Жылқы сатып алған кәсіпкер қымызхана ашуға ниетті

Уақыты: 31.05.2023
Оқылды: 2188
Бөлім: ОН САУСАҚ

Мемлекеттік қолдаудың көмегімен Ескелді ауданының тұрғыны қымызхана ашуға ниетті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Өзі жылқы өсірумен айналысатын кәсіпкер бизнестегі алғашқы қадамын «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан бастап, мұнан соң ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға арналған «Игілік» бағдарламасымен несие алып, оған жылқы сатып алған.

«Ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім, бұл қиын болса да, пайдалы іс. Халық таза өнім тұтынғысы келеді, сұраныс бар. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларына жүгініп, жеке бизнесімді ашуға бел байладым. Алдымен тегін курстан өтіп, бизнес негіздері бойынша білім алдым, енді өз ісімді ашуды қолға алып отырмын. Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан несие алып, іс бастадым, - дейді кәсіпкер Айкамал Хамит.

Ескелді ауданы Ақын Сара ауылының тұрғыны Айкамал Хамит 6%-пен 4 млн. теңге көлемінде несие қаражатын алып, 12 жылқы сатып алған, қазір жылқы өсіріп, қымыз өндірумен айналысып отыр. Бүгінде оның шаруа қожалығында 18 жылқы бар. Бірақ кәсіпкер мұнымен тоқтап қалған жоқ. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару конкурсын ұтып, ауылда қараусыз қалған ғимаратты өз күшімен қалпына келтірді. Бұл ғимаратта қазір шаштараз, наубайхана орналасқан, осы жерде «Қазпошта» АҚ филиалы да жұмыс істейді.

Мысалы, ауданның 4 елді мекенінің тұрғындары үшін наубайханада күн сайын 250-ден 500-ге дейін нан пісіріледі. Ауыл тұрғындары шаштараз қызметіне де жиі жүгінеді. Ауыл тұрғындары үшін мұндай шағын бизнес аса маңызды. Қазіргі уақытта кәсіпкер 5 тұрақты жұмыс орнын құрды. Енді бизнесмен жылқы санын көбейту үшін «Ауыл аманаты» несиелеу бағдарламасының 2,5%-бен берілетін несиесінің мүмкіндіктерін пайдаланғысы келеді.

Сондай-ақ ол 5 млн.теңгеге дейін өтеусіз грант конкурсына қатыссам деп отыр, жобаны облыстың әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы сүйемелдейді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы облыста 30 ауылдық округтан 562 тұрғын ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға өтініш берген, қазіргі кезде 3 млрд. 286 млн. теңгеге пул қалыптастырылды.

Фото: көрнекілікке алынды