КӘСІПКЕР ЖАСТАР КӨБЕЙМЕК

Уақыты: 31.03.2018
Оқылды: 1369
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Ақбұлақ» шипажайында еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждерден жиылған 100-ден астам студент бас қосып, кәсіпкерлік тақырыбындағы тренингке қатысты. Бұл шараның ұйымдастырылуына «Enactus Kazakhstan» республикалық жастар кәсіпкерлік мектебі мұрындық болды. 

Құрылғанына 20 жылдан асқан кәсіпкерлік мектебінен бағыт-бағдар алған жастардың басым бөлігі бұл күнде әр салада бизнестің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосуда. Еліміз бойынша бизнеске бейім бес мыңнан астам студенттің басын біріктіріп отырған жастар кәсіпкерлік мектебінің түлектері арасында бизнеске орайластырылған республикалық байқаулардың жеңімпаздары да жоқ емес. Тренингте биылғы байқау жеңімпаздарын алдағы АҚШ-та өтетін әлемдік жастар жобасы байқауына қатыстыру жайы да тілге тиек етілді.  
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сөз етілген бәсекелестік, прагматизм және сананың ашық болуы ұстанымдарын дәріптеу, қаржылық сауаттылықты жоғарылату, жобалық менеджмент және бизнес-инновациялар саласында жастардың белсенділігін арттыру мақсатында қысқы оқыту өткізілуде. Аталған шараға ел аумағынан 43 команда қатысып, бизнес-тренингтерде өзіндік ой-пікірлерімен, мақсат-мүдделерімен бөлісуде. Кәсіпкерліктің көзін тапқысы келетін жастарға табысты бизнесмендер мен бағдарлама түлектерінің бірегей тәжірибелері таныстырылуда. Сондай-ақ, тиімді сұхбат алаңының да берер пайдасы зор, – дейді республикалық «Enactus Kazahstan» жастар кәсіпкерлік мектебінің президенті Альбина Ержанова.
Осы орайда, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 4-курс студенті Еркебұлан Кәкенов кәсіпкерлік мектебінің тренингтеріне қатысып жүргеніне биыл үшінші жыл болғанын айта келіп:
– Бизнесті бастауда біздің білетінімізден білмейтініміз басым. Осы жолы ірі компания өкілдері арнайы оқытулар өткізіп, кәсіпкерлікке келудің басты қағидаларымен бөлісуі көп ой салды. Сонымен қатар, әр аймақтан келген жастардың бизнес турасындағы тың идеялары да кәсіпкерлік жайындағы көзқарасымыздың кеңеюіне оң әсерін тигізуде, – деді.
Жастар кәсіпкерлік мектебінің «Ақбұлақта» өткен қысқы оқытуына елімізге танымал «Raimbek», «Turan», «Aport», «Beеlinе» сынды ірі компания өкілдері қатысып, тренингтер өткізді. Сондай-ақ, көршілес Тәжікстан, Қырғызстаннан келген студенттер де әлеуметтік-экономикалық ахуалға негізделген  бизнес-жоспарларын та-          ныстырды. Шара аясында бизнеске бейімді жастардың 20-сына «Turan» ЖШС-нің арнайы стипендиясы тағайындалғандығын атап өту орынды. «Талаптыға нұр жауар» демекші, экономиканың күретамырына айналған кәсіпкерліктің кілтін ашып, өз мақсат-мүдделерін жүзеге асыруға ұмтылған жалынды жастардың ғылыми ізденіске толы іс-әрекеттері зор үміт күттіреді. 

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы