқталып, алдағы жоспарлары туралы қысқаша айтып берді.

- «Қайнар АКБ» зауытымен салыстырғанда біздің өндірістің ауқымы әзірге үлкен емес. Бірақ біз негізінен әлі игерілмеген салаларға көбірек ден қойғанды жөн көрдік. Яғни, біздің батареялар телекоммуникацияда, энергетикада, темір жолда, жаңартылған энергия көздерін пайдалануға қолданылады. Өнімді өткізу нарығы қазірден анықталды. Посткеңестік елдер, Азия мемлекеттері, Еуропаның бірқатар елдері өнімдерімізді алуға дайын. Шығыс өнеркәсіп аймағынан зауыт салуға қажетті жер сатып алдық. Зауытқа орнататын құрал-жабдықтарымыз түгел, «Қайнар АКБ» базасында дайындалған мамандарымыз бар. Материалдық-кадрлық мүмкіндіктеріміз жеткілікті болғандықтан жаңа кәсіпорынды табысты жүргіземіз деп сенемін, - деді С.Әжмағамбетов.

Кездесу барысында айтылғандай, жобаны іске асыру үшін қажетті қосалқы электр стансасының, кәріз жүйесінің, зауыт шекарасына дейін газ құбырын тарту сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге облыс әкімдігі толықтай қолдау көрсетеді.

- Алматы облысының су, жел, күн энергиясын өндіруге табиғи мүмкіндігі мол. Ал жаңа зауыт шығарғалы отырған батареялар сол жаңарған энергия көздерін бойына жинақтап, электр қуатының ауа райына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жобаның болашағы зор. Бұл саланы дамыту ел экономикасына жаңа серпін береді, - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Жалпы, «Asma Industrial» ЖШС-ның стационарлық аккумулятор батареяларын шығаратын зауыттың құрылысы 2022-2023 жылдары жүргізіледі. Кәсіпорын жылына 210 мың дана көлемінде өнім шығарады деп жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға 3,2 млрд.теңге инвестия салынып, 120 адам жұмысқа тартылады. Зауыт толық қуатына шыққанда жұмысшы саны 250-ге жетеді деп жоспарланған. Шығарылған өнімнің 84 мың данасы ішкі нарыққа, 126 мыңы экспортқа бағытталатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"