ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 23.09.2022
Оқылды: 2515
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен кездесті. Оған  палатаның басқарма мүшелері, аумақтық және жергілікті атқарушы органдар, даму институттары, салалық бизнес ұйымдары және кәсіпорын басшылары қатысты. Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнесті қорғаудың экожүйесін дамыту жайлы тапсырмасы аясында ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз баяндамасында кәсіпкерлікті дамыту – мемлекетіміздің алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі екенін айтты. Жиында Мемлекет басшысының  кәсіпкерлікті дамытудағы ұстанымдарын іске асыру жайы сөз болды.

Баяндамашы кәсіпкерлікте бәсекелестіктің әділеттілігі, шешімдердің ашықтығы, дамудың мемлекет саясатына сәйкестігі, салықтың талапқа сай болуы туралы сөз қозғады. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі басты назарға алынуы керектігіне мән берілді.

Бейбіт Өксікбайұлы: «Жетісу облысының құрылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мүмкіншілікті пайдаланып, инвесторлар тартуға баса көңіл бөліну керек. Өнімдерді экспорттауға және импорт заттар алуға жол ашық. Сондай-ақ, жаңа кәсіпорындарға инвестиция салудың нәтижесі зор болмақ. Алдымен,  өңірде ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге, оны қайта өңдеуге баса назар аудару керек», – деді.

Өңір басшысының сөзінен кейін кәсіпкерлер бизнесті дамыту барысындағы ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Ескелді ауданына қарасты «Хильниченко и К» сенім серіктестігінің басшысы Александр Хильниченко мал шаруашалығына берілетін субсидия көбейтілсе деген ойын айтты. «Мал бір жылда өнім бере қоймайды. Оны өз төлі есебінен көбейтіп, сату үшін біраз уақыт керек. Сондықтан төрт түлікті өсіруге мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе», – деді ол.

Кәсіпкер мал өсірушіге салынатын салық мөлшері азайтылса деген ұсыныс-пікірін де айтып қалды. «Салық мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілетінін білеміз. Сонда да болса ұсынысымызды ірікпейік дедік. Мәселе Үкіметке жеткізілсе», – деді серіктестік басшысы.

Кәсіпкерлер билік пен бизнес өкілдері бас қосқан жиында қордаланған мәселелерін бүкпей ортаға салды. Мұнда өздері өсірген өнімдерін  сатуда қиындыққа тап болатыны, ортақ өткізу орны немесе өнім сақтайтын қойма салынса дегендер болды. Сондай-ақ,  әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге субсидия берілсе деген ұсыныстарын білдірді.

Кәсіпкерлер тамшылата суару әдісі барлық дақыл өсіруге пайдаланылса деген өтініштерін айтты. Бұл орайда аталмыш механизм жүзеге асып, тапсырыс берілсе, мәселенің оң шешім табатыны сөзсіз.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы кәсіпкерлермен басқосуды жылына екі рет өткізуді ұсынды. Бұл бірлескен іс-шараның қаншалықты жүзеге асып жатқанын пайымдауға мүмкіншілік бермек. «Мемлекет халыққа жұмыс тауып беріп, елді қажет өнім, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау білдіріп отыр. Соны ескеріп, сіздер де кәсіпкерліктің әлеумет алдындағы жауапкершілігін арттырсаңыздар», - деген әкім бизнес өкілдерін бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Жетісу облысы